Айбатты «Ақшолақов»

0
465

«Жетім қозы тас бауыр, маңырап жүріп отығар» деген аталы сөзді мен сыры да, мұңы да қазан кеудесінде қайнап жатқан Ербол Ақшолақовқа қаратып айтсам болады. Ол не әкенің, не шешенің қамқорлығын көрмеді. Шыр етіп жарық дүние есігін ашып, кіндігін кескеннен ана сүтінің уызына қанбады. Тағдырдың талқысына түсті. Тепершін көрді. Өзі теңдес балалар ата-анасына еркелеп, қалаған ойыншығын алып масайрап жүргенде, ол сәби жүрегімен жоқшылықты сезінді. Мұңға толы жанарымен айналасына жәутеңдей қарады. 

«Күшігінен таланып» азу тісін ақситып көрсетуді, оған тағдырдың өзі үйретті. Үйгентас баурайындағы қасиетті Қарлығаш елді-мекенінде көзін тырнап ашқаннан нағашы шешесі Бәтима үш айлығында етегіне салып, ешкінің сүтін беріп асырады. Айдарлап өзіне теліп  алған  «Ақшолақов» тегі – нағашы жұртыныкі. Әжесінің денсаулығы  болмаса да, осы баланың тілеуін тілеп, аядай ғана тауықтың күресіндей жұпыны екі бөлмеде ойын баласына түрлі кітаптар оқып беріп, санасына құятын. Айтқанынан  қайтпайтын, адуынды әжесін бүкіл ауыл «Жынды Бәтима» дейтін. Қолынан келер қайраны жоқ балғын, «Бізді неге жынды дейді?» деп намыстан жарылып жылайтын. Жоқшылықтан кейде бір үзім нанға да зарығып қалған сәттер де болған. Сондай кездің бірінде азанда көршісінің үйіне барса, қаймақтатып шай ішіп, май жалап отырған қошынасы «қайыршылар» деп зілденіпті.  Жоқшылықтан қажыған, кемпірдің қолына қарап қалған балғын балалығын жоғалтып ерте есейді. Өмірге деген  көзқарасы түбегейлі өзгереді. Қарт шешесінің кітап құмарлығы, ертелі кеш баласына кітап оқып беруі – бала Ерболдың дүниетанымын өзгеше құбылысқа айналдырады. Өзі әріп танымаған, сәби кезінен Әнуар Әлімжанов пен жергілікті ақын-жазушыларды танып жадына түйіп  өседі. Бәтима әжесінің адуындылығы, бірбеткейлігі Ақшолақовтың да айнымас серігіне айналады.

Мектеп қабырғасында жүрген кезін есіне алған Ербол: «Ұстазым Қалиева  Бақыт Түлкіжанқызы сынып жетекшім болды, музыка сабағынан берді, кезінде Алматыдағы атағы дүркіреген  «Гүлдер» ансамбльінде  әнші болып қызмет атқарған. Құдай оңдап, біздің  Қарлығашқа осы мұғалім  келді, сол кісінің жақсылығын көп көрдім. Өнерге деген құлшынысыма қанат бітірді. Қара сөз, қара өлең, әнге деген құмарлығым осы ұстазымның арқасында артты», – дейді.

Туғаныңа тура сөйлеп, тік жүру кімге ұнасын?! Білім қабырғасында жүргенде шым астынан шындықты суырып алып, жалғандықпен, екіжүзділермен бетпе-бет келген Ақшолақовтың да басы ноқтаға сыймайды. «Алды артын әлі болжамаған бала ғой, болашағына балта шауып алады ғой, сорлы бала» деген гу-гу әңгіме ауыл арасында қамысқа тиген өрттей қаулап жататын. Ауылдың  әлеуетін, елеусіз, ескерусіз қалған ақын-жазушылардың мерейлі мерекелері туралы дабыл қағып, ақпарат құралдарын жұмылдырып жататын айбатты  Ақшолақов мектеп ұжымына да, аймақтағы шенді-шекпенділерге де ұнай қоймайтын. Айыздары қанғанша Ақшолақовты әкім-қараларға жамандап бағатын. Жетімнің жер тепкілеп ақиқат үшін арыстандай айға атылып, айбат көрсеткені мектепте толық білім алуына мүмкіндік бермейді. Ақшолақовтың алғырлығына тәнті болған жора-жолдастары марқұм Бейсен Құранбекке баруға жол сілтейді. Ерболдың есіміне әбден қанық Бейсен жылы қабылдап: «Ә, батыр, сен оқы. тоқы, жалықай ізден, сенің болашағың зор, бәрі қолыңан келеді» деп, Талдықорғандағы №19-кәсіптік өнер колледжінің директоры  Нұрғали  Әшімбекұлы Самылтыровқа қоңырау шалып, жатақханаға орналастырып, өз қалтасынан ай сайын 40 000 теңге төлеп оқытады.

«Өмірден ерте кетті, әруағыңнан айналайын  әз ағам, жасаған жақсылығыңның бір тамшысын да қайтара алмай қалдым-ау», – деп Ербол өзегі өртеніп, жиі-жиі есіне алып отырады.  «Сол қайтпас қайсарлық, батырлық, айбаттылық, менмеңдік өр кеуде, кеуде болғанда ар жағында түк жоқ. Арқа сүйер ағам, артымнан итеріп тұратын, інім, жалымнан сипайтын жанашырым жоқ, бір Құдайдан басқа. Ұяда алған тәрбиең  жерге кіргенше  бірге кетеді», – дейді Ақшолақов.

Жанын шүберекке түйіп жүріп, бозторғайдай шырылдаған бозбала дұшпанға сырын білдірмей, жан жарасын  ішіне бүгіп, ширап өсті . Таланты тасты жарып, танауын тасқа соғып, ағысқа қарсы жүзген Ақшолақовқа Алматы облысының экс-әкімі Серік Үмбетов пен идеология жөніндегі орынбасары Серік Мұқанов, облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова толықтай білім алуға мүмкіндік жасап, Алматы қаласындағы академик Ш.Смағұлов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастырады. Міне, осы сәттен бастап Ақшолақовтың да айы оңынан туып, бас қаладағы зиялы қауым жазушылармен етене араласады. Қабырғалы қаламгерлердің қамқорлығына бөленіп, өзінің де шығармашылық қарым-қабілетін ұштастырады. Тағдырмен тайталаса жүріп, ешкімнің алдын кеспеген бозбаланы аяғынан шалушылар көп болды. Бар айыбы, ақиқатты арқа тұтып, «Ақты ақ, қараны қара» деген табандылығы маңайындағыларға ұнамады. «Ақымақ Ақшолақов» деген түрлі қауесет те таратты. Бір Құдайдан басқа сүйенері жоқ ол болаттай қайралып, жоғары білім алып, туған өлкесіне қайта оралғанда әжесі дүние салады. Сол кезде аудан әкімі болған, бүгінде Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев қолұшын созып, ағалық қамқорлығын танытып, бағып қаққан (ана орынына, ана болған) әжесін ақтық сапарға шығарып, бар жол жоралғысын жасап, оған бар мүмкіндікті жасайды. Басына баспана береді. Пайым парасатты әкім айбатты Ақшолақовтың алғырлығына тәнті болады. Ол жайлы елдің алыпқашпа өсек аяңына құлақ та түрмейді. Керісінше, «Әй, Ақшолақов сенің жазу-сызуыңнан, жазғыштығыңнан түк пайда жоқ, маған жұмысқа кел, қашанғы жүресің?!»,– деп жігерін қайрайды. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей,  тура сөйлеп, бетің бар, жүзің бар демей, айтып салатын Ақшолақов әкімнің айтқан ұсынысына келісе қоймай, өзімен-өзі жүреді. Бірақ құдіреті күшті Алла Ақшолақовты әкімнің алдына өзі айдап алып барады. Қыстың көзі қырау, сақылдаған сары аязда «Қабандай» ауылдық мәдениет үйінің жауаптылары той тойлатып, сылқия тойып жүргенде, от жақпай мәдениет үйінің жылу жүйесі түгел жарылыпты. «Алқымға пышақ тақалғанда, ақ ешкі бақылдапты» демекші, жаны қысылғанда Қабанбай ауылының әкімі үйінде жатқан Ақшолақовқа жүгініп, «Ойбай құрыдық Ербол, аудан әкіміне сенің сөзің батады ғой, от жағылмай жылу жүйесі жарылды, құтқар», – депті.

Әкім келіп, ауыл әкімінің екі аяғын бір етікке тығып, от жақпаған жандарды жауапқа тартып, ісін полицияға беріп, шығынды түгел орнына қойдырамын, оңбағандар деп, айбарына мінгенде, Ақшолақов «Әлаға үш күн мүмкіндік беріңіз, мен бәрін қалпына кетіремін, сеніңіз» депті. «Қайтіп қалпына келтіресің?! Атшабардай мәдениет үйі бүлінді, осыншама жылу жүйесін қайдан табасың?», – деп ашуға булыққанда, үш күнде қалыпқа келтірмесем, мені қоса жазалаңыз деп өтінген Ақшолақовқа: «Дүйсенбіде келіп көремін» деп кетіп қалады. Әкім кете салысымен аудандағы мектеп, ауруханалардың қоймашыларына хабарласып 48 жылу жүйесін тірнектеп жинап, таныс дәнекерлеушілерді шақырып, аязда күн-түн демей, жылу жүйесін қалыпқа келтіріп, төтенше жағдайлар бөлімшесіндегі таныстарына шығып, су толтырып, от жағып, бүлінген қабырғаларды ақтап, мәдениет үйін жылытып, айтқан мезгілде аудан әкімі Әлібек Жақанбаев келіп көріп, аң-таң болып, «Ақшолақов мына мәдениет үйіне бүгіннен бастап сен ие бол, сен директор боласың» деп тағайындап кетіпті. «Айналайын Ербол, мына жерде сенің шашыңнан, жауың көп. Сен мені жерге қаратпа. Ертең Жақанбаев қойып кеткен Ақшолақов деп айтқызба, жақсы жұмыс жаса», – деп сенім артыпты. Әлгі Ақшолақов құрсын деп жамандап жүргендерге «Сендер  Ақшолақов анау-мынау дейсіңдер, сол сияқты жұмыс жасай біліңдер» деп қаңқу сөзді тиып тастапты. Міне, содан бері ол Қабанбай ауылдық мәдениет үйіндегі шығармашылық жұмысты жандандырып келеді. Директор болып тағайындала салысымен бұрынғы облыс әкімі Амандық Баталовқа да дүркін-дүркін хат жазып, әлеуметік желі арқылы шығып, мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын жаңартады. Сахна шымылдығын, тере перделерін, лед-экран  алады. Бүгінде ауылдық мәдениет үйінде отызға жуық үйірме жұмыс жасайды. Мұндай  отызға жуық үйірме Алматы және Жетісу облыстарының елді-мекендеріндегі ешбір ауылда жоқ. Әрі кетсе төрт-бес бірліктен аспайды. Шығармашылық ұжым аудан аймағындағы ауылдарға концерттік бағдарламаларымен жиі шығып тұрады. Жақында ғана демалыс аймағы саналатын Ақши ауылында өнер көрсетіп қайтты. Айбатты Ақшолақовтың іскерлігіне тәнті  болып, сонау Нұр-Сұлтан  қаласынан Сенат депутаты Ләззат Сүлейменова келді. «Мұның өзі біз үшін үлкен мәртебе, үлкен жетістік», – дейді мәдениет үйінің директоры Ербол Ақшолақов.

Өз ортамды енді таптым. Ақын да кез келген сәтте ақын бола бермейді. Шабыт дейтін шу асаудың қайшылықта тулайтын сәтінде мәнді де, көркем шығарма – өлең өмірге келеді. Қазір менің күніге 10-20 өлең жазып тастайтын қатарластарым, замандастарым бар. Жазған өлеңдерін оқысаң  күлкің келеді. Не мән, не мағана жоқ. Мен Жазушылар одағының мүшесі де емеспін. Мен де өлеңдерімді соны жалпақ жұртқа жария жасауға қорқамын. Менің бойымда ондай күш жоқ, мынау енді ақынмын деп айғайлап жүр екен ғой, деп айта ма деймін. Сөз өнері де, ақындық өнер де – төкпелік өнер. Алматыда болған кезімде марқұм Шерхан Мұртазамен жақсы қарым-қатынаста болдым. Ол кісінің бала-шағасымен араластым. Ол кісі өмірден өтер шағында жағдайын сұрап бардым. Сонда айтқаны «Қаршадай болған қарғам-ау, күллі жайлаудың исін мүңкітіп келдің бе» деді. Қазақтың Шерханының өмірінің соңғы сәттерін көріп, налыдым. Әдебиеттен ойып алар орны болғанымен, өмірден өтерде қасынан ешкім табылмағанына жүрегім қатты ауырды. Ол кісі жан ұшырып Иманғали Тасмағамбетов пен Мұхтар Құлмұхамбетті шарық ұрып іздеді. Мен екеуіне де хабар жеткіздім, ол кісілер келмеді. О дүниелік болғанда келген шығар. деп ағынан жарылған Ақшолақов. Амандық Баталовтың тұсында біршама адамдар соңымнан шам алып түсті, атымды қаралап, аузымды жабуға тырысты. Мен жалған сөйлеген емеспін, не айтсамда шынайы шындықты айтым. Бірақ менің де бойымда пендешілікке тән кемшілігім бар. Менде қателістім. Қазір айтса айтар, жазса жазар, жамандаса жамандар, Құдай көріп тұр ғой деп, сабырлыққа жүгіндім. Бастысы сол Алланың көзі түзу болғаны жаныма сая береді. Адамға сенбеймін. Бойымдағы жаман әдетім өзіме ұнамаған, менің ішкі жан дүниеммен, оның жан дүниесі ұштаспаған адаммен, мейлі, пәленбай жас үлкен адам болса да иіліп сәлем бермеймін. Кездесіп қалсам қасынан бұрылып өте шығамын. Дастархан басында жолығып қалсақ, тымырайып отырып алам. Бұл бір жағы әдепсіздік, әрі кісілікке жатпайтын қылықтарымның бірі. Меніңде жақсылықтан күтерім көп. Жетісу жеке облыс болды. Басшылыққа жақсы азаматтар келді. Сол азаматтарға айтарым, отыз жыл езгіде өмір сүрген халықтың есесін тіктейтін уақыт келді. Отыз жыл азап пен тозақты көріп, жоқшылықтан жүдеген халыққа демеу, қолдау көрсетсе деймін. Мемлекеттік қызмет әркімнің жеке дүниесіндей болмауы керек. Мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет етуі тиіс. Мейлі министр, облыстың, ауданның, ауылдың әкімі бол, депутат бол, алайда, қалың бұқара жол сұраса, су сұраса, жөн сұраса, ағыңнан жарыл. Қаңтар оқиғасы отыз жылғы жиналған газ, құбыр шіріді, газ жарылды. Оның бәріне кінәлі жоғарыдан бастап, төменге дейін жауапкершілігі тым төмен, халықпен санаса алмайтын, халыққа құрметпен қарамайтын басшылардың кесепатынан болған асқынған кесел, дерт. Қансоқтасы сыздады, жыны сыртқа шықты, – деп ағынан жарылған айбатты Ақшолақов жайлы мінездеме осы…

Айтақын МҰХАМАДИ

 


ПІКІР ЖАЗУ