Қажетпін бе, Қажет емеспін бе?
Қастерлі елдігімізді сақтап, қасиетті жерімізді қорғау үшін қаншама ұлы стратегия жасалып, тактикалардың бекітілгенін бүк түсіп жатқан маң дала бауырына жасырғанымен, сол игіліктен ізгілік табу бүгінгі біздің басты парызымыз болмақ. Өркениетті ел құрудың басты жолы халықтың саяси сауаттылығы. Әсіресе, бұл мемлекет құраушы ұлт үшін өте қажетті фактор. Демек, біз геосаяси әлемнен бөлектене алмайтынымыз сияқты бүгінгі демократиялы елдердің ең озық идеяларын қабылдап, еліміздің әлемдегі беделін өсіріп, ел игілігін асырудың жолын қарастыруымыз керек.
Осы тұрғыда, «Nur Otan» партиясының праймериз арқылы білікті, сауатты, халықшыл кадрлар қосынын жасақтап, мемлекеттің ендігі даму бағытын жетілдіруге бел байлағаны құптарлық іс.
Осыдан бір ғасырдың алдында Алаш зиялылары «Оян, қазақ» дегенді ұран етіп көтерді. Олар «Оян, қазақ» дегенде бақан ұстап жауға шап деген жоқ. Бүгінде Жүсіпбек Аймауытовтың «Оян, қазақ» деген кітабының бір парағын парақтап көрмегендер, «Оян қазақ» деп өкпесін білдіргісі келеді. Сол бабалар халқымызды автономиялы ел болу, сауат-тылықты өсіріп, сол тұстағы өркениетті елдердің өресіне жеткен мемлекет құру сияқты оянудың керектігін айтқан болатын. Алайда, олар армандаған дүниелер біздің буынның маңдайына бақ болып қонды. Тәуелсіз Қазақстан деген қара шаңырақтың уығын тіктесіп келеміз.
Менің түсінігімде халық саяси сауатты болуы керек. Сонда ғана елде бастау алған барлық бастаманы баянды етудің байыпты жолын тануға болады. Ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, алға басу мен кері кетуді әр уақыт байыптап отырған жөн-ақ. Мүмкін сіз бен біздің саяси ұстанымымыз ұқсамайтын шығар. Бірақ мақсатымыз біреу – тәуелсіздіктің тұғырлы болуы үшін барымызды бәске тігу. Қысқасы, Қазақ елінің тәуелсіздігін баянды ететін қандай жол болса, сонымен жүруге да-йынмын. Адамға ауа мен су қандай керек болса, тәуелсіздік маған да сондай қастерлі.
Саясат – екі жүзді қылыш сияқты. Қате қимылдасаң қиып түсіреді. Тағы да бір жағынан, саясат – мақтадан да жұмсақ зат. Денеңді жылытады. Сондықтан жастардың ел өркениеті жайлы өзекті істерге қашанда саяси салмақтылықпен баға беретін парасатын қалыптастыру керек. Сонда ғана оларды арандап қалудан аулақ ұстауға болады.
Қазақ ұлты қашаннан дархан даланың пейіліне бөленген періште пейіл халық қой. Өткенімізді сараласақ, көңілге кеңдік, өмірге азық беретін талай шұғылалы тарихымыздың болғанына мақтануға тиістіміз. Өкінішке орай, өмірдің сан түрлі соқпағы, ел болу жолындағы ерен күрестер, ұлт ретінде сақталып қалу үшін жасалған ұмтылыстардың кезеңінде көптеген асыл қазынамыздан ажырап қалдық. Тәубе, тәуелсіздікпен бірге өшкеніміз жанып, ұмытылған дүниелеріміз қайта оралып жатыр. Ең бастысы, әлем өркениетіне шам-шырақ болған қаншама тұлғаларымыздың мол мұрасы қайта оралып, жанымызды жадыратып, рухымызды сергітіп жатқаны біздің маңдайымызға жазылған бақ болып тұр. Сол бабалардың парасатты еңбектері мұнан кейінгі ұрпақтың санасын әлдилей беретіні белгілі. Бірақ ол үшін әлі де тынымсыз еңбектену керек.
Отбасы құндылығы қоғамның да, ел өркениетінің де күретамыры. «Жақсы әке жаман ұлға қырық жыл азық болады» дегендей, ата-ананың асыл қасиетін ардақтаған бала ертең елдің мақтанышына айналса, алмағайып күн туса жанын аямайтынына сенімдімін. Сондықтан қазақ отбасындағы ата-ана және бала арасындағы ізгілік пен игілікті істерді қолдау менің басты ұстанымым.
Әлемде өзінің қастерлі тарихын тасқа қашап жазғандардың бірі — қазақ халқы. Оған жартас бетіндегі мол жазбаларымыз куә. Сол халықтың перзенті болғаныма мақтанамын. Өкініштісі, кешегі руна, найман, соғды жазуларымен түркі, қыпшақ, шағатай тілдерінде жазылған парасаттылардың көп дүниесі үркін-қорқын жылдары жоғалып, бізге жетпей қалды. Сондықтан бұл тұрғыда түгендейтін дүниеміз, жазатын, жазылатын жайларымыз өте көп. Мен де, біраз жылдың шамасында азырақ дүние жасағаныма риза боламын. Әрине, ол тәуелсіздіктің арқасы.
Қазіргі қазақ жастарының бәрі ақын болғысы келеді. Болма демеймін. Әрине, арман болғаны жақсы. Бірақ азамат болудың жолы сан түрлі. Бүгінгі дәуір ғылым мен білімнің бәсекелескен дәуірі. Егер осы бәсекеде ұпайы түгел болғандар өз келешегін сақтап қалады да, шырылдауық шегіртке сияқты не бағдары, не мақсаты жоқтар ұзаққа бармайды. Қазақта: «Көре көре көсем болады» дейді. Бірақ біздің көп жас үйкүшік болып барады. Қолбайлау болған көп себеп бар. Бірақ ол сылтау бола алмайды. Біз ен даланы тұлпардың тұяғымен таптаған елдің ұрпағымыз ғой. Қасқырша жортатын мінезімізден айырылудың жөні жоқ.
Әкем үнемі: «Сыйлық қымбат емес, сүйіну қымбат»,- деп ескертіп отыратын. Расында өмірде істеген еңбегіңнің бағаланғанына не жетсін. Ол сені шабыттандырады, жетілдіреді. Бірақ, марапаттың әділ берілгені жақсы. Кейде қоғамда елеулі еңбек етіп, үлесін бұлдамайтын, нағыз елжанды, еңбекқор, талапты жандардың еңбегі еленбей жататыны көңілді жабырқатады. Сондықтан марапат тағайындауда ашықтық, әділдік, теңдік тұрғысындағы өз ұсынысымды енгізсем деп жиі ойлаймын. Егер дәрменім жетсе.
Экология, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі, ауаның жылынуы, азық-түліктің тапшылығы бүгінгі дүниенің бас ауруына айналды. Біз осыған дейін әліміз жеткенше табиғатқа ойымызға келген үстемдігімізді жүргізіп келдік. Биылғы індет адам баласының табиғаттың алдына қауқарсыз екенін анық байқатты. Алдағы уақытта мұнан да қиын жауаптар қайтаруы мүмкін. Сондықтан адам баласы күрделіленген экологиялық мәселелерді шешпесе, өзінің өмір сүру не сүрмеу мәселесін табиғат шешіп қоюы мүмкін. Бұл қатер жайлы аз айтпадық, мен де, тіпті, осы күнге дейін қанаттасып жұмыс атқарған халықаралық қауымдастық, қоғамдық топтар-дағы әріптестерім де айтудай-ақ айтып, ескертіп келеміз. Бірақ, елең еткен адам жоқ десем өтірік болар, батыл шаралардың қолданып жатқанын қазірше анық көре алған жоқпыз. «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» өзі болды. Әрине, осы күресте мақсатымыз бір болса да, жолымыз басқа әріптестерімнің көбі экологиялық қатерлердің қаупін халықтың пікірі арқылы шешкісі келеді. Бірақ, көп жағдайда халықтың пікірі жетуге тиісті жеріне жетпей жатады. Ал мен халықтың үнін биліктің күшімен шешуге тырысқым келеді. Ең басты бағдарламам да осы. «Әлін білмеген әлектің» ісіме ол жағына қазірше нақты жауап бере алмаймын. Егер сіз қолдасаңыз Жер шарының бүтіндігін қорғау жолындағы жансебіл үмітке жан кіретін шығар.
Жалпы, тұрмыстық қалдықтар-ды қайта өңдеу – ол экономика, ол қаржы, ол экологияны қорғау. Әлемде өңдейтін қалдық таба алмай отырған елдер бар. Біздегі жағдай басқа. Тіпті, қалдық туралы мәдениетте жоқ дерлік. Менің ойлайтыным да — осы мәселенің түйінін табуға ұмтылу. «Әрбір қазақстандық жылына бір көшет егіп, оны күтіп-баптаса жасаған ортасын жайқалтып қоймастан, ұрпағына да өнеге болар дәстүр қалыптастырар еді» деген ұстанымды өмірлік бағдарламам етіп келемін.
Бұрынғылар «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деуші еді. Мен «Ел, боламын десең, оқулығыңды түзе» дейтін ұстанымдағы адаммын. Өз басым 1996 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан жұқалтаң ғана «Қазақтың байырғы қара есептері» деген кітапты қолымнан тастамаймын. Авторы Сәбетбай Елубаев туралы да көп білмеймін. Бірақ мен оның осы бір жұқалтаң кітабын қазақ баласына тән нағыз қазақша оқулық дер едім. Тіпті, осы кітапта қазақ тарихындағы 30 математиктің баяны берілген. Біздің тарихымызда қандай дана адамдар болған. Мектеп бағдарламасындағы математика оқулықтарында олардың есімі аталмайды. Өзге жұрттың ақылмандары тұнып тұр. Оларды алып таста демеймін. Басқасын қойшы, әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің еңбегін енгізуге болар еді. Биология, физика, химия саласы туралы айтып, сөзді созбайын. Ол жақтағы да барымыз бағаланбай жүр. Бүгінгі дәуір ғылым мен техниканың заманы. Ғылым адамдарын, әсіресе, өзіміздің ғалымдарын құрметтеуді, насихаттауды көбейткен жөн.
Баяғыда Асан деген бабамыз жер әлемді шарлап Жерұйық мекенді іздеген екен. Ойлап қарасам, сол бабамыздың іздеген мекеніне бүгін біз тәуелсіздіктің туын тіктік. 2017 жылы Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы жарияланған соң қолға алынған «Қазақстанның қасиетті жерлері» атты жоба аясында елімізде қыруар жұмыс жасалды. Өкініштісі, қазіргі күнде өлкетанушыларға нақты баға берілмей келеді. Менің ойымша, өлкетанушы – төрт түліктің қамы үшін қыс қыстау, жаз жайлауда иен даланы еркін аралап жүрген малшыдар, арқасына мылтық асынған аңшылар, білегіне қармағын ілген балықшылар, жал басында жалпиып отырғанмен өлкенің өткені туралы жадына жаттап алғаны көп ақсақалдар, тағысын тағы ен даланың ойы мен қырын бес саусағындай білетін адамдар. Сол қарапайым жандардың білетіні мен білігін қолдағым келеді.
Тағы бір жағынан, «Қазақ-станның қасиетті жерлері» бағдарламасы басталып, ескеріл-мей келген талай қасиетті жерлеріміз анықталып, ел бара бастап еді. Оның иесі табылып, жекеменшіктенетіндер табыла бастады. Бұған дейін жекеменшікке өтіп кетіп, көне қорымдардың үстіне үй салып, көне қаланың орны егістікке айналып кеткендері қаншама? Жалпы, қасиетті деп танылған нысандар мемлекет меншігіне өтіп, қатаң қорғауға алынуы және туризмнің қайнарына айналдыру керек деген ұстанымдамын. Ол үшін бәріне жауап беретін заң керек.
Біз тарихымызды тасқа жазып қалдырған халықтың ұрпа-ғымыз. Өкінішке орай үркін-қорқын жылдар біздің сол асыл мұрамызды өркениеттің көшінен сырып тастады. Несін жасыра-йын, қымызыңды неміс, көкпарды қырғыз, қазы-қартаңды жапондар еншілеп, қызығын көріп жүр. Тағы да қанша дүниеміздің басқаның қанжығасында жүргенін көкірегі ояу жандар айтып келеді. Мен де сол қатардамын.
Қысқасы, тарихын танымаған ұлт тамырсыз ағашпен тең. Біз тарихымызды таныту арқылы өзіміздің ұлы империялардың, ұлы парасаттардың иегері екенімізді дәлелдей аламыз. Сол арқылы мемлекеттігімізді, тәуелсіздігімізді баянды етеміз.
Праймеризге қатысты бір кездесуде сайлаушылардың бірі:
– Көпбалалы аналарға қандай жәрдем көрсетесіз, – деген сұрақ қойды.
Мен:
– Көпбалалы анаға емес, көпбалалы отбасының балаларына көмек көрсеткім келеді, – деп жа-уап бердім.
Өйткені мен де көпбалалы отбасынан шыққан адаммын. Бір отбасындағы сегіз баланың екіншісі едім. Бала күніміз сан түрлі қиындықпен бетпе-бет келді. Бірақ содан қажырлылықты, тазалықты, адамгершілікті, ізгілікті, қысқасы, адам бойында бар ізгі қасиеттерді үйрендік. Біріміз-бірімізге үйреттік. Үлкеніміздің киімін кішіміз ауыстырып киіп, бір күлше нанды бөліп жеп, түлкі құрсақ болып жүрсек те, аштығымызды білдірмей өстік. Сол қиындықтың көбін аналарымыз тартса да, мүлде білдірмей өтті. Өкінішке орай, бойымызда тасқындаған жігер, алға ұмтылуға құштар күш-қайрат болса да, кейбір қиындықтың себебінен қоғамнан шеткері қалып, қолдау таппай кеткен кездеріміз болды. Қазіргі көпбалалы отбасылардың балаларынан да өзім бастан өткерген дүниелерді көріп қаламын. Осыған дейін сондай отбасының қанша баласына оқуға түсу, жұмыс табу, мамандық игеру, бизнес бастау туралы көрсеткен көмегімді айтпай-ақ қояйын. Әкем үнемі: «Біреуге істеген жақсылығыңды жұртқа, жолдасыңның мінін басқаларға айтпа», – деп отырушы еді. Сол тәрбиемен келемін. Бұдан кейін де қолдан келер көмегім болса сондай жандарға жәрдем көрсетуді шамам жеткенше жалғастырамын. Баспана әперіп, байытып тастаймын деп уәде етпеймін. Себебі қалтам жұқалтаң адаммын. Бірақ, рухани, моральдық тұрғыда бай адаммын.
Әкем үнемі: «Пышақты алдымен өз денеңе салып көр, ауырмаса, басқаға сал», – деп бізді ізгілікке, адамгершілікке, ақылдылыққа жетелеп, аярлық пен көрсеқызарлық, жалақорлық пен жаман қылықтан алыстатып отыратын. Сондай-ақ, «Өрттің ал-ды жақсы» деп әр қандай жаңа дүние болса соған кірісіп, өзімізді сынап көруге бағыттайтын. Праймеризге қатысу – мен үшін атақ қуу емес. Өтпей қалсам да өкінбеймін. Бір дауыс жинасам сол менің жетістігім. Қайта осы бір саяси додада азаматтық үнімді білдіріп, өзімнің Атажұртқа оралғалы істеген жұмысымнан есеп беру және не істей алатынымды көрсету. Әділжан Ғұмаров әзілдеп айтатындай: «Қажетпін бе, Қажет емеспін бе?» соны сынап көру.
Қажет АНДАС,
журналист.