«Баспана кезегім 598-ден 1312-ге неге сырғыды?»

0
1234

Бүгінгі қоғамда баспана дауы қамысқа тиген өрттей қаулап тұр. Кезекке он-он бес жылдап тұрып  әзер қолы жеткендер сапасыз салынған үйлерден жылу көрмей,  ақпарат құралдарын шулатып жүр. Тіпті, банктер арқылы ипотекалық баспана алғандардың дау-дамайы көгілдір экранды жарады.

Айына 70-80 мыңнан баспана үшін ипотека төлейміз. Алған үйіміз сапасыз салынған.  Не лифті істемейді, не жоғары қабатқа су көтерілмейді. Жаңбыр жауса шатырдан сорғалаған су  дүние-мүлкімізді құртты. Қыста жылымайды деп ұлардай шулағандар баспананы салған мердігерлер және қабылдап алған әкімдіктермен жүз шайқасып жүрсе, енді бірі баспана кезегіміз неге артқа сырғып кетті?? Біздің қолымыз қашан баспана кілтіне жетеді деп арыз-шағымдарын арқалап,   ақпарат құралдарынан көмек сұрайды. Мәселен, Талдықорған қаласында тұратын Бақыт Нұрғазинов ақсақалдың редакцияға жазған арызы бойынша Талдықорған қаласының  тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы  бөлімінің  басшысы Нұрым Әлиұлына  барып  төмендегідей жауап алдық.

Баяғыда Жиренше шешен күркеден аяғын шығарып жіберіп  «өз үйім өлең төсегім» деп  жата кеткен екен деген аңыз әпсәна бар-ды. Сол Жиренше айтпақшы, баспана мәселесі ХХI ғасырда өзектілігін жоймай тұр. Ауылда да, қалада да баспана, жер телімін сұрап, әкімдік  табалдырығын тоздырып жүргендер өзіміздің қара көздеріміз. Әсіресе, үй кезегінде тұрғандар талай мәрте даурығып, кезегіміз алда тұрсада  бізден кейін тұрғандар баспаналы болды. Әкімдік өздерінің тамыр-таныстарына үлестірді деген талай айғай шудың куәсі де болғанбыз.  Бұл тек  бір  Алматы облысына ғана тән құбылыс емес, республиканың барлық аймағында баспана жыры жиі шу болып тұрады. Кейінгі жылдары ұзақ кезекте тұрып,  сарылып,  сарғайып жүріп алған баспаналарынан олқылықтар шығып, ұлардай шулаған тұрғындарды да көріп жүрміз. Енді редакцияға шағымданған Бақыт Нұрғазиновтың баспана мәселесіне ойыссақ.

«2012 жылы тұрғын үй кезегіне 598-ші болып тіркеліп едім. Алға жылжудың орнына кері кетті. Өзім де, әйелім де зейнеткерміз. Өзім екінші топ мүгедегімін. Қалада  Барлыбек Сыртанұлы көшесіндегі 75 үйде пәтерде тұрамын. Жасым 70-ке таяп қалды. Алты адам құстың ұясындай бір бөлмені жалдап тұрып жатырмыз. Әкімдіктің табалдырығын тоздырып, шаршадық. Ел қатарлы баспанаға қол жеткізе алмадық. Үй кезегім 598-ден 1312-ге бірақ сырғыпты. Сонда мен қашан баспаналы боламын. Бұл барып тұран заңсыздық қой» деген Нұрғазиновтың өтінішіне орай мәселенің ақ-қарасын айыруға тырыстық.

«Бақсам бақа екен» демекші,  үй кезегінің кері сырғуына  баспана алудың жаңа реформасы себеп болыпты. Тұрғын үй бөлімінің басшысы  Нұрым Әлиұлының айтуынша, Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары заңы қайта қаралып, алты санатқа біріккен. Бұрын  болған 19 санат ықшамдалып бір арнаға жинақталған. Реформаланған жаңа санатқа орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектері, жетім балалар, көпбалалы аналар, әлеуметтік жағынан осал топтар, мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлер, сонымен қатар әскерилер мен ғарышқа ұшуға үміткерлер  және үйлері апатты жағдайда деп танылғандар заңда айрықша көрсетілген дейді.  2000  жылдан бастап  бізде заңсыз 19 санат болған. Олардың бәрі ретке келтірілді. Оны біз ойлап тапқан жоқпыз. 2017 жылдан бастап, «ЦСП» деген орталықтандырылған бағдарлама өндіріске енгізілді. Қазақшасы «Сервистік өнімдік бағдарлама, кезекте тұрушылардың бірыңғай тізілімі» деп аталады. Бұл бағдарлама «Нұр-Сұлтанда»  орталықтан басқарылады. Оны ешкімде өзертіп,  кезекті сырғыта алмайды. Баяғыдай тамыр-танысына береді. Әкімдік сатып жіберді. Туған-туысына бөліп береді.  Анаған-мынаған бөледі деген қауесет енді болмайды. 2020 жылдан бастап Қазақстан бойынша біріңғай база өндіріске алынды. Бұл бағдарлама 2021 жылдан бастап  іске аса бастады. Бұл заңға сәйкестендіру жоспары, заңсыздықтардың барлығын біріктіріп, заңға сәйкестендіріп, алты санатқа бөлінді. Бұл ТҮКШ-нің  немесе әкімнің ісі емес, бүкіл республика бойынша енгізілген бағдарлама.

Енді арызданушы Нұрғазинның  үй кезегінде 598 болып тұрып, неліктен артқа сырғып 1312-ші болып тұр деген сауалға келсек. Бұл кісі әлеуметтік осал топтар қатарына кезекке тұрған.  Екінші топ мүгедегі. Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен соғысқа теңестірілген ардагерлер мен бірінші екінші топтағы мүгедектер және созылмалы аурумен  ауыратындар, зейнеткерлер, жалғыз басты аналар, оралмандар, әскери қызметте 20 жылдан астам жұмыс істегендер, осы бағдарламаға кіргендіктен Нұрғазиновтың кезегі артқа жылжыды. Себеп кезекке тұрғандардың тізімі 2004 жылдан басталады. Сондықтан бұл жерде 9 категория бірігіп тұр. Бұл кісі үй кезегіне 2012 жылы тұрған және әлі де мүгедектік кезекте тұр екен. Бүгінгі таңда пәтер кезегінде 15000 адам бар. Оның ішінде әлеуметтік жағынан қорғалатындар 6 600 адам. Біз тек қана арендалық үйлерді кезекпен береміз. Былтыр мысалы 120 үй берілді. Биыл 200-300 үй берілу керек деп жоспарлануда.. Ол құрылыс бөлімі қанша үйді тапсырысқа береді соған байланысты. Биыл бізге несиелік үйден 55-60 пәтерлік төрт үй берілді. Олар бір бөлмелік, екі, үш және  төрт бөлмелік үйлер. Бұл «Шаңырақ» бағдарламасымен берілген баспаналар. Ал, ипотекалық үйлерді банктер береді. Несиелік үйге әлеуметтік осал топтарда қатыса алады. Олар кезекте тұрып,  «Бақытты отбасы» немесе жергілікті 20-25 бағдарламасымен қатыса алады. Несиеге қаражаты жетпегендерді біз алғашқы жарнасы ретінде бір миллион бес жүз мыңға  дейін баспана сертификатын береміз. Бұл қайтарымсыз, және қайтармалы несие немесе грант арқылы беріледі. Олар алдымен  банкке барып, рұқсат (одобрение) алады. Содан кейін бізге арыз жазады. Олардың үй алатын қаражаты жоқ болса, әрі кезекті әлеуметтік осал отбасына жатса және табыс көзі төмен болса, бұл кісілерге баспана сертификаты беріледі. Қалған соманы банк ай  сайынға бөліп береді, оны несие алғандар төлеп тұруға міндетті. Қаңтар айынан қазанға дейін баспана кезегіне 3000-ға жуық адам өтініш берген. Олардың 400-ге жуығы рұқсат  алды.  Ал, Нұрғазиновтың қашан үй алатынын дәл тұспалдап айта алмаймын. Тіпті, жылына 300 баспана бергеннің өзінде, бұл кісі төрт жылда үй ала алады.» Өліп қалсам үйсіз немерелерім далада қалама» деген сауалына орай, Құдай оның бетін әрі қылсын. Бір жағдай бола қалғанда оның әйелі немесе балалары немесе құжатта жазылған немерелері кезекті сақтап қала алады. Қазақстан бойынша  біріңғай сервистік, өнімдік бағдарламасына орай, Нұрғазиновтың үй кезегінің 598-ден 1312 не себепті сырғығанын  өзіне де түсіндіріп айттық. Тек қана бұл кісі емес, түсіндіру жұмыстары кезектері сырғыған және шағымданып келген үй кезегінде тұрушылардың барлығына арнайы жиын өткізіп айтылған болатын. Сондықтан бұл жерде ешқандай заң бұзушылық жоқ» деді, — Талдықорған қалалық тұрғын үй бөлімінің басшысы Нұрым Әлиұлы.

Мақала басында айтылғандай, жергілікті әкімдіктің құзырында болғанда 19 санатқа бөлінген пәтер кезегінде тұрушылардың «Сервистік өнімдік бағдарлама кезекте тұрушылардың  бірыңғай тізілімі»  үй кезегінде тұрып, кезектерінің артқа сырғығанына біраз адамдарды   қапаландырғаны  ақиқат.  Бірақ,  2021 жылға дейін  ескі қағидамен жұмыс атқарған әкімдікке бұл жаңа бағдарлама баспана туралы  дау-дамайдың түйінін тарқатады. Барлығы бір орталықтан басқарылады. Оны Нұр-Сұлтандағы электронды орталық қадағалайды. Бұл біздің жұмысты жеңілдетеді. Енді үйдің кезегінде тұрғандар электрондық жүйеде кезектерінің қаншалықты жылжығанын өздері де бақылай алады екен.

ТҮЙІН ОРНЫНА : Күрмеуі түйінді күйінде қалып тұрған баспана туралы алты санатты бағдарлама қаншалықты жемісін береді. Оны алдағы уақыт көрсетеді. Әзір көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көбіне-көп, құрылғанына төрт жыл болған, «Харекет» республикалық қайырымдылық қоры,  республика бойынша қазан айын қосқанда 506 баспана үлестірсе, ал Талдықорған қаласында 35 адамға  үй әперуге жәрдескескен. Сондай-ақ, облыс орталықтарындағы мешіт жанынан құрылған Республикалық «Зекет» қоры республика бойынша 460 баспана сыйға тартса,  соның 80-і Жетісу өңіріне берілген.   Жыл аяғына дейін тағы 3-4 баспана беру жоспарда бар дейді. Баспанадан зарыққан  адам бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрған Бақыт Нұрғазиновта мүмкін осы «Харекет» және «Зекет» республикалық қайрымдылық қорларына өтініш айтып көру керек шығар. Ал, тұрғын кезегімен баспана алу үшін әлі ұзақ уақыт күтуге тура келеді. Екі бірдей зейнеткердің, әрі әйелінің денсаулығына алаңдаған Бақыт ағамызға осы қайрымдылық қорлары жәрдемдесіп қалуы бек мүмкін..

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ