«Таза Қазақстан» акциясының арқасында қоқыстан тазарып қалдық. Алайда…

0
21

…Табиғаты әсем Жетісу жерінің экологиялық мәселелеріне тоқталар болсақ, «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан шаруаларды ауыз толтырып айтуға болады. Облыстық Жетісу Экология департаментінің деректері бойынша санитарлық тазалау жұмыстарының деңгейі мынадай деп көрсетілген департаменттің сайтында: Акция нәтижесінде – 7,6 тонна қалдық жиналды. 18,7 мың гектар жер тазартылды. 700 ағаш пен көшеттер отырғызылды. Еріктілер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және жастарды қосқанда 68 мың адам акцияға қатысты.

Бұл сандарды біз тек облыс орталығының көрсеткіші деп түсіндік. Ал облыстың аудандарын алғанда бұл көрсеткіш, әрине, ауқымды. Сонымен, біз акцияның арқасында тазарып қалдық деуге болады.
Ал енді облыстық Экология департаментінің тікелей атқаратын жұмысына келсек, ол әрине, қоқыс жинаумен бітпейтіні анық. Департаменттің бірінші кезектегі жұмысы —

ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЗИЯНДЫ ҚАЛДЫҚТАРЫНАН ҚОРҒАУ

Бұл салада не істелініп жатыр? Мысалы, Текелідегі қорғасынды қалдықтар жиналған төбе мен 1958 жылы ашылған Панфилов ауданындағы Жаркенттен 40 шақырымда орналасқан уран кен орны біраз жыл істеп, кеңес кезінде-ақ жабылып қалған. Ол нысанның шахталары ашық күйде қалғандықтан авариялық тұрғыда да, радиациялық жағынан да экологиялық нысан ретінде қауіпті болып саналады. Экологтар мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер бұл жерде радиацияның тиісті нормадан 7 есе артық екенін көрсеткен. Уран кен орны жабылып қалған соң, үкімет нысанның қауіпті шахталарына кіретін жерлерді цементпен бекітіп, адамдардың, малдың сол төңірекке баруына тосқауыл салған. Қазіргідей емес, ол жылдары уранды ашық түрде өндіргендіктен, Панфилов уран кен орны толықтай жойылуы тиіс. Ол жұмыс жасалды ма, жоқ па? — ол жағын облыстық Экология департаменті білмесе, бізге беймәлім.
Ал Текелідегі айта-айта жауыр болған, яғни мезі болған тақырып қорғасын-мырыш комбинатының зиянды қалдықтары жиналған төбе (орыстар оны «хвостохранилище» дейді) әлі күнге дейін толығымен «консервіленбеген», яғни жабылмаған. Көлемі 70 гектарды алып жатқан зиянды қалдықтар төбесінде 2012 жылы белгілі болғандай, 35 миллион тонна зиянды өндіріс қалдықтары жатыр екен. Жергілікті тұрғындар оны «радиациялық зират» — деп атайды. Жел тұрғанда төбеден көтерілген шаң-тозаңның зиянды қалдығымен демаламыз дейді жергілікті тұрғындар.
2020 жылы зиянды қалдықтар төбесін жабуға 660 миллион теңге бөлінген. Төбенің қауіпті жерлерін арнайы топырақпен жауып, топырақтан шаң-тозаң ұшпас үшін бекіту көзделді. Бірақ, жұмыс аяғына дейін жеткізілмеді. Жұмыс барысында техникалық себептер пайда болып, ақыры бұл жоба орта жолда тоқтап қалған. Десе де сол зиянды қалдықтарды қайта өңдеуге болады деген ұсыныстар да бар екен. Оның бәрі әлі зерттелуде дегеннен басқа дерек жоқ. Бірақ, төбе сол қалпында желді күні өзін ұмыттырмай шаңдатып тұр. Бұл туралы облыстық Экология департаментінен нақты мәлімет алу оңай болмады…

ТҰРМЫСТЫҚ ҚОҚЫСТАР ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ЕҢ ҚАУІПТІ

Жылда жүргізілетін космостық «Қазақстан ғарыш сапарының» деректері бойынша Жетісу облысында 140-тан 243-ке дейін рұқсат етілмеген қоқыс қалдықтарын төгетін жер бар екен. Ал ресми деректерге сүйенсек, Жетісу облысында заңды түрде тіркелген 7 ғана қатты тұрмыстық қоқыстар деп саналатын қоқыс полигоны бар: олар Талдықорғанда, Алакөл, Ескелді, Көксу, Кербұлақ, Қаратал және Панфилов аудандарында ғана. Олардың ішінде 3 полигон ғана (жылына 100 тонна қоқыс сұрыптайтын Талдықорған ком-плексін қосқанда) санитарлық және экологиялық нормаларға сәйкес болып табылады.
Қалған 4 полигон құжаттары толық тіркелмегендіктен жартылай заңды болып есептеледі. 182 алаң аудандардағы уақытша қоқыс алаңы болып есептеледі. Өйткені оларда санитарлық нормаға сәйкестігі толық емес, полигон аумағы қоршалмаған және қоқыс салмағын өлшейтін бақылау жабдығы жоқ. Ақсу, Сарқан аудандары мен Текелі қалаларында қоқыс полигондары талапқа сай емес. Сондықтан қоқыс шығару логистикасында қайшылықтар кездеседі. Облыс прокуратурасы рұқсатсыз жұмыс жасап жатқан ондаған ауылдық полигонды анықтап, жауапқа тартып жатады.
Мысалы Алакөл, Сарқан және Көксу аудандарының 49 ауылында қоқысты экологиялық рұқсатсыз жинаған. Қоқыс жөнінде толып жатқан сұрақтарымызды облыс экологтарына қоюды кейінге қалдыруға тура келді. Өйткені олар «Алатау» газетінің журналисінен осылай жасауды өтінген.

ЖЕТІСУДЫҢ 7 ӨЗЕНІ МЕН ЕКІ КӨЛІНІҢ ТАЗАЛЫҒЫ

Жетісудың бас өзендері (Іле, Қаратал, Лепсі, Ақсу, Көксу, Басқан, Бүйен) мен олардың салаларын қорғау және экологиялық теңгерімін сақтау жұмыстары арнайы мемлекеттік бағдарламалар, «7 OZEN» эко-акциялары, су қорғау аймақтарын белгілеу және қатаң инспекциялық тексерістер арқылы жүзеге асырылуда.
Бұл бағытта атқарылып жатқан негізгі іс-шаралар мен бақылау тетіктері төмендегідей топтастырылған:
1. «7 OZEN» және «Таза Қазақстан» эко-бастамалары. Өңірдегі су көздерін тұрмыстық қалдықтардан тазарту үшін тұрақты түрде ауқымды акциялар ұйымдастырылады. Жағалауларды жаппай тазарту. Әр сенбі сайын аймақтағы ірі өзендердің (мысалы, Көксу, Қаратал, Іле) бойында мыңдаған еріктілер, жастар мен коммуналдық қызметкерлер тазалық жұмыстарын жүргізеді. Бір ғана Іле өзенінің арнасынан бір күнде 25 тоннадан астам қоқыс шығарылған деректер бар. Жасыл белдеу құру: Өзен жағалауларына топырақты эрозиядан қорғау және су деңгейін сақтау мақсатында мыңдаған ағаш көшеттері (тал, терек) отырғызылады.
2. Су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнату. Мемлекеттік деңгейде өзендердің заңсыз шаруашылық мақсатта пайдаланылуын шектеу шаралары қолға алынған. Құрылыс пен мал жаюға тыйым салу. Өзендердің бойында арнайы су қорғау белдеулері белгіленіп, оған жақын жерде заңсыз нысандар салуға, лас су ағызуға және мал жаюға шектеу қойылады. Заңсыз карьерлермен күрес: Қаратал және өзге де өзен арналарынан құм, қиыршық тасты заңсыз қазып алатын «қара қазушыларға» қарсы рейдтер өткізіліп, су түбінің зақымдануы қадағаланады.
3. Биологиялық әртүрлілікті сақтау және уылдырық шашу кезеңін қорғау. Өзен экожүйесінің маңызды бөлігі — оның балық қоры. Балық аулауға тыйым салу. Жыл сайынғы уылдырық шашу кезеңінде (көктем айларында) өзендер мен Балқаш-Алакөл көлдерінде балық аулауға қатаң шектеу қойылады.
Табиғат қорғау рейдтері. Табиғат қорғау полициясы мен Экология департаменті заңсыз аң мен балық, құс аулау мен браконьерлікке қарсы тексерістер жүргізеді (ереже бұзушыларға қатысты қылмыстық және әкімшілік істер қозғалады). Өзендерді ластаған кәсіпорындарға миллиондаған теңге айыппұлдар салынады.
4. Трансшекаралық бақылау (Іле өзені). Ең ірі өзен — Іле Қытай аумағынан бастау алатындықтан, оның су деңгейі мен тазалығын сақтау трансшекаралық деңгейде шешіледі. Қазақстан мен ҚХР арасындағы су бөлінісі және Балқаш көлінің тартылып кетпеуін қамтамасыз ету мәліметтері халықаралық комиссиялар аясында талқыланып отырады.

Редакциядан:

Жетісудың экологиясы туралы сұрақтарымызға жауапты бір-біріне сілтеп, ақыры жауапсыз қалдырған Жетісу облыстық Экология департаментінің «жүрдім-бардым» жауабына қарап біраз ойға қалдық… Оқырмандарымыздың кейбір сын-ескертпелерін экологтарға жеткізу мақсатымен барған сапарымыз, өкінішке қарай, сәтсіз болып шықты. Мысалы, облыс орталығының Коммуналдық базар төңірегіндегі көрінісі мен Қаратал өзенінің жағасына төгілген қоқыстың орнын жайпау ма, әлде тазалау ма? – деген сияқты көптеген сұрақ ашық қалды. Сондықтан экологтар күні — 5 маусымда тұрғындарға Жетісу экологиясы туралы жалпы ақпарат беруге Информ.кз. деректерін пайдаланылғанын ескертеміз. (inform.kz)

Баян ТАҢАТАРОВА

«Алатау»