БІРЛІК ПЕН ЕЛДІКТІҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

0
23

Қыркүйектің 13-14 күндері алдын ала хабарланғандай, Баянауыл баурайында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыздың кесенесі жанында өткен Қазақ билер алқасының республикалық Құрылтайы елдік мүдде мен рухани биіктіктің айқын көрінісіндей өтті десек қателеспеген болар едік. Еліміздің барлық өңірлерінен 150-дей адам қатысқан бұл Құрылтай, қазақ қоғамының бүгінгі өзекті мәселеле-рін ортаға салды.

Бұл келелі жиын қазақтың тарихы мен ұлттық рухты жаңғыртқан тағылымды сәттерге толы болды. Еркін форматтағы сұхбаттар, өңір билерінің бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасуы, тамаша өңір табиғатымен танысу сияқты шаралар күн тәртібінде белгіленді.
Жиын барысы батагөй ақсақал Балтабай Сыздықовтың Құрылтай жұмысына сәттілік тілеп берген батасымен басталды. Бірқатар адамдарға билер алқасының мүшелік куәлігі тапсырылды. Мұның өзі Қазақ билер алқасының қатары уақыт өткен сайын көбейіп жатқанын байқатты.
Қазақстан билер алқасының бір жыл бойы атқарылған жұмыстары туралы Қазақ билер алқасының бас биі Әбу Мұхаммед Орынбасарұлы жиналған билер алдында есеп берді.
— Былтырғы жоспарда біз үш бағытты міндет етіп алдық. Сол үш бағыттың аясында Қазақ билер алқасы жұмыс жасады. Бірінші, мемлекеттің тыныштығы мен ел бірлігін нығайту. Екінші мәдени және тарихи мұраларды дәріптеу. Үшінші заманауи медиация жүйесін дамыту. Міне, осы үш бағытта бірқатар жұмыстар атқарылды, — дей келе, жасалған жұмыстарды атап өтті.
Жиналғандардың баршасы бүгінгі қоғам тынысы, жастар тәрбиесі, ұлт бірлігі туралы ойларын ортаға салып, пікір алысты. Жиынға жастар да қатысты. Солардың бірі Оксфорд университетінде білім алып келген баянауылдық жас ғалым Нұрсұлтан Мұсаханұлы ұлттық тәрбие туралы ойын ортаға салып: «Елден жырақ жүріп, ол жақта қанша білім алсақ та ұлттық тәрбиеден ажырамау керек, бүгінгі Қазақ билер алқасында айтылған жас-тар тәрбиесі туралы пікірлер, айтылған ұсыныстар мен берілген баталар жастар үшін өзекті деп ойлаймын», – деді.
Әр облыстан билер қатарында Қазақ Билер алқасының төбе биі Алматы облысынан келген Серікқали Ыбытаев:

— Жетем десең мұратқа, көк байрағыңды құлатпа. Ешқашан жаман ат келтірме, қазақ деген ұлы атқа деген сөзім бар, егеменді еліңе тірек бола біл, сонда бәрі жақсы болады, – деген оң тілегін білдірді.
Жетісу билер алқасының төрағасы Саржан Ержұманов өңір билерінің атынан сөз сөйлеп, Қазақ билер алқасына айтар бірнеше ұсыныстарын жеткізді:
…Біз – Жетісудың Билері, өздеріңіз сияқты, негізінен қоғамдық ұйымның бөлімі-филиалы болып табылатындықтан, өз жұмысымызда халық арасындағы қоғамдық пікірге назар аударып, елді толғандырып жатқан өзекті мәселелерге өз ережеміз шеңберінде атсалысып, талқылап, жергілікті әкімдіктер және мәслихаттарға осындай туындап жатқан мәселелерге мән беріп, өткір сұрақтарды бірлесіп шешуге ұмтыламыз. Өйткені қандай бір мәселе болмасын, бізге келген адамдар біздің көмегімізге зәру болып, өтініші немесе сұрағы болып жатады. Шамамыз келгенше, оларды өз мүмкіндігімізше мәселені шиеленістіруге апармай, шешуге көмектесіп жатырмыз.
Алайда, халықтан келіп жатқан өзекті мәселелерге кейде біздің құзырымыз жетпейтін жайлар кездеседі. Осындай жайларды және ұсыныстарымызды, аталған мәселелерді Үкімет назарына Қазақ билер алқасы жеткізеді деген үміттеміз, — деді ол.

Тіл мен дін

Біз, жергілікті билер, халықтың өкіліміз. Сол халықтың ойын Үкіметке жеткізу жолында айтайық дегеніміз — Дін мәселесі. Саясат пен дін бағыттарын ажырата білуіміз керек. Мешіттердегі уағыздарда қазақ тілінен гөрі араб тілінде уағыз көп айтылып жатады. Түсінбесе де бұрмаланған араб тіліндегі сөздер көп айтылады. Мұсылманбыз, бірақ қазақпыз ғой. Дінге дұрыс мән берілсе. Өйткені мешіт төңірегіндегі сөздер қазақтың сөзінен гөрі арабизацияланып барады. Қазіргі кейбір қазақтар ана тілін білмейді.
Дана Мәшһүр Жүсіп өз заманында айтқан екен, «Әлемде 72 тіл бар. Оның ең асылы – араб тілі. Өйткені, Құран араб тілінде түскен. Одан кейінгі бай тіл – қазақ тілі. Дін де, ғылым да, әулиелік те қазақтың тілінде тұр», — деген. Сондықтан дінді тілдің алдына немесе жоғары қоймау керек.
Араб тілі дін тілі болғанымен, сол дінді біз қазақ тілінде қабылдауымыз керек. Санамызды қазақша оятып, ол үшін құранды қазақша оқуға болады. Арабша Құранның қазақша аудармасын қоғамға тарату және арабша сөздерді күнделікті қарым-қатынаста пайдаланбай, өз орнында пайдалану дұрыс болмақ. Бұған да Үкімет назарын аударғанды жөн санадық.

Тегін жер теліміне қашан жетеміз?

Қарапайым тұрғындар баспана салу үшін жер телімі берілмейтінін айтып жатыр. Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда жер кезегінде тұрғандардың саны 40 мыңнан асқан көрінеді. Ал кезекте 20 жылдан астам тұрғандардың айтуынша, кезек мүлдем жылжымайды. Жылжығанның өзінде 1-ақ адамға жылжыған. 2015 жылы 50 жасында 17 мыңыншы болып тұрған азамат қазір 60-қа келді. Кезегі жылжитын түрі жоқ, әлі сол орнында тұр. Сонда ол: «жер телімін алғанша 70-80-ге келіп үй сала алам ба?», — деп ренжиді.
Ал осал топ болып есептелетін көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері де Жетісу билер алқасынан үй салуға, жер алуға көмектесуіміз-ді сұрайды. Бұл мәселе туралы Жетісу облысының орталығы Талдықорғандағы жауапты лауазым иелері тізімдегі халыққа әлі жер бөлінген жоқ, алдымен жол салынып, жарық-су жүргізілуі керек деген түсіндірме берді.
Кезектегі адамдарға жер телімі заң бойынша тегін берілетіні белгілі. Алайда облыс орталығының төңірегінде жыл сайын көбейіп салынып жатқан жеке тұрғын үйлер қандай заңмен салынып, оған жерлер қалай беріліп жатқаны белгісіз. Тегін берілетін жер телімдерінің тізімі қашан алға қарай жылжиды? Үкімет осындай жағдайларды өз бақылауына ала ала ма? Жер аукционға түсіп сатылады деген сыбыс бар, ол рас па? Ол қандай жер аукционға түсетін? — деген сұрақтар көп. Қазақ билер алқасы осы сұрақтарды Үкіметке жетуіне ықпал етсе дұрыс болар еді. Өйткені баспана – қазақ үшін ауыр тақырып.

Білім сапасы мен мектептегі мемлекеттік тіл

Тағы айта кетер жай, балаларға білім беру мәселесі. Қазір бүкіл Еуропа елдері мектепте білім беру мәселесін кеңестік жүйе кезіндегі әдістемемен жүргізіп жатыр. Ал біздің елдің оқушыларының оқулықтары бизнеске айналып кетті. Авторлар оқулықтарын бала жасына икемдемеген. Сәйкессіздіктер көп, ата-аналардың наразылықтары күннен-күнге ұлғаюда. Әдістемеліктер сапасыз. Сондай-ақ, «Еңбек сабағында»

оқушыларды еңбекке баулып, нарықтағы нақты мамандықты игеруге үйретсе… Мысалы, шаштараз, дәнекерші, тігінші, қолөнерші сияқты.

Қазақ тілі мектептерде бірінші орында тұруы керек

Біздің өңірдегі Текелі қаласының биі, заңгер Талғат Жанболатовтың сараптауынша, еліміздің мектепте-ріндегі 2 млн. 342 мың 277 оқушының 1млн. 82 мың 338-і орысша оқиды екен. Яғни оқушылардың 45-50 пайызы орысша оқиды деген сөз. Ал 93

мың оқушы басқа тілдерде оқиды (өзбек, ұйғыр, т.б.). Бұдан туатын сұрақ: мемлекеттік тіл неге кейінге шегеріле береді? Баланы бірінші сыныптан орыс және басқа да шет тілдеріне үйрету дұрыс па? Шет тілі неге 5 сыныптан оқытылмайды?

Қаңғыбас иттермен күрес

Қаңғыбас иесіз иттердің көбеюі қазір әр өңірдегідей, Жетісу облысында ересектерге де, балаларға да қауіп төндіріп тұрған жағдайы бар. Иесіз иттер көшеде кезіп жүр. Адамдарды, балаларды қауып, жарақаттап жатыр. Өткен жылғы көрсеткіштер бойынша Жетісу облыстық ветеринария басқармасының деректерінде 800 адам иесіз иттердің шабуылына ұшыраған. 2024 жылдың статистикасы бойынша 13 мың ит пен мысық иесіз деп саналып, оның 850-і күзет бөлімдеріне немесе итке жаны ашығыш адамдарға берілген.

10 мыңы «оянбайтын ұйқыға» жіберілген. Бірақ иесіз иттер жылдан жылға көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Олардан құтылудың бір амалы ретінде Жетісу облысында қаңғыбас иттерге баспана салуды жоспарлап, бюджеттен қомақты ақша бөлінген. Осы сомаға итке үй салып, оларды бағып-баптауға, тамағы мен күтушісіне тағы бюджеттен ақша бөлінбекші. Бұл елдің ашу-ызасын тудыруда. «Баланы асырауға жетпей жатқан ақшаны ит бағуға бөлгені несі?», — деп аналар наразы болуда. Бұл мәселе Үкімет құлағына жетуі керек.

Бас биді сайлау мерзімі

Қазақ Билер алқасының төрағасын сайлау мерзімі Жарғы бойынша 1 жыл. Біздің ойымызша бұл мерзім өте аз уақыт. Жыл сайын төрағаның өзгеріп отыруы жұмысты жүргізуге де қолайсыз. Бұл мерзім жұмысты дұрыс атқаруға жеткіліксіз уақыт. Жыл сайын басшы өзгеріп отырған жұмыста береке болмайды. Сондықтан төрағаны сайлау мерзімін бес жыл деп өзгерткен дұрыс, егер жұмысын атқара алмаса, төтенше жағдайда орнынан алып, басқа би сайлау мүмкіншілігін жасау керек. Әбу мырзаны Жетісу билер алқасының ұсынысымен бес жыл мерзімге қайта сайлауды ұсынамын.

Қорытынды және 2026 жылдың жоспары

Міне, осындай мәселелерді алға қойған Жетісу облыстық билерінің ұсыныстарын Қазақ Билер алқасы қабылдап, Үкімет алдына жеткізуді қарастыратынын айтты.
Сондай-ақ, Қазақ Билер алқасының бас биін сайлау мерзімі үш жыл деп қабылданып, Әбу Орынбасарұлы Мұхаммед Қазақтың Билер алқасының бас биі болып үш жыл мерзімге сайланды.
Жиын соңында ел өңірлеріндегі белсенді билер марапатталды. Солардың ішінде Жетісу облысы билер филиалы «Үлгілі аймақ» деп танылып, Жетісу облысы Билер филиалының бас биі Саржан Ержұманов пен төре биі Нұрлыахмет Жұмағұлұлы Қазақ Билер алқасының «Алғыс хатымен» марапатталды.
Қазақ Билер алқасы 2026 жылға арналған жылдық жоспарын Шымкент қаласында Төралқа отырысында талқылап, ел мүддесіне орай, заманауи өркениеттің талаптарына сай 5 жаңаша бағыттағы мәселелер және қосымша бағдар мен бастамалар бекітілді. Іске сәт!

Баян ТАҢАТАРОВА