Ақтөбелік тұрғындар медициналық тексеруден өтті
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында адамдардың денсаулығын жақсартуға жан-жақты қолғабыс жасау, ауыл тұрғындарына тегін медициналық қызмет көрсетуі жайлы айтылған болатын. Бұл бағытта Ақсу аудандық орталық ауруханасында да көп істер тындырылуда.
Күні кеше Ақсу аудандық орталық ауруханасының директоры Салтанат Мықтыбаева бастаған дәрігерлер – Айгүл Оралбекова (терапевт, УЗИ маманы) Амина Искакова (акушер-гинеколог) Суықсай ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылының тұрғылықты тұрғындары үшін тегін профилактикалық-дәрігерлік тексеру жүргізді.
Ауылдағы шағын мектепте өткен профилактикалық-дәрігерлік тексеру жүргізу алдында аурухана директоры, невропатолог Салтанат Жексембекқызы ауыл халқының денсаулығына жіті мән беруде осындай медициналық тексерулер ұйымдастырылып тұратынын айтты. Сонымен қатар ол мұндай шағын ауылға фельдшерлік пункт салынбайтынын, қажетті жағдайда ауданнан арнайы мобильді топ келетінін, бүгінге дейін Суықсай ауылдық амбулаториясының дәрігерлері қызмет етіп келді, ары қарай да солай болады деді. Осы орайда ауыл тұрғындарының «алғашқы көмек беруде бір медбике болса» деген өтініштерінің қарастырылатындығын да тілге тиек етті.
Аудан орталығынан арнайы келген дәрігерлер ауыл адамдарын мұқият тексеріп, қажетті ақыл-кеңестерін берді. Ауыл халқының денсаулығын жақсартуда дәрігерлер қызметіне тәнті болған тұрғындар өз ризашылықтарын білдірді. Ал, мұндай профилактикалық-дәрігерлік тексерулер алдағы уақытта да жалғасын табады.
Сарби ӘЙТЕНОВА