Интернет алаяқтарына алданбаңыз!

0
257

Абай дананың «Арсыз болмай атақ жоқ» деген пәлсапасын бүгінгі қоғамда әркім әрқалай түсініп жүр. Мәселен, өнер адамдары, оның ішінде жеңіл желпі әншілер атын шығару үшін атақты сатып алып, атын шағарып жүр.  Жоғары билікке жету үшін төменгі  баспалдақтан бастап, өндіріс не ауыл шаруашылығында ысылып  піспеген, шетелде жоғары білім алып, үш-төрт тілді меңгеріп, ана тіліне келгенде «алапес» болғандар  жемқорлықпен шатылып, атақтары жер жарып тұр.

Енді осылардың қатарына интернет аляқтарының дақпырты қосылды. Олардың арсыздықтары сондай бірнеше минут ішінде көзі қарақаты жандардың өзін алдап, арбауына түсіріпті. Жетісу облысының екі ауыл тұрғыны интернет алаяқтарының құрбанына айналған. Екі факті де өңірдің Кербұлақ ауданында орын алған. 1989 және 1990 жылдары туылған кербұлақтық екі тұрғын да бірнеше минуттың ішінде 2,5 миллион теңгесін өз жинақтарынан алаяқтардың  айтқан сілтемелерін басамыз деп айырылған. Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылының  тұрғыны  Instagram-дағы түрлі ақшалай жобаларға инвестиция салуға байланысты сілтемеге сеніп 1 293 000 жоғалтқан.  Анау-мынау емес, білдей бір экономистің алаяқтардың құрсауына түсуіне, өз қаражатын инвестицияға салып екі есе пайда табамын деп алданған. Әуеліде сілтемеге сеніп 100 000 теңге жіберіп, едәуір пайда көрген экономист бірнеше күннен кейін қомақты қаражат салып, жиған-тергенінен айырылып қалған.  Қарғаның ірімшігін алдап жеген түлкідей «маңғыт аузыңа саңғыт» деп сілтемені бастырып,  тайып тұрған алаяқтарға алданған аудан тұрғыны санын соғып қалыпты.  Екінші  Беріктас ауылының  тұрғынын  WҺats up мессенджері 1 200 000 теңге көлеміндегі допозитін алдап алып кеткен. Бұзақы өзін «HaIуk bank» қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырып, оның атына белгісіз тұлғалар ақшалай несие рәсімдеуге тырысып жатқанын хабарлаған. Алаяқ клиенттің депозиті бар екенін біліп, ақшаны банктік картаның артқы жағындағы үш таңбалы СV-кодты ұсына отырып, қауіпсіз шотқа аудару керек деп мәлімдеген. Белгісіз адаммен сөйлескеннен кейін ауыл тұрғыны шоттағы 1 миллион 200 мың теңгесінен қағылған. Жетісу облысының  Ішкі істер  департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы  жылы  өңір  аумағында интернет алаяқтарының 55 фактісі тіркелсе, жыл басынан  бері мобильді банкинг арқылы ақша қаражатын ұрлатудың 146 фактісі  тіркелгенін, алаяқтардың, яғни шабуылдаушылардың жәбірленушілердің жеке деректерін өздерінен алу арқылы қылмыстық істерін жүзеге асырғандарын айтады. Бірінші  оқиғада   алаяқтарға  арбалғандардың барлығы өз жинақтарын түрлі инвестициялық жобаларға салған. Нәтижесінде олардың бәрі жалған болып шыққан. Арбаушылардың шырмауына түскендер  спорттық ставкалар онлайн-ойындар және тағы басқа ұтыстарға салып,  еселеп ақша табуға үндеп отырған. Адам тани білетін алаяқтар көбіне өнер адамдарынан бастап, мемлекеттік шенділерге дейін медиа тұлғалардың суретін пайдаланып, жалған инвестициялардың әлеуметтік желілерінде сілтеме  жасайды дейді облыстық Ішкі істер  департаментінің баспасөз қызметкерлері.  Интернет арқылы атағы шықан арсыз алаяқтарды анықтап, жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырып жатқан із кесушілер  қаладағы,  ауылдағы  тұрғындарға  ғаламтор желілерінде өте абай болуы керектігін ескертеді.

 Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ