41 мыңнан астам жер телімі қайтарылды

0
301

«Жер дауы, жесір дауы, жетім дауы» бітпейтін жырға айналды.  Жетімдерді шетел асырып саттық. Жат жерде жүріп  азамат болып қалыптасқандар үшбу  хат жолдап, ата-анасын іздеп жүргендері қаншама. Ал,  асырап алушылардан зорлық-зомбылық көргендер туралы да айғай-шу аз болмады. Жесірдің ақысын жегендер де, жер басып жүр.

Қойшы әйтеуір нарық талабы деп бәрін саттық:  адам саттық, жер саттық, мал саттық, кен саттық, қазба байлықтың бәрін саттық. Бірақ одан тұрмысымыз оңалып кетпеді. Байығандардың балтырын байпақ қысып, түкірігі жерге түспей жүр. Жекешелендіру дәуірі  басталғанда  ебін тауып екі асағандар, қолынан келгендер қоншынан басты. Қара жерді қарпып қалды. Игергені игеріп, игермегені жалға беріп, жатып ішті. Тіпті, егістік жерлерді былай қойғанда  мал жайылатын өріс тарылды. Гектарлап-гектарлап алған жерлерінің төбесінен құс ұшпастай, айналасына жан жуытпай қоршап тастаған бай-бағландар ауыл жұртымен санаспады.

Баяғыда бір сарт: «дадәң деді үндемедім, әнәң деді үндемедім, қутының дегенде шыдамадым» деген екен. Сол сарт айтпақшы,  жер теліміне келгенде ауылдықтар шыдамады. «Ертоқымын бауырына алып мөңкіді». Мөңкімегенде қайтсін, қолындағы бес-алты малын өрістететін жайылым жоқ. Бай-бағландар жеріне аттап бастырмайды.  Ыңыршағы шыққан бес алты тұяғына жер тарылып қара топырақ жеп қалған малы үшін  шыбын жандарын шүберекке түйген ауылдағы кедейлер жергілікті биліктен үміттерін үзді. Улап-шулап аудан әкімдігіне, облыс, тіпті республикаға дейін дабыл қақты, ақпарат құралдарына жүгінді. Жергілікті билік жекеменшікке біздің құзырымыз жүрмейді деп құтылды. Тіпті бос жатқан жерлерге  байқау жариялап,  тамыр-таныстарына үлестіргенін Кеген ауданының жұрты  жер бөлудегі аудан әкімдігінің әрекетін әлемге жария етті. Бұл бір ғана Алматы облысына ғана тән  емес-ті. Республика бойынша жер дауы  асқынған кеселдей ырыққа көнбей кеткен-ді. Ақыры бұл іске Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласуға тура келді. Қаңтардағы көтеріліске қатысушылардың көтерген өзекті мәселесінің бірі осы жер болатын.

«Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» дегендей,  шындап тексеру басталғанда қойны-қонышына тығып алған жерлер әшкереленіп, сүт бетіне қалқыған қаймақтай шыға келді. Бермеймін,  сатып алғанмын дегендер ертоқымы мойнына кеткен жуас аттай  игерілмей жатқан жерлерін үкіметке қайтара бастады. Жекешеге құзырымыз жүрмейді деген жергілікті биліктің де бүйрегі бүлкілдеп қарашаға мойын бұрды. Облыс әкімдері ел-жұрт пен жиі-жиі жүздесіп, жер, ауыз су және әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқатуға күш салуда. Бұл іске билік партиясы да білек сыбана кірісті. Оған Парламент депутаттары  комиссия құрамына тартылды. Экс президент Назарбаевтың тұсында  білгендерін жасап, халықтың есебінен байып алған олигархтар  қыспаққа алынып, темір торға тоғытылғанын көрген соң билік тарапынан аяушылық болмайтынын сезгендер мыңдап алған жер телімдерін қайтаруға мәжбүр болуда. Оған нақты дәлелді «AMANAT» партиясы Жетісу облысында 41 мың гектардан астам жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтарды деген ақпаратты көзіміз шалды. Партия жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының  көшпелі қорытындысында комиссия мүшелері –партия хатшысы Дәулет Кәрібек, заңгер Бақытжан Базарбек, «AMANAT» партиясының атынан сайланған Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов Кербұлақ, Ескелді және Көксу аудандарының тұрғындарымен кездесіп, жер қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді талқылаған. Аталған жұмыс Республиканың барлық өңірінде жүргізіліп жатқанын тілге тиек еткен партия хатшысы Дәулет Кәрібек, «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмей жатқан жайылым  жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы нақты тапсырма берді. Президент айтып өткен әділеттікті қамтамасыз  ету мәселесі «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі саналады. Әрбір ауыл тұрғынының пікірін ескеруге тырысамыз және жайылым жерлер әділ бөлінуі үшін барымызды саламыз», – деді.

Жөн-ақ, ауыл халқының аңсағаны да осы әділдік. Қайтарылған 41 мың гектар жер телімі әділ бөлінсе  шырмауықтай шырмалған мал жайылымының біраз түйіні шешілгелі тұр. Мал жайылымы демекші, кезінде колхоз-совхоздарда 45000-60000 қой, ірі қара 1000-ға жуық жылқы  түйе болды. Сол малдар жазғы жайлауға емін-еркін сыйып жататын. Қазір  жайлауда да  жер қоритын болған. Жайылым үшін   жаға жыртысып жатады. Осы бір түйткіл де толық шешілуі тиіс. Жайлау ол  барлық малға ортақ болуы керек. Әр ауылдың кезінде бөлінген жер территориясы бар. Сол жерлерге қойы-қоралас, ауылы аралас болса несі айып. Бірақ ол жайлауды да  кезінде меншіктеп алған бай-бағландар бар екен. Мәселен, Кеген, Райымбек  аудандарына жерлерді сырттан келген бай-манаптар кезінде басып алғанын ел айтып жүр. Демек, аудан көлеміндегі жерлер сол аудан тұрғындарының шаруаларына ғана тиесілі болуы керек. Әрі мал санына қарай жер телімі  бөлініп берілгенін ауыл тұрғындары қалайды. Бұл  кездесуде  Лабасы  ауылының тұрғыны Қизат Абиров бүгінде жайылым жерлердің тапшылығы бұрынғыдан да көп сезіліп отырғанын айтты: «Ауылда тұрып, мал бағып отырғандар үшін бұл – бірінші кезектегі мәселе. Көксу ауданында 6000 гектардан астам жер қайтарылды. Сондықтан осы комиссияның жұмысына үлкен үміт артамыз», — деді  Қизат Абиров. Жайылым жер үшін  Панфилов ауданы Көктал ауылында тұрғындардың ереуілі болған-ды. Егістік жерлерді шыр айналдыра қоршап алған шаруа қожалығы күзде егістік алқап орылып болған соң ауылдың  жекеменшік малы осы алқаптарға жайылатын. Алайда, басы бүтін жекешелендіріп алған жерге қожайыны қоршау салып, мал кіргізбей қойған. Бұл дау-дамайда бір ретке келгенін Панфилов аудандық ауыл шарушылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Жұмағазы Наймантаев  айтты. «Айтылған шулы мәселеге орай екі тарап  келісім-шартқа отырды. Негізі бұл шаруашылық алған жерін толық игеріп отыр. Жаңа технология енгізген жүгеріден аудан бойынша жоғарғы көрсеткіш алуда. Сонымен қатар көп жылдық мал азығын егеді. 150 адамды жұмыспен қамтуда.  Сондай-ақ әлеуметтік тұрмысы нашар жанұяларға баспана салып беруге, әрі 150 гектар жерді астық жиналып алынған соң мал жайылымына беруге келісті» дейді.

Панфилов ауданы бойынша инестициялық жобамен алған жер пайдаланушылармен  жұмыстар жүргізіліп,  жалпы көлемі 8940,0- га оның ішінде 14,0 га суармалы егістік  8926-га  жайылым жер телімдері аудан қорына қайтарылды.  «Аудан әкімінің қаулысымен  бес азамат жер телімдерін өз еріктерімен  қайтарып берді», – дейді   аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж. Наймантаев.  Жер мәселесіне қатысты жұмыс Алматы және Жетісу облыстары бойынша қарқынды жүргізілуде. Ауыл тұрғындары қосалқы шаруашылықпен айналысу үшін де жер телімін алу бармақ басты,  көз қыстылыққа ұласып, пара бергендердің қолдары жетіп,  бере алмағандар бір малын екі ете алмай тарыққан-ды. Жер теліміне арнайы тексеру жүргізген прокуратура органдары да талай былықтың бетін ашты. Жер үшін ауыл әкімдері жауапқа да тартылды, істі болды.  Егістіктен бөлек, жекенің малы жайылатын жер тапшылығы туындап, өре түрегелген ауылдықтар бұл заңсыздықтармен белесене  күресті. Республика бойынша дабыл қағылып, Үкімет және Президенттің назарын аударуға дейін барды. Аграрлық салада ырыс мал мен егістік алқаптарында жатыр. Ол үшін  құнарлы жер күтіліп-бапталып, тыңайтылса, мемлекет үшін де зор байлық. Ал оны өндіретін ауыл шаруаларының дәрежесі бай-бағландармен бірдей болуы тиіс. Бірақ, таразы басын әлділер басып, әлсіздер әупірімдеп күн көріп жүр. Оның жарқын айғағын  мал жайылымдарынан көруге болады.

Айтақын МҰХАМАДИ

Суреттер aikyn.kz сайтынан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ