Сойқан суда қалқып жүр

0
1734

Өзбекстанда болған жаңбыр мен дауылдан кейін Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгеттерінің бірі жарылып, апат салдарынан, елді мекендерге, коммуникациялық желілер мен ауыл шаруашылығы алаңдарына үлкен залал тиген болатын.  Су қоймасының жарылуы салдарынан Түркістан облысының екі ауданындағы талай елді  мекен су астында қалды. Яғни, үйлер, сансыз әлеуметтік  ошақтар мен кәсіпорындар іске жарамсыз күйге түсті. Дей тұрғанмен, адам шығыны жоқ. Ал суға кеткен  төрт түлік пен дүние мүлікте есеп жоқ. Бұл – аты жаман кеселден үйден шықпай отырған  түстіктегі ағайын үшін өте ауыр соққы болғаны рас. Осы тұста: «қауіптенуге негіз жоқ» деп  қара халықты алдарқатып келгендер  айналаны тілсіз жау төңкеріп тастап жатқанда қайда қалды екен деген ой қылаң берген  санада… Шыны керек, ел үйін, малын тастай қашып, қыр жағалап кете барды. Арасында құжаттарын алып үлгермегендер де жетіп артылады. Өлместің күнін кешкен дүйім ел жанын шүберекке түйіп, қырды паналағанда  билік басы  Өзбекстанға көңіл айтып, көмек сайлап, бұл ісімен   де таң қалдырды. Көрші елдің Президенті жұртпен жүздесіп, жылы сөзімен қамкөңіл болған халықтың  жүрегін жылытты. Бұл сөздерден  көз жасына ерік берген  өзбек бауырлар  өздерінің жалғыз еместігін, ел басшылығына керектігін сезінгеннен жылады емес пе?!  Өздеріңіз білетіндей, өткен  жылы орын алған Арыстағы жағдайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі келіп, елге  басу  айтқанда жергілікті тұрғындардың ашуы су сепкендей басылып, алаң көңілдерін сабырға жеңдіріп  еді. Неге десеңіз, олар ел басшылығынан қамқорлық пен  мейірімді көріп, үміттенді… Ол шақта да, дәл қазіргі шақта негізгі салмақ  қарапайым халықтың өзіне   түсті.  Тіпті  бұл жағдайда   аты жаман кеселге қатысты жарияланған төтенше жағдай да жайына  қалды. «Бұл тәжтажалың   түсіністік танытып, тарамай қоя тұра ма» деген елдің жанайқайын естіп жан ауырды. Сананы жаулаған сан сауалдың ішінде: «әскери шатырлардан қалашық жасауға болмас па, сосын әрбір отбасын дербес орналастыруға мүмкіндік  болар еді»  деген ой да  қылау берген. Бірақ,  елімізде орын алған  пандемияға  орай    бұл  мүмкін емес екенін ойлап, іштей қынжылған да едік.  Негізінде,  әлем бойынша төтенше жағдай орын алғанда алдымен Ұлттық  гвардия жетіп, елді құтқарып, шатырларға орналастырып жататын еді ғой.  Ал  біздің  ел  өзін-өзі  құтқарып жатты. … Осы оқиға  туралы бір жазбаны оқығанымда  жылап қалдым.  Шынында да,  қара қазан сойқан суда қалқып жүр, иесіз… Неге?

P.S. :  Бұл жазба тасқыннан  зардап шеккен адамдардың  жан-айқайын алғаш естігенде  туған  еді. Алайда, «ештен де  кеш  жақсы» демекші, ел үніне  құлақ түріліп,  билік пен халық  жаппай көмек қолын созуға кірісіп те кетті.  Алдағы уақытта  осындай оқыс оқиға орын алған жағдайда  бірден көмек қолын созуға асықсақ екен…

С.ӘЙТЕНОВА.

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ