Берекелі елге бақ қонар

0
1870

Қойнауына құт қонып, даласына дарқандық жайлаған қазақ елінде береке мен бірліктің мерекесі келіп жетті. Жылдағыдай ұлы дүбір той тойланбаса, атаулы күннің мәні мен мазмұны өзгерді деген сөз емес. елдегі төтенше жағдайға байланысты қажетті шараның бірі деп қабылдаған жөн.

1 мамыр қазақ жұртының бірлігі пен татулығының жарқын символы ретінде 1996 жылдан бері аталып өтіледі. Жетісу жерінде 105 ұлттың өкілі тіршілік етеді. Тәңірге тәубе. Бас жарылып, көз шығатындай жағдай болған емес. Бұлай болуы әрине дархан қазақ халқының арқасы. Оны өзге ұлт өкілдері де мойындайды. Мария Халменова Сарқан ауданының тұрғыны. Ол қазақ халқына алғыс ескерткішін әрбір ауданға орнату керек деп есептейді.             «Менің аталарым соғыс жылдары Қазақстанға жер аулдарылды. Түсінесіз бе соғыс жылдары. Неміске деген өшпенділік ел арасында бар еді. Мен ол кезде құндақтағы бала екенмін. Үлкендер пойыздан түсе сала бәрімізді қырып салатын шығар деп ойлапты. Бірақ, олай болмаған. Қазақтар аш отырса да көмектескен. Аштықтан омырауынан сүт шықпағанда көрші қазақ әйелінің емізгенін анам айтып отыратын. Осындай халықтан қалай айналмайсың?! Мен туған отаным деп осы жерді айтамын. Қазақтарға алғыс ескерткішін әр облыс емес, әр аудан тіпті ауылға қойса да жарасады» ,– дейді ол.

      Осыған қарап кінәні ұлттан іздемеген халқымыздың таным-түсінігінің кеңдігіне қалай риза болмайсың?! Қазақстанды өз отаным деп кеткен Мария Халменова сияқты өзге ұлт өкілдері көп.  Солардың бірі –  Владислав Тен.

Өз сөзінде кәріс ұлтының өкілі: «Болашақта ұлтаралық тілдің қазақ тілі болатыны сөзсіз»,– дейді.

Ол тарихи отаны Кореяға қайтуды мүлдем ойламайды екен. Солай ақыл айтатындарға өзін  қазақпын, не үшін Кореяға кетуім керек  дейтін көрінеді. 

«Ұлтымның Кәріс екені шын. Бірақ өзімді жаныммен қазақ сезінемін. Қазір қазақ тілін оқытатын орталық аштым. Сонда балаларға қазақ тілінен сабақ беремін. Қазақ тілінің болашағы зор», – деп ағынан жарылы Владислав Тен.

 Қазақстанда  Достық үйі   алғашқылардың бірі болып  Жетісу жерінде ашылды. Бүгінде мұнда әр ұлттың өз этно-мәдени орталықтары жұмыс істейді. Мәдениеті мен руханиятын көтеруге мол мүмкіндік берілген. 

Жақыннан бері өзге диаспора өкілдері әнұран айтып,  елдің шынайы патриоты екенін көрсететін жақсы үрдісті байқатып жүр. Күні кеше ғана Абайдың 10 қара сөзін жатқа оқыған ұйғыр қызының қылығына жұртшылық ризашылықтарын білдіріп жатыр. Мұндай жақсы бастама республика көлемінде жалғасын табуда. Атын атап, түсін түстеудегі мақсатымыз алалау емес, жүректерін осы елге байлаған жандардың үлгілі істерін көпшілікке нәсихаттау.

Бірлік дамудың кілті болса, татулық оның басты алғы шарты.  Қаблиса жыраудың:

«Бақыт қайда барасың,

Соғысқа құмар ойы жоқ,

Берекемен өткен тойы көп.

Ынтымақты елге барамын», – деген бабалар нақылының алдымыздан шығып отырғанына куә болудамыз. Бүгінгі күннің де мәні осында жатыр. Елбасы Нұсұлтан Әбішұлының көп этносты болуымыз біздің артықшылығымыз және тағдырымыз деген сөзі ойға оралады. Мұнда құдай қосты біз көндік деген терең мағына жатыр. Ендігісі бүгінгідей бірлікті ажыратып алмау. Жыл басындағы Қордай оқиғасын қанша алаулатып-жалаулатқанымызбен елдің татулығының тереңге тамыр жайғанын, оның мызғымастай тереңге кеткенінін аңғартты. Биылғы елдегі төтенше жағдай режимі Елбасының бірлік күнін басқаша форматта тойлау керек деген сөзіне дөп келіп тұрғандай. Себебі, шынайы достық қала орталықтарына көрмелер ұйымдастыру, концерт өткізу, әр ұлттың биін билеумен шектелу емес екенін ұғынатын кез жетті. Атаулы күннің халықтық сипат ала-алмай отырғаны, жергілікті жердегі әкім-қаралардың тар түсініктен шыға алмай, жоғарыдағыдай шаралармен шектелуі себеп. Бұл бағытта әкімдер жаңаша тойлау үдерісіне көшеді деген сенімдеміз.

«Қазақстандағы қоғамдық келісімнің алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстағанымыз абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек», –  деген еді Н. Назарбаев. Осыны есте ұстаған жөн. Түптеп келгенде, 1 мамыр мерекесі бірлігімізді одан сайын нықтап, сол арқылы ел тірлігінің берекелі болуына жол ашсын деп тілейік.  Мереке құтты болсын!

А.НАЗЫМҰЛЫ.

Кілтсөздер:МЕРЕКЕ АЙШЫҒЫ


ПІКІР ЖАЗУ