Аттестациядан аттап өткен директор немесе жалған диплом

0
318

Үш ай, тоқсан күн,  жаз мезгіл де атқан оқтай зулап барады. Енді бір жарым айдан кейін жаңа оқу жылы басталады. Қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан екі өзекті мәселе бар. Соның бірі жыры да, мұңы да, бітпеген оқушылардың мептеп формасы болса,  екіншісі білім беретін мұғалімдердің біліктілігі  үлкен талқыға түсуде. Бұдан бөлек мектеп ұжымын басқаратын директорлардың мәселесі де май шаммен қаралуда.

Білім министрі Асхат Аймағамбетов жазғы демалысты доғарып қойып, Түркістан облысында білім ошақтарын аралап, мектеп директорларын сан сауалдың астына алып, білім мен біліктілігін тексеріп жүр. «Қоянның қалжасынан түңілгендей» кей мектеп басшыларының іс-әрекеттеріне налығанын жасырмай жария етуде. Түркістан облысындағы алты ауылға барып,  жеті мектептің жұмысымен танысқан білім министрі аралаған мектептерінің ішінде екі мектеп басшысының жұмысына төмен баға берген. Бұл бір ғана Түркістан облысына қатысты мәселе емес, республиканың кез келген өңіріне барса алдынан мен мұндалап шығатын, бір-бірімен шырмауықтай байланысқан білімдегі былық пен шылық, соқтасы жарылған сыздауықтай қанды іріңі сыртқа шығып жатыр. Білім саласындағы білікті, білімді ұстазды жолықтыру, ілуде бір кездесетін «Қызыр-Ілияс» сияқты. Себебі тәуелсіздік алғалы отыз жылдың ішінде білім саласына жасалған түрлі реформалардың   сапасыздығы, бірін бастап, екіншісін тастап, орта жолдан қосылған «жолбикедей» жүйесіз, жемқорлықтың ордасына айналдырып жіберді. Жұмыс іздегендер мектеп бұрышын сығалады, директорды паралады. Мұғалімдер мен мектеп директор арасында сағат бөлісу де тамыр-таныстыққа ұласты. Қолынан келгендер қонышынан басып, жалған диплом сатып алып, мектепке педагог болып орнықты.  Несін айтасың, құзырлы орган тексерген кезде тіпті, істі болып сотталып келгендерде мектептен жұмыс тапқанын бір кездері бұқаралық ақпарат құралдары «жерден жеті қоян тапқандай» шулап жазған. «Бақсам бақа екен» демекші, жалған дипломмен жұмыс жасау үрдісі әлі үзілмепті.  Бұл туралы сәл кейінірек толғармыз.

Басты тақырып, оңтүстік өңірді аралап қайтқан Білім министрі көзімен көріп қайтқан мектеп басшыларына қойылған сұрақтарға жауап бере алмауын немен түсіндіруге болады. Құзыреттеріндегі міндеттерін орындауына және қажетті жұмысты ұйымдастыруларына қатысты сұрақтарға жауап бере алмаған мектеп басшыларынан не күтуге болады. Асхат Аймағамбетовтың айтуынша «Мектептердің біріндегі кітапханашыға «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша атқарып жатқан жұмысы үшін алғысын айтса, ал екі мектепте осы жоба бойынша жұмыс тиісті деңгейде орындалмағанын, кейбір мектеп басшыларының аттестациядан өту мерзімі өтіп кетсе де қызметте жүргенін, облыстың кей аудандарында 5 жылдан астам уақыт бойы аттестация өткізілмегенін сынға алды. Демек  облыстық, аудандық, қалалық білім басқармалары мен білім бөлімдері «отыр жамбасым оңай, піс қазаным бес ай» деп жұмсақ орындығында ұзақ отырып қалған мектеп директорларын аттестациялауға неге асықпай отыр деген заңды сауал туады.  Кейінгі кездері мектеп директорлары мен мұғалімдер арасындағы дау-дамай ұлғайып кеткен-ді. Бір ғана Алматы облысында  Кербұлақ және Қаратал ауданындағы мектеп директорларының у-шуы республика көлеміне тарап, жоғарыдан тексеру келіп, Қараталдағы мектеп директоры орнынан алынып, Кербұлақ ауданындағы  мектеп басшысы мен Малайсары ауылындағы мектеп директоры бірін-бірі сотқа сүйреген оқиғалар да болған-ды. Ал білім министрі Асхат Аймағамбетов алдағы уақытта басқа да облыстардың мектептерін аралайтынын айтуда. Демек әлі талай директорлардың сыры мәлім болатыны айдан анық. Білім ошақтары басшыларын аттестациялау әр бес жылдан артық бір орында отырғызбау туралы ұсыныс айтылғалы бері аттестациядан өтпеген. Демек білім ошақтарын басқарып отырған директорлардың сүйенерлері мықты болып тұр ғой. Білім министрі халыққа есеп беру кезінде мектеп басшылары мен орынбасарларына қосымша үстемақы берілетіні жөнінде айтқан болатын.

«Біздегі мектеп басшыларының жалақысы – үлкен мәселе. Бұл түйткілді жоққа шығаратын әріптестеріміз де бар. Шын мәнінде менеджмент саласына көп сұрақтар тиесілі. Сондықтан осы мектеп басшыларының біліктілігі, білімділігі және олардың тиісті жалақы алуы мен жұмысқа алу механизмі өзгеруі тиіс. Қазіргі уақытта біздің директорлардың жалақысы өте аз, жеткіліксіз. Біріншіден, биылғы жылы және 4 жылдың ішінде 2 есе өседі. Екіншіден, енді директорларды және олардың орынбасарларын аттестаттаудан өткізу институты енгізіліп жатыр. Ол дегеніміз – енді мектеп директорлары мен орынбасарлары жұмыстарының тиімділігін көрсеткен жағдайда ай сайын өздерінің алатын жалақысына 30-дан 100 пайызға дейін қосымша үстемақы алатын болады», – деген-ді.

Министрдің айтуынша, мектеп директорлары мен орынбасарлары осы жүйемен тест тапсырып, нәтижесінде олардың алдағы жұмыс жоспары бекітіліп, тиісті нормативтік-құқықтық актілерді дайындалғанын тілге тиек еткен-ді. Осы айдан бастап мектеп директорлары мен орынбасарлары – аталған жүйемен тест тапсырып, оның нәтижесінде кейбір директорларды орнынан алып тастау мүмкіндігі қарастырылса, кейбіреулерін өзгертіп, басқа мектепке тағайындау мүмкіндігі  болады. Тиімді жұмыс істеп жүрген басшылар тиісті үстемақыларын алып, әрі қарай жұмыстарын жалғастыратынын баян еткен-ді. Алайда қызметтік мерзімдері бес жылдан асып кетсе де әлі күнге аттестация тапсырмаған мектеп директорлары орындарын не ауыстыруға, не босатып беруге құлықты емес. Оны Білім министрі Түркістан облысын аралағанда көзі жеткенін ғаламтор желісінде айтты.

Соңғы жылдары мұғалімдерге деген көзқарас түбегейлі өзгеріп келеді. Білікті ұстаздың жалақылары да өсті. Бірақ прокуратура органдарының берген мәліметіне жүгінсек, мектептерде жалған дипломмен жұмыс жасау кәдігі әдетке айналып кеткендей. «Мәселен Алматы облысының білім мекемелерінде 122 жоғары оқу орындарының жалған дипломмен жұмыс жасағандарын құзырлы органдар анықтаған. Тексеру нәтижесінде Сарқан,  Қарасай,  Көксу, Ескелді  аудандары мен Текелі қаласының орта мектептерінде жалған дипломын пайдалану арқылы жұмыс атқарғандар әшкереленді. Білім саласында ұдайы тексеру болатынын біле тұра жалған құжатпен жұмыс жасаған мұғалімдер мемлекеттен заңсыз айлық алып келген. Жалған құжаттар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің атын пайдалану арқылы жасалыпты. Енді олар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 385-бабы 3-бөлігімен айыпталып отыр. Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау органымен 41 маманға қатысты қылмыстық істер кінәларын мойындауларына байланысты және «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына орай ақталмайтын негіздер бойынша өндірістен тоқтатылды және олар қызметтен босатылды. 81 маманға қатысты қылмыстық істер тергелу үстінде», – дейді прокуратура органдары.

Сонда деймін-ау, мерзімі асып кеткен мектеп директорлары аттестациядан өтпесе, мұғалімдердің басым бөлігі жалған дипломмен сабақ берсе, білім сапасын кімнен сұраймыз? Бір жылға жуық уақыт болды, Алматы облыстық Білім басқармасының басшысы әлі тағайындалмады. Бұрынғы басшысы жемқорлықпен шатылып жауапқа тартылуда. Алматы облысында қанша директор аттестациядан өтпегенін Асхат Аймағамбетовтің аузынан естімесек, білім басшылары жұмған ауыздарын ашар емес. Есесіне жалған мұғалімдер жаңбырдан кейін  шыққан саңырауқұлақтай қаулапты.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ