Зиянды қойма түбегейлі жойылады

0
1112

Текелі қаласына, жақын елді мекендерге экологиялық зардабын тигізіп отырған қалдық қоймасын рекультивациялау мәселесі түбегейлі шешілетін болды.

Бұл туралы Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың​ «Sunlight Investments» компаниясының басшылығымен кездесуі кезінде егжей-тегжейлі айтылды. Осы орайда екі тарап Текелі қаласында қолға алынатын ірі инвестициялық жоба меморандумына қол қойды.

1942-1996 жылдар аралығында жұмыс істеген Текелі қорғасын-мырыш комбинатының қалдықтары қоршаған ортаға зиянын тигізіп, халықтың денсаулығына кері әсерін тигізіп келеді. Енді «Sunlight Investments» компаниясы Текеліде тау-кен байыту комбинатын салып, оған жылдар бойы жинақталып қалған қалдықтарды шикізат ретінде қолдануды жоспарлап отыр. Компания жалпы осы жобаға 200 млрд. теңгедей инвестиция салмақ, оның  60 млрд.  теңгесі тау-кен байыту комбинатының құрылысына жұмсалады.

«Мемлекет басшысы моноқалаларды дамытуға, қала құраушы кәсіпорындар мен «Зәкірлік» жобалардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікті дамыту мен инвесторлар тарту үшін қолайлы ахуал жасауға бірқатар тапсырма берді. Моноқала Текеліде жылдар бойы қордаланған қалдық қоймасын сіздер ұсынып отырған халықаралық үздік тәжірибені қолдана отырып рекультивациялау қаланың экологиялық климатына оң әсер ететін болады. Бұл жоба арқылы біз Кеңестік кезеңнен бері қордаланып қалған экологиялық мәселені шешеміз, екіншіден өңірге инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашамыз. Сіздердің мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға қатысты қосымша әлеуметтік міндеттемелер алуға, әлеуметтік тұрғын үйлер мен спорт алаңдарын салуға деген  ниеттеріңіз  басқа инвесторларға да үлгі. Бұл 33 мыңдай халқы бар моно-қаланың дамуына үлкен серпін беретін жоба болады деп ойлаймын» , – деді Қанат Бозымбаев.

Аталмыш жобаның жетекшісі Уәлихан Атагелдиев рекультивация жұмыстары қалай жүргізілетінін егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның айтуынша, жинақталған қалдықтар қаладан 10-15 шақырым қашықтыққа, қауіпсіз жерге шығарылып, сол жерде өңдеуден өткізіледі. Комбинатқа шикізат ретінде пайдаланылады. Ал комбинаттың қалдықтары заманауи талаптарға сәйкес көмілетін болады. «Қалдық қоймасының орнын абаттандыру, көркейту жұмыстары Текелі қаласының жергілікті әкімдігімен келісіліп атқарылады. Тау-кен байыту комбинатын салу кезінде жергілікті тұрғындардан 400-дей адам жұмысқа тартылады, ал кәсіпорын іске қосылғанда 550 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Жобаның қуаты жылына 2,5 млн. тонна өңдеуге жетеді. Толық циклда жұмыс істейтін комбинаттың іске қосылуы Текелінің экологиялық мәселесінің түбегейлі шешілуіне оң ықпал ықпал етеді»,  – деді У. Атагелдиев.

Жиын соңында облыс әкімі мен жоба жетекшісі меморандумға отырды, ал Текелі қаласының әкімдігі мен қалалық мәслихат жобаға қатысты келісімдерге қой қойды.

***

Тағы бір жаңа зауыт салынады

Талдықорғанда «Asma Industrial» ЖШС стационарлық аккумулятор батареяларын  шығаратын  зауыт салуға ниеттеніп отыр. Оған 3,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, кәсіпорынға 120 адам жұмысқа орналастырылады. Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев осы жобаға қатысты «Asma Industrial» ЖШС өкілдерімен кездесіп, меморандумға қол қойды.  Бұл туралы  Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Талдықорған  машина жасаудың экспортқа бағытталған өнімдерін шығарудың орталығына айналды десе де болады. Бұл жағынан алғанда бізде аккумулятор батареяларын, кабель өнімдерін, коммуналдық құрылғылар, электр насостарын шығаратын «Қайнар АКБ» зауыты, «АСПМК-519» кәсіпорындар тобы, «Азия электрик» сияқты  көшбасшы кәсіпорындар бар.

Енді сол қатарға тағы бір жаңа зауыт – «Asma Industrial» ЖШС-ның өндірістік аккумулятор батареяла-рын шығаратын кәсіпорын қосылғалы отыр. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін біз қажетті барлық инфрақұрылым-мен қамтамасыз ететін боламыз. Инвесторлар өз тарапынан өндірістік қорғасынды-қышқылды батареялар шы-ғарудағы технология трансферттерін іске асырып, жергілікті тұрғындарға жұмыс береді. Сонымен бірге қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді барынша мол пайдаланатын болады.  Ұсыныстарыңыз  болса  сіздерді тыңдауға әзірмін,  – деді Қанат Бозымбаев.

Өз кезегінде «Asma Industrial» ЖШС басшысы Серік Ажмағамбетов жобаның ерекшелігіне тоқталып, алдағы жоспарлары туралы қысқаша айтып берді.

– «Қайнар АКБ» зауытымен салыстырғанда біздің өндірістің ауқымы әзірге үлкен емес. Бірақ біз негізінен әлі игерілмеген салаларға көбірек ден қойғанды жөн көрдік. Яғни, біздің батареялар телекоммуникацияда, энергетикада, темір жолда, жаңартылған энергия көздерін пайдалануға қолданылады. Өнімді өткізу нарығы қазірден анықталды. Пост-кеңестік елдер, Азия мемлекеттері, Еуропаның бірқатар елдері өнімдерімізді алуға дайын. Шығыс өнеркәсіп аймағынан зауыт салуға қажетті жер сатып алдық. Зауытқа орнататын құрал-жабдықтарымыз түгел, «Қайнар АКБ» базасында дайындалған мамандарымыз бар. Материалдық-кадрлық мүмкіндіктеріміз жеткілікті болғандықтан жаңа кәсіпорынды табысты жүргіземіз деп сенемін, – деді С. Ажмағамбетов.

Кездесуде  айтылғандай, жобаны іске асыру үшін қажетті қосалқы электр стансасының, кәріз жүйесінің,  зауыт шекарасына дейін газ құбырын тарту сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге облыс әкімдігі толықтай қолдау көрсетеді.

– Алматы облысының су, жел, күн энергиясын өндіруге табиғи мүмкіндігі мол. Ал жаңа зауыт шығарғалы отырған батареялар сол жаңарған энергия көздерін бойына жинақтап, электр қуатының ауа райына тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жобаның болашағы зор. Бұл саланы дамыту ел экономикасына жаңа серпін береді,  – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Жалпы «Asma Industrial» ЖШС-ның стационарлық аккумулятор батареяларын шығаратын зауыттың құрылысы 2022-2023 жылдары жүргізіледі. Кәсіпорын жылына 210 мың дана көлемінде өнім шығарады деп жоспарланып отыр. Жобаны іске асыруға 3,2 млрд. теңге инвестиция салынып, 120 адам жұмысқа тартылады. Зауыт толық қуатына шыққанда жұмысшы саны 250-ге жетеді деп жоспарланған. Шығарылған өнімнің 84 мың данасы ішкі нарыққа, 126 мыңы экспортқа бағытталатын болады.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ