ӘЛЕУМЕТТІК ОСАЛ ТОП АЗАМАТТАРЫНА 320,8 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ГРАНТ БЕРІЛГЕН

0
40

Елімізде халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету, олардың экономикалық белсенділігін арттыру және өз кәсібін бастауына мүмкіндік жасау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Соның бірі – жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз гранттар беру бастамасы. Бұл бастама Business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асып отыр.

2025 жылдың қазан айындағы ресми мәліметке сүйенсек, аталған портал арқылы үнемделген қаражат есебінен еліміздің 9 өңірінде 270 грант берілген. Сол аймақтардың қатарында Абай, Ұлытау, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы бар. Бұл жаңалықты көрген көптеген азаматтар, оның ішінде Жетісу облысының тұрғындары да редакциямызға «Неліктен біздің өңірге мұндай гранттар берілмейді?» деген сұрақ қойды.
Осы сауал төңірегінде анық-қанығын білу мақсатында, Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының маманы Ақмейір Тілекқызы Абжалиевамен сұхбат жүргіз-ген болатынбыз. Маманның айтуынша, Жетісу облысында да кәсіпкерлікті қолдау бағытында нақты шаралар жүзеге асып жатыр және әлеуметтік санаттағы азаматтарға қайтарымсыз гранттар беріліп келеді.

ӘЛЕУМЕТТІК ТОПТАРҒА АРНАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТТАРДЫҢ МАҚСАТЫ

Ақмейір Тілекқызының мәліметінше, жыл сайын Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына кәсіп ашуға мүмкіндік беретін қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беріледі. Бұл гранттар Кәсіпкерлік бастамаларды дамыту және жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік грант – бұл жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін қайтарымсыз негізде 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде берілетін бастапқы капитал. Грант қаражаты ісін жаңа бастаған әлеуметтік санаттағы азаматтарға өз бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және табысты кәсіпке айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама тек қаржылық көмек қана емес, әлеуметтік топтар арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретін маңызды бастама болып отыр.
– Грант қаражаты – азаматтарға өз ісін бастауға мүмкіндік беретін алғашқы қадам. Бұл қаржы азаматтарға еңбек құралдарын, қажетті технологиялық жабдықтарды, үй-жайларды жалға алу ақысын төлеуге, жануарлар мен құстар сатып алуға, сондай-ақ өсімдік шаруашылығына арналған көшеттер мен тұқымдар алуға жұмсалуы мүмкін. Алайда бұл қаражатты тұтынушылық мақсаттарға, яғни жеке қажеттілікке, несиені өтеуге немесе тұрғын үй сатып алуға жұмсауға болмайды. Мұндай мақсатта қаражат пайдаланған азаматтарға грант берілмейді, – деп түсіндірді Ақмейір Тілекқызы.

ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА 204 АЗАМАТ ГРАНТ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

Маманның айтуынша, 2025 жылы Жетісу облысы бойынша халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын тұлғаларына жалпы сомасы 320,8 миллион теңге көлемінде 204 азамат грантқа ие болған. Олардың басым бөлігі – 126-сы әйелдер екен.
Грант иегерлерінің ішінде:
• 137 адам – көп балалы отбасы мүшелері (67%), оның ішінде 95-і әйелдер (69%);
• 37 адам – мүгедектігі бар азаматтар (18%), оның ішінде 13-і әйелдер (35%);
• 13 адам – мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар (6%), оның ішінде 8-і әйелдер (62%);
• 12 адам – асыраушысынан айырылған тұлғалар (6%), оның ішінде 8-і әйелдер (67%);
• 4 адам – аз қамтылған отбасымүшелері (2%), оның ішінде 2-і әйелдер (50%);
• 1 адам – қандас мәртебесіне ие азамат.
Бұл көрсеткіштерден байқауға болатыны – грант алушылар қоғамдағы әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтарға жататын азаматтар. Әсіресе, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар мемлекет ұсынған бұл мүмкіндік арқылы өз кәсібін ашып, табыс көзін қалыптастырып отыр.

ГРАНТ АЛУ ШАРТТАРЫ МЕН ТАЛАПТАРЫ

Мемлекеттік грантқа үміткер болу үшін бірнеше маңызды талаптар бар. Ең алдымен, азамат «жұмыспен қамтудың тіркелген жұмыссыздар» немесе «жеке кәсіпкер (3 жылға дейінгі тәжірибесі бар)» санаттарының біріне жатуы тиіс.
Сонымен қатар, үміткер келесі әлеуметтік санаттардың кем дегенде біріне кіруі қажет:
• көп балалы тұлғалар – көпбалалы жәрдемақы алушылар (ерлі-зайыптылардың бірі);
• қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері;
• мүгедек баланы тәрбиелеуші тұлғалар (жұбайы немесе зайыбы);
• атаулы әлеуметтік көмек алушылар және олардың отбасы мүшелері;
• асыраушысынан айырылған азаматтар;
• қандастар (қолданыстағы мәртебесі бар тұлғалар);
• мүгедек адамдар.
Сондай-ақ, грантқа өтініш беруші «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсын аяқтап, тиісті сертификатқа ие болуы керек.
Ақмейір Абжалиева атап өткендей, некеде тұрған адамдардың мәртебесі бойынша да нақтылау қажет. Егер неке 2008 жылға дейін тіркелген болса, азаматтар «Электрондық үкімет» порталы (www.egov.kz) арқылы «АХАЖ» ақпараттық жүйесіндегі деректерін өзектендіруі тиіс. Бұл талап грант алу кезінде азаматтық мәртебенің дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында қойылған.
Тағы бір атап өтер критерий, үміткер мәртебесін тексеру кезінде ол жұмыспен қамту шараларына белсенді қатысушы болмауы тиіс, яғни бір мезетте бірнеше мемлекеттік бағдарламадан көмек алу құқығы болмайды.

ҚОЛДАУ АЛҒАНДАРДЫҢ ІСІ
ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?

Маманның мәліметінше, Жетісу облысында грант иегерлері ең алдымен азық-түлік өндірісімен айналысуда. Бұл бағытта үй жағдайындағы нан, кондитерлік өнімдер, сүт және ет өнімдері өндірісі қолға алынған. Сонымен қатар, қақпа, жиһаз, ойыншықтар, кәдесыйлар, сабын өндірісі сияқты шағын кәсіп түрлері де белсенді дамуда.
Бұдан өзге, мал шаруашылығы, тігін цехтары, автосервис, сұлулық салондары, сауда орындары, денсаулық сақтау қызметтері, жүн, астық, құс қауырсындары, жүгері, қоқыс өңдеу сияқты өңдеу өндірістері де грант есебінен дамып келеді.
Сондай-ақ, құс шаруашылығы, жылыжай, омарта, білім беру, балық шаруашылығы, туризм және спорт салалары бойынша да бірнеше жобалар жүзеге асуда. Бұл – гранттар тек бір бағытқа ғана емес, өңір экономикасының түрлі салаларына серпін беріп отырғанының айғағы.

Тілші түйіні: Мемлекеттік гранттар – халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың тиімді тетігі. Жетісу облысында жүзеге асырылып жатқан бұл бастама жүздеген азаматтың өз ісін бастауына жол ашты. 204 грант иегері бүгінде өз кәсібін жүргізіп, табыс табуда. Олардың ішінде әйелдердің үлесі жоғары, бұл әйел кәсіпкерлігін дамытуда мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлықтың көрінісі.
Осындай жобалар елдің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, өңірлердегі шағын және орта бизнестің дамуына да ықпал етеді. Әлеуметтік санаттағы азаматтардың еңбек нарығына бейімделуі мен экономикалық белсенділігі артқан сайын, өңірдің әл-ауқаты да жақсара түспек.

 

Гүлнұр БАЙМҰХАН

«Алатау»