Дәрігер болу оңай емес

0
1963

Бүгінде  Ақсу ауданында  14  дәрігерлік  амбулатория, 24 медициналық пункт жұмыс істеуде. Солардың бірі  –  Қызылағаш ауылдық  дәрігерлік емханасы. 

АТАЛМЫШ  медициналық  нысанның тыныс-тіршілігімен танысуда мекеме меңгерушісі  Гүлжамилә  СЫДЫҚОВА  ауылдық  дәрігерлік  амбулатория туралы  айтып  берді.

Оның сөзінше  емхана  «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы бойынша 63 млн. теңгеге күрделі жөндеуден  өткен. Бүгінде мұнда өз ісін жетік білетін мамандар 3 мыңнан аса халыққа   медициналық көмек көрсетіп  келеді.

Емдеу мекемесіндегі бес орындық күндізгі стационарда күн сайын тұрғындар тиісті медициналық көмек алады.  Қазіргі  таңда мұнда 17 адам жұмыс істейді. Атап айтсақ, 2 дәрігер, 15 орта буынды маман.  Біз ауылдықтардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына баса мән беріп, түсіндіру шараларын жиі жүргіземіз. Сондықтан да болар амбулаториядан адам үзілмейді. Тұрғындар емдеу мекемесіне жиі келіп, денсаулығын тексертіп тұруды әдетке айналдырған. Яғни, ауылдықтар ауырып ем іздегенше, ауырмайтын  жол  іздеудің маңызы зор екенін түсінеді – деген  емхана меңгерушісі  Гүлжамилә Әбибулақызы 2011 жылдан бері Ақсу ауданының медицина  саласына  қалтқысыз  үлесін қосып келетінін айтты. – 1985 жылдан  бері осы салада еңбек етіп келемін. Қарақалпақстаннан  Қазақстанға қоныс аударған  2011 жылдан бастап Ақсу аудандық орталық ауруханасында жалпы дәрігер болып қызметімді жалғастырдым.  Негізгі  мамандығым терапевт-дәрігер. Аудандық  ауруханада біраз уақыт жұмыс істеген соң сол кездегі бас дәрігер Әшімғали Құсайынұлы мені Қызылту ауылына жіберді. Осылай  2012-2017  жылдарға дейін сол жерде меңгерушілік міндетті атқардым. Бес жылдан кейін Қызылағаш ауылдық дәрігерлік  емханасына ауыстырып, бүгінге дейін  емхана меңгерушісі болып еңбек етудемін.

Қызылағаш ауылдық емханасына  Молалы,  Алажиде, Көлтабан, Ақтоған   сынды елді мекендердегі медициналық пункттер қарайды.  Емханамызда жұмыс істеп  келетін мамандардың басым бөлігі жастардан құралады. Барлығы да өз ісіне аса жауапкер-шілікпен қарайды. Сөз басында емханада 17 медицина  маманы жұмыс істейтінін тілге тиек еткен едім. Оның біреуі балалар дәрігері,  он бесі орта деңгейлі мамандар.

Негізінде, мейірбике деген медицинадағы үлкен әскер болып табылады ғой. Сондықтан олардың әрқайсысының есімін атап өткім келеді.  Олар:  Мархабат Бакшибаева (аға мейірбике), Жұмагүл Қасимова, Гүлжан Ақжамбекова,  Жансая Теміржан, Минар Қуантай, Айым Сейдрасилова, Күнсұлу Үргеншібаева, Назерке Керімбаева, Адалина Нұрахмет, Зира Қызырбек    (процедуралық медбике), Күлқас Мұқаметқанқызы (лаборант), Гүлжаз  Адалбек (акушерка),  әр секунды  санаулы фельдшерлер: Қаламқас Тасболатова, Данагүл Қызайбаева, Мақсат Мәулітов. 

Гүлжамилә  Әбибулақызы  соңғы жылдарда ауыл медицинасының алға жылжып, жақсарғанын,  аудандық аурухананың басшысынан бастап ондағы әр дәрігер қашанда  ауылдық  емхана мамандарына ақыл-кеңестерін айтып, көмек қолын созуға да әзір тұратынын   айтты.

Ауылдық емханада  дәрі-дәрмек те жеткілікті. Жедел жәрдемде істейтін фельдшер түскен шақыртуларға  уақытылы  көмек беруді басты міндет етіп қойған. Сондай-ақ, емханада балаларды, ересек адамдарды қабылдайтын бөлмелер, акушер-гинеколог, ЭКГ кабинеті, ауылдықтар үшін  күндіз келіп жатып, емделетін  бөлме де бар.

«Аудандық, облыстық кардиолог мамандар  да  бізге қол ұшын беріп,  әрдайым жәрдемдерін  аямайды. Кардиограмаға  түсірген соң түсінбей жатқандарымыз болса солардан сұраймыз. Күн-түн демей  хабарлассақ та әрдайым жәрдемдерін беруге әзір тұрады», – дейді емхана меңгерушісі.

Қырық жыл медицина саласында  жұмыс істеп келетін Гүлжамилә  Сыдықованың сөзінше  дәрігер болу үшін жүректілік пен мейірімділік керек. Мұнымен қоса медицина маманы кәсіби деңгейін өмір бойы жоғарылатып тұру қажет. «Үнемі ізденісте болып, тұрғындарға көмек көрсетіп, алғыстарын алсақ басты мақсатымызға жеткен боламыз»  – дейді ол.

***

МЕЙІРБИКЕЛЕРДІҢ медицинадағы үлкен әскер болып табылатындығын   осы емханада  35 жылдан астам уақыт медбике болып еңбек етіп келетін Гүлжан АҚЖАЛБЕКОВА да растайды.

Ол – Талдықорған  қаласындағы медициналық училищесін (қазіргі колледж) ойдағыдай тәмамдаған  соң жолдамамен  Қапал ауылындағы ауруханада алғашқы еңбек жолын бастайды. Екі жыл сол жерде  жұмыс істеп, 1986 жылдан  туған жері Қызылағаш ауылына  ауысады. Содан бері қарай бүгінге дейін өз міндетін адал атқарып келетін көпке үлгі медбикелердің бірі.

Мейірбике деген емделушінің күтімін ұйымдастырушы, орындаушы,   ықыласын қорғаушы ғана емес, жылы сөзбен психологиялық көмек те  беруші. Біздің қызмет ең жүгі ауыр жауапкершілікті  іс. Әр  науқаспен    жұмыс істейтіндіктен, мейірбикелерге ең бастысы жанашырлық, ептілік, жауапкершілік, жылы жүз қажет. Әр мейірбике өз ісін бес саусағындай білуі тиіс, білімді, сабырлы, жауапты болуы қажет. Өйткені, дәрігер емінің нәтижелі болуы медбикенің ем-домды уақытылы көрсетіп, өз міндетін мүлтіксіз атқаруына тікелей байланысты. Науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін де мейірбике. Бұл жұмыста босаңсуға, ісіңе салғырт қарауға болмайды. Сондықтан әрдайым жауынгер сияқты бабыңда болуың шарт,  – дейді ширек ғасырдан бері үздіксіз еңбек еткен Гүлжан Сейдахметқызы.

35 жыл деген аз уақыт емес. Әріптестері арасында, ел ішінде еңбегімен еленген Гүлжан Ақжалбекова мейірбике үшін  марапаттың  үлкені  –  адамдардың айтқан риясыз алғысы екенін айтады.

***

ДӘРІГЕР болуды арман ететіндер өте көп. Алайда, екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Олардың адам өміріне жауапкершілігі, құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек, ақ халатты кір шалдырмау керек екенін айтады  –  бар  өмірін медицинаға арнап келетін педиатр-дәрігер Ардақ ҚОЖАХМЕТОВА.

Кейіпкеріміздің сөзінше, Қожахметовтер отбасындағы он үш баланың үшеуі бірдей медицина саласын таңдапты. Бүгінде туған  бауыры Нұрлан Сейдахметұлы Талдықорған қаласындағы ауруханада  рентгенолог болып еңбек етсе, сіңлісі Роза Сейдахметқызы фельдшерлік мамандықты таңдап, қазір зейнеткерлікке шыққан. Алла қосқан қосағы Қалқаман Тұшпаров та  медицина саласында  еңбек етіпті. Қазіргі таңда  кенже қызының жолдасы, яғни күйеу баласы Уәлихан  Абылайханұлы да медицина саласының маманы екен.

–  Дәрігер  –  тәулігіне 24 сағат дәрігер. Бұл мамандыққа келуімнің тарихы ұзақ емес. Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде-ақ дәрігер болам деп  алдыма мақсат қойғанмын. Ақсу ауданының Қарагөз ауылында туып өстім. Орта мектепті бітірген соң Алматыдағы медицина институтына құжаттарымды тапсырып, емдеу факультетінің студенті атандым. Аталмыш оқу орнын 1978 жылы аяқтап, 1979 жылдан бастап  Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада терапевт-дәрігері  болып интернатурадан өттім. Ал  1980 жылдан Ақсу аудандық орталық ауруханасына  ауыстым. Мұнда бір жыл еңбек еткен соң мені туған ауылымдағы ауруханаға ауыстырды. 1982 жылға дейін ауылдық ауруханада меңгерушілік міндетті атқардым.  Сол жылы жолдасым  Алматы қаласындағы  медицина институтының  стоматология факультетіне оқуға түсіп, отбасымен сонда қоныс аудардық.  Сөйтіп, 1986 жылға дейін Алматыдағы  № 5 қалалық ауруханада еңбек жолын жалғадым. Жолдасым оқуын тәмамдаған жылы жолдамамен Қапал ауылдық ауруханасына стоматолог болып еңбек жолын бастады. Бір жыл жұмыс істеген соң  оны Қызылағаш ауылына ауыстырып,  2007 жылға дейін ауыл медицинасының  одан әрі жандануына екеулеп үлесімізді  қостық. Сол жылы оны Матай ауылындағы ауруханаға меңгеруші етіп тағайындады. Осы жерде бір жыл жұмыс жасаған соң жүрек талмасынан көз жұмды. Бұдан кейін басшылық тарапынан  меңгерушілік  міндетті атқару  маған  жүктелді. 2011 жылға дейін міндетімді мінсіз атқаруға күш салдым. Одан кейінгі  алты жылда   Қызылағаш  ауылдық дәрігерлік емханасында меңгеруші болдым. 2017 жылы денсаулығыма байланысты зейнеткерлікке шықтым.  Алайда, мамандығымнан қол үзгенім жоқ. Жалпы дәрігерлік курстан өтіп,  бүгінде емханада педиатр-дәрігері болып медицинаға  үлесімді  қосудамын.  Осы жылдар арасында өзімнен бір ғана  нәрсені талап еттім. Ол – қызметке, өзіңе деген адалдық. Адал маманның бойы қашан да ізгілікке толы болады,  – деп ағынан жарылды балалар дәрігері.  –  Қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат. Меніңше, әр адам өз ісінің маманы болу керек. Айтпағым,  денсаулық сақтау саласында лажбен жұмыс істеуге болмайды.

Оның медицинадағы  жұмыс өтілі 43 жыл. Дәрігерлік еңбек жолында талай қиын да қызықты кезеңді бастан өткерді. Өмір-жолы  естен кетпес түрлі оқиғаларға да толы.

«Қызылағаш елді мекені тура  жол үстінде орналасқан  ғой,  – деп жалғады сөзін Ардақ апай.  – Сондықтан  біз тек ауыл адамдарына ғана емес,  жол-көлік оқиғасына тап болған жандарға, қан қысымы, жүрегі ұстап қалған жолаушыларға да қолұшын беруге әрдайым әзір тұрамыз. Сондай оқиғалардың бірі әлі күнге көз алдымнан кетпейді.Талдықорғанға қаратуға алып бара жатқан жігіттің анасы тура  Қызылағаш ауылына кіргенде қан қысымы көтеріліп, асып-сасқан ол  бізден көмек сұрап келіпті. Жанымдағы медбике қыз екеуміз дер кезінде көмегімізді беріп,  анасын  аман-есен  Талдықорғандағы ауруханаға жеткіздік. Артынан кейін әлгі жігіт бізге арнайы келіп, алғысын айтты. Алдыңа келген  адамға  барынша қолұшыңды беріп,  көмектесе алсаң бұдан асқан бақыт жоқ қой. Осы жасқа жеткенше медицинада еңбек етіп келе жатқанымыздың өзі халықтың ыстық ықыласы мен алғысының арқасы деп ойлаймын.

Жастарға үйретер тағылымы мол дәрігердің еңбек жолында алған мақтау қағаздары да, алғыс хаттары да көп. Бірақ ол алдына ауырып келген жанның мейлі жас болсын, мейлі кәрі болсын, құлан таза айығып кеткенін көргеннен артық қуаныш бар деп ойламайды.  Ол – жұмысында сенімді серіктес, білікті дәрігер ғана емес, өмірде үш қызды тәрбиелеп жеткізген   ана,  немере сүйіп отырған  аяулы әже… Білгенге, қарапайым адами бақыт деген де осы болар.

«Дән ризамыз»

АУЫЛДЫҚ дәрігерлік емхананың тыныс-тіршілігімен танысуда елді мекен  тұрғындары да дәрігерлер жұмысына деген риясыз ыстық лебіздерін білдірді.

Назгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ: – Ауылымыздың емханасы өте жақсы.  Мұнда жұмыс істейтін дәрігерден бастап, мейірбикелерге дейін өз ісін жетік білетін мамандар. Ана ретінде  барлық дәрігерге, соның ішінде бар мейірімін төгіп, ісімен де, сөзімен де адам жанын баурап алатын  балалар дәрігері Ардақ Сейдахметқызына ерекше алғысымды айтқым келеді. Еңбегіне табыс тілеймін. Ауылымызда осындай білікті де білгір маманның барына шын қуаныштымын.  Қашанда   елдің ыстық ықыласына бөленіп жүре берсін.

Раиса СЕМСОЕВА: – Мен  қант диабетімен  учетта тұрмын. Осындағы күндізгі  бөлімге келіп қажетті ем-домды алып тұрамын. Мұндағы дәрігерлердің бәрі де өз ісін жақсы атқарады. Қашан келсең де  жылы пейілмен қарсы алып,  шығарып салады. Дәрі-дәрмектер  де тегін, бәрін уақытылы алып тұрамын.  Қажетті ақпаратты телефон арқылы жеткізіп тұрады. Өз істерін жауапкершілікпен атқарып келетін дәрігерлер  ісіне дән ризамын.

Бақыт АҚТАМБАЕВА: – Жасым сексенге аяқ басты. Кәрілік келген соң ауырмайтын  жерің жоқ. Сондықтан  әрдайым осындағы  ақ халаттылардың көмегіне жүгінемін. Жүрегім ауырады. Терапевт-дәрігер Гүлжамилә Әбибулақызының қабылдауына келіп  кардиограмадан өтіп тұрамын. Емханадан  дәрі-дәрмек  те  тегін беріледі. Дәрігер деген адам жанының арашашысы ғой. Ендеше, олардың  ел алдындағы еңбектері қашанда елеулі болсын деймін.

Ауылдық дәрігерлік емхананың абзал жандары  бүгінде  аудандық, облыстық дәрігерлермен   байланысты нығайта түскен. Емханаға  жүгінген науқаста  асқыну белгілері анықталған  жағдайда  дер шағында қаралуға да жол сілтеп, кеңестерін беріп отырады. Жалпы, ауыл емханасында еңбек ететін  әр медицина  маманы  дәрігерлік жолдағы басты міндет  – сапалы қызмет екенін жақсы түсінеді.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

АҚСУ АУДАНЫ

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ