500-ге жуық кәсіпкерге жеңілдетілген шағын несие берілмек
Алматы облысында кәсіпкерлерді жеңілдетілген несие беру мақсатында 2 млрд. теңге бөлінді. Өңір бойынша 500-ге жуық кәсіпкерді қаржыландыру және 1000-нан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл туралы «Jetisy’Media» ақпараттық алаңында өткен жиында кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Дәурен Оңалбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жеңілдетілген несиелер «Еңбек» мемле-кеттік бағдарламасы аясында жүргізілетін «Бастау Бизнес» оқыту жобасының түлектеріне беріледі. Ауылдық жерлер үшін қаржыландыру сомасы 7,2 млн. теңгеге дейін және қала үшін — 18,9 млн. теңге. Шағын несиені 5 жылға дейінгі мерзімге, мал шаруашылығы саласындағы 7 жылға дейінгі жобалар үшін рәсімдеуге болады. Шағын несиелеудің басты артықшылығы кепілмен қамтамасыз етуге шектеу жоқ. Сондай-ақ қарыз жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен беріледі.
«Биылдан бастап Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы «Жетісу» ӘКК» өңірлік даму институтымен бірлесіп «Бастау Бизнес» жобасының түлектерін жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету үшін «Atameken Zhetysu» микроқаржы ұйымын құрды. Қазіргі таңда микроқаржы ұйымы 5 млн. теңге көлеміндегі алғашқы несиені берді. Сондай-ақ, тағы 150 өтінім қарастырылу үстінде. Жалпы, 253 өтінім бойынша құжаттар жиналуда. Әрбір жоба біздің сүйемелдеуімізде. Аудандар мен қалалардағы кәсіпкерлер палатасы филиалындағы кеңесшілеріміз кәсіпкерлерге құжаттарды әзірлеу бастағаннан бастап жоба бойынша қаражат алғанға дейін жан-жақты қолдау көрсетеді. Кейін берілген қаржының игерілуіне мониторинг жүргізіледі», – деді Дәурен Оңалбаев.
Жеңілдетілген несиенің алғашқы иегері – талдықорғандық кәсіпкер Әбиден Әбдеш. Ол 2021 жылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту курсын аяқтады. Берілген қаражатқа жылқы сатып алып, қымыз өндіруді жоспарлауда.
«Асыл арман» шаруа қожалығының басшысы Әбиден Әбдештің сөзінше, «Бастау Бизнес» бойынша оқыту жобасы барысында бағытын өзгертіп, жылқы шаруашылығымен айналысуды шешіпті. «Берілген қаражатқа 13 бас жылқы сатып аламын. Қазір тәулігіне 20 литр қымыз өндірсек, мал басы көбейген соң, өнім көлемі де арта түспек. Шаруашылыққа тұрақты жұмысқа төрт адамды алуды жоспарлап отырмын. Жеке ісімді ары қарай кеңейте бермекпін», – дейді ол.
Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне 3,1 мыңнан астам жұмыссыз және жас кәсіпкер оқытылған. Жоба бойынша өткен жылы және биыл оқытылғандарды қоса алғанда 1300-ден аса бизнес-жоба мемлекеттік бағдарламалар аясында гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алған.
С. НҮСІП.