Алғыс арқалаған АҚМАРАЛ

0
454

Дәрісі – дәру, сөзі – шипа  Ақмарал  НҰРАЛИНОВА   бала  шағынан   фельдшер маманы болсам деп армандады. Онжылдықты  тәмамдаған  соң  Семей қаласындағы  медициналық  училищеге тапсырып, 1993 жылы  диплом алды. Осылайша   Кеңжыра дәрігерлік амбулаториясына қарасты  Тарас ауылындағы  фельдшерлік-акушерлік  пунктте  фельдшер  болып еңбек жолын бастады. Күні  бүгінге  дейін  ауыл  халқының  денсаулығын  сақтау   жолында тынымсыз  еңбек  етіп келеді.

– Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп қой. Алайда  екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ, олардың адам өміріне жауапты қызметіне деген құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Өз басым дәрігер емес, фельдшер маманы боламын деп армандадым. Бұл мамандыққа кішкене күнімнен қызығушы едім. Қызығушылығым мақсатыма айналып, осы маман иесі болдым. Өмірде екі нәрседен қателеспеу қажет дейді. Бірі – өмірлік жар таңдау болса, екіншісі – мамандық. Мен екеуінен де жаңылмаған, бақытты жанмын. Жұмысым – менің сүйікті ісім. Ал науқастың алғысын алу  деген  үлкен мәртебе. Ризашылық білдірген науқастың шынайы ілтипатын естігенде бұл мамандықты таңдағаныма қуанамын, –  деген Ақмарал  Иембергенқызы әңгіме желісінде  алғашқы еңбек жолында тәлімгерлік еткен Майра Исаеваның есімін ерекше атап өтті.

Жұмысқа алғаш тұрған күнімнен Майра Исаевадан  көп тәлім алдым.  Медицинаны оқудан бөлек, тәжірибе жүзіндегі бағыт тіптен өзгеше ғой. Білікті де, тәжірибелі маманның арқасында  біраз  дүниені үйрендім  десем болады. Еңбек жолымда осындай тамаша адамды жолықтырғаныма  қуанамын әрі мақтанамын, – дейді ол.

Қазіргі таңда Тарас ауылында 400-ден астам адам тұрады. Оның 100-ге жуығы 14  жасқа дейінгілер. Кейіпкеріміздің айтуынша, Кеңжыра дәрігерлік амбулаториясына қарайтын фельдшерлік пункттің  жайы  көш  ілгері. Ауыл  халқының арқасында екі жыл бұрын  күрделі  жөндеу жұмыстары жүргізілген.  Қазіргі таңда ауылдағы кәсіпкер азамат Төлеген Мақашов  жаңа медпункт салуды қолға  алыпты. Бұйыртса  жөндеу жұмысы биыл аяқталады деп күтілуде екен.

Бұл  ауыл адамдарының кең жүректілігін білдірсе керек-ті. Қазақ «Туған жеріңе туыңды тік» деп  бекер айтпаған ғой. Осындай қамқорлық танытып жатқан ауыл адамдарының денсаулығын сақтау жолында біз де өз көмегімізді көрсете алып жатсақ, одан асқан бақыт болмас, сірә,  – дейді жоғары санатты фельдшер.

Мамандығын сүйетін білікті жоғары санатты  маман отбасында аяулы жар, үш баланың  анасы. Тындырымды тірлігінің арқасында  аудандық деңгейдегі құрмет грамоталарымен, аурухана тарапынан алғыс хатпен марапатталған. Еңбектің еленіп, алғыс болып қайтқанына қуанатын маманның мамандығына деген құрметі үлгі алуға тұрарлық.

Сарби ӘЙТЕНОВА

АҚСУ АУДАНЫ


ПІКІР ЖАЗУ