ӘСКЕРИ ТӘРБИЕНІҢ НЕГІЗІ — АДАМГЕРШІЛІК ПЕН ҰЛТЖАНДЫЛЫҚ

0
44

ҚР Қорғаныс министрлігінің запастағы капитаны Алжан-бай Әсет Көшербайұлы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ащыбұлақ ауылында тұратын ардагер. «Алатау» газетінің бірнеше жылдан бергі тұрақты оқырманы.
1997 жылдан бастап көп жыл алғашқы әскери дайындық (АӘД), технология пәндерінен аудан мектептері мен колледждерінде ұстаздық еткен жан. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді.
Жақын күндерде осы оқырманымыз мерей жас 75-ті атап өтпекші. Жеке мерекесі қарсаңында Әсекеңмен өміржолы туралы онлайн-сұбхат жүргізген едік.

— Өзіңізбен әңгіме барысында үш жоғарғы біліміңіз – малдәрігерлік, педагогтық және әскери жоғары біліміңіз бар, 14-санатты оқытушы-ұстаз екеніңізді, осы жылдарда жас буынды тәрбиелеуге қосқан үлесіңіз туралы, жас буынға үлгі болатын қаншама жақсы жандарды кездестіргеніңізді, қоғам ісінен шет қалмағаныңызды біліп — сіз үшін қуандық. Осы орайда, өзіңіздің туған өлкеңізбен оқырманды таныстыра кетсеңіз?
Әсет Көшербайұлы: Мен Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны ретінде айтарым, біздің ауданда, өздеріңізге белгілі 1 қала бар. 79 елдімекенде 350 мыңнан аса халқы бар Алматы облысындағы ең үлкен ауданда, 10-нан аса колледж, 85 мектеп бар. 8 мектеп Кеңес Одағының Батыры атымен аталса, 1 мектеп Ащыбұлақ ауылындағы Ауған соғысының ардагері, мектебіміздің түлегі интернационалист-жауынгер А.Н.Бубенцов атындағы орта мектебінде көп жыл істедім. Айта кетерлік ерекшелік, республикадағы таңдаулы 100 мектептің ішінде А. Н. Бубенцов орта мектебі республикалық «Қазақстан мектебі» журналына шығып, республикада 29-шы орын алды. Білікті ұстаздар мен оқушылардың тесттен жеткен жетістігімен А. Н. Бубенцов орта мектебі облыс, республикаға танылды. Сол мектепте ұстаздық еткеніме мақтанамын.

Әскери тәрбие пәні — мектептегі ұлдарды шыңдау мектебі

— Өзіңізге белгілі, қазір Қорғаныс саласындағы айтылатын кемшіліктердің бірі – жас жауын-герлердің озбырлыққа шыдамай өмірмен қоштасу жайы азаймай отыр. Ал өзіңіз сабақ беріп жүрген мектептегі «Алғашқы әскери дайындық» пәні мектептегі ұлдарды қалай шыңдайды?
Әсет Көшербайұлы: — «АӘД» пәнінің бағыт-бағдары — «Мектеп бағдарламасымен» екі жыл оқытылатын әскери сабақпен бірге іс-шара, кездесу-жиын, ерлік сабақтан тәлім-тәрбие алған бүгінгі оқушы – ертеңгі Отан қорғайтын жауынгер деп ойлаймын.
Егемен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жарғысына сай колледж студенттері мен 10-11 сынып оқушылары әскери сабақты қызығып оқиды. Өйткені олар — келешек Отан қорғаушылары екенін түсінеді. Мектепте оқитын 16 жастан асқан ер балаларды алғашқы дәрігерлік тексеруден «АӘД» пәні оқытушылары жыл сайын Есік қаласындағы дәрі-герлік тексеруден өткізеді.
Отанын қорғау — ер жігіттердің міндеті мен парызы екенін түсіндіретін, 9,11 сынып оқушыларын әскери оқуға дайындайтын «АӘД» сабағының ерекше орны бар мемлекеттік әскери пән деп айтсам қателеспеймін! Туған жер мен Отанды қорғау-батыр бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған өшпес ерлігі, қасиетті дәстүрі.
Сіз қойған сұрақтарға менің жауабым – әскерде болып жатқан кемшіліктерге заң жүзінде жауапты жандар бар… Заң соларға шара қолдануы керек…
Әскери патриоттық тәрбиеге байланысты 1998 жылдан бастап 2025 оқу жылдарында Отанын, елін, жерін қорғайтын отаншыл, мемлекетшіл, патриот ұрпақ тәрбиелеу мақсатында республикаға танымал 300-ден аса әр саланың ардагер тұлғаларын ауылға, ауданға кездесуге шақырғанымды айта кетуді парызым деп санадым. 28 жыл өзім істеген Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы мектеп, колледж, мәдениет үйіне шақырғанымды қабыл алып, арнайы алтын уақыттарын бөліп, республикаға танымал ардагерлер, тұлғалар әр жылдары келіп ауданның, ауылдың «құрметті қонақтары» болып қатысты. Міне, осындай кездесулер мектептегі ұлдардың ар-намысын шыңдауға себепші болады деген ойдамын.
Осы пән аясында аудандағы қорғаныс басқармасы, аудандық оқу бөлімінің келісімімен 5 колледж, 50-ден аса мектептің АӘД пәні оқытушыларына ауданаралық байқау өткізіп, жас әскери оқытушыларға да көп жылғы іс-тәжірибемді көрсетіп, үйретіп келемін. Менің аудандық, облыстық, республикалық семинар жиындарда жеткен жетістіктерім көп жазылды. Әр оқу жылында өткізген іс-шара кездесу-жиындарым аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарға жарияланып жатады. Осы орайда айта кетейін дегенім, көп жылдар бойы жинақталған, өткен іс-шаралар, кездесу-жиындар, ерлік сабақтары, әр жылдары жазылған патриоттық, танымдық мақалаларымды жиыстырып, «Отан қорғау — басты міндет» деген тақырыпта кітап жазып шығаруды жөн көрдім. Оны аяқтап та қалғандаймын…
— Мектептегі болашақ әскери жауынгерлерге үлгі боларлық қандай айтулы тұлғалармен кездесу өткіздіңіз?
Әсет Көшербайұлы: Шақыруымызды қабыл алып, мектептегі оқушылармен кездескен елімізге танымал тұлғалардың атын атап, түсін түстемесек те, жалпы саны мынадай деп көрсетуімізге болады:
1. Кеңес Одағының Батыры — 2;
2. Ұлы Отан соғысы ардагері — 13;
3. Тыл ардагері — 15;
4. Ауған соғысының ардагері — 160;
5. Еңбек ардагері — 20;
6. Халық ҚаҺарманы — 3;
7. Еңбек Ері — 3;
8. Генерал — 15;
9. Офицер — 30;
10. Жауынгер, сержант — 10;
11. Әскери курсант — 10;
12. Оқу министрі, Оқу ағарту вице-министрі — 2;
13. Парламент Сенат депутаты — 2;
14. Парламент Мәжілісінің депутаты — 5;
15. Республикаға танымал жазушы — 17;
16. Мәскеу, Атлант, Азия Еуропа чемпионы — 3.
Әрине, мұндай кездесулер жас ұрпақтың отансүйгіштік қасиетіне игі әсерін тигізеді деген ойдамын. Алдыңғы толқын ағаларының ерлік-теріне, бейбіт күндегі атқарған үлгілі істеріне жастар неге еліктемеске?
— «Алғашқы әскери дайындық» пәнінен оқу-лықтар орыс тілінде болып, біраз қиыншылықтар тудырғаны туралы жазылған жайлар болған еді. Ұстаз ретінде осы қиындықтан қалай шықтыңыз?
Әсет Көшербайұлы: Сұрағыңыз орынды. Пәннің алғашқы оқулықтары орыс тілінде болды. Бізге, әскерилер арасында ол кезде орыс тілі кеңінен қолданылуына байланысты оншалықты қиындықтар тудырған жоқ. Бірақ, қазақи ауылдарда, қазағы көп өңірлерде ондай қиыншылықтар болғаны рас. Дегенмен, олқылықтардың орны 2000 жылдардан бастап реттеле бастады. Мемлекеттік тілде алғашқы жазылған «Бастауыш әскери дайындық» (БӘД) кітабы мемлекеттік тілде орта оқу орындарына арналған оқулықтың 1-ші басылымы 2000 жылы шықты. Басылым Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери академиясының бастығы генерал-майор, әрі кітаптың бас редакторы А. Б. Тасболатовтың басшылығымен шықты. Екінші басылып шыққан оқулық Алматы, «Мектеп» баспасынан 2004 жылы басылып шықты. Авторлары Қ. Р. Аманжолов, А. Б. Тасболатов, Д. К. Майхиев. Олармен республикалық семинар-жиында кездесіп 10-11 сыныптарға арналған оқулық туралы ой бөлістік.
Мен Алматы облысы атынан қатысып, 350-ден аса республика облыстарынан келген АӘД пәні оқытушыларымен кездесіп, өзім істеген ауыл мектебінде жеткен жетістігім туралы ой бөлісіп, қазақ тілінде баяндама жасадым. Қорғаныс, Оқу министрлігінен келген басшы генерал, мамандар ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатыстым. Алматы қаласындағы облыстық білім жетілдіру институтының басшы әдіскерлерінің ұйымдастыруымен облыс аудандарын-да өткен семинар-жиындарға шақырумен қатысып, 50-ден аса облысқа танымал оқытушы ұстаздармен кездесіп, іс-тәжірибе алмастық.
— «Алғашқы әскери дайындық» пәнінен дәріс беру сізге аса қиын болмаған сияқты. Өйткені Қорғаныс саласындағы жоғары біліміңіз бен мотоатқыштар бөліміндегі әскери жылдарыңыздың тәжірибесімен қоса офицер ретіндегі әскери ұстанымыңыз бар?
Әсет Көшербайұлы: Қазіргі білім мен тәрбиенің маңызды факторы — әскери патриоттық тәрбие, ұлттық патриотизмге ерекше көңіл бөлетін әскери шенді оқытушылар деп ойлаймын. «Тәрбие болмаған жерде, шын ақылды, мәдениетті өмір де болмақ емес» — деп Жүсіпбек Аймауытов атамыз атап өткендей, тәрбие мен тәртіп жоқ жерде — нәтиже де, даму да болмайды.
«Әскери тәрбиенің негізі — адамгершілік пен ұлтжандылық» деп ойлаймын. Сондықтан, осы тақырыпта ауыл жастарының әскери тәрбиелік мәні бар әскери патриоттық жиынды осы күнге дейін өткізіп, жас оқытушы ұстаздарға ағалық көмегімді айтып, ерінбей үйретіп келемін.
Реті келгенде айта кетейін, ау-дандағы Қорғаныс істері, Оқу бөлімінің басшы әдіскерлерімен бірге 85-тен аса аудандағы АӘД пәні оқытушыларын шақырып, семинар ұйымдастырдым.
Мектеп алдында екі қатар сапта тұрған 120-дан аса әскери шенді оқытушы ұстаздарға әскери форма киген 10-11 сыныпта оқитын ұл-қыздар 4 взводқа бөлініп, «ҚР Қарулы Күштерінің Жарғы» талаптарына сай саптық жарғыға байланысты байқауды өзім қабылдап, сапта тұрған оқытушы ұстаздарға оқушыларымның саптық жарғыны жақсы білетіндіктерін көрсеттім.
АӘД оқытушылары семинар — сабаққа қатысып, оқушылардың әскери дайындықтарын көрді, оларға сұрақтар қойып, білімдерін тексеріп көрді.
Мектептің жиын залында өткен қорытынды жиында облыс, аудан әдіскерлері мен әскери оқытушылар семинар-сабаққа да, оқушылардың әскери дайындығына да «өте жақсы» деген баға берді.
Алматы облысындағы 593 орта мектептің ішіндегі жетістігі көп, «тұғырлы тірек мектебі» болғандықтан, Еңбекшіқазақ ауданындағы А. Н. Бубенцов атындағы орта мектепте өткен семинар-жиын осылайша жоғары баға алып отырғаны бізге мақтаныш.
Жас оқытушы ұстаздарға ағалық көмегімді айтып, өткізген кездесулеріме шақырып, қатыстырып жүремін. 2013 жылдан бері зейнет жасында болсам да, ҚР танымал ардагерлерді аудандағы мектеп, колледж, мәдениет үйіне шақырып, облыс, республика деңгейінде жыл сайын кездесу-жиын әлі де өткізіп келемін. Жасыратыны жоқ, мақтанғаным да емес, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында ұстаздық тәжірибем туралы мақалалар жарияланып тұрады, телеарналар да шақырып, патриоттық тақырыптағы хабарларға қатысып тұрамын. Өзің айтқан әскери ұстанымым: Кеңес Одағының Батыры, әскери жазушы полковник Б. Момышұлының «Бойында барлық абзал қасиеттері бар адамды тәрбиелеу ісі — бұл әскерге алынғанға дейінгі кезеңде жүргізілетін тәрбие ісі болуға тиіс» — деген асыл сөздері.
— Адам өмірінің айтулы белесі — 75 жастың мәртебелі шыңына шыққаныңызда өмір жолыңызда кездескен қандай жандарды атар едіңіз?
Әсет Көшербайұлы: Мен үшін өмір жолымда кездескен тұлғалар халықтың ардақтылары десем де болады. Мысалы, олар — «Халық Қаһармандары» мен «Еңбек Ерлерінің» республикадағы төрағасы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Алматы облысы Талғар ауданына қарасты «Арыстан» мамандандырылған әскери лицейдің бастығы генерал-лейтенант М. Мәйкеев, КСРО Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің ардагері полковник Қараби Мұқаметқалиев, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ардагері генерал-лейтенант Иван Иванов (Жан ата), Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының бастығы генерал-майор Бауыржан Ибатулин мен генералдың көмекшісі полковник Данияр Дәуренұлы, «Ер намыс» қоғамының төрағасы «Алаш Прайд» спорт қоғамының құрметті ардагері, профессоры Ерболат Аладин, Халықаралық Д.А.Қонаев атындағы қорының» вице-президенті запастағы полковник, Желтоқсан ардагері, Алматы облысымен Балқаш ауданының «Құрметті азаматы» сазгер, актер Дәулетбек Жанботаев, экономика ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясы ғылым академиясының «Құрметті академигі» БҰҰ экономика комиссиясының мүшесі Дәулет Анарқожа, Қазақстан жазушылар, журналистер одағының халықаралық жазушы әйелдер гильдиясының мүшесі, «Алаш әдеби сыйлығының» иегері Сәуле Досжан, ауданға танымал полковник Бақытжан Қырықбаев, журналист Анарбек Бердібаев, аудандағы қоғам белсендісі журналист Нұрлан Мұқаметқалиев, Халық Қаһарманы запастағы подполковник Азамат Жұмаділов сияқты азаматтармен кездесулер мен үшін ұмытылмас шақтар.

— Осы жасқа келгенше елге, қоғамға сіңірген еңбектеріңіз айтарлықтай екендігіне көзім жетіп-ақ тұр. Марапаттар мен атақтарыңыз сансыз болуы мүмкін. Бірақ солардың ішінде ең атаулылары мен «осыған лайықпын» деп өзіңіз бағалаған марапатты атай алар ма едіңіз?
Әсет Көшербайұлы: Сұрақ қиындау екен… Мақтанғандай боламын ба деп те ойланып тұрмын. Дегенмен, айтайын.
Әскери оқытушылық еңбегім бағаланып, 120-дан аса аудандық, облыстық қорғаныс істер, білім бөлімінің, «Нұр Отан», «Аманат партиясының» Халықаралық «Мадақтама» мен «Алғыс хаттарымен» марапатталсам, 2 орден 20 медальдің иегерімін.
Солардың ішінде маған ыстығы Б. Момышұлының «Батыр шапағаты» медалі 15. 02.2012 ж., «Армия генералы С. Қ. Нұрмағамбетов» медалі 15. 12. 2015ж., «Ыбырай Алтынсарин» медалі 17. 11.2017 ж., «Білім беру ісінің үздігі» медалі 12.03. 2018 ж., Д. А. Қонаев атындағы «Мерей» ордені 13.03.2025 жылы берілді.
75 жасқа келсем де, әлі әскери сапта тұрғанымды құр-меттеген «Бейбітшілік әлемі» президенті, «Халықаралық адам құқығын қорғау комитетінің» ҚР-дағы өкілдігінің президенті, «Әлем ұстазы», э.ғ.д. профессор, академик, Әлем халықтары Жазушылары Одағының мүшесі, генерал-майор Ә. А. Нұрманов «Халық мұғалімі» медалімен марапаттады. Әңгіме марапатта емес, әңгіме – бағаланған еңбекте болып тұр ғой. Еңбегімді бағалаған еліме ризамын. Басқа айтарым жоқ.

Автордан: Ия, еңбегі бағаланған Әсет Көшербайұлының әлі де өз еліне берері көп. Осы жасқа дейін шаршау дегенді білмей, жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беріп жүрген ұстаздың мерей жасы құтты болсын демекпіз! Шаңырағы шаттыққа толы, дені сау – қуатты болып, жастарымызға үлгі болар тұлғалық қасиеті таусылмасын! 28 жыл ұстаздық өміріндегі іс-шара, кездесу-жиын, ерлік сабақтары жас оқытушыларға үлгі болсын!

Әңгімелескен Баян ТАҢАТАРОВА