«Беріңдер деді, бердік» деген мұғалімдер сөзден неге тайқыды?
Қоғамда ақша жинау әрекеті қылаң берсе де оны дәлелдеу яки түбегейлі жою ісі мүмкін болмай тұр. Неге десеңіз, айтарын айтып, артынша ондай әңгіме болған жоқ деп бастарын ала қашатындар көп.
Жуырда Іле ауданына қарасты мектептің төрт бірдей мұғалімі Azattyq Ruhy.kz сайтында білім ошағында қайырымдылыққа деген желеумен ақша жиналып жатқандығы туралы айтып, шағымданған мақаласы жарияланды. Осыған қатысты «Алатау» газетінің №17 санында «Аспаннан алынып жазылмайды» атты мақала жарияланған болатын.
Арада біраз уақыт өтіп, мамыражай мамырдың 11 күні Azattyq ryhy.kz парақшасында Талғар ауданы Еламан ауылының №41 орта мектебінің ұстаздары ауылда мешіт болмағандықтан, пітір садақаны мектепке жинап жатқандығы туралы тағы бір мақала жарқ ете қалды. Мақалада белгілі болғандай, сайт тілшісі аталған мектептің мұғалімдерімен телефон арқылы сөйлескен. Бұл жолғы ұстаздар да өздерінің аты-жөндерін жарияламауды сұраған. Бірақ, ақшаның расымен жиналып жатқанын, бұған ешкім мәжбүрлемегенін айтады. Ал жиналған қаражаттың мектептегі жағдайы төмен оқушылардың отбасына азық-түлік алуға жұмсалады депті.
Ауылда мешіт болмағандықтан, пітір-садақаны мектепте жинап жатырмыз деген ұстаздың бірі 1000 теңгеден өткізіп жатқанын мәлімдеген. Бұдан бөлек, бұл сауапты іске үлес қосқысы келетін ауыл тұрғындары да пітір садақаларын мешітке емес, мектепке өткізіп жатқаны айтылады.
Сайт тілшісімен телефон арқылы сөйлескен аудио-жазбада аталған мектептің бір ұстазы пітір садақаға деген ақшаны жинап алғанына көп уақыт өтіп кеткенін, бұл туралы «Мөлдірмен» сөйлесіп көріңіз депті.
«Беріңдер деді, бердік! Арғы жағын білмедім. Бізде жалпы мектеп жинады ғой» деген. Бұл жазбадан соң ұстаз сөзін қалай жоққа шығара аласың?..
Ал бұл жөнінде мектеп директоры Жанаргүл Күнсалықоваға хабарласқанда ол кісі пітір садақаның жиналып жатқанын жоққа шығарып, аталған ақпаратты журналистерге айтқан әріптестеріне ашуланған. Артынша «Пітір садақадан түскен ақшаны» мешіт имамына апарып бердік депті. Ал қанша ақша жиналғанынан хабардар еместігін, өз басы қашықтан оқыту басталғанда жағдайы жоқ оқушыларға 40 мың теңгеге wi-fi орнатып бергенін де айтады. Директордың сөзінше, ақша жинауды мектептің кәсіподағы бастаған, бұл іске ол қосылмапты.
Мешіті жоқ Еламан ауылында пітір садақаның мектепке жиналуы қаншалықты дұрыс? Бұл тұста іргелес жатқан, құлшылық үйі қос елді мекенге ортақ болып табылатын Жалғамыс ауылы мешітінің имамы пітір садақаның мешітке емес, мектепке жиналуы мүлдем дұрыс еместігін айтқан.
«Пітір садақа ретінде басқа ұйымдар ақша жинаса, ол бір қорға жиналған қаражат болып саналады. Яғни, пітір садақа емес, қайырымдылық шарасы сияқты есептеліп кетеді. Пітір садақа діни ұйымдарға ғана беріледі» депті имам Серғали Сейітбаттал. Ауыл имамы сөзін Алматы орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқай да растап, пітір садақаны жинау тек Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының құзыретіне берілгенін айтқан. Имамның не дегені Azattyq ryhy.kz парақшасындаға мақалада толық жазылған (авт:оқып көрем десеңіз).
Қазір қасиетті ораза айы. Әлбетте, бұл айда қайырымдылық танытып, жағдайы төмен отбасыларға қолұшын созудың сауабы мол екендігін білеміз. Алайда, мектеп кәсіподағы пітір садақаны жинау құзыреті қазір ҚМДБ берілгенін, басқа ұйымдардың айналысуына рұқсат етілмейтіндігінен хабарсыз болғаны ма?
Бұл жолы да біз мәселенің анық-қанығын таразылауда облыстық білім басқармасына, Талғар ауданындағы №41 орта мектептің директорына және бір айдың ішінде Алматы облысында орын алған ақша жинау мәселесіне қатысты мақала жазған сайт редакциясына хабарластық.
Өкініштісі, оқиға орын алған мектептің басшысымен тілдесу мүмкін болмады. Себебі оның ұялы телефоны өшірулі… Ал Алматы облысының білім басқармасы Azattyq ryhy.kz парақшасында жарық көрген шағымға қатысты берген мәліметте былай дейді: «Талғар ауданы әкімдігінің «Талғар ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «№41 мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар жалпы білім беретін орта мектебі» мемлекеттік коммуналдық мекемесі 2017 жылы салынған. Жобалық қуаттығы – 300 орындық. Оқу тілі — қазақ. Бүгінгі күні 638 оқушы білім алуда, 34 класс комплект, мектеп даярлық сыныпта — 58 оқушы, 67 мұғалім, 60 қызметкер жұмыс жасауда. Ж.Кунсакалова 2017 жылдан бастап мектеп директоры болып жұмыс істейді.
11.05.2020 жылы түстен кейін мектеп директоры Ж. Кунсакаловаға Әмірболат Құсайынұлы деген азамат 87051566495 номерінен хабарласып, мектепте пітір жинау туралы сұраған. Мектеп директоры ондай нәрсе орын алған жоқ деп жауап берген. Журналистпен басқалай әңгіме болмаған.
Талғар аудандық білім бөлімінің тарапынан 02.03.2020 жылғы №101-Н, 06.05.2020 жылғы №352-Н бұйрықтарына сәйкес ақша қаражаттарын жинаудың барлық түріне тыйым салынған.
Осы жағдайға байланысты Ж. Кунсакаловадан түсініктеме алынды.
«Мектепте мұғалімдерден ешқандай пітір садақа жинау процесі жүргізілмеді. Қашықтан оқыту жұмыстары басталған кезде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларының телефонына бірлік салу, азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша өз ықыластарымен 4 мұғалім көмек көрсетті. Өз басым 40 000 теңгеге 9 отбасына азық-түлік алып бердім. Журналист Әмірболат Құсайынұлының «пітір садақа жинап жатырсыз ба» деген сұрағына, ондай жағдай болмағанын, өз тарапымыздан көрсетілген көмектерді айтып, сөйлестім» – деген №41 мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар жалпы білім беретін орта мектеп директоры Ж. Кунсакаловадан түсініктеме келіп түсті.
Мектептің барлық ұстазымен сөйлескеннен кейін қосымша ақпарат жіберіледі.
Білім басқармасына осылай деп түсініктеме берген директордың бұл ісін қалай түсінуге болады? Azattyq ryhy.kz сайтындағы сөзінде Жанаргүл ханым пітір садақаның жиналғанын, ақшаны ауыл имамына апарып бергенін айтқан. Айтпақшы, мектепке жиналған пітір садақаға қатысты мақалада ауыл имамы былай дейді: «Мектептен хабарласып, маған келіп жолықты. 60 мың теңгені қолма-қол әкеліп, қалған сомасын банк карточкасы арқылы аударамыз деді. Мен ақшаны алмадым. Себебі, оны №41 мектептің пітір садақасы деп ала алмаймын, ол әр адамның атынан беріледі. Сондықтан садақаны кім берді, сол адамдардың тізімін жасап әкеліңдер дедім. Олар енді тізім жасап әкелуге кетті».
Сонда облыстық білім басқармасы ақша жинау процесі орын алған жоқ деген директордың сөзіне сеніп қала бермек пе?
Ал, директордың сөзі қаншалықты рас. Осы орайда сайт журналисі Әмірболат Құсайынұлына хабарластық. Бұл жолы да ол дәлелсіз дүниенің жарыққа шықпайтынын ескертті. «Біріншіден, директорға қоңырау шалған мен емес. Менің нөмірімді тауып өзі хабарласты. Екіншіден, мектеп басшысымен болған әңгіменің аудио-жазбасы менде сақтаулы. Мұны сізге жіберуге болар еді, бірақ, жазбаның көлемі 15 минуттық. Керек десеңіз компьютерге көшіріп, жібере аламын. Тіпті мұғалімдердің айтқан аудио-жазбаларына дейін бар бізде. Директор хабарласып, мәселенің ушығып жатқанын, мақаланы шығармай-ақ қоясың ба деді. Оның ұялы телефоныма қанша рет хабарласқаны да сақтаулы. Мақала шыққан соң да хабарласып: «материалды алып тастайсың ба, әлде келістіріп берсең қайтеді» деді.
Адыңғы жолы Іле ауданында орын алған ақша жинау мәселесі бойынша ұстаздар өтінішімен материал сайттан алынып тасталған болатын. Оның өзінде біз адамгершілікке салғанбыз. Артынша олар: «автор өзіне сенімді болмаған соң, іс дәлелденбегеннен кейін сайттағы мақала өшірілді» деп есеп берген. Ендеше, бұл жолы да мақаланы сайттан алатын болсақ, бұлар да дәл солай демесіне кім кепіл?! Бар дүниені жоққа шығаруға олардың еті үйреніп қалған сыңайлы. Тіпті, әдет болып қалғандай ма дейсің. Бірақ, ұстаздардың, имамның айтқаны жазбада сақтаулы. Көпе-көрнеу айтқандарын айтпадық деп арсыздықққа барудың қажеті қанша деймін. Қасиетті Рамазан айында білімнің көкжиегін кеңейтіп отырғандардың өтірік сөздерін естіп, не деріңді білмейді екенсің.
Барлық ұстаздан түсініктеме алынғанын білемін. Мұны тағы сол мұғалімдердің өздері айтты. Барлық мұғалімнің үйлеріне барып тұрып: «ақша жиналған жоқ» деген түсініктеме алған. Ал аудио-жазбамыздың бірінде мұғалімнің каспий голдқа ақша аудардық деген сөзі бар. Енді мына жағдайдан соң аударған ақшалар сол мұғалімдердің каспий голдына қайтып жіберілгендігінен де хабардармын. Бір сөзбен айтқанда, қитұрқы дүние болып тұр бұл. Негізінде, пітір садақаның мектепке жиналуы дұрыс емес. Біздің айтарымыз да сол болған. Ал енді бар нәрсені жоққа шығару, мұғалімдерді өтірікші ету деген жөн бе, сіздіңше?! «Қайырымдылық үшін жинадық. Бірақ, болмаған соң қайтарылып берілді деп айта салуға болар еді».
Сайт журналисінің сөзінше, білім ошағын басқарып отырған директордың оны өтірікші етіп көрсеткісі келгені дұрыс емес. «Бұл сөзімді оның өзіне де айтқанмын» дейді. Айтуынша, бұл жолғы мақала да аспаннан алынып жазылмады.
Қалай десек те алдыңғы Іле, осы жолғы Талғар ауданы бойынша Azattyq ryhy.kz сайтында жазылған мақаладан өңірдегі мектептер арасында ақша жинау мәселесі әлі де ушығып тұрғандығы аңғарылады. Олай болмаса, мектеп директоры сайт журналисіне «материалды алып тастайсың ба, әлде келістіріп берсең қайтеді» деп айтпас еді.
Ендеше, облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова орын алған мұндай көзбояушылықтарға қашанғы көзжұма қарап отыра береді. Әлде басшының өз ойлағаны бар ма?!
Сарби ӘЙТЕНОВА