НЕГЕ 100 ЕМЕС, НЕГЕ 99?

0
37

Жақында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміздегі ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 99 мың теңгеге көтеру мәселесін көтерді. Бірақ халықтың шынайы жағдайына қарасаңыз, күнделікті қажеттіліктерді өтеуге жетпейтінін аңғарасыз.

Жалақы өсті дейді… Бірақ базарға барсаң, күннен күнге бағалар шарықтап барады. 99 мың теңге – бүгінгі ең төменгі жалақы. Бір қарасаң, жаңалық. Ал шын мәнінде ше? Бұл ақшамен бір ай бойы қалай өмір сүруге болады? Пәтерақысы, азық-түлігі, баланың мектеп шығыны бәрі шындықпен бетпе-бет келгенде, жұртқа жеткен жеңілдік аз, ал ауырлық сол күйінде.
Қарапайым халық үшін 99 мың теңге аздық етеді. Еттің келісі кемінде 3500 теңгеден асып, картоптың өзі 250-300 теңгеге жеткенде, бір адамның азық-түлікке ғана жұмсайтын шығыны 60-70 мың теңгеден төмен емес. Бұған пәтерақы, коммуналдық төлемдер, дәрі-дәрмек, жолақы, киім-кешек сияқты басқа да шығындарды қосқанда 99 мың теңге түгілі, 199 мың теңгенің өзі жеткіліксіз болып отыр.
Оған қоса, қазақ тойшыл халық емес пе. Апта сайын болмаса да, жоқ дегенде айына бір рет тойдан шақырту келеді. Баяғы «ұят болады» деген түсінікпен баруға тура келеді. Қазіргі таңда адам басына кемінде 15-20 мың теңгеден апарады. Киетін көйлегің, баратын жолың тағы да қаражатқа әкеп тірейді. Ал арғы жағын өзіңіз есептей беріңіз.
Жалақы адамға не күнкөріс, не үміт сыйламайды. Қалта жұқарған сайын, несиелер де көбейе береді. Қазір кейбір отбасы айлық жетпеген соң азық-түлікті бөліп төлеуге алып жатады. Бірі онлайн қарызға жүгінсе, басқасы банктен несие рәсімдейді. Бұл халықтың экономикалық тұрғыдан қиын жағдайда екенін көрсетеді.
Қаржылық қысым кү-шейген сайын адамдардың психологиялық күйі де әлсіреп барады. Көпшіліктің бойында «еңбектеніп жүріп те, еңсесін тіктей алмайтын» күйзеліс қалыптасқан. Бұл тек тұрмыстық мәселе емес, ұлттық деңгейдегі әлеуметтік дағдарыстың көрінісі. Қарапайым халық еңбек етіп, елге қызмет етсе де, еңбегінің өтеуін сезіне алмай отыр.
Осы тақырып аясында «Мейірім» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің мүшесі Сырым Қайратбековпен әңгімелескен едік.
– 99 мың теңге ең төменгі жалақы болып бекітілсе, ол қазіргі Қазақстандағы нақты күнкөріс деңгейіне сай деп ойлайсыз ба?
– 99 мың теңге ең төменгі жалақы болып бекітілсе, бұл қазіргі Қазақстандағы нақты күнкөріс деңгейіне толық сай келеді деп айту қиын. Өйткені бұл сома адамның барлық күнделікті қажеттілігін азық-түлік, тұрғын үй, коммуналдық қызметтер, көлік шығындары, медициналық көмек, байланыс қызметтері, киім-кешек және басқа да өмірлік маңызды қажеттіліктерді толық қамти алмайды. Мысалы, ірі қалаларда жалдамалы пәтер құны мен коммуналдық төлемдердің өзі 50–100 мың теңгеден асып кетеді. Бұл дегеніміз жалақының жартысынан көбі тек осы бағыттарға жұмсалатынын көрсетеді. Қалған қаржыға ай сайынғы азық-түлік, жолақы, дәрі-дәрмек, байланыс және басқа да қажеттіліктерді жабу мүмкін емес.
Ауыл мен қала халқының жағдайын салыстырсақ, ауылда азық-түлік біраз арзан болғанымен, жұмыс орнының тапшылығы, медициналық қызметтің қолжетімсіздігі және инфрақұрылым мәселелері бар. Яғни, бұл жалақы ауыл тұрғынына да толықтай жеткі-лікті дей алмаймыз.
– Жалақы көтерілгенімен, баға да қатар өсіп жатса, бұл өзгерістің қандай пайдасы бар? Сіздің ойыңызша қалай?
– Иә, жалақы көбейді дейді, бірақ оның пайдасын шын өмірде сезіп жатқан ешкім жоқ. Себебі жалақы өскен сайын, сонымен бірге бәрінің бағасы да көтеріледі. Азық-түліктің, дәрі-дәрмек пен тұрмыстық тауарлардың құны күн сайын шарықтап барады. Бұрын 10 мың теңгеге үйге жететіндей азық-түлік алушы едік, қазір сол ақшаға бір дорба зат та алмайсың. Нарықтағы баға мен табыс деңгейі арасында жер мен көктей айырмашылық бар.
Қарапайым халық үшін бұл «жалақы көтерілді» деген жаңалық тек қағаз бетінде ғана жақсы естіледі. Шын өмірде, керісінше, бұрынғыдан да қиындап кетті. Өйткені баға мен айлық жарысқа түсіп, бір-бірін қуып жетіп келеді. Жалақы өссе – баға да артады, сөйтіп халықтың қалтасына түскен салмақ азаймайды.
Зейнеткерлер мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бұл жағдайды ерекше сезініп отыр. Себебі олардың табысы шектеулі, ал күнделікті қажетті заттардың бәрі қымбаттап барады. Күн сайын дүкенге кіргенде таң қаласың – кеше ғана 150 теңге болған нан бүгін 250, ал айдың соңына дейін 300 болып кетеді. Осындай кезде жалақының өскенінен не пайда?
Менің ойымша, мәселе тек жалақыны көбейтуде емес. Егер баға саясатында тұрақтылық болмаса, ешқандай айлық өсімі халыққа жеңілдік әкелмейді. Мемлекет шын мәнінде халықтың жағдайын жақсартқысы келсе, алдымен бағаны бақылауға алуы керек. Өйткені халыққа ең ауыр тиетіні – тауар мен қызметтің шектен тыс қымбаттауы.
– Халықтың жалақыдан жалақыға дейін өмір сүруі жүйелі экономикалық сая-саттың әлсіздігін білдірмей ме?
– Иә, расында да халықтың жалақыдан жалақыға дейін өмір сүруі елдегі экономикалық жүйенің әлсіздігін көрсететін ең айқын белгі. Егер мемлекетте тұрақты, шынайы халыққа бағытталған экономикалық саясат болғанда, адамдар тек күнделікті шығындарын емес, болашағын да ойлай алар еді. Қазір көпшіліктің табысы тек коммуналдық төлемдер мен азық-түлікке, несиелер мен дәрі-дәрмекке кетіп жатыр. Бұл – жалақының тым төмен екенінің, ал бағаның бақылаусыз өсіп бара жатқанының нақты дәлелі.
Мәселен, бір отбасының ай сайынғы табысы түгелімен күнделікті шығынға жұмсалады. Пәтерақы, азық-түлік, бала-лардың киімі мен оқуына кететін қаржыны есептегенде, қалтада ештеңе қалмайды. Ал адамдардың демалысқа баруға, денсаулығына қарауға, не болашаққа ақша жинауға мүмкіндігі жоқ. Мұндай өмір салты адамның еңбегін бағаламаудың, экономикалық теңсіздіктің салдары.
Мұның бәрі жүйелі саясаттың жетіспеушілігінен туындап отыр. Егер мемлекет бағаның өсуін бақылап, еңбекақыны нақты өмір сүру деңгейіне сай белгілесе, халық мұндай қысымда өмір сүрмес еді. Азамат өз еңбегімен өмір сүріп, болашағын жоспарлай алуы керек қой. Қазір, керісінше, көпшілік «айлықтан айлыққа жетсем болды» деген оймен ғана өмір сүріп отыр.
Жүйелі, әділ экономикалық саясат болса, әрбір адамның табысы тек күнкөріс құралы емес, ертеңге деген сенімнің де кепілі болар еді. Өкінішке қарай, қазіргі жағдайда халық тұрақтылық емес, тек қаржылық қысым мен қымбатшылықтың астында қалып отыр. Сондықтан елдің шын мәніндегі дамуы халықтың өмір сапасынан басталуы керек.
– Не себепті 99 мың? Неге 100 мың теңге емес?
– 99 мың теңге деген расымен де ойландыратын сома. Неге 100 мың емес? Бір мың теңге үнемдеп, соншалық нақты есеп жүргізілді ме, түсінбеймін. Бұл халыққа да, біз секілді азаматтарға да біртүрлі әсер етеді. 100 мың десе, дөңгеленген, толық сома сияқты көрінер еді. Кейде осындай шешімдердің артында нақты не себеп тұрғаны айтылмайды, сондықтан халық арасында күмән туады. Жалақы көтеру жақсы-ақ, бірақ оның артында шынайы өмір сапасы мен сатып алу мүмкіндігі тұруы керек.
Бүгінгі таңда елдегі ең төменгі жалақы қоғамның экономикалық ахуалының айнасы. Ол тек белгілі бір әлеуметтік топтың табысы ғана емес, жалпы мемлекеттік саясаттың нәтижесін көрсететін өлшем. Егер ең төменгі жалақы өмір сүруге жетпесе, демек, мемлекет өз азаматының әл-ауқатын қамтамасыз ете алмай отыр деген сөз. Бұл мәселе бір ғана экономикалық көрсеткіш емес, әлеуметтік әділеттілік пен адам құқығына қатысты түйткіл.
Қарапайым халықтың тұрмысы – қағаз бен ресми баяндамалардағы сандардан бөлек, күнделікті өмірдің шындығы. Базар бағасы, коммуналдық төлем, жолақы мен дәрі-дәрмек құны, баланың оқу шығыны – мұның бәрі халықтың қалтасын жұқартып барады. Осындай жағдайда 99 мың теңге көлеміндегі жалақыны «өмір сүруге жетеді» деу шындыққа жанаспайды. Халықтың әл-ауқатын жақсартамыз десек, ең әуелі нақты тұтыну деңгейі мен өмір сүру құнын ескерген жөн, — дейді Сырым Қайратбеков.
Бүгінгі таңда ел тұрғындарының басым бөлігі жалақыдан жалақыға дейін өмір сүріп, ай соңында қарызға батуға мәжбүр. Бірі азық-түлікті бөліп төлеуге алады, енді бірі банктен несие рәсімдейді. Бұл – жүйелі экономикалық саясаттың әлсіздігін көрсететін басты белгі. Әлеуметтік қолдау мен еңбек ақыны индекстеу тетігі нақты жұмыс істемейінше, қарапайым азаматтың тұрмысы оңалмайды.
Жалақы өсімімен бірге бағаның да қатар өсуі – еліміздегі басты қайшылықтардың бірі. Экономикадағы мұндай «парадокс» жалақыны арттырудың мәнін жоққа шығарады. Халықтың табысы өссе де, баға шарықтап тұрғанда оның нақты сатып алу қабілеті төмендей береді. Сондықтан ең төменгі жалақыны арттырумен қатар, мемлекет бағаны тұрақтандыруға, отандық өндірісті дамытуға және жұмыс орындарының сапасын жақсартуға бағытталған кешенді саясат жүргізуі қажет.
Бүгінгі қоғамның ең басты сұранысы – әділдік пен ашықтық. «99 мың теңгенің» айналасында туған «Неге 100 емес?» деген сұрақтардың өзі билік пен халық арасындағы сенім көпірінің әлсірегенін көрсетеді. Бұл ұсақ мәселе емес, қоғамның көңіл-күйін айқындайтын маңызды нышан. Халық биліктен тек статистика мен уәде емес, нақты нәтиже күтеді. Әр азамат өз еңбегінің лайықты өтемін алуға тиіс.
Жалақы – адамның еңбегіне деген құрметтің көрсеткіші. Егер азамат күн сайын адал еңбек етіп, соның қарымын тек өмір сүрудің ең төменгі деңгейімен ғана өлшесе, қоғамда үміт те, ынта да азаяды. Сондықтан жалақы өсімі – тек экономикалық шешім емес, бұл халықтың өмірге деген сенімін, елге деген сүйіспеншілігін қалыптастыратын әлеуметтік фактор.
Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін ең төменгі жалақыны шынайы тұрмыс деңгейіне сәйкестендіру – уақыт талабы. Бұл бағытта нақты талдау, тәуелсіз сараптама және ашық қоғамдық диалог қажет. Өйткені адам еңбегі елдің ең басты байлығы. Ал сол еңбектің бағалануы – мемлекеттің қадірін көрсететін ең маңызды өлшем.

Тілші түйіні: Жалақының өскені туралы жаңалық құлаққа жағымды болғанымен, қалтаға әсері байқалмай тұр. Қағаздағы 99 мың теңге – нарықтағы шындықпен қабыспайтын, өмір сүруге жетпейтін көрсеткіш. Халық күн сайын қымбатшылықпен күресіп, табысын азық-түлік пен несиеге жұмсап отырған жағдайда бұл өзгеріс шынайы жеңілдік әкелмейді. Ең төменгі жалақы – тек статистикалық сан емес, адамның өмір сүру құқығы мен қадір-қасиетінің көрсеткіші.

 

Нұрила НҰРБОЛҚЫЗЫ

«Алатау»