ЖЫЛДЫҢ YЗДІК МҰҒАЛІМІ

0
2413

Алматы облысы әкімінің қолдауымен жыл сайын мұғалімдер арасында жеті аталым бойынша педагогикалық байқау өтеді. Соның ішіндегі ең маңыздысы – «Жылдың үздік мұғалімі» облыстық байқауы.

Қомақты жүлде қоры бар басқа байқаулар-ды айтпағанда дәл осы «Жылдың үздік мұғалімі» атағын иеленген ұстаз ғана облыс әкімінің арнайы сыйына қол жеткізе алады. Бастапқы кезеңде «Жылдың үздік мұғаліміне» Талдықорған қаласынан екі бөлмелі пәтер сыйға тартылса, соңғы жылдары автокөлік беріліп келеді. Мәселен, 2016 жылғы байқау-да үздік мұғалім болып Жамбыл ауданы Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Гүлхан Нұрғазиева танылса, 2017 жылғы байқау қорытындысы бойынша Текелі қаласындағы №1 орта мектептің география пәнінің мұғалімі Бақытжан Молбаев мұғалімдер арасында үздік атанды. Ал 2018 жылы «Жылдың үздік мұғалімі» атағын Алма Маханова жеңіп алды. Жамбыл ауданындағы А.Бейсеуов атындағы орта мектептің атынан сынға түскен жеңімпазға облыс әкімі су жаңа автокөліктің кілтін табыстаған еді. Өткен жылғы облыстық бәйгеде Алакөл ауданынан қатысқан информатика пәнінің мұғалімі Алмас Тұрсынбаев байқауға қатысқан 22 ұстаздың арасынан топ жарып, алға шыққан еді.

Биыл да бұл байқауға 26 мұғалім қатысып, бақ сынады. Аталмыш байқау қорытындысы бойынша «Жылдың үздік мұғалімі» болып Ақсу ауданынан қатысқан Ғ. Мұратбаев атындағы орта мектептің математика-информатика пән мұғалімі Асыл Қаймұханов танылды.

Асыл Қайырбекұлы Ақсу ауданының Сырттанов ауылында туып өскен. Ұстаздық еткеніне небары сегіз жыл ғана болса да байқауға қатысып, бағын сынауды жөн санапты. Оның айтуынша, төрт кезеңнен тұрған байқаудың бірінші кезеңі «Балапан» телеарнасында жүргізіліп жатқан телесабақтар нұсқасында жасалған бейнесабақтар бойынша өткен. Екінші кезеңде байқауға қатысушылардың кәсіби жетістігін айқындайтын электронды портфолиосы қаралыпты. Ал бетпе-бет болған үшінші кезеңде қатысушылар жұмыс жүйесінің моделімен таныстырған. Соңғы кезеңде ұстаздарға импровизациялық тапсырма беріліпті.

Өз сөзінде жас ұстаз балалармен жұмыс істеуде қандай әдіс-тәсілдер, бағдарламаларды қолданатындығын айтты.

«Оқушылармен жұмыс істеуде бейнесабақ арқылы оқытуды қолданамын. Әр сынып бойынша жазып қойған бейнесабақтардың толық жинағын шығардым. Беәнесабақтың тиімділігін айтып өтсем, ыңғайлы жерде, қолайлы уақытта бірнеше рет қайталап көре алады. Бұл жинақты тек мектебімнің оқушылары емес, еліміздің түкпір-түкпірінен көруде. Кейбір интернет жылдамдығы аз немесе интернеті жоқ елді мекендерге бейнесабақтарымды ақпарат тасымалдағыш құралдармен тараттым», – дейді.

Ал, қашықтықтан оқытуда onlinemektep платформасын қолдануда екен. Қашықтықтан оқытылатын сабаққа оқушыларды белсенді қатысуға тарту үшін тиімді кері байланыстың орны ерекше екенін айтады. Себебі тиімді берілген кері байланыс – оқушының белсенділігін арттыруға әсер етеді. Кері байланыс – нақты, әрі позитивті болу керек дейді.

«Жылдың үздік мұғалімі» атанған, арманы асқақ, бағыты айқын жас ұстаздың әлі талай биіктен көрінері сөзсіз.

 

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

Кілтсөздер:БІЛІМ


ПІКІР ЖАЗУ