Белжайлаудың төрінде, Суандардың елінде…

0
359

Майлықожа ақын төрт түлікті тізбектеп, жырға қосқанда қазақтың «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген тәмсілін арқа тұтып, төрт түліктің төресі түйеден бастап, ұсақ мал қойға дейін тілге  тиек  еткен ғой, жарықтық.

Көштің көркі түйе еді,

Шыңырауға Қауға байлап бақ.

Жетекші келер жылқы мал,

Семізін мініп айдап бақ.

Қой деген мал береке,

Қолайлы қоныс жайлатпақ.

Сиыр, өгіз тоқ қылар,

Түнеген жері айбатпақ.

Шаруа болсаң, мәнісін

Әр қайсысының ойлап тап.

Дихан ақылын танысаң,

Көп айдалған тапқа бақ.

Атыңа батса алтын ер,

Атып ұр да, отқа жақ.

Ынтымақ, үлгі іздесең,

Кәриясы басшы топқа бақ.

Қалбағайлы түйелер

Жүк көтермес салтаңдап.

Аруанадан туған нар,

Көп көтерер талтаңдап

Ат қадірін білмеген

Батбақта қалар салпаңдап.

Ас қадірін білмеген

Ашықпай қалмас аңқаңдап, – дейді.

Баяғы тоқсан мың жылқы айдаған Қарабай болмаса да, мыңғыртып он мың жылқы, мыңдап түйе, табындап сиыр, отарлап-отарлап  қой  айдаған байлар бұл заманда  да баршылық. Төрт түлік те байлықтың бір көзі. Қымызы мен  шұбаты – сусын, мінсең – көлік, терісі мен жүні – кисең киім, еті – азық-түлік болған жануарлардың көбейгенінен қазаққа зиян жоқ. Анығын айтқанда, экономиканың күре тамырының бір көзі осы төрт түлікте жатыр. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл көсір», деп кешегі Кеңестік кезеңде де ұранға айналдырғанбыз. Қазақстанда қой санын елу миллионға жеткіземіз деген  жоспар, елу жыл ел ағасы болған, үш мәрте Социалистік Еңбек ері, Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бастамасы  болған-ды. «Мал да баққанға бітеді» деген мақал мәйегін әлі жоғалта қойған жоқ.

Жаз жайлау, күз  күзекте, қыс қыстауда көшіп-қонып жүретін малшы қауымы үшін Кеңестік кезеңде бар жағдайды мемлекет жасайтын. Колхоз, совхоздар малдың жем-шөбін түсіріп, қора-қопсысын жөндеп, көшіріп, қондыратын. Малшылар үшін қызыл отау тігіліп, үгіт  бригадасы жұмылдырылып, тіпті жайлауда қос басына монша, баспаналар салынып, электр жарығы тартылып, озат шабандарды дәріптеп, мадақтап марапаттап, Жоғарғы кеңеске депутаттыққа сайлайтын. Бертін келе, мал бордақылау алаңдары салынып, жастарды сонда жұмылдырып, еңбек өтілі екі жыл болғандарға жолдама беріліп, жоғары оқу орнына түсулеріне жәрдемдесетін.

Жекешелендіру дәуірі басталып әркім өз күнін өзі көре бастағанда миллионер ұжымшарлар ыдырап,  «танауын тасқа соққан балықтай» талмаурап қалған шаруашылықтар қолдағы малдың бәрін «бартерге» салып, күн көрісі қиындаған қара  халық бір қойды бір қап  ұн  мен бес алты кірсабынға айырбастап, тігерге тұяқ таппай қалған күндерде болған. Есеңгіреп барып,  заман ағымына қарай қайта бейімделген ауыл халқы егістік пен бірге мал шаруашылы-ғын қайта жандандырып, төрт түліктен өргізіп, мал басын көбейтуде. Жасыратын несі бар, бұрындары ата-бабаларымыз малды жылқымен бақса, бүгінгінің байлары (джип көлігімен) бағып жүр. Жолыңыз түсіп, Жетісу өңірінің кез келген аймағына жол тартыңызшы, отар-отар қойды екі аяқты мотоциклге мініп алып, төбе-төбе аңғарлар мен жылғалардың арасында мал қайырып жүрген малшы қауымды көресіз. Қазір отар-отар  қой, мыңғырған жылқы, түйе, мүйізді ірі қаралары бар байырғы малшылар (бүгінгі байлар) малдарын бағатын бақташы таппай жүр.  Шабан дегеніңіз – қат тауар сияқты (дефицитке) айналған. Өткен жылы өзім туып өскен Панфилов ауданындағы Белжайлауға араға отыз жыл салып сағынышпен барғанмын. Баяғы советтік кезеңдегідей Аяқсаздан Құсмырынға, күнгей беті Шұбараршаға  дейінгі аралықта мыңғырған малда есеп жоқ. Жұмыртқадай тігілген аңшаңқаң үйлерде баяғыдай тіршілік байқалмайды.  Бірлі-жарым шабандар келін-кепшіктерімен, отбасыларымен киіз үйде түтін түтетіп, сабада қымыз пісіріп, құрт-май шайқап отырғандары некен-саяқ. Шабандардың көбі салт атты, тіпті күнделікті тұтынатын нанның өзін ойдан келетіндерге тапсырыс беріп алдырады екен. Арша мен қарағайдың исін бұрқыратып түтін түтетіп отырған баяғы берекелі қауымды көре алмай, қадірі қашқан жайлаудан жабырқап қайтқаным бар. Бұл бөлек әңгіме.

Құрылғанына отыз болған жаңа қоғамда ХХ ғасырдың шабандарының шаттығын көре алмайсыз.  Жекеменшіктің дәуірі анайылық пен жабайлықты сүйегіне сіңіріп, аста-төк, ақкөңіл малшы қауымды сатып алып ішіп-жеуге үйретіпті. Желіге бота-құлын, бұзау байлап ақ ішіп, екі беттері қызыл алмадай болып жүрген малшы қауымын сирек көресіз. Малшылардың көбі салт жұмыс істейтіндерін айтып, бала-шаға, жанұялары ойда қалғандарын айтып еді. Неге жаз жайлауға алып келіп, сауын сауып, сол бала-шағаны аққа тойдырмасқа?! Оған не кедергі деген сауалыма жалақы мардымсыз, қожайындар малының сүтін де есептеп, жалақыға шағады. Өзіміздің бес-алты тұяқ үшін жүрміз ғой дегені бар. Иә, еңбекақысын бермей, өзін қорқытып-үркітіп, жұдырықтап мал соңына салып, құлша жұмсайтын қожайындар да баршылық.

Жетісу өңірі Матай ауылында шабанды «джиппен» қуалап, әйелі мен баласының көзінше соққыға жыққан шаруа қожалығының бейнесі бүкіл желіге тарап, полиция қылмыстық іс қозғаған болатын. «Ескіні айтпай, жаңаның жаңғыруы екі талай» демекші, қадірі қашқан малшы қауымы туралы қайтадан Кеңестік дәуірді айтсақ  ештеңе болмайтын шығар. Малшылар мерекесі  жаз жайлауда аталып өтетін. Онда 100 жылқыдан – жүз құлын, 100 қойдан – 120-150  қозы, ірі қарадан артығымен бұзау алған озат шопандар мен сауыншылар марапатталып, жыл соңында қосымша табыс алып, атақтары одаққа тарап жататын. Сол малшылар мерекесі кейінгі жылдары қайта жаңғыруда. Әлемді жаулаған Ковид-19 бен пневмония  індеті әбігерге салып, тіршілік көзі тұманданып қалып еді. Биылғы жылдан бастап малшылар мерекесі қайта қолға алынды.

Маусым айында белгілі меценат Бауыржан Оспанов Ойжайлау бауырында 50-ден  астам ақбозүйлер тігіп, мал тұқымын асылдандыруда  халықаралық  семинар өткізіп, малшы қауымын құрметтеп, ат шаптырып, аламан бәйге беріп, палуандарын күрестіріп, озат шопандарға автокөлік мінгізіп, мәртебелерін бір көтеріп тастаған-ды. Енді, міне сол үрдіс Панфилов ауданындағы Белжайлауда жалғасын тапты. Бүгінде ауданда 105 611 бас ірі қара,  379 458  қой-ешкі,  22 535 жылқы және 370 бас түйе бар.

«Белжайлауда малшылар қауымына арналған дәстүрлі мереке  «Шабан той» ұйымдастырылып, аудан бойынша  ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, жайлау көрігін қыздырды», – дейді аудан әкімінің баспасөз өкілі Нұрбол Қанағат.

Айтулы мерекеде аудан басшысы Марат Сағымбек жайлау төріндегі малшы қауымымен жүздесіп, мерекелік тілегін айтты.

Жыл бойы адал еңбек етіп жүрген азаматтарды елдің шетінде, желдің өтінде қалдырмай әркез осылай қолдау көрсетуіміз қажет. Жайлауда бұндай мереке өтпегелі біраз уақыт болыпты. Сондықтан өздеріңізбен жүздесіп, пікір-кеңестеріңізді тыңдайық деп мерекелік шара өткіздік. Әрқашан еңбектеріңіз жемісті болсын, – деген аудан әкімі 6 отбасыға баспана кілтін табыстады.

Жайлау төрінде малшылар отбасын қуантқан жеке шаруа қожалықтың басшылары Тасқын Жапарқұл,  Берік Оразбай,  Кәмшат Жақыбаева бастаған  кәсіпкерлер малшылар қауымына баспанадан бөлек,  ақшалай сертификаттар табыстады. Атап айтсақ,  Жаскент ауылдық округінен «Ернар» шаруа қожалығы – Нұрлан Ботабайға,  Көктал  ауылдық округінен  «Байгудиева  Гүлнар» шаруа  қожалығы  – Еркін Найманбаевқа, Қоңырөлең ауылдық округінен «Дәулетхан Қожахметов» ШҚ – Еркебұлан Қожахметовке, Үлкенағаш ауыл округінен «Оразбаев Б»  ШҚ – Нұрбол Сейітжапаровқа және Үшарал ауылдық округінен «Жақыбаева.К» шаруа қожалықтары өз малшыларына баспана тарту етті. Соның ішінде «Оразбай. Б» шаруа қожалығы өз қызметкерлеріне 8 млн. теңгенің қаржылай сертификатын  табыстады.

Жалпы барша малшы қауымға сый көрсетіліп, «Ауыл еңбегі үшін» арнайы төсбелгісі басқа да ер-тұрман, жәдігерлер сыйға тартылды.

Соның бірі 87 жастағы Нұрлыбай Шаукеев ақсақал. Өмірінің 50 жылдан астамын осы Белжайлаудың төрінде өткізген малшы қария осы күніне шүкіршілік айтуда.

– Алты баламды осы малмен асырадым. Барлық бала-шағама баспана, көлік алып бердім. Малдың берекесі бар. Жайлау – менің өмірім. Бұндай той жиі өткені дұрыс. «Ауыл еңбегі үшін» деген медаль алып жатырмын. Өте қуаныштымын. Жастар мал бақса ақша да, байлық та осында. Таза табиғи өнім, денсаулыққа да пайдалы. Той өткізген азаматтарға алғыс айтамын, – деп ағынан жарылған  қария  жастарды мал бағуға шақырды, – дейді баспасөз өкілі Нұрбол Қанағат.

Биыл жауын-шашын мол болып, ой да, қыр да, жайлау да жасыл кілемге оралып-ақ тұр. Былтырғы жылы қуаңшылық болып, малшы қауымы үшін мал азығы Батыс өңірлері мен Оңтүстікте сары уайымға ұласқан-ды. Өрісін тауып,  жусатып  өргізсең, көк шалғынға масайраған төрт түліктің бүйірі томпайып, күз күзекке күйлі түсері сөзсіз. Ертеден кешке дейін бел шешпей мал соңында жүрген  малшы қауымды қалай дәріптесек те жарасады. Төрт аяқты дала тағысы мен екі аяқты ұры-қарыдан, одан қалса, малға келетін кесапатпен бетпе-бет келетін де осы малшы қауым.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Белжайлаудың төрінде, Суандардың елінде, малшылар мерекесі аталып өтті. Еңбектерің еселі, істерің ілгері бола берсін, ақ таяқ пен құрық ұстаған шопан қауымы!

Айтақын  МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ