Жетісу өлкесіне Швейцариядан ғалымдар келді

0
381

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Швейцарияның Цюрих университетімен 2010 жылы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға  қол  қойған еді.  Бірлесе ғылыми зерттеулер жүргізу, конференциялар өткізу туралы ынтымақтастықтың жалғасы  ретінде Жетісу университетінде жазғы мектеп жұмысын бастады.

Жазғы мектепте Цюрих университетінің профессоры, doctor Peter Finke and PhD Meltem Sancak бастаған постдокторанттар мен студенттер қазақ тілінен сабақ алып, этнография саласында шағын зерттеулер жүргізеді. Шетелдік студенттерге қазақ тілін үйрету үшін Жетісу университетінің ғалымдары арнайы бағдарлама жазған, сол бағдарлама негізінде гуманитарлық факультеттің оқытушылары дәріс береді.

Мектептің алғашқы дәрісінде меймандар университеттегі көрнекі нысандарды аралап, Жетісу университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Алефтина Сембайқызы оқу орнының тарихы жайлы қысқаша презентация жасады.

Этнография саласында білім алып жүрген шетелдік студенттер қазақ халқының ұлттық тағамдары мен аспаптары, салт-дәстүрі жайлы көп мәлімет алғысы келеді. Сондай-ақ жазғы мектеп барысында шетелдік студенттер мен ғалымдарға Талдықорған қаласындағы рухани-мәдени нысандарды таныстыру жоспарланған.

Бір айға созылатын жазғы мектеп соңында Жетісу университетінде Цюрих университетімен бірлескен ғылыми-зерттеу орталығы ашылады деп жоспарланған. Жаңа оқу жылында бірлесе білім беру бағдарламалары даярлануы мүмкін.

Еуропадағы үздік 100 оқу орнының қатарына кіретін Цюрих университетімен бірлесе орталық ашу Жетісу университеті үшін үлкен жетістік.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ