Құмар ойнаған кемпірлер, бұрмаланған ырымдар

0
1858

Қазақ  «Атан түйе ойнаса,  жұт болады»  дейді. Бүгінде сол атан түйелерден шықпаған сұмдық шығып жүр. Сөйте  тұра  жастарды кінәлаймыз ғой.  «Жастар бұзылды,  әдеп-ғұрыпты ұмытты,  үлкенді сыйламайды, бетімен кетті» дейміз. Сол жастарға үлгі-өнеге көрсететін үлкендердің өзі  карта ойнап,  стақан сыңғырлатып жүрсе,  ырым-жоралғыны бұрмаласа оны көрген жастар не істемейді. Қойшы картада тұрған не бар, жәй ойнап ермек қылған шығар дерсің. Бірақ, ақша тігіп ойнайды. Көл-көсір дастарханды жайып тастап орыстың харам суын ішкен кәрілер ойнақтаса «жұт» болмағанда не болады?

Ғаламтор деген иттің қаппайтыны, таратпайтыны жоқ екен. Ойнақтаған кәрілердің  де обал-сауабы  өздеріне болсын. Құмар ойнап отырып оны ғаламторға жүктеп несі бар десеңші. Қайбір жылдары Қызылорда облысындағы әжелердің  де карта ойнап, ащы суды  кесемен ішіп отырған бейнесюжетін көріп  ой сұмдық-ай,  «Шаншар» театрындағы Жүсіптің «біреу кесесімен, біреу шешесімен ішеді» дегені осы  екен  ғой дескенбіз. Әсілі, жастарды қателігін жастықпен жасады алды-артын болжамайтын, оттай лаулап тұрған шағы ғой деп кешіріммен қараймыз. Ал, асарын асап, жасарын жасағандар қателесcе қайтпекпіз. Жын-пері түртті дейміз бе? Шайтанның азғыруына арбалатындай ардагерлерге не болып жүр өзі?! Құмар ойынға құмартқандар кімдер деп таңғалмаңыз. Кәдімгі үйде отырған әжелер Батыс өңірінен болып шықты. Әлеуметтік желідегі бейнесюжетті қарасаңыз, аста-төк дастарханда жағалай түрегеп тұрған әжелеріміз стақан түйістіріп, одан қалса отырып алып ақша шықырлатып картаға бәс тігіп, құрақ көрпенің үстіне жайып тастап ойнап отыр. Оны бейнеге түсіріп әлеуметтік желіге салған жігіт Батыс Қазақстан облысына қонаққа барғандарын айтып,  ақша тігіп, карта ойнаған әжелер туралы былай дейді. Әр елдің салты басқа дейді ғой, біз жақта картаны аталар ойнап, апалар әңгіме-дүкен құрады. Бұл жақта әйелдер ойнап, аталар сырласады екен деп жәһаннамға жар салды. Зер салып қараған адамға іш пысқаннан ойнап жатпағаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Бәс тіккен карта іш пысқанның ойыны емес. Бұл кәрілерге жарасып та тұрған жоқ. Тек қонаққа барғанда ғана ойнайтын ойынға да  ұқсамайды. Әдетке айналған құмарлық ойын. Жалпы әйел адамдардың «қара касса» деген ойындары бар. Бұл құмар ойыннан мүлде бөлек. Онда ақша тікпейді, бірақ жинайды. Әр ай сайын бастарын қосып дастархан жайып, кезекпен бір-біріне үлестіріп жатады. Ал ақша тігіп, карта ойнаған үлкен кісілерге тым ерсі көрінеді екен. Бейнесюжетті талқылаған оқырмандардың пікіріне қарағанда бұл ойын Батыс өңірінде үрдіске айналғанға ұқсайды. «Атан түйе ойнаса жұт болды» деген тәмсілді бекерден-бекер тұздыққа алмадық. Көрмеген сұмдықты, қисынға келмейтін ырым-жоралғыны осы үлкендерден көретін болдық. Бесікке бөленген сәбидің бетінің ашық жатқанына қарамай, оған екі аяғын асып мініп алған әжей ойнақтап жүр. Көрген көзге үлкен адамның бұл қылығы әдепсіз көрінеді. Айналасындағылар қарқылдап күліп, таң-тамаша болуда. Біреуі тұрып бұл әйел адамға және үлкен кісіге тән қылық емес екенін айтпайды. «Өзіміз диуанамыз, кімге пір болғандаймыз» деп оның іс-әрекетін құптағандары шығар. «Әсілі, қазақта мұндай  ырым болған. Бірақ дәл мынадай ерсі болмаған» дейді этнографияға байланысты отыз жылдан бері мақала жазып жүрген журналист, дәстүр туралы журналдың қызметкері Сәния Әбдікәрімова.

«Бұл салтты баланың туған-туысына алғаш сәлем беруі деп атауға болады. Бұрын бала туғанда бесігіне құрметті, сыйлы жеті адамның сырт киімін жабатын. Яғни, сондай адам болсын деп ырымдайды. Сосын әжесі болсын немесе басқа сыйлы әйел адам бесікке мінген адамның ырымын жасап яғни, мына бейнесюжеттегідей ашық бесікке мініп алмай, алдымен нағашы жұртына сәлем бергізеді», – дейді этнограф.

Яғни,  этнограф, журналистің айтуынша, бесікті қолына ұстаған адам әр тараптың алдына барып, бұл сенің нағашыларың деп таныстырып, ол жаққа рахмет айтады. Бесік салуға жиналған әрбір туған-туысын солай таныстырып шығады. Мына жердегідей ерсі қылық танытып күлмейді. Бұны жасаған кісілер дәстүрдің түпкі мақсатын түсінбегендер дейді. Дәстүрді дәріптейміз деп даңғазаға айналдырып жібергендер «Бояушы, бояушы десе, сақалын бояпты» дегеннің керін жасады. Үлкен адам үлкендігін танытып көргенін, көкірегіне түйгенін кейінгіге өсиет қылып жатса игі. Ал жоғарыда атап өткен атан түйелер ұрпаққа қандай үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Біздің мақсат үлкендердің жолын кесу емес. «Үлкеннің жолын кеспе, көрінбей қаласың, кішінің жолын кеспе, көмусіз қаласың» деген аталы сөзді жадымызға тұмардай түйіп өскенбіз. Ер, әйел деп бөлмей-ақ қоялық. Ақ самайлы, ақ сақалды қариялар әдептен жаңылмасын деп тілеу тілеп жүргеніміз де жасырын емес. Алайда үлкендердің бойынан әдептілік емес жағыну, жалпақтау, екіжүзділікті көп көреміз. Енді келіп құмар ойнағандар, салт-дәстүрдің  түп мақсатын жете түсінбей өзі де сайқымазаққа айналған әжейден көргендерін кейінгі жастар жасап, ол әдетке айналып кетсе кімге күлкі, кімге түрпі. Өйткені, жаман әдет – вирус сияқты тез жұғады. Оны емдеп жазу мүмкін емес. Онсыз да елімізде идеологиялық ахуал қауіпті қалыпта.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, қыз ұзатып, келін алғандардан да, ас бергендерден  де небір асыра сілтеулерді көріп, көзіміз шарасынан шығатын болды. Құда мен құдағиды жерге төселген кілемге құшақтастырып көрпемен орап, бет сүйістіргенін әлеуметтік желіден тағы  көрдік. Бұл ешқандай дәстүрге жатпайды. Солтүстік аймақта құдағиды кілеммен лақтыру дәстүрін көріп, «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деген рас екен-ау дескенбіз. Желіде қызу талқыға түскен пікірталаста бір оқырман:  «Құда-құдағи бір көрпеде тең қартайсын деп,  көрпеде ау-натады. Ақ кілемге орап аунату жақсы үрдіс, жақсы ма-ғына. Оң жағына аунат деп жатыр байқасаңыздар. оң деген сөздің қазақта мағынасы терең ғой», – деп пәлсапа айтады.

Ойбай-ау, құда мен құдағи бір көрпеде тең қартайсын дейтіндей олар не келесіп жатыр ма? Керісінше екі жас өсіп-өніп, бір жастықта қартайсын деп ізгі тілек айтпай ма?  Құда мен құдағидың құдай қосқан серіктері бола тұра, бір көрпеде қартайсын деп, өмірлік қосақтарынан ажыратып жібере ме? Бұл сөз жас қосылған ерлі-зайыптыларға айтылмайды ма? Болары болып, бояуы сіңіп, ұлын өсіріп ұяға, қызын өсіріп қияға қондырған ата-ананы бір көрпеде қартайсын деп,  үйленіп жатқан баласымен бажа жасайын деп жүргендердің салты санатта жоқ. Мұндай салтты,  ырымды өз басым еш жерден оқыған емеспін. Ақ киізге отырғызып ханды көтерген дәстүріміз бар. Ойдан орып, қырдан қырып жаңалық ашып жүргендер ырым мен тыйымды жетік білмесе, өздерін де, кейінгі толқындарды да адастырмаулары керек. Карта ойнауда ешқандай ырымға жатпайды. Мұның күнәсі ауыр. Құмар ойындары туралы шариғатта:  «Бал ашқандар, құмар ойнағандар бұл шайтанның әрекеті» делінген. Демек, біздің  ақша тігіп карта, автомат ойын ойнап жүрген  әжелеріміз  шайтанмен жолдас болып жүр демеске ләжіміз жоқ. Ойнап қана қоймай, стақандарын ішімдікке толтырып харам сумен ауыздарын былғап жүр.

Бізде тоғызқұмалақ ойыны бар. Егер әже-аталарымыз іші пысып, еш қарекет таппай жүрсе неге тоғызқұмалақ ойнамасқа?! Мұны көрген бала-шаға да үлкеннен көргенін жасамай ма. Ақшасы қалтасына сыймай асып-тасып, шалқып жүргендер Қапшағай, Бурабайдағы одан қалса, көрші Бішкектегі ойынханаларға барып ойнақтап жүр емес пе? Қаншама жастар осы құмар ойынына салынып отбасын ойрандап, барынан айырылып, қарызға белшеден батып жүргені де жасырын емес. Өнер жұлдыздарының біразы осы құмар ойынының құрбаны болып, артынан өкініп кітап жазғандары да бар. Тіпті, айтыскерлер арасында осы құмар ойыннан әлі толық арыла алмай жүрген ақындарды білем. Бұл жәй көңіл көтеру үшін, зеріккенде болар-болмас ақша тігіп ойнаймыз онда тұрған не бар дегендер бала-шағаларына, келін-кепшіктеріне қандай өнеге көрсетіп жүргендерін білмейді емес, біледі. Бірақ соның түбіне зер салмай жүр. Құмар ойын демекші, кеудесіне «Алтын алқа» төсбелгісін таққан әженің автомат ойынына ақша салып, жан-тәнімен беріліп ойнап жатқанын тағы да ғаламтор желісі  көрсетті. Тіпті, артынан келген баланың «сіз ұттыңыз» деген сөзіне мән беріп бұрылып қарамайды да… «Қарасам ұтылып қаламын, әрі кетші» дейді. Құмар ойнаған кәрілер, ырым-жоралғыны бұрмалаған құда-құдағилар, бесікке мініп алып ойнақтаған әженің бейнесюжеттері желіге тарап, талқыға түскеннен кейін ойланды ма, ол жағы бізге беймәлім. Әйтеуір карта ойнағандардың бейнесі ғаламтордан өшіріліпті. Әсілі, үлкендер үлкендігінен жаңылмаса, кішілер кішілігін жоғалтпаса игі еді. Өйткені «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» деген тәмсіл бар. Бұл сөздің тәрбиелік мәні зор. Қарттарымыз аман сау жүрсін!

Айтақын МҰХАМАДИ

Суреттер ғаламтордан алынды.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ