ҰСТАЗДЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАН ЖАНДАР

0
25

Бірі – бай тәжірибесімен бағыт берсе, бірі — тың серпін мен жаңа көзқарас әкелуде. Осы орайда біз ауыл мектебіндегі ең аға және ең жас ұстаз жайында Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Шанханай ауылының мектеп директоры Жанара Жұмажановамен сұхбаттасқан едік.
– Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қай пәннен сабақ бересіз және еңбек өтіліңіз қанша жыл?
– Аты-жөнім Жұмажанова Жанара Бақытжанқызы. Тарих пәнінің мұғалімімін. Педагог-зерттеуші, ғылыми магистр дәрежем бар. Жалпы еңбек өтілім — 15 жыл. Мектеп басшысы ретінде 2023 жылы 19 қаңтарда тағайындалдым, яғни 2 жыл 9 ай білім ордасында басшылық етудемін. Қазіргі таңда үшінші санаттағы басшы-ұйымдастырушы дәрежем бар.
– Директор болудың қиындығы мен қызығы жайлы, ұстаздар мен оқушыларды қатаң тәртіпте ұстау қағидаңыз жайлы айтып берсеңіз?
– Мектеп директоры болу үлкен жауапкершілік пен жан-жақты табандылықты талап ететін қызмет. Бұл лауазымның қиындығы да, қызығы да қатар жүреді. Қиындығына келетін болсақ, жауапкершілік жүгінің ауырлығы, оқушылардың қауіпсіздігі, ұстаздардың жағдайы, ата-ананың сенімі – бәрі директордың мойнында. Басшы тек білім беру жүйесінде ғана емес, шаруашылық, кадрлық, қаржылық, құқықтық және психологиялық жұмыстарға да әрдайым назар аударуы қажет. Ал қызығы нәтиженің көрінуі деп ойлаймын. Мектеп қабырғасындағы әр ұстаз бен оқушының жетістігі директор үшін ең үлкен марапат деп білемін. Көшбасшы болу – мектептің даму жолын өзің айқындайсың, идея мен жоспарға еркіндік бар. Ұжыммен бірлікте жұмыс жасау, жақсы командамен тек алға қойған мақсаттарға табан тіреу маған ерекше шабыт береді.
Директор болу – әр күні сынақ, әр күні мүмкіндік. Қиындығы арқылы шыңдаласың, қызығы арқылы шабыттанасың.
– Ұжымда қанша мұғалім қызмет етеді? Оқушылар саны қанша?
– 2025-2026 оқу жылында мектепте 52 педагог жұмыс істеп жүр. Оның 5-і педагог-зерттеуші, 18 педагог-сарапшы, 24 педагог-модератор, ғылыми магистр дәрежесі бар 10 педагог қызмет атқарады. Мектептегі оқушы саны — 286.
– Мектептегі еңбек өтілі ең ұзақ мұғалім мен қызметін енде бастаған жас ұстаз ретінде кімді атар едіңіз?
– Мектебіміздегі еңбек өтілі жоғары ұстаздарымыз көп. Солардың бірі – Үсембекова Әлия Әлішқызы. Биология пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы маман. Еңбек өтілі – 39 жыл. Ұзақ жылдар бойы шәкірттеріне білім мен тәрбие беріп келе жатқан ұлағатты ұстаз. Көптеген байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпаздарын даярлаған жетекші педагог. Өзінің біліктілігі мен кәсібилігінің арқасында бүгінгі таңда баршамыз құрметтейтін ұлағатты ұстаз болып зейнет жасына да жетіп отыр.
Мектептегі жас ұстаздардың бірі – Ұлдахан Жұлдыз Амангелдіқызы. Ол ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, еңбек өтілі 2 жыл. «Жас келсе іске» демекші, жас болса да жігерлі, алғыр, ізденімпаз, жан-жақты маман. Өзіміздің мектептің түлегі болған оқушымыз, қазір қолында дипломы бар маман иесі болып ауылға оралды. Ал ұстаздық еңбек жолын өзімізден бастап жатқанына қуаныштымыз. Шәкірттеріміз біздің жолды жал-ғастырып жатыр. Болашақта биік белестерді бағындырып, білікті маман болатынына сенімдімін.
– Ұстаздардың жас ерекшелігі мектеп ұжымына қалай әсер етеді?
– Жасы үлкен ұстаздар – білім мен тәрбие беру жолында қалыптасқан, сабырлы, өмірлік тәжірибеге бай. Олар тұрақтылықтың, даналықтың тірегі. Ал жас мамандар жаңашыл, креативті, жаңа технологияларды еркін меңгерген, заманауи көзқараста. Бұл екі буынның бірлесіп жұмыс істеуі мектеп ұжымына оң серпін береді. Жас маман аға буыннан тәлім алып, тәжірибе жинақтайды. Ал үлкендер жастардан жаңа әдіс-тәсілдерді меңгереді. Бұл өзара үйрену арқылы ұжым ішіндегі сенімді, қолдаушы орта қалыптасады. Жас ерекшелігі әртүрлі ұстаздардың бір мақсатқа бірігуі – мектепте ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырады. Бұл мектептің ішкі мәдениетін, кәсіби әлеуетін арттыратын маңызды фактор.
Тәжірибелі ұстаздың әрбір ісі – өз жұмысына деген сүйіспеншіліктің, тұрақтылық пен тәртіптің көрінісі. Ол өз міндетін аса жауапкершілікпен атқара отырып, жас мамандарға ұстаздықтың маңызын ұғындырады. Жас мұғалімдер күнделікті сабақ беру, тәрбие жұмысын жүргізу барысында аға әріптесінің әдіс-тәсілдерін үйреніп, тәжірибесінен үлгі алады. Қиын сәтте кеңес сұрап, нақты бағыт табады. Көп жылдық еңбек жолында түрлі жағдайдан өткен ұстаздың сабырлы мінезі мен шешімділігі – жас маманға эмоционалды тұрақтылықты, қиындыққа берілмеуді көрсетеді. Аға буын ұстаз өзінің жүріс-тұрысы, сөз сөйлеуі, оқушымен, ата-анамен, әріптеспен қарым-қатынасы арқылы нағыз ұстазға тән тұлғалық қасиеттерді танытады. Білім ошағымызда әңбекқор, әрі тәжірибелі – Жапар Айтбекұлы, Күлзира Әшірқызы, Шолпан Мұзапарқызы, Назия Орынбайқызы, Әлия Әлішқызы, Алия Макежанқызы сияқты еңбек өтілі көп мұғалімдер қазіргі қатарымызға қосылып жатқан жас ұстаздардың адами тұрғыда қалыптасуына жол ашатын шамшырағымыз. Мұндай ұстаздар ұжымда ғана емес, тұтас қоғамда құрметке лайық.
Ұстаздар арасында тәлім-герлік жүйесі бар ма?
– Иә, мектебімізде ұстаздар арасында тәлімгерлік жүйесі қалыптасқан және жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Педагог-зерттеуші, бастауыш сынып мұғалімі Көкенова Күлзира Әшірқызы бұл бағытта зор үлес қосып жүрген тәжірибелі мамандардың бірі. Ол 5 жыл қатарынан тәлімгер ретінде жас мамандарға әдістемелік көмек көрсетіп, кәсіби бағыт-бағдар беруде.
Көкенова Күлзира Әшірқызы өз тәжірибесінде сабақ жоспарлау мен өткізу әдістерін, сыныппен және ата-аналармен жұмыс жүргізудің тиімді жолдарын, құжаттарды дұрыс рәсімдеуді үйретіп, жас ұстаздардың бойына жауапкершілік пен кәсібилік дарытып келеді. Мектебіміздегі тәлімгерлік жүйесі – жас мамандардың ортаға тез бейімделіп, кәсіби дамуына ықпал ететін маңызды тәжірибе алаңы. Күлзира Әшірқызы сынды ұстаздарымыздың еңбегі ұжымдық жетістіктің кепілі.
– Жанар ханым, жұмыста-рыңызға табыс тілейміз! Ұстаздар мерекесі құтты болсын!
P.S. Қай дәуірде болсын, ұстаздықтың жүгі жеңіл болған емес. Мектеп қабырғасындағы аға буын мен жас маманның бірлесіп жұмыс істеуі – білім саласының тұрақты дамуының белгісі. Тәжірибелі ұстаздың тағылымы мен жас мұғалімнің жігері қатар жүргенде ғана ұрпақ тәрбиесі өз жемісін берері анық. Осындай үйлесімділік пен сабақтастық барда, мектептің де, елдің де келешегі кемел болары сөзсіз.

Нурила НҰРБОЛҚЫЗЫ

Кербұлақ ауданы