Жеңімпаздар анықталды

0
1366

Талдықорған қаласы І. Жансүгіров Мәдениет сарайында  КСРО Халық әртісі Мұқан Төлебаев атындағы VI  Халықаралық «Кестелі Орамал» вокалистер байқауы өз мәресіне жетті.

Жыл сайын дәстүрге айналған атаулы шараны Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды. Байқауға екі кезең бойынша жалпы саны 33 үміткер қатысып,  іріктеуден өткен 16 өнерпаз ақтық сында бақ сынасты.

Вокалистер шығармаларын  Мұқан Төлебаев атындағы  халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен  орындап  шықты.

Байқаудың  жалпы  мақсаты  – ән өнерін дамытып, жастар арасындағы әншілік өнердің кәсіби деңгейге көтерілуіне жол ашу,  халқымыздың асыл қазынасына айналған композиторларының шығармаларын насихаттау.

Қатысушылардың  өнеріне баға беру үшін халқаралық деңгейдегі танымал мәдениет және өнер қайраткерлері шақырылды. Атап айтсақ, ҚР және Татарстан  Республикасының Халық әртісі,  Өзбекстан  Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, алқа төрағасы Нұржамал Үсенбаева, Қырғыз Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, А. Малдыбаев атындағы  Қырғыз академиялық опера және балет театрының  жетекші солисі Телек Найманбаев,  ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Вокалдық өнер» кафедрасының профессоры, «Астана-Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының Опера труппасының директоры Азамат Жылтыркөзов,  ҚР білім беру ісінің үздігі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының «Вокал өнері» кафедрасының  доценті Торғын Смайлова,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана-Опера» МОБ театрының жетекші солисі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Вокалдық өнер» кафедрасының доценті Бибігүл Жанұзақ секілді музыка өнерінің майталмандары  қатысушылардың дейгейін сараптап, шара соңында жеңімпаздарды марапаттады.

Байқау қорытындысы бойынша  үшінші орын мен  200 000 теңгелік сертификатты қырғызстандық Сомколбек Алмасбекұлы, талдықорғандық Бауыржан Мырзабеков, әйелдер арасында талдықорғандық Ақгүл Жиенбаева және астаналық Әйгерім  Ораз иеленді.

Жүлделі екінші орын және 250 000 теңгелік сертификатты Шығыс Қазақстан облысынан келген  Мақсат Саматов пен Шымкент қаласынан Аян Төлеген және Қызылорда облысынан Әзиза Әбдірайым мен  алматылық Салтанат Мұратқызы қанжығасына байлады.

Жүлделі бірінші дәрежелі диплом мен 600 000 теңгелік сертификатты Жамбыл облысы, Тараздан келген Дінмұхамед Көшкінбаев және Елордадан  келген Фируза Рахметоваға табысталды.

Бас жүлде және 1 000 000 теңгенінің сертификаты астаналық Айгерім Аманжоловаға бұйырды.

Марапаттаудан кейін жеңімпаздар мен өнер майталмандары естелікке суретке түсіп, байқау  соңы  Гала-коцертке ұласты.

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ