Үздік келін Көксуда тұрады
Наурыз мерекесі қарсаңында Талдықорғанда қазақ келіндерінің «Жетісудың – үздік келіні» облыстық байқауы өтті. Оған іріктеуден өткен 13 үміткер қатысты. Дәстүрлі түрде үшінші жыл қатарынан өткізілген шарада ұлттық салт-дәстүрлер ұлықталып, келіншектердің өнері сыналды.
Жоба жетікшісінің сөзінше бұл байқауды ұйымдастырудағы мақсат – атадан балаға мирас болып келетін салт-дәстүрді ұлықтап, ұмыт қалған ұлттық тағамдар мен құндылықтарды насихаттап, қазақ келінінің нағыз бейнесін ашу, сондай-ақ осы сайыс арқылы өзге келіндерге де үлгі болу.
«Жалпы, отбасы мен некенің беріктігін нығайту, шаңырақтың шайқалмауындағы ененің алатын орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі келіндердің рөлін насихаттау, ене мен келін арасындағы сыйластықты күшейту, сол арқылы облыстағы жарасымды жанұяны, өнегелі келіндерді көпке үлгі ету – басты көздегеніміз болды. Байқауға ең алдымен енесінің жақсылығын жазған, сол екінші анасын шынайы жақсы көріп, оның мінезін көркемдеп, қазақтың әдеби тілімен сөз саптай білетін келіндерді таңдадық. Сонымен қатар қайын жұртының және әлеуметтік желідегі парақшамызға салынған суреттердің астына жазылған пікірге де құлақ астық. Солай іріктеуден он үш келін суырылып алға шықты», – дейді жоба ұйымдастырушысы Арай Әлімжанова.
Ұлттық сананы жаңғыртып, рухани құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған шарада келіндер өзара 4 кезең бойынша тапсырма орындап, өз ептіліктері мен пысықтығын көрсетті. Алдымен, ұлттық нақыштағы киім үлгісін киіп, өздерін таныстырды. Ұлттық тағамдарды дайындап, көпшілікке ұсынды. Байқауға қатысушылар салт-дәстүрден сұрақ-жауап кезеңінде де тексерілді. Ал соңғы апталында ізгілік пен ілтипаттың ізетін таныта жүріп, өз өнерлерін ортаға салды. Бірі актерлік шеберліктерін көрсетсе, енді бірі мың бұрала би билеп, ән айтып елді өзіне тәнті етті.
Жарыс белсенділерінің жанкүйерлері – енелері. Ыстық ұясынан алыстап, өзге шаңырақтан бақытын тапқан келіндер екінші аналарынан қолдау тапты. Бағзы заманнан жалғасып келетін ұрпақ сабақтастығы осы болса керек.
Жалпы жарысқа үміткерлер қыркүйек айынан бері іріктелген. Оған 50 жетісулық келін қатысуға ниет танытып, өтініш білдіріпті.
Байқау қорытындысына сәйкес, қарсыластарынан оқ бойы оза шыққан Көксу ауылының келіні – Айнұр Алтынбекова бас жүлдені иеленді. Жүлделі бірінші орынды талдықорғандық – Гүлшат Дүбірбаева қанжығасына байласа, екінші орын ақсулық – Бұлбұл Байсұлтан мен Шырын Аманбаеваға бұйырды. Үшінші орынды Кербұлақ ауданы мен Текелі қаласынан келген келіндер алды.
Байқауда ынталандыру мақсатындағы «Заманауи келін», «Үздік тағам иесі», «Салт-дәстүрге бай келін» сынды номинациялар бойынша да жүлделер қарастырылыпты. Жеңімпаздар мен қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар тапсырылды. Сайыс соңында көрермендер байқауды ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, осындай мәні мен маңызы зор шара жыл сайын өткізіліп тұрса екен деген тілектерін де жеткізді.
Арайлым НҰРЖАПАР