«ДОЛАНАЛЫ — ҚҰТТЫ МЕКЕНІМ» АТТЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

0
23

Жуырда Доланалы ауылының клубында «Доланалы – құтты мекенім» атты кітаптың тұсаукесері өтті. шара басталар алдында кітаптың жазылуына атсалысқандар ауыл мешітіне барып аруақтарға құран бағыштап, садақа таратты. 

Кітапта әулеттері жайлы жазылған байырғы және қазіргі ауыл тұрғындары жиылып, залды лық толтырды. Қонақтардың қатарында ең алғаш колхоз басшысы болған Омар Сарыбаевтың қызы Майра Омарқызы, Баяділов Қалық Оңғарұлы, Белгібекова Гүлнар Құдайбергенқызы болды. Алдыңғы қатарда ақылдастар алқасының мүшелері – ұлағатты ұстаздар Жұмағыз Байтаева, Алтын Нұрлыбаева, бірнеше кітаптың авторы Жақсылық Тазабеков және тұсауы кесілер кітаптың авторы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Айнаш Қасенова отырды.
Кеш тізгінін аудандық Ә.Сарыбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпазы, жас ақын Бақыт Қалибек ұстады. Ауыл ақсақалы Ерғали Қалышев бата беріп, кітаптың тұсауын Майра Сарыбаева, Қаншайбек Андасова, Жақан Көшеков және Абай Мұхаметжановтар кесті. «Әжелер» ансамблі шашу шашып, «Сәулем-ай» әнін шырқап, салтанатты жиынды одан әрмен көркемдеді.
Шеңгелді ауылынан келген Қаншайбек Андасова да ізгі тілегін білдіріп, кітапқа үлес қосқан жандарға алғысын айтып, Айнаш Қасеноваға Мекке-Мединеден арнайы әкелген ақ жаулықты жапты. Көпшілік әже шырқаған «Тракторшы қарындас», «Жетісу» әндерін қосыла орындап, естен кетпес әсер алды.
Сайраш Сырымбетова да қуанышты басқосуға Талдықорғаннан арнайы келіп, құттықтауын жеткізіп, гүл шоқтарын ұсынды.
Жайнақ ауылдық округінің әкімі Бақыт Рахимбеков те:
– Доланалы – Жетісудың төрінде орналасқан қасиетті мекен. Бұл ауылдан Омар Сарыбаев, Нүсіпбек Шақаров, Қалима Үсенбекова сынды Социалистік Еңбек Ерлері шыққан. Сондай-ақ, қазақ ән өнерінің шоқ жұлдызы Нұрғали Нүсіпжанов, актер Орынбасар Тазабеков, режиссер Сабыралы Кемелбаев, журналист Айнаш Қасенова, жас ақын Бақыт Қалибек сияқты ел мақтаныштары түлеп ұшты, – деп ауылдан шыққан атақты жандар жайлы атап өтті.
Жиын барысында, Жақсылық Тазабеков кітаптың жазылу барысы туралы баяндап, «Кітап жазу оңай емес, материал жинап, оны жүйелеу – үлкен жұмыс. Екі жылға жуық уақыт ішінде ауыл тарихы мен тұрғындары туралы деректер жинақталып, үлкен еңбекпен жарыққа шықты», – деп бастама көтерген Жұмағыз, Алтын, Айнаш есімді үш қыздың еңбегін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ауыл мектебінен тарихи-этнографиялық және Нұрғали Нүсіпжановқа арналған музей ашу туралы ұсыныс білдірді. Көпшілік аталған ұсынысты қолдады.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің аға оқытушысы Гүлнар Белгібекова кітаптың маңыздылығын атап өтіп, авторларға алғыс білдірді. Ал ауыл өнерпаздары Нұрсабек Ұлыхбан мен Бекзат Шынасыл орындаған әндер көрерменнің көңілін босатып, Асылбек Тойлыбаевты еске алуға себеп болды.
Басқосу барысында Айнаш Мәміленқызы, Жұмағыз Егінбайқызы және Алтын Сейтқазықызы сахнаға шығып, алғыс сөздерін де айтты. Ауыл тұрғындары атынан Айнаш Қасеноваға камзол кигізіліп, ақ жаулық тарту етілді.
Қуанышқа қуаныш қосылып, Бақыт Қалибектің сөзіне жазылған Жарасқан Төлеубайдың «Доланалым» әнін аудандық Ә.Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінің әншісі Сабыр Бауыржанұлы шырқап, әннің тұсауы кесілді.
Мерекелік жиын ауылдың қатымханасында жалғасып, құран оқылып, Мәуліт айына орай имам Қанат Күренкеев Мәуліт оқыды. Қонақтар мен ауыл тұрғындары туған жерге деген сағынышын айтып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Клуб меңгерушісі Асылхан Қабылов пен әдіскер Кәмшат Байдәулетоваға, ас ұйымдастырған ауыл әйелдеріне ризашылық білдірілді. Ауыл халқы кітаптың тұсаукесерінде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.

 

Өз тілшіміз