Ауыз су мен экологиялық ахуал қалыпқа келеді
Жетісу өңірінде екінші Швейцария аталып кеткен аймақ бар. Ол – Текелі қаласы. Тау бөктерлі, табиғаты көрген жанның көз жауын алатын өңірде отыз үш мыңдай тұрғын бар. Қала тұрғындарының басты мәселесіне айналған өзекті проблеманың бірі – экология мен ауыз су және қаладағы ескі үйлердің қала көркін бұзып тұрғанын жергілікті билікке жылма-жыл айтатын.
Ауыз суды Қора өзенінен алып келген қала тұрғындары көктем мезгілінде қар суы мен жауыннан өзен суы лайланып кететіндіктен таза суға зәру болатын. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев осы үш бірдей түйткілді мәселенің түбегейлі шешілгенін қала тұрғындарымен кездесуінде айтты. Сондай-ақ, өткен ғасырдан бері түйінін таппай келе жатқан экология проблемасы да оң шешімін таппақ деді. Үш ай бұрын қаламен танысуға келгенде, халықтың талап-тілектеріне құлақ түріп, жергілікті атқарушы билікке бірқатар тапсырма берген болатын. Араға уақыт салып, екінші мәрте барған өңір басшысы тапсырмалардың орындалуын қадағалап, қаланың алдағы даму бағытына зер салды. Тұрғындармен қайта жүздескен Қанат Алдабергенұлы «Sunlight Investments» ЖШС-мен меморандумға қол қойғанын жеткізді. Келісімге сәйкес, Текелідегі зиянды қалдықтар қоймасын рекультивациялап, одан шыққан қалдықтарды жаңадан салынатын ірі тау-кен байыту комбинатында шикізат ретінде пайдалану қолға алынатынын айтты. Енді қала шетіндегі қойма толықтай тазартылып, қаладан алыс жерге көшірілмек. Бұл жоба 2022-2032 жылдары іске асырлатын болады. Бұған дейін қаланың экологиялық ахуалына алаңдап келген текеліліктер енді таза ауыз сумен және қаланың шырқын бұзып, ауасын ластаған қалдықтардан біржола құтылмақ. Сондай-ақ, биыл темірді қалпына келтірумен айналысатын жылдық қуаты 120 мың тонналық «Электромарганец» ЖШС зауыты іске қосылады. Оған 15,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, бір мыңдай жұмыс орны ашылмақ. Қаладағы апатты үйлердің мәселесі де кезең-кезеңімен шешілетінін айтқан облыс әкімі Бөлтірік шешен, Қонаев, Кошевой, Төле би көшелеріндегі апатты үйлердің тұрғындарын көшіріп, орналастыруға қажетті қаржы бөлуді мәслихат қарастырып жатқанын, «Кордон» тұрғындарының мәселелері бойынша дәріхана пункті салынып, Қонаев, Кошевой көшелерінің бұрылысын абаттандыруға, жиырма көшені орташа жөндеуге және бірінші, екінші кордонды жарықтандыруға жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленді деді. Алайда, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу ісі әлі де артта қалып келеді. Бұл аймақтың инвестиция тартуда облыстағы үлесі небәрі 0,2%.
«Өндірістік аймақта бос жер жоқ, кәсіпорындардың біразы маусымдық кезеңдерде ғана жұмыс істейді, ал құрал-жабдықтары тозған. Мәселен «Суффле Қазақстан» ашытқы зауытында шикізат жетіспейді, таза сумен қамтуда қиындықтар бар. Сондықтан облыста арпа өсіру көлемін арттырып, зауытты өз шикізатымызбен қамтамасыз етуді тапсырамын. Кәсіпорынды таза сумен қамтуға қажетті құжаттарды тиісті мекеме жылдам дайындап бітіруі керек. Қала әкімінің бұл бағыттағы жұмысы сылбыр. Текелінің табиғи-рекреациялық әлеуеті зор, ішкі туризмді тең дамытуға болады. Ол үшін туристік инфрақұрылымды дамытудың нақты жоспары жасалуы тиіс. Қалада шағын және орта бизнесті де өркендетуге мүмкіндік мол. Соған қарамастан Текелінің облыстағы шағын және орта бизнестегі үлесі 1% ғана. «Талдықорған – Текелі» магистральды газ құбыры 2018 жылы тартылғанымен бүгінге дейін 51 жеке тұрғын үй ғана газға қосылған» , – деді Қанат Бозымбаев.
Облыс басшысы қаладағы олқылықтарды атап өтіп, жұмысты жандандыруға қатысты нақты тапсырмалар берді.
Айтақын МҰХАМАДИ