Мұнай құлдырап, доллар домалап, теңге теңселді
«Өзім өлейін деп тұрасам, өлген әкем түсіме кіріпті» деген екен баяғыда біреу. Сол бейбақ айтпақшы, Қытайдан шыққан коронавирус инфекциясы әлем елдерін сарсаңға салғанымен қоймай, экономикасын да шайқалтып жіберді. Жұқпалы індеттен сақтану шараларын қолға алған барлық мемлекет шекараларын тарс жауып, аспан асты елдерімен барыс-келісті, сауда-саттықты күрт үзді.
Алайда ауыздықтауға көнбей тұрған кесел ауызын айға білеген АҚШ, Жапония, Корей, Италия, Иран мен Сауд Арабиясы сынды мемлкеттерге тарап үлгерді. Жұмыр жердің бетін мекен еткен пенделердің қорқыныш-үрейіне айналған кесапат жайлы күнде суық хабар еститін болдық. Онсыз да «шықпа, жаным, шықпа» деп қалт-құлт етіп тұрған Қазақстан үшін бұл жығылғанға жұдырық болды. Тәуелсіздік алғалы отыз жыл болса да әлі күнге дейін тек шикі затқа тәуелді қазақ елі үшін мұнай бағасының 30 пайызға құлдырауы, көкқағаздың құны артып, теңгенің теңселуі қауіп пен қатерді ұлғайтты. Мұрттарын балта шаппайтын бай-манаптар болмаса, қарабазар жағалап, болмаса күндік жұмысқа жалданып жүрген кедей кепшіктерге, болар болмас бір жалақыға қарап отырған отбасыларға, әлеуметтік жағдайы төмендерге, зейнетақымен ғана күнелтіп жүрегендерге бұл тағы да соққы болмақ. Себебі неде десеңіз, доллар домалап, теңге төмендегенде, базардағы азық-түліктен бастап киім-кешектің бағасы тағы да күрт өседі. Үкімет бақылауды күшейтіп, мың жерден шара қолданамыз десе де нарықтық жүйеге «біз қарсы тұра алмаймыз» дейтін қырық сылтауларын қайталауы бек мүмкін.
Наурыз айының басынан бастау алған доллар құны 382,05 теңге болған еді. 9 наурызда Нұрсұлтан қаласында 395 теңге, шырлайлы Шымкентте 397, Алматыда 398, Алматы облысының орталығы Талдықорғанда 397 теңгеден сатылуда. Интернет желісінен алынған пікірге құлақ түрсек, белгілі экономист Гүлдана Сермеханова: «Бұл – Қазақстан үшін жағымсыз жаңалық. Мұнай арқылы Қазақстан экономикасын осы арқылы әр тараптандырып елдің жағдайын көтеріп отыратын» дейді. Гүлдана ханым айтқандай, Менделеев кестесіндегі 109 элементтің Қазақстанда 70-нің мол қоры барланып, 60-тан астамы өндіріледі. 6 мыңға жуық пайдалы қазбалардың кен орындары бар екен. Өзегіңді өртеп, өкінішіңді өршіретіні осы қазба байлықтардың ішіндегі қара алтынды өңдейтін кәсіпорындарды ашпай тек шикізатты сатумен айналысқанымыз бас шайқап, бармақ шайнатады. Ол ол ма, қоғам белсендісі инженер-технолог Бекболат Қаржанның пайымдауынша, «Мемлекеттің бюджеті де шикі заттың ресурстарына байланған. Ол болмаса, бюджет жетіспейді. Шетелдік инвесторлармен бөліскеннен қалған үлесін халыққа бұйырады» дегені ащы шындық.
«Алтын сандықтың» үстінде отырып, өз байлығың өзіңе жетпейді. Жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орын алатын Қазақтанда жер-ананың төсін еміп күнелткен шарулар мен диқандар үшін де жанар-жағармай бағасы «бас ауыртып, балтыр сыздатады». Байлық бар, ұқсату жоқ. Сауын сиыр сауғандай сауып алып, сүтін пісіріп, қаймақ қылып, май шайқамай, шикідей сатып күнелткен Қазақстанның төл теңгесі АҚШ-тың көк қағазының қолына су құюмен келеді. Неге десеңіз, жоғарыда айтылған 6000-ға жуық пайдалы қазбалардың қызығы мен шышығын инвесторлар мен ат төбеліндей байлардың көріп жүргенін елдің бәрі біледі. Тым құрыса шұлық өндіретін зауыт жоқ. Осыдан кейін төл теңге теңселмегенде қайтеді?!
2009 жылы бір доллардың құны 150 теңге болған. 2014 жылғы девальвациядан кейін доллар 185 теңгеге өсті. Қазақстан 2015 жылы теңгені еркін айналымға жіберіп, влюта бағамын реттеп отырудан бас тартты. Осыдан соң көк қағаз 350 теңгеден 394 теңгеге шарықтады. Енді оны сатып алу 397-ге көтерілді. Ұлттық банк валюта бағамын ұстап тұруға миллиондаған доллар қаражат жұмсап, валюта нарығындағы тұрақтылықты сақтау үшін түрлі шаралар қабылдайтынын айтуда. Енді доллардың өскенін базардағы саудагерлер мен екі ортадағы делдалдар тиімді пайдаланады. Ол айтпаса да түсінікті. Өткен жылғы қоңыр күзден бері қарай базарлардағы азық-түлік, көкөніс бағасы шарықтау шегінен асып жығылған-ды. Қыл аяғы жергілікті жерде өндірілетін көкөністердің бағасы сырттан келетін бағалардан анағұрлым жоғары болып тұр. Жергілікті билік бағаны бақылаған болып сенбі күндері арнайы жәрмеңкелер ұйымдастыруда. Бірақ, ол жерде көзбояушылықтар таразыдан қымқырулар барын ешкім де жоққа шығармайды. «Таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі. Жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледінің» кері. Айналып келгенде қалың бұқараға соққы болуда. Дағдарыстың дауылынан хабардар болған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы шенді-шекпенділердің бәрін жиып, жедел жиын өткізді. Қара алтының құлдырауы, доллардың шарықтауы, ел экономикасының шатқаяқтауы, кесапатқа айналған коронавирустың бір бүйірден шаншудай қадалуы, тек шикізатты сатып, тізесі қалтырап тұрған Қазақстанды қабырғадан қадалған найзадай түйреуде. Осы бағытта теңгенің айырбастау бағамын қорғау қажет – деген Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевқа тапсырмалар жүктеді. Экономиканың күре тамыры мұнайға қатысты ОПЕК + отырысының қатысушылары мұнай өндіруді қысқарту бойынша бір мәмілеге келе алмады. Мәселен, көрші ресей өндірудің міндеті ұсынысынан бас тартты. Сауд Арабиясы әлемнің барлық өңірі үшін өздері өндірген мұнай бағасын төмендету және мұнай өндіру тәулігіне 9,7 миллион баррелден 12миллион баррелге дейін ұлғайтуға дайын екендіктерін мәлімдеді. Бұл дегеніңіз мұнайдың әлемдік бағаларын айтарлықтай төмендетуге алып келеді –дейді сарапшылар. Мысалы, Брет маркалы мұнай марка бір баррель үшін 31-36,5АҚШ доллары шеңберінде саудаланды. Күннен-күнге төмендеу бағасы 30пайыздан асып, оффшорлық нарықтардағы рубльдің әлсіреуі мұнай бағасының құлдырауы аясында ең жоғарғы көлемде 1АҚШ доллары үшін 75,4 рубльге дейін шамамен 10 пайыз құрады. Осы жылдың 9 наурыздағы сауда-саттық ашылған кезден SNР 500 индексі 7 пайыз төмендеді, одан кейін сауда-саттық уақытша тоқтатылды деген Ерболат Досаев өткен жылы дефицитпен жабылған төлемдік баланс биыл теңге курсының төмендеуіне және инфляцияның жоғарлауына әкелуі мүңкін екенін айтты үкімет отырысында. Демек, әлемдік нарықтағы баға үшін бақталас майданы басталды. Экономикалық қиындықтар туындайтыны хақ! Әлемді ашса алақында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған АҚШ-тың доллары доң айбатын біз тәуелсіздік алған жылдардан бастап көрсетіп келеді. Тек бізге ғана емес көрші ресейді алқымнан алып түрлі санциялар салып буындырып тастағалы қашан. Өнім өндіруден, кәсіпорын ашудан, қай мемлекетте шықан өнімдердің көшірмесін айна қатасіз жасай қоятын Қытай мемлекетін де өздерінен тараған инфекциядан танауын тасқа соққан балықтай сансырап қалды. Оларда да экономикалық құлдырау. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітіпті» демекші, коронавирустан басталған тоқырау ғалам шардың барын шарпып, әлеуметтік экономикалық дағдарыстарға алып келуде. Бір ғана мұнай емес, метал бағасы құлдырағанын, үкімет отырысында-экономика министрі Русалан Дәленов мұнайдың бір баррелі 34 долдардан сатылғанын, алдағы кезеңдерде сырты экономикалық жағдайлар төмендегідей: әлемдік тауар нарықтарында мұнай мен металдар бағасы едәуір төмендегенін тілге тиек етті. Мәселен, мыршы 16% мыс 12%, темір кені 4% фепроқорытпалар 1,2% арзандағанын айтты. Өмір үшін жанталаста әлемдегі дағдарыс Қазақстандықтарды басынан сыйпай қоймасы айдан анық. Қалың бұқараны осы дауылдан аман алып шығала ма, жоқ па, ол үкіметке сын!
Айтақын МҰХАМАДИ