ДАЛА КҮНІ: Қант қызылшасын өсіру мәселесі талқыланды

0
349

Елімізде ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Соның ішінде бүгінде өзекті тақырыпқа айналған қант қызылшасы шаруашылығын оңтайландыруды арттыруға айрықша көңіл бөлініп отыр.

Сала министрлігі Президент тапсырмасынан кейін білек сыбана кіріскен алғашқы шаруа – тәтті түбір алқабының көлемін арттыру болды. Республикамызда бірер жылда қант қызылшасы дақылдарын егуді 60 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл жаңа суармалы жерлерді іске қосу есебінен жүргізілмек. Ел диқандарына тағы бір қолдау – қызылшаны сатып алу құны биыл 30 мың теңгеге көтерілді. Бұрын  бұл баға шаруалардың шығынын ақтамайтын. Атап айтсақ,  2021 жылы зауыт пен мемлекет бір келі қызылша үшін еңбеккерлерге 20 мың теңге төлеп келген. Ал осы жылы қант зауыттарына сатып алу бағасы өсті. Яғни қызылшаға зауыт тарапынан – 15 мың, субсидия есебінен – 15 мың теңге беріледі. Осылайша 1 тонна қант қызылшасы үшін диқандар отыз мың теңге алып отырады. Бұл былтырғымен салыстырғанда 10 мың теңгеге артық.

Бүгінде жалпы мемлекет бойынша іске қосылған 7 қант зауытының төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Оның ішінде Жетісу облысы бойынша Ақсу және Көксу зауыты өз қызметтерін атқаруда.  Жетісу және Жамбыл облыстарындағы өндіріс ошағы жүктеменің 31%-ын ғана жаба алады. Ал еліміз  90 % импорттық қантқа тәуелді. Демек қант өндірісін 7 есеге,  254 мың тоннаға дейін ұлғайту, қант импортын 32 %-ға төмендету жоспарланып отыр.

Жетісу облысына қарасты Кербұлақ ауданындағы Жоламан массиві «Қызылшоқы» шаруа қожалығында «Қант қызылшасын өсірудегі дәлдік технология» тақырыбындағы  Дала күні  өтті. Айтулы  шара «Жаңа Қазақстандағы Жаңа ауыл» жобасы аясында ұйымдастырылды. 100-ге жуық диқан жиналған іс-шараның мақсаты – шаруаларға суды үнемді пайдаланудың тиімділігін тәжірибеде көрсету болды. Себебі қант қызылшасын өсірудегі өзекті мәселенің бірі – су тапшылығы.

Шаруаларға қатысты арнайы ұйымдастырылған шараға  «Ауыл» партиясы хатшысы, саяси кеңес президиумның мүшесі Анас Баққожаев, партияның облыстық филиалының басшылары мен белсенділері, сонымен бірге партия тізімімен сайланған мәслихат депутаттары қатысты.

«Ауыл» партиясының «Жаңа Қазақстанға Жаңа ауыл» жобасы 2022 жылдың мамыр айында басталған болатын. Жыл соңына дейін созылатын осы секілді кешенді шаралар партия мүшелерінің, депутаттары мен меценаттарының арнайы жобаларын ұйымдастыруды көздеп және республиканың барлық аймағында іске аспақ. Ондағы басты мақсат – ауылды аймақтарды дамытудың тың моделдерін іске асырып, Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту бойынша жасаған бастамаларына партия тарапынан үн қосып, қолдау көрсету болып табылады.

Шара барысында  «Ауыл» партиясы хатшысы, саяси кеңес президиумның мүшесі Анас Баққожаев   үнемдеп суару жүйелерінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне, жалпы агросалаға беретін мүмкіндіктер туралы сөз етті. Оның айтуынша жыл сайын Қазақстанның су қорлары азайып барады. Өзен-көлі мол Алматы мен Жетісу облыстарының өзінде табиғи су көздерінің шөгуі көпшілікті алаңдатып отыр. Былтырдың өзінде тау басындағы қар қорының төмен болуы шаруалар арасына үрей салып, қант қызылшасы алқаптарының кемуіне әкеп соққан.

– Еліміз жыл сайын 532 мың тонна қант тұтынады. Ішкі нарықтағы сұранысты кем дегенде 80 пайыз деңгейде өтеу үшін қызылша алқаптарын қазіргі көрсеткіштен кем дегенде 20 есе ұлғайту керек. Ал, бұл – су тапшы болып тұрғанда мүмкін емес деуге болады. Демек дәл агротехникаларды, оның ішінде суды үнемдеу құрылғыларын пайдалану арқылы қызылшаның өнімділігін көтеру қажет. Табиғи су көздері шөгіп жатқан кезде заманауи технологияларды әкеліп, жасанды суару технологиясының арқасында шаруалардың тиімділігін көтеріп, экономикалық жағдайын жаңартсақ,    шаруалар  мен  ауылдағы  адамдарға да  жұмыс табылады. Сонымен қатар ауыл инфрақұрылымына  көмек болады. Біздегі ең басты мақсат осы, – дейді «Ауыл» ХДПП хатшысы Анас БАҚҚОЖАЕВ.

Биыл Жоламан массивындағы «Қызылшоқы» серіктестігі жерге алғаш рет қант қызылшасын екті. Егістіктің жалпы көлемі 314 гектарды құрайды. Өнімді мол алғысы келетін шаруаға ең алдымен су керек. Сол себепті шаруа қожалығының басшысы Алдан Бекеев қаражат көзін тауып, бұрыннан істен шығып қалған жаңбырлатқыш фригаттар орнына жаңа заманауи 10 АФКО техника-машиналарын орнатып, соның көмегімен қызылшаларын суарып отыр.

Дәл бүгінгі күнге дейін бұл өңірде үнемі қуаңшылық болатын. Шаруа бірде бір рет қызылша егіп көрмесе де өнімді жақсы алатынына үмітті.

Жылдан-жылға су қорлары азайғандықтан қант қызылшасы алқаптарының аумағы кеміп кеткен болатын. Дегенмен «Қызылшоқы» серіктестігі басшысы суды үнемді пайдаланып, алқапты тамшылатып суғаруға көшіпті. Сол мақсатта лизинг көмегіне жүгінген.

Алдан БЕКЕЕВ, «Қызылшоқы» серіктестігінің директоры: – Былтыр қожалыққа 12 дана техникалық-машина  алып, биыл көктемде қант қызылшасын егуді қолға алдық. Өнімді егуді жақсылап қолға алатын болсаң, өте жақсы өнім береді. Сапалы өнім алу үшін оған артылар жүк те соншалық болмақ. Ол үшін үлкен жұмыс жасап, тер төгу керек. Міне, көктемнен бастап бүгінгі күнге дейін тынбай қызмет етіп келеміз. Біздің өңірде тарихта болмаған нәрсе болып отыр. Себебі мынадай шөлейт далада  қант қызылшасын егу оңай шаруа емес. Ол үшін 1 млрд. 385 миллион қаражатқа  техникалар алдық. Басында бұл жерге көпжылдық шөп себемін деп ойлағанмын. Себебі қант қызылшасы шықпайды деген ойлар да болды. Алайда «шешінген судан тайынбас» демекші, не болса да тәуекел еттім. Жалпы 314 гектар жер теліміне қызылша егілді. Лизинг арқылы тамшылап суаратын 12 техника (дождевальный машина) алдық. Соның арқасында биыл Алла қаласа, қант қызылшамызды суарып, тәтті түбірді молынан алып, келешекте өнімді 800-1000 гектарға жеткізсек деген жоспарымыз бар.

Бүгінде бұл шаруашылықта 85 адам жұмыс жасайды, оның ішінде тек қант қызылшасына жауапты 24 адам қызмет етеді. Жерден насоспен су шығарып техникалық-машиналардың көмегімен әрқайсысы 55 гектардан суғарып, барлық жер телімін қамтып отыр. Ал жерге себілген қызылша тұқымы СПК «Жетісу» арқылы алынған. Алқапқа себілген «Новелла», «Ардан» деген сорттардың нәтижесі жаман емес, екеуінің де өнімділігі жақсы.

Шаруа серіктестігі басшысының айтуынша мемлекет тарапынан да қожалыққа үлкен көмектер жасалуда. Мәселен,  мұнда алынған техникалардың 50 пайызын  мемлекеттің төлегенін айтады. «Қызылшоқы» серіктестігінің жер телімінің жалпы саны 11 мың гектар. Мұнда қызылшадан бөлек жаздық арпа, күздік бидай және мақсар (сопфор ) егіледі. Соның жартысына үкімет тарапынан айтарлықтай көңіл бөлінуде.

Жиын  барысында  аграрлы саладағы мемлекеттік қолдау тетіктері бойынша да мәселелер көтерілді.  «Ауыл» ХДПП хатшысы Анас Ахатұлының сөзінше қазіргі кезде үнемдеп суару жүйелерінің қолжетімді болуы өте маңызды. Себебі өнімділікті көтеруге бел буған шаруалар көп, алайда бәрінің бірдей кепілдікке беретін мүлкі жоқ. Сондықтан  «BNK Group» компаниясының шаруаларға ұсынған лизинг механизмі өте тиімді болып отыр. Қондырғылар бағасының тең жартысы субсидия арқылы өтеледі. Демек шаруалар үшін құны екі есе арзандайды деген сөз. Қалған 50 пайызының жартысы алғашқы жарна болып төленеді де, қалғаны бойынша төлемдер 3 жылға дейін ұзартылады. Сол себептен АӨК мемлекеттік қолдау саясатын реформалау барысында суармалы  жерлерді игеруге бағытталған инвестициялық субсидиялар қалуы тиіс.

Іс-шара аясында  Павлодар, Жамбыл мен Жетісу өңірінің шаруалары қант қызылшасын өсіру жөнінде өз пікірлерін ортаға салды. Олар  үнемді суару жүйелерімен қатар тұқым, тыңайтқыш пен гербицидтерге тиісті мән беру жайында да  сөз қозғады.

Шараға  қатысушылардың бірі  Ауыл шаруашылығы академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы Асқар Шарипов та өз ұсынысын  айтып, пікір білдірді.

Мен  Жетісу облыстық қауымдастығының басшысы ретінде сайландым. Кезінде осы қызылша бойынша докторлық диссертация қорғаған болатынмын. Бұл тақырыпты айналып жүргеніме 30-40 жылдай уақыт болыпты. Қызылша –республика бойынша өте өзекті мәселеге айналды. Қазір өздеріңіз білесіздер тәтті түбірді өзіміздің өнім ретінде қамтамасыз ету процесі жүзеге асып келеді. Әрине, ең бірінші кезекте бұл өте күрделі мәселе. Оны өсіру шаруасын қолға алу қарқынды түрде жүзеге асуды талап етеді. Қант қызылшасын өсірудің салмағы біздің Жетісу облысына да түсіп тұр. Себебі Жамбыл, Павлодар облыстарын айтпағанда қант шаруашылығымен айналысатын шаруалар біздің Жетісу облысында қалды. Бүгінгі келіп отырған «Жоламан» массивы, «Қызылшоқы» серіктестігінің ерекшелігі – жер асты суларын пайдалану арқылы өнімді өндіріп отыр. Бұрын  бұл жерде қант қызылшасымен мүлдем шұғылданбайтын. Жалпы облыс бойынша жер асты суларын пайдалану арқылы өнімді өндіруді осы Жоламан өңірі бастап отыр. Бұл енді ары қарай өз жалғасын табатынына сенеміз.

Осы орайда айта кетерлік,   техникалар  ескірген. Егер техниканы жаңарту мәселесі  жолға қойылса, алатын өнім де  нәтижесін беретін еді. Екінші бір өзекті мәселе  қызылшаны себетін тұқымның  жақсы болуы шарт. Шаруа қожалықтары тұқымды өздерінен өсірсе, сонымен қатар басқа шет ел тұқымдарын қалыптастыру алдыңғы жолға қойылу керек-ақ. Себебі олардың өнімділігі бір жағынан жоғары болады, екінші жағынан қант қызылшасының ауруға шыдамдылығы да жоғары болады. Сондықтан шет елдің тұқымдарын сеуіп, оның бабын таба білсек, біз алдыңғы орынды аламыз деп ойлаймын, – дейді ол.

Шара барысында  «Қазақстандық қант, азық-түлік және өңдеу өнеркәсібі ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Айжан  Наурзгалиева  қант тапшылығы мен оның бағасына байланысты өз пікірін білдірді.

Кеңес Одағы кезінде халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету өте қарқынды түрде іске асқан. Кезінде Талдықорған облыс болып тұрғанда  1 млн. 100 мың тонна қант қызылшасы өсіріліпті. Ал қазір мұндай нәтижеге  қол жеткізу үшін біраз тер төгу қажет.

Түрлі тақырыптарды қаузаған шара барысында  қант қызылшасы алқаптарының азаюының негізгі себептері де  ортаға салынды. Мәселен 1 гектар қант қызылшасын себуге жұмсалатын шығын орта есеппен 500 мың теңгені құрайды. Сонымен бірге жанар-жағар май, пестицидтер, суаратын су тарифтері бағасының айтарлықтай өсуі жұмсалатын жұмыс күшіне қарамастан, қант қызылшасын өсірумен айналысатын аграршылардың сатып алу бағасы төмен болған кезде рентабельділігінің төмен болуына алып келеді. Сондай-ақ республиканың оңтүстік өңірлерінде ауыл шаруашылығы дақылдарын ылғалмен қамтамасыз ету мәселесі қолға алынып жатыр және шаруаларды техникалық жабдықтау шаруалары да бар. Осы секілді проблемаларды назарға ала отырып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қант саласын жаңғырту жоспарын пысықтап жатыр.

Жиында сөз алған  «Манат» шаруа қожалығының басшысы Саха Манатов жерді игере алатын адамдар ғана алып жаратуы керек екенін айтты. – Қолынан келмесе, оны жасай алатын адамдарға берсін. Тағы бір айта кетерлігі, 200 миллиардпен бүкіл Қазақстанның қант саласының проблемасын шешуге болады.

Биыл қант қызылшасының дақылы 6,2 мың гектарға себілді. Одан 210 мың тонна өнім жинап, 20 мың тоннаға жуық қант өндіру жоспарда бар.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, соңғы 7 жылда қант қызылшасы егістігінің аумағы жеті жарым есе (2014 жылы 1,2 мың гектарды құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 8,9 мың гектарға жеткен), қайта өңдеуге өткізілген өнім көлемі 20 есеге артқан (9,9 мың тоннадан 196 мың тоннаға дейін).

Қант өнімін облыста Көксу және Ақсу қант зауыттары  өндіруде. Өткен жылдан бері Көксу қант зауыты құрақ қантын шығаруды да қолға алды. Өткен жылы 41 мың тонна шикізат өңделіп, 40 мың тонна құмшекер алған. Ал биылғы жылы 48 мың тоннаға квота алып, бүгінге 30 мың тонна шикізат өңделді. Сонымен қатар алдағы қараша айында Ақсу қант зауытында қамысты қайта өңдеу желісін орнатып, қолданысқа беру жоспарлануда. Осылайша қос зауыт та жыл бойы жұмыс жасап, қамыс құрағы мен тәтті түбірді өңдемек.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, 2023 жылы (Ақсу 1200 гектар), Алакөл (500 гектар), Сарқан (1200 гектар) аудандарында қант қызылшасының егіс алқаптарын ұлғайту және Ақсу қант зауытына қайта өңдеуге 100 мың тонна шикізат сату жоспарлануда. Жалпы 2026 жылы қызылша алқаптарын 15 мың гектарға дейін жеткізу де ойда бар. Сондай-ақ Алакөл ауданында үшінші қант зауытын іске қосу көзделініп отыр. Облыс басшысы Бейбіт Исабаев бұл зауытты қайта қалпына келтіру жөнінде үш халықаралық қаржы институттары өкілдерімен кездесуде бірнеше ұсынысын жеткізген болатын.

Жетісу облысы ежелден қант қызылшасын өсіруге маманданған аймақ. Республика бойынша өнімділігі мен сапасы жоғары, бейімділігі жағынан шетелдік түрлерімен бәсекеге түсе алатын қант қызылшасы будандарын енгізу арқылы өнімділікті арттырып, қант өңдеу инфрақұрылымының дамуына, өнімнің өзіндік құнының кемуіне және қант қызылшасы саласының экономикалық тиімділігі реттелетініне шаруалардың үміті мол. Ендігі кезекте жоғарыда талқыға салынған мәселелер өз шешімін тапса, елдегі қант дағдарысынан да құтылатынымыз айдан-анық. Сол істерді жұдырықтай жұмылып іске асырсақ, дәулет пен берекенің берік негізін қалайтынымыз анық.

Арайлым НҰРЖАПАР

ТАЛДЫҚОРҒАН – КЕРБҰЛАҚ


ПІКІР ЖАЗУ