Мониторинг топтарының жұмысын күшейту қажет
Бүгінде әлемде күн сайын 480 мыңнан астам адамнан вирус табылуда.
Елімізде соңғы аптада вирус өсімінің екі пайызға төмендегені байқалғанымен көпшіліктің санитарлық талаптарды сақтамауы, ел ішінде емін-еркін жүріп, той-томалақ жасауы жалғасуда. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен селекторлық режимде өткен жиында сөз болды.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды баяндады.
Министрдің сөзінше, Түркістан об-лысынан басқа барлық өңір «қызыл» аймақта тұр. Бір апта ішінде орта есеппен шамамен 53 мың жағдай орын алған. Бүгінге дейін республикада COVID-19-дың оң нәтижесімен 708 379 және КВИ теріс нәтижемен 66 381 науқас тіркелген. Инфекциялық төсек-орындардың жүк-темесі 53, ал реанимациялық төсек-орындардың жүктемесі 47 пайызды құрайды. Төсекке таңылған науқастардың басым бөлігі Ақтөбе, Қызылорда, Алматы облыстарының еншісінде болып отыр.
Өз сөзінде Алексей Цой қазіргі таңда 120 мыңнан астам науқастың коронавирус инфекциясымен емделуде екенін айтып, алғашқы тәуліктерде реанимацияға түскен науқастардың басым бөлігі, 40 пайыздан астамы «дельта» штаммын жұқтырғандар болып отырғанын да тілге тиек етті.
Айтуынша аталған науқастар өз-өзін емдеумен айналысқан және медициналық көмекке кеш жүгінген. Осыған сай жергілікті атқарушы органдар халық арасында аурудың алдын алу, өз-өзін емдеуге жол бермеу және медициналық көмекке дер уақытында жүгіну мәселелері бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет екенін де еске салды.
«Халықтан коронавирус инфек-циясының алғашқы белгілері байқалғанда медициналық көмекке жүгінуді және өз-өзін емдеумен айналыспауды өтінемін. Қарапайым ережелерді сақтау жүздеген адамның өмірін құтқаратындығын есте сақтау қажет. Карантиндік іс-шаралардың қолданыста болуына қарамастан бірқатар өңірде көп адамның жиналуымен салтанатты іс-шаралар, үйлену тойларын, еске алу түскі асын беру тыйылмай отыр. Карантинді өрескел бұзу фактілері де анықталуда. Осыған орай жергілікті атқарушы органдарға мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді тапсыруыңызды өтінемін», – деген сұранысын жеткізді Үкімет басшысына.
Бұл тұста Үкімет басшысы да халықтың шектеу іс-шараларын сақтауын, бақылауды жалғастыру керектігін айтты. Премьер-Министр барлық өңір мен мемлекеттік органдар вакцина салдырудың қажеттігі туралы ақпараттық жұмысты кеңейту керектігін, «Қызыл» аймақтардағы өңірлерде демалыс күнгі локдаундарды сақтау қажет екенін айтты.
Мұнымен қоса Үкімет отырысында жемшөппен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындық мәселелері, Ақтөбе облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралып, нақты тапсырмалар берілді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ