76 жастағы кейуана далада қалды

0
285

Жұмыр басты пенденің кез келгені аталы да, баталы тәмсілге мойынсынады. Сол тәмсілдің бірі де, бірегейі: «Жастығымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейтін мәйекті мақал. Алайда  «Тағдыр» дейтін құдірет бар, алдағы көрер күннің жақсылығы мен азабы соның қолында. Бүгінгі қоғамда  әке-шеше баласынан, балалары ата-анасынан жеріп, сәбилер жетімдер үйінде, қарттар –  қарттар үйінде, болмаса баспанасыз көшеде күнелтіп жүргендерін көріп жүрегің ауырады.

Сондай кейуананың бірі Талдықорған қаласында көшеде күнелтіп жүргенін ғаламтор  желісінен  көзім шалды. Қарт әжейдің бала-шағасы Қытайда қалған көрінеді. Қазақстанға қашан және қай жылы келгені нақтыланбаған. 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтарындағы ақпарат көзіне қарағанда әжей осы уақытқа дейін  жалдамалы пәтерде тұрыпты. Әу баста, кейуананы жалдамалы пәтерге кімнің орналастырғаны белгісіз. Пәтерге төлейтін ақы-пұлы болмағандықтан көшеде қалған қарт «Мен анамын ғой, визам дайын тұр, тек тез арада ұшақ билетіне көмектессеңдер» дейді. Оның арғы бетте қалған балаларына барғысы келетін сияқты. Бір таңқаларлығы, бір жыл бойы көшеде жүрген аналарының хал-жағдайын Қытайда қалған үш баласы неге білмеді деген сауал туындайды. Жанашырлық  танытқандардың үйіне қонып, кейде далада түнеп қалатын әжейдің жағдайы тым ауыр екені айтылуда. «Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналыпты» дегендей, далада қалған қарияның хал-жағдайын күйттеген болып, алаяқтар қала тұрғындарын алдап, қайырымдылыққа қаржы жинап жүргені «Информбюро» жаңалықтарында айтылды. Апыр-ай, үш бірдей баласы аналарының осындай халге түскенін біле тұра, неге қаржы жібермегеніне қайран қаласың. Кейуананың айтуынша, «Оларға салмақ салғым келмейді» дегені бір күмәннің барын аңғартқандай. Көшеде қалған кейуананың халін Талдықорған қаласының әкімдігі де кеш білгендерін айтуда.

«Әжейдің бұндай жағдайда қалғанын енді біліп отырмыз. Әкімшілікке ол туралы арыз, өтініштер түспеген. Алайда қаланың жанашыр азаматтары бар, еріктілер бар біз барынша оның өтініші бойынша Қытайға барып, балаларымен қауышуына көмектесеміз», – деді Талдықорған қаласы әкімі баспасөз қызметінің хатшысы Мәди Шәкенов.  Сананы сан-сауал мазалайды. Үш бірдей баласын арғы бетке қалдырған кейуана Қазақстанға келгенде кімге арқа сүйеп келді екен.Туған-туысқа сеніп келген болса, олар неге қарт кісіні көшеге қалдырып кетті?

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ