Биыл бірінші сыныпқа 11 800-ден астам бала барады

0
271

Көзді ашып жұмғанша үш ай,  90 күндік жаз мезгілі де өтіп барады. Енді біраз уақыттан кейін күміс қоңырау қағылып,  жазғы демалыстан оралған балалар алтын ұя мектептерімен қайта қауышатын болады. Балабақшамен қоштасып, мектеп табалдырығын аттайтын балауса балғындарды  ата-аналары мектепке беру үшін ерте көктемнен қам-қаракет жасаған-ды.

Білім Министрлігінің берген ақпаратына сүйенсек, 1 сәуірден 1 тамызға дейін 4 айға созылған аралықта республика бойынша 400 мыңға жуық өтініш түскенін Білім министрлігінің баспасөз қызметі ғаламтор желісіне хабар таратқан. Онда «Өтініштерді қабылдау рәсімі автоматтандырылды, бірақ ата-аналар құжаттарды дәстүрлі форматта тапсыруға мүмкіндік алды. Биыл өтінімдердің 80% электронды түрде берілді. Енді мектептер сапалы дайындыққа және оқу процесін ұйымдастыруға, сынып түгендеуге кіріседі. Жаздың соңғы айын мектептер тиімді пайдаланады», –  деп атап өтті білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Аймақтарда бірінші сыныпқа баратын оқушылардың  сан жағынан басымдық беретін өңірлердің тізбесі жарияланған. Мәселен, бірінші сынып оқушыларының көпшілігі Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тіркелген. Гүлмира Кәрімованың айтуынша, балалардың 70%-дан астамы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған. Балаларды қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылдаудың жоғары көрсеткіші Қызылорда (89,6%), Ұлытау (86,6%),  Маңғыстау (86,2%), Жамбыл (80,4%) облыстарында байқалған. Бір ғажабы бұл қатарда екіге бөлінген Алматы және Жетісу облыстарының аты аталмайды. Демек біздің өңірлерде таза қазақ мектебіне баратындардың көрсеткіші көңіл көншітпейді деген тұжырымға тоқтауға болады. Себеп, нақты цифрды Білім министрлігі беріп тұр. Бұл сауалды Жетісу облысы білім басқармасының міндетін атқарушы Айжан Мамановаға қойдық.

Биылғы оқу жылына Жетісу өңірі бойынша бірінші сыныпқа тамыздың 2-не дейінгі мәлімет бойынша 11 852 бала қабылданды. Таза қазақ сыныбына баратын балалардың көрсеткіші – 75%. Жалпы 1-ші сынып пен 11 сыныпқа баратын оқушылар саны 128 000. Былтыр Алматы облысын қосқанда бірінші сыныпқа 48 000 бала барғанын айтты. Ал Талдықорған қаласы бойынша бірінші сыныпқа 3500-ден астам бала бармақ. Оның ішінде таза қазақ сыныбына баратын балалардың көрсеткіші 72,1%, орыс мектебіне баратындардың саны 27%. Қала бойынша 25 мектепте жалпы 34 000 бала білім алатын болады. Бұл көрсеткіш облыстың жалпы көрсеткішіне қосылады.

                                 Мектеп формасы

Неше жылдан бері жыры таусылмаған мектеп формасына байланысты ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов  ата-аналар үшін алдағы оқу жылында әр өңірдің мектеп формасы болатыны жайлы айтты.

Министрдің айтуынша, алдағы оқу жылынан бастап әр өңірдің оқу-ағарту басқармалары біріңғай мектеп формасын таңдап, бекітетін болады. Бұған дейін оқушылардың қандай мектеп формасын киетінін мектеп ұжымы айқындап келген еді. Енді бұл үрдіс жойылып, біріңғай мектеп формасын жергілікті оқу-ағарту басқармалары анықтап, ортақ стандарт қалыптастырмақшы.

Бұған дейін оқушылардың мектеп формасының түсі мен стилін білім беру мекемелері анықтап, оны қамқоршылық кеңесімен бекітуші еді. Бүгінде елімізде 7,5 мыңнан астам мектеп бар екенін ескерсек, соған сай мектеп формаларының түрі мыңға дейін жеткенін білеміз. Бұл ата-аналар үшін тиімсіз. Балалар бір мектеп келесі мектепке ауысқанда мектеп формасын ауыстыруына тура келуші еді. Жаңа тәртіп бұған нүкте қояды, – деді Асхат Аймағамбетов.

Жаңа тәртіп бойынша алдағы уақытта елімізде мектеп формаларының 20 шақты түрі болуы мүмкін. Білім министрінің бұл шешімі қаншалықты жүзеге асатынын алдағы уақыт көрсетеді. Әйтсе де, әр өңірдің оқу-ағарту басқармасы біріңғай мектеп формасын енгізсе құба-құп. Өйткені мектептерде барын киіп, бақанын қолына ұстаған дәулетті отбасылардың балалары мен орта және әлеуметтік осал топтардың балалары бөлектеніп тұратын. «Ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүберек» демекші, білім ұясындағы мектеп формасына қатысты бірізділік қажет-ақ. Бұған дейін білім саласында ушыққан мәселенің бірі діни жолды ұстанған ата-аналар қыз балаларының мектепке тұм-шаланып барғанын қалайтынын айтып даурыққан-ды. Бұл үрдіс қоғамда әлі қызу талқыға түсіп тұр. Алайда білім ұясында жүрген, әрі кәмелеттік жасқа толмаған балаусаларды тұмшалап тастауға қарсы тараптың да өз айтарлары бар. Бай мен кедейге бөлінген бүгінгі қоғамда білім алу жалпыға бірдей қағида болғанмен, киер киім, тамақтану мәселесі жарлы-жақыбайлардың балаларын жасытып келеді.  Мемлекет қамқорлығына алғанмен ес кіріп, есейген балалар мектептен алатын көмекке намыстанатындары да бар. Шариғатта «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген тәмсіл бар. Әлеуметтік көмек алатын балаларға киім-кешек және мектептен тамақ үлестіргенде соның жымын білдіртей, айғайлап, аттандап бәлен балаға көмек көрсеттік дегізбей, у-шусыз таратса оны әлеуметтік осал топтың балалары да білмей қалатын айла-шарғы мектепке жетіспей тұр.

Жалпы әр өңірдің біріңғай мектеп формасы бір қалыпқа түсіп, барлық оқушы біріңғай киінсе, бұл мектеп үшін де, балалар үшін де дұрыс пайым болмақ. Қажет болса білім беретін мұғалімдерді  де біріңғай киім үлгісіне көшірген абзал. Бұл қағида мектептегі оқушылар арасындағы жікке бөлінушілікті тияды. Оқу-ағарту министрі  Асхат Аймағамбетов бұл бастаманы көктен де жерден де, алған жоқ. Бұған дейін де білім жайлы мақалаға тұздық болып келген-ді. Республика бойынша 7,5 мыңнан  астам мектептерде бүгінге дейін 1000-нан астам мектеп формалары болса, енді ол ықшамдалып әр өңірдің өзіндік мектеп формалары болатыны айтылуда. Биылғы жаңа оқу жылының тағы бір жаңалағы қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушылары тек қазақ тілінде білім алатынын мәлімдеді.

1-сынып оқушылары тек қазақ  тілін меңгеретін болады

Осындайда ғой, «Әттең тонның келтесі-ай» дейтінің… Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде ресми тілде жорғалап, ағылшынша ән салып, тіпті, қытай тілінде оқиық деп жар салдық. Мемлекеттік қазақ тілі босағада қалды. Мәселен, Жапония мемлекеті оқушыларына 5-6 сыныпқа дейін тек жапон тілінде білім береді, 7-сыныптан ары қарай өзге тілдерді оқу бағдарламасына енгізген. Әншейінде білім жайлы реформаны басынан көшіріп алып, білім саласын былықтырған экс-министрлер мемлекеттік тілді қорғамақ түгілі, мектеп оқулықтарының өзін қойыртпақ жасап жіберген-ді.

Тақты әліп деп танитын өзінің төл тіліндегі кириллица әріпті түрлі түсті суреттер арқылы әріп танытатын «Әліппені» алып тастап, қоғамда дүрбелең тумады ма?!  Айғайлап, аттандап жүріп әліппені қайтардық. Одан бөлек, оқулықтардағы қателіктерден бала түгілі мұғалімнің миы ашып, оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке үш хат жолдаған мұғалімдер оқулықтарды бірізділікке бейімдеуді сұрады. Жас министр санаттан шығып қалған әліппені кері қайтарды. Енді міне, 1-сынып оқушысы таза қазақ тілінде білім алатынын айтуда. «Әттең тонның келтесі» дегеніміз де сол таза қазақша білім алу, тым құрыса 3-ші сынып бітіргенше болғанда ғой дейміз де… Оқу-ағарту министрінің айтуынша, бірінші сыныпта таза қазақша оқып, орыс тілі 2-сыныптан, ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылатынын мәлімдеді.

Зерттеулер мен талдаулар жүргізгеннен кейін біз бірінші сынып оқушысына бірден 3 тілді меңгеру қиын екенін көрдік. Бұл – тиімсіз. Біз бұл мәселеге қатысты шешім қабылдадық. Енді қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Біз баланың алдымен өз ана тілінде оқуды және жазуды үйренуі үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Орыс тілінде оқитын мектептерде 1-сыныпта орыс тілі мен мемлекеттік тіл, ал 3-сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылатын болады, – дейді.

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, бұл ұсыныстар бұрыннан бері айтылып келе жатқан. Бірақ таза қазақ тілінде білім алу бастауыш сыныпта тек бір жыл ғана болғаны көңілге кірбің ұялатады. Болашақта бұл талқы тағы да қоғам тарапынан қозғалыс болса, қайта қаратылып қалуы да бек мүмкін. Ана тілінің уызына жарып өспеген бала мемлекетшіл, әрі Отанды шынайы сүйе алмайды. Онсызда Қазақстанда аралас мектептердің саны басым. Ал ондағы балалардың көбі таза қазақ тілінде емес, ресми тілде бір-бірімен қарым-қатынас жасап жүргені айдан анық. Әйтеуір, сең қозғалды, мұғалімдердің бәрі де оқу-ағарту министірінің реформасына ризашылықтарын айтуда. Тек мектеп директорларына қатысты қағидат қатаңдатылса дейді. Жадырап жаз өтіп, күркіреп күз келе жатыр. Балаңыз мектепке дайын ба ағайын?!

А. БҰЛҒАҚОВ

Сурет ғаламтордан алынды.

 


ПІКІР ЖАЗУ