ЖОҢҒАР АЛАТАУЫНЫҢ ТАРИХЫ ЗЕРТТЕЛМЕК

Жетісу өңірі табиғатымен ғана емес, сан ғасырлық тарихының ізі қалған мұраларымен де ерекшеленеді. Алайда тау шатқалдарында, өзен аңғарларында және биік жайлауларда орналасқан көптеген тарихи нысандар әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Енді осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ғылыми зерттеу жұмыстары қолға алынбақ.
Көп жағдайда ұлттық парктер туралы сөз болғанда табиғатты қорғау мәселесі бірінші кезекке шығады. Алайда тау мен орманның, өзен мен жайлаудың арасында адамзат тарихының мыңдаған жылдық ізі жатқанын ескере бермейміз. Жоңғар Алатауы да осындай табиғи әрі тарихи мұра қатар тоғысқан аймақтардың бірі. Бүгінде осы кеңістіктегі археологиялық және киелі нысандарды жүйелі зерттеу қажеттілігі күн тәртібіне шықты.
Осы мәселеге арналған баспасөз мәслихаты Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өтті. Жиында мамандар 2026-2030 жылдарға жоспарланған ғылыми жоба туралы айтып, оның өңір үшін маңызын түсіндірді.
Жоба аясында ұлттық парк аумағында орналасқан табиғи, тарихи және мәдени мұраларды біртұтас жүйе ретінде қарастыру көзделіп отыр. Бұған дейін өңірде жекелеген зерттеулер жүргізілгенімен, көптеген нысандар толық тіркелмеген, ғылыми сипаттамасы жасалмаған және арнайы қорғау жүйесіне енгізілмеген.
Зерттеудің негізгі бөлігі Сарқан филиалына қарасты Аманбөктер орманшылығы аумағында жүргізіледі. Ғалымдардың назарын аударып отырған өңір Үлкен Айдау мен Сарқан өзендерінің аңғарларын қамтиды. Бұл аумақта көне көш жолдарының іздері, жайлау мәдениетіне қатысты нысандар, ежелгі қорғандар, тасқа қашалған суреттер мен тарихи орындардың кездесетіні жөнінде мәліметтер бар.
Мұражай меңгерушісі Айдана Шатырбаеваның айтуынша, ұлттық парк аумағындағы петроглифтер мен қорғандар өткен дәуірлердің өмір салтын тануға мүмкіндік береді. Жартастардағы бейнелер арқылы ежелгі адамдардың аңшылық кәсібі, дүниетанымы мен табиғатқа көзқарасы жөнінде мәлімет алуға болады. Ал қорғандар көшпелі өркениеттің материалдық мұрасы ретінде ғылыми тұрғыдан ерекше құнды.
Зерттеу тек археологиямен шектелмейді. Жоба аясында табиғи ландшафттар, өзен-көлдер жүйесі, жайлаулар, арасандар мен асулардың тарихи қызметі де қарастырылады. Өйткені көне дәуірдегі адамдардың тіршілігі табиғи ортадан бөлек дамымаған.
Өлкетанушы Қажет Андастың пікірінше, тарихи мұраны қорғау мәселесі бүгін ерекше өзекті болып отыр. Себебі кейбір петроглифтер бүлініп, қорғандар табиғи әсерлердің ықпалында қалып, тарихи соқпақтар уақыт өте көмескілене бастаған. Сондықтан тарихи орындарды анықтап қана қоймай, олардың сақталу жағдайына ғылыми баға беру қажет.
Жоспарланған жұмыстардың нәтижесінде ұлттық парк аумағындағы тарихи және киелі орындардың толық картасы әзірленеді. Сонымен бірге ғылыми деректер базасы қалыптастырылып, оларды қорғау мен тиімді пайдалану бойынша ұсыныстар жасалады. Бұл мәліметтер кейін экологиялық және танымдық туризмді дамытуда да қолданылуы мүмкін.
Тарих көбіне мұрағат құжаттарында сақталады деген түсінік бар. Алайда оның бір бөлігі жер бедерінде, тасқа қашалған таңбаларда, көне сүрлеулер мен халық жадында өмір сүреді. Сондықтан Жоңғар Алатауында қолға алынған жаңа зерттеу өткеннің белгісін сақтап қалуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ.








