«ТИКТОКҚА» тәуелділік немесе құндылықтың құлдырауы

0
2704

ХХІ ғасырда жеткен жетістіктің бірі – әлеуметтік желі. Бүгінге дейін әлемді өзіне тәуелді еткен әлемжелінің пайдасы мен зиянын жіктеп, жіліктеп болғанымызбен, көз ілестірмес жылдамдықпен дамыған ақпараттық технологияның сан түрі күн санап көбейіп, таң қалдырудан жалығар емес. Осы уақытқа дейінгі Facebook, Twitter, Instagram сынды әлеуметтік желілер қатарына енді «Тикток» деп аталатын түкке тұрғысыз дүние қосылып, айналасына «тиктокерлерді» бір сәтте жинап үлгерген.

Біздің елде де желі қолданушыларының қатары күн санап артып, бұған әуестенуші жасөспірімдер көбейіп келеді. Жүйе арқылы танымал болған блогерлер де жетерлік. Бұл сервистің, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында ерекше қарқынмен таралғанын әлеуметтік желідегі түрлі трендтегі бейнежазбалардан байқауға болады. Ал осы бір «тренд» деген термин тілдік қолданысымызға енгеннен бері трендтің түбіне жете алмай жүрген жастарымызға қарап қайран қалатын болдық. Трендтен қалмайын деп тірнектеп жиған абыройын бір сәтте шашып жатқандар да баршылық. Камера алдында секеңдеп артынша желіге жүктеп, жарыса лайк жинайтындар енді өздерімен қоса ата-әже мен әке-шешені де шетелдік әуенге билетіп, кейде олардың әрекетін келеке етуді шығарған. Тіпті, қазыналы қазақ тойларында ата-анасымен бірге көзге ерсі қимылдар жасайтын «тик-ток» белсенділерінің қылығын көпшілік қауымда құп көріп, қайта қолдап-қолпаштап жүр. Дуалы ауыз қарияларымыз бен ақыл берер ата-ананың жасап жүрген осынау қылықтарына қарап құндылықтардың құл-дырырап бара жатқанына тағы бір мәрте көз жеткізгендей боламыз.
Көпке топырақ шашуға да келмес. Озық технологияны оңды пайдаланып, әлеуметтік желіні орнымен қолданатын, лайкқа шынымен лайық жандар да бар. Алайда карантин уақытында үйде отырған жұртшылық «тиктокерлердің» қатарын көбейтіп, желінің көрігін одан сайын қыздыра түскендей. Себебі, таңның атысы мен кештің батысын ажырата алмай, бар тірлігін ғаламтор арқылы бітіріп, өмірдің мәні мен қызық-қуанышын әлеуметтік желіден іздейтіндер үшін үйде оқшаулану таптырмас уақыт болған сыңайлы. Осы уақыт аралығында мән мен мағынадан жұрдай түрлі роликтер жастар арасында кеңінен таралып, соған еліктеушілер мен қайталап орындаушылар саны арта түсті. «Атың шықпаса жер өрте» дегенді желеу еткендер түрлі тұрпайы бейнежазбаларды қойып, ұлы тұлғаларды да мазаққа айналдырып, «танымал» болуға тырысты. Мә-селен, хәкім Абайдың суретін қорлап, шетелдік музыкаға басын селкілдетіп билетіп қойған қаракөз ұл-қыздарымыз Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейханов сынды ұлт зиялыларының да бейнесін мазақ етуден еш қымсынған жоқ. Қайта сол арқылы ел арасына белгілі болуды көздеп, арзан танымалдықты қуып жүр. Тек бұл ғана емес, ұлттық болмысымыз бен салт-санамызға кереғар осы тектес бейәдеп бейнелер желіде желдей есіп, халықтың ашу-ызасын тудыруға түрткі болды. Өсіп келетін жас ұрпаққа ешбір тәрбиесі жоқ, қала берді олардың алтындай уақытын алғаннан басқа бір пайда әкелмейтін осындай желіккен желінің күн санап қанат жаюына шектеу қойып, тыйым салған да ешкім жоқ.
Ұлттық болмысымызды бұзып, жастарымыздың санасын улайтын желіккен желілерді тоқтатар ешкім болмағанымен, желінің жеткіншектер үшін зиян екенін айтатындар қатарында жур-налист Кәмшат Мұхамеджан бар. Оның пікірінше, ақыл-ойы енді қалыптасып келетін өскелең ұрпақ үшін сананы сан саққа жіберетін осындай желілер аса қауіпті.
– Жалпы әлеуметтік желіні толығымен жаман деп қаралауға келмес. Оны шегінен шығармай, орынмен пайдаланса құба-құп. Желі арқылы жарнама жасап, өз кәсібін дөңгелетіп жүрген де жандар бар. Алайда, көзқарасы әлі қалыптасып үлгермеген балалардың өз жасына сай емес бейнелерді көріп, еліктеуі, соны қайталап түсіруге әуестенуі бала болашағына теріс ықпалын тигізбесіне кім кепіл?! Бүгінде барлық әлеуметтік желілерде шектеу жоқ. Сол себепті, отбасында ата-ана, мектепте ұстаздар тарапынан ақыл-кеңестер айтылып, дұрыс бағыт-бағдар берілгені дұрыс деп есептеймін,– деген ол үйдегі іні-сіңілілеріне де осы тұрғыда әпкелік ақылын айтатынын жеткізді.
«Тикток» түсіріп, желідегі парақшаларына жариялайтын жастар мұның ешқандай сөкеттігі жоғын, керісінше уақытты қызықты өткізу үшін таптырмас құрал екенін айтса, ұстаздар қауымы мұндағы бейнежазбалардың мән-мағынасы болмағандықтан, алтын уақытты бостан бос «өлтіргеннен» басқа пайдасы жоқ деп есептейді.
– Меніңше, жасөспірімдер «Тикток» желісін пайдаланып, видео түсіруді танымал болудың бір жолы деп қарастырады. Ал мұндай желіге деген тәуелділіктің бірқатар зиянды тұсы да бар. Мәселен, бейнежазба түсіргенде жеткіншектер өзіндік жас ерекшеліктеріне сай келмейтін іс-әрекеттер жасайды. Музыка мен би қимылдары сәйкес келмей, түсірген видео көңілінен шықпаса ашуға булығатыны рас. Сондай-ақ, осылардың барлығына алтындай уақы-тын өткізіп, білім алуға деген құлшынысы төмендеуі мүмкін,– дейді ұстаз Қарғаш Асылбекова.
Ал психолог маман ұстаздың бұл пікірімен толық келіспейді. Аталған мәселеде жан-жақты қарау керек деген Әсем Әшімханқызы «Тикток» платформасының тек зиянды жағынан емес, пайдалы тұсынан да зер салған жөн екендігін айтады.
– Жаңа форматтағы платформалар жетіліп келетін жастарымыздың шығармашылық қабілетін ашады. Мысалы, би билеу, өлең айту, креативті ойлау, әртістік қабілетін дамыту мен өзін-өзі көрсету, камерадан қорықпау сынды жеке талантын көрсеткісі келетін пайдаланушылар үшін қажет құрал. Сондай-ақ, олар мұндай қосымшалар арқылы өмірлік сәттердің ерекше оқиғаларымен бөлі-суге мүмкіндік алады. Ал уақытты «өлтірмеу» үшін ересектер тарапынан ақылды іс жүргізілуі керек. Атап айтсақ, белгілі бір жағдайда ата-ана сауатты, ақылға қонымды тыйымдар жасауы тиіс. «Тикток түсіруді тез тоқтат!» деп жекігеннің орнына «сен мұны өте қатты қалайсың, мен түсінемін, қымбаттым. Өкінішке орай, қазір мен саған рұқсат бере алмаймын, алдымен сабағыңды оқығаның жөн» деген сөздер, балаға ауыр тимейді,– дейді психолог маман.

Бағдарламаны жүктеген елдердің қатарында Бразилия алғашқы орында тұрса, одан кейінгі орынды АҚШ алған. «Tиктоктың» бүкіл әлемде кең қолданылуына Үндістан да айтарлықтай әсер еткен.Бастапқыда елдегі қолданушылар «Тиктоктың» төрттен бір бөлігін құраса, бүгінде Үндістан билігі аталған қытайлық сервисті пайдалануға қарсы. Себебі, «Тикток» Үндістанның тәуелсіздігі мен тұтастығына, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібіне зиян келтіретін желі ретінде сипатталып, оны қолдануға шектеу қойған. Одан кейін алпауыт мемлекет АҚШ-тың өзі тыйым салыпты.

ТҮЙІН ОРНЫНА

Бүгінде әр күніміз әлеуметтік желі болмаса қызықсыз, мән-мағынасыз болып кеткендей. Өйткені, бір сәтке болса да қолдағы смартфонды ғаламтордан ажыратуға құлқымыз жоқ. Күнделікті күйбең тірліктен шаршап, табиғат аясына бой жазуға шыққан күннің өзінде телефон мен интернетсіз арқаны кеңге жая рахаттанып демала алмаймыз. Бейне бір өмірдің мәні сонда ғана секілді, ол жоқта бірдеңе жетіспей тұрғандай болады да тұрады. Алайда бүгін «Тиктокқа» тәуелді ұл-қыз өсіріп, ертең құндылығымызды құлдыратып алмау үшін, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін өзіне тәуелді еткен осынау «ғасыр дертінің» зиянын ата-ана баласына ерте жастан ескертіп, тектесе деген тілегіміз бар.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ