САЛFЫРТТЫҚ ТАНЫТУДА

0
2043

 

Жыл басынан бері дүйім жұрттың зәресін қашырып, әлем халқын алаңдатқан COVID-19 инфекциясының таралуы жаз маусымында бәсеңдеген сыңай танытып еді. Дегенмен, аурудың салқыны саябырлады деген қуаныш көпке созылмай-ақ, қыркүйек айы бастала салысымен індеттің тырнағына іліккендер жер-жерден бай-қалды. Мәселен, ай басында Түркияда бір тәулікте коронавируспен ауырған    1596 жағдай тіркелген. Бұл 15 маусымнан бергі тәулік ішіндегі ең көп өсім екен. Бұл жөнінде елдің денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджа түсінік беріп, Анкара, Ыстамбұл, Измир, Бурсада әлі күнге дейін қауіп жоғары екенін атап көрсеткен. «Пандемия жалғасып жатыр, күн сайын жұқтырғандар көбеюде. Бізде бірінші толқындағыдай екінші рет жаппай жұқтырғандардың саны артты»,– деді ол. Ал Украинада дерт дес бермей көбейіп келеді. Бұл елде тәулігіне 3 мың адам індетті жұқтыруда. Мұндай мәліметті Украина президенті өзі хабарлап, «басқа елдердің азаматтары  Украинаға келе алмайды. Сондықтан бұл жағдай тұрақталған кезде елдегі шекаралар сөзсіз ашылады»,    – деп сендірді. Канадада да жағдай мәз емес. Ел премьер-министрінің  хабарлауынша, қауіпті вирус Канаданың ең ірі 4 провинциясында таралып жатыр. Соңғы күндері елдегі коронавирус жұқтыру дерегі артып, бір күндік көрсеткіш мың адамнан асыпты. Осыған байланысты үкімет басшысы қажетті шаралар қабылдап, тұрғындарға мейлінше қолдау көрсетуге уәде берді. Ал Үндістанда ауруға шалдыққандар саны 6 миллионнан асып, әлем бойынша екінші орында тұрса, науқастар саны көп елдің тізімінде АҚШ алғашқы қатарда. Онда коронавирус індетімен ауырғандар саны 7,1 миллионға жетті. Қазақстан да қауіптен құлан-таза айықты деуге келмейді. Себебі, денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың үкімет отырысындағы мә-лімдемесі елді елең еткізбей қоймады. Оның хабарлауынша, жаңа оқу жылы басталғалы бері Қазақстанда 104 оқушы індетке шалдыққан. Соның ішінде 33 бала мектепте кезекші сыныптарда оқып жүрген оқушылар екен. Бұған қоса, олармен байланыста болған 550 адам анықталса, олардың жетеуі дертке шалдыққан. Осыдан соң А. Цой қазақстандықтардың карантиндік-санитарлық талаптарды сақтамауы салдарынан қатаң карантиннің қайтадан енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеп, өзге елдермен әуе байланысын жандандыруды тоқтату туралы ұсыныс жасады. Әлемде болып жатқан ахуалға қарамастан халық арасында ауруға бей-жай қарап, талаптарға салғырттық танытатындар саны  азаймауда.  Неге?

Лина КӘЛІМХАН

 

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ