«Нұр Отанның» тоңын теріс киген «Аманат»
1999 жылы «Отан» құрылып, 2006 жылы «Нұр» деген атау жалғанып, «Нұр Отанға» айналған билік партиясы 23 жыл ғұмыр сүрді деп айтуға әлі ерте сияқты. Өйткені көпшілік үшін әзірге оның атауы ғана өзгерді. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табыну мақсатында «Сізден асқан көреген көсем де, шешен де жоқ» деп жағынған жағымпаздар тұңғыш Президенттің есімінің бастапқы үш әріпін алып «Отан» партиясын нұрға айналдырып жіберген еді. Бірақ нұрланып кеткен Қазақстанды көрмедік.
Елімізде Менделеев кестесіндегі қазба байлықтың барлық түрі бола тұра, мемлекет жемқорлықтың шылауында қалды. Өркендеген өндіріс орындары некен саяқ. Бар шикізатты сатып күнелткен Қазақстанда әлеуметтік жағдай ушықты. Оны қанды қаңтардағы қырғыннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеп, мемлекеттің бар байлығы 162 олигархтың қолында кеткенін ашық айтты. Бұл – экономикалық ахуал. Әлеуметтік саланың жақсаруы экономиканың дамуынсыз еш мүмкін емес. 23 жыл биліктің бағдарламасын жүзеге асырып келген «Нұр Отан» партиясына иық тірестіріп, теңесетін партия болмады. Болмады емес, болдырмады. Алтынбек Сәрсенбаев пен Әлихан Бәйменовтер бастаған қалың бұқара қостаған «Ақжол» партиясын билік араларына іріткі салып, екіге бөліп жіберді. Демократияны аңсағандарды қуғын-сүргінге салды. Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әбіләзов және Мұхтар Жәкішевтер құрған «ДВК» партиясы жөргегінде тұншықты. Бүгінде Еуропада жатып алып, халықты «көшеге шығыңдар» деп айтақтап жүрген Мұхтар Әбіләзов та заманында жемқорлықтың жолбарысына айналған. Серікболсын Әбділдин құрған компартия да талқандалып, Владислав Косарев бастаған бір бөлігі Парламент мәжілісінен орын алып, билікке жағынып қалт-құлт етіп, ақыры атауын ауыстырып үлгерді. Шынын айтқанда «Нұр Отан» өзге партиялардан оқшауланып, жылы-жұмсақты кертіп жеп келді. Зәулім ғимараттарда отырды. Қандай сайлау болса да «Нұр Отанның» алдына түсетін, тіпті құйысқан тістесіп қатар келетін партия болмады. Парламент және жергілікті мәслихат сайлауларында басым дауысты «Нұр Отан» олжалап, қалғандары шөміштен қалған қаспаққа қанағат етті. Бұл ащы да болса шындық, ақиқат. Оның құрамына мемлекеттік қызметкерлерден бастап, білім, денсаулық, мәдениет ошақтарының әрі ірі кәсіпорындардың өкілдері мен жұмысшылары мүшелікке тартылды. «Жұмыстан айырылып қаламыз ба» дегендер үнсіз бас шұлғып, билік партиясының айдауына көніп, жарнасын күні бүгінге дейін төлеп келеді. «Мың жыл тұрған құмыра құмға түссе де қирайды» дегендей, Елбасының дәуірі таусылып, қаңтардағы көтеріліске ұласып, «Нұр Отан» партиясының құрамында болған Отанын сатқан опасыздардың кесірінен Мемлекеттігін жоғалтып ала жаздаған қазақ елі бір Құдайдың, сонан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың табандылығының арқасында аман қалып, бейбіт өмірге қайта оралды. Билік тізгіні қолына толық тиген соң «Жаңа Қазақстан» құру жолында саяси реформа жасауға көшкен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы 28-ші қаңтарда «Нұр Отан» партиясының съезін өткізіп, саяси кеңес құрамы мен саяси бюро мүшелері ауысты. «Нұр Отан» партиясының съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы болып сайланып, партияның жұмысын түбегейлі өзгерту қажеттігін алға тартқан-ды. Көп кешікпей, яғни, 1 наурыз күні «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезі онлайн форматта өтті. Партияның саяси кеңес құрамы өзгертілді. Оған Премьер-министр Әлихан Смайылов Президент әкімшілігінің жетекшісі Мұрат Нұртілеу, «Астана» медициналық университетінің ректоры Камалжан Нәдіров, «Қазақ тілі қоғамының» вице-президенті Максим Рожин енді. Жөн дестік. Билік партиясы «Нұр Отанға» халықтың өкпесі қара қазандай екенін қаңтардағы оқиғада қалың бұқара ашық айтып, партияны тарату туралы талаптарын қойған-ды. «Арбаны да сындырмайын, өгізді де өлтірмейін» деген Президент партия атауын «Аманат» деп өзгертуге келісім берді. Бұл атаудың жайдан-жай алынбағаны, таңдаудың аманатқа түсуі де ұққан адамға ой салары анық.
Енді сол «Аманаттың» түп төркініне мән беріп көрелік. Қазақта «Аманатқа қиянат жүрмейді» деген аталы сөз бар. Бұдан қазақтың аманатшыл халық екенін көруге болады. «Аманатқа қиянат жасасаң түбі алдыңнан шығады» дейді. Қиянаттың көкесін ақыретке барып, қыл көпірден өткенде, Алланың алдына барып, сұрауға алғанда көресің деп сақтандырады және қиянат жасауға тыйым салады. Бірақ қазақ елі отыз жыл елді билеген биліктің әу баста сеніп тапсырған аманатына қиянат жасағанын көрді. Халық бір кісідей сеніп тапсырған аманат қайда? «Шал кет» деді. Беделі бес атанға жүк болған қадірлі кісіні партиясымен бірге жек көріп кетті. Ол аз десеңіз, қазақ өлімнен ұят күшті дейді. Ұяты өлген адамды кісі санатына қоспайды. Оған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген тәмсіл де бар. Осы мақал-мәтелдер тұнып тұрған Конститутция. Халық нақылының ішіндегі інжу-маржаны «Аманатты» партияға төл атау қылып алған екен. Енді арына, намысына адалдық танытып, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға тиісті «Аманат» партиясы «Нұр Отан» сияқты халыққа жеккөрінішті болмаса екен деп тілейік.
Съезде партияның атын «Аманат» деп атау туралы ұсынысты мәжіліс спикері Ерлан Қошанов жасады.
– «Жасыратын ештеңе жоқ, менде бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен «Аманат» деген атауға тоқталдық. Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз міне, осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады», – деді. Түсінген адамға бұл сөз мірдің оғындай қадалуы керек. Қағазбастылық пен бюрократияны сынап, одан бас тарту қажеттігін айтқан Президент Қ. Тоқаев мәжіліс пен мәслихаттағы фракция әрекетін белсендендіру қажеттігін алға тартып, «Қоғамдық талқылау, әлеуметтік желі мен қалалық алаңдардағы фокусты Парламентке бұрған дұрыс» деді. Ата-бабалар пайымын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бағамдап отыр. Енді бір партияның ғана жыры жырланбауға тиісті. Алдағы кезде аты дардай болғанымен, салмағы жоқ партиялардың орнына демократиялық жолда бәсекелестік танытып, өзіндік бағдарламаларымен мемлекеттің даму жолына сүбелі үлес қосатын, айбаты, қайраты бар партиялар құрылады деген сенім мол. Бұрынғыдай «Нұр Отанға» ғана айқара жол ашып беріп, қалған партияларды жантаққа жеккен жабағыдай жал-құйрығын күзеп, қақпайлап отырса, «Аманат» қиянат жасаса оның сұрауы болатынын билік партиясы жақсы түсінеді. Бір үміт, бір күдік араласқан қоғамда демократияның болар болмас білте шамы жарқырайды. Елдің көбі аты өзгергенмен заты өзгермей, «Аманат» партиясы тонын теріс аударып киген «Нұр Отанның» кебінін кигенмен бірдей десе, енді біразы Қасым-Жомарт Тоқаев ондайға жол бермейді, халқының үнін еститін партияға айналады дейді.
Партия демекші, белгілі халық жазушысы Олжас Сүйлейменов пен ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының Президенті Азаматхан Әміртай мен өзге де қоғам қайраткерлері партия құратынын хабарлады. «Байтақ» халықтық-экологиялық партиясын Әділет органдарында тіркеу мәселесі бойынша кезекті мәрте ұйымдастыру комитетінің отырысын өткізді.
Отырысқа Олжас Сүлейменов, Тоқтар Әубәкіров, Азаматхан Әміртайдан бөлек Ирак Елекеев, Орақ Әлиев, Виктор Сапульник секілді қоғам өкілдері, үкіметтік емес ұйым және ерікті экологиялық қозғалыстардың өкілдері қатысты. Партия құрушылар соңғы 5 жыл бойы ынталы топ Әділет органына тіркеу мәселесімен 9 рет жүгінгенін, барлық талаптар сақталғанына қарамастан үнемі тіркеуге бас тартып келгенін айтты.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 11 қаңтар күнгі Парламенттегі «Мемлекет пен қоғам қарым-қатынасын транформациялау қажеттігі туып отыр. Қоғамдық келісімнің жаңа форматы керек. Қазақстан саяси модернизация жолын жалғастырады. Бұл – менің принципті ұстанымым» деген сөздерінен кейін бізде партиямызды тіркеуге үміт пайда болды», – дейді ұйымдастыру комитеті. Халық құрылған және тіркеуге тұра алмай жүрген, жаңадан құрылатын партиялардың санын емес, сапасын көргісі келеді. Баяулап басталып жатқан «Жаңа Қазақстанда» демократияның жылы лебі еседі. Сонымен қош бол, «Нұр Отан», «Аманат» адал бол!» дейді халық.
А. БҰЛҒАҚОВ.