Қараша халықтың айлығы шайлығына жетпейді

0
391

Қазақстанда   орташа айлық жалақы мөлшерінің жаңарғаны туралы  стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросынан мәлім етті.  Мәлімдемеде 2022 жылдың екінші тоқсанында бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы  312 011 теңге  болғандығын хабарлайды. Бұл  әрине ақылға қонымсыз статистика екенін айтқан қоғам белсенділері сөзінің төркініне  қарап    халықтың орташа айлық жалақысы дұрыс есептелмей ме деген ойға қаласың. Жалпы академик  Оразалы  Сәбден депутат болып тұрғанда статистикалық орган Үкіметтің жанында болмауы тиіс деген мәселе көтерген екен. Неге десеңіз,  Үкімет бекітіп берген ақпаратты айтумен шектеліп қалады. Сол  үшін бұл орган не Президентке тікелей бағынатын я болмаса Парламенттің жанында құрылуы керектігін айтқан. Оның сөзіне сүйенсек, елдегі орташа айлық жалақыны байды да, кедейді де бірге қосып есептейді. Ал  дәулеттілердің айлығы бірнеше миллион  теңге болатын болса, кедей санаттағылар орташа айлықтың жартысын да көрмейді. Осы екі топты қосады да, орташа айлық жалақы 200-250 мың теңге деген мәлімдеме жасайды. Баға шарықтап тұрған қазіргі заманда айлық мәселесі туралы саясатты өзгерту керек  те болар.  Тәуелсіз сарапшылар сөзіне сенсек, бізде көрші Ресеймен салыстырсақ, ең төменгі жалақы мөлшері екі есе төмен. Бұл  жағдайды ескеріп, Үкімет елдегі ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеге көтерді. Одан  бері үш жыл ішінде индексация жасалмаған. Үш жыл тұрмақ, бір жыл ішінде тауар мен тұтыну бағасы айтарлықтай өскендігін көріп отырмыз.  Қазір экономикалық жағдайды ескеріп, ең төменгі жалақыны арттыру мәселесін қайта көтеру керектей.

Қазақстандағы орташа айлық жалақының көлемі қызмет бабы, қандай мекемеде жұмыс істейтініне байланысты. Тіпті әр облыста әрқалай бекітілген. Жасыратыны жоқ, мектепте жұмыс істейтін есепші мен Ұлттық компаниядағы есепшінің айлығында айтарлықтай айырмашылық бар екенін бәріміз де жақсы білеміз. Алайда? Қалай десек те халықтың алар еңбекақысы оның өмір сүру сапасы ғой.  Ал жалақы көтеруге келгенде көзбояушылық жасау, қиянат жасағанмен бірдей.

Соңғы 25 жылда еліміздегі орташа жалақы қалай өзгергені туралы дерекке көз жүгіртсек, 1995 жылы еңбекақы 4600 теңге болған. Араға 5 жыл салып халықтың орташа табысы 14 300 теңгеге жеткен. 2005 жылы – 34 000 тг, 2010 жылы екі есеге артып 77 600 теңгеге өсті. 2015 жылы жалақы мөлшері 126 мың болса, 2020 жылы орташа есеппен 196 992 теңге. 2021 жылдың орташа айлық атаулы жалақысы 223 213 теңге болды. Биылғы есеппен қазақстандықтар орта есеппен айына 300 мың теңгенің көлемінде жалақы алады. Және  бұл  жылдың екінші тоқсанындағы көрсеткіш. Ал  іс жүзінде қараша халықтың айлығы шайлығына жетпейді. Неге?

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ