Аралас мектеп, қалтарыста қалған  қазақ  тілі

0
425

Қазақ  Мемлекеті тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде Ата Заңда мемлекеттік тіл қазақ тілі деп тайға таңба басқандай жазылып, оған қосақтап   ресми  тіл — орыс  тілін  теліп қойды. Онсызда 70 жыл кеңестік одақтың қамытын киген Қазақстан бұрынғы он бес одақтың ішінде өзінің төл тілінен жеріп, облыстық, қалалық білім ордаларында, тіпті аудан, ауылдарда орыс мектептерінің аясын кеңейтіп, қазақ біткен «балаларымыз болашақта нан тауып жеу керек» деп  орыс сыныптарына берді. Бір сөзбен айтқанда орысша білмесең нан тауып жеуің сорға айналды. Орыс тілін жетік білмегендерді «мамбет» «баран» деді.

Міне, соның зардабын тәуелсіздік алып, орда бұзар отызға толған Қазақстан әлі көріп келеді. Қазақстаннан  басқа,  орта  Азиядағы  мемлекеттер Тәжікстан, Түрікменстан,  Қырғызстан,  Өзбекстан,  Әзербайжан республикалары тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап мемлекеттік тілдерінің іргесін нығайтты. Төте жазуға ат үсті көшіп алды. Президенттері-нен бастап  жергілікті өкілдеріне дейін өз ана тілдерінде сайрады. Білім ордаларында мектеп табалдырығында мемлекеттік тілдеріне басымдық берілді. Құдай төбеден ұрғанда, қазақ елі мемлекеттік тілін тұқыртып, отыз жыл елді билеген Елбасыдан бастап, ресми тіл орыс тіліне басымдық берді. Жиындардың барлығы,  жоғарғы органға жолданатын есеп-қисаптың және құжаттардың толтырылуы  орыс  тілінде өрбіді. Қазақстанда таза қазақ  мектебінің  емес, аралас мектептердің саны артты. Тіпті Президенттік сайлау кезінде кандидаттар арасында мемлекеттік тілді жетік білмейтін Ғани Қасымов деген шала қазақты біздің мүйізі қарағайдай зиялы, комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков көкеміз «мемлекеттік тіл сынағынан мүдірмей өтті» деп Президенттік  додаға  тіркеп  жіберді ғой.

Қазақ тілінің тамырына  Елбасыдан  бастау  алған шенді-шекпенділердің бәрі балта шапты. Енді жаңа оқу жылы басталарда Алматы облысының Талғар ауданында жаңадан салынған мектепті ала жаздай таза қазақ мектебі жасаймыз деп шапқылаған Парламент мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан мен аудандағы тіл оқыту орталығының директоры Кәмнұр Тәлімұлының бастаған еңбектері зая кеткелі тұр. «Әу баста аралас мектеп болады деген білім ошағын таза  қазақ  мектебін  жасау керек  деп  «Жер астынан жік шықты» деген мақала жарық көреді. Оның  авторы тіл оқыту орталығының  директоры  Кәмнұр  Тәлімұлы. Бұдан кейін белсенділер қазақ мектебі үшін күресіп, Алматы облыстық мәслихаты депутаттарына Үшбу хат жолдайды.

Обалы не керек  мәслихат  депутаттары  бұл мектеп таза қазақ тілінде болуы керек деген шешімге келіп, хаттама толтырылады. 27 мамыр күні Әділет басқармасында жаңа мектеп таза қазақ тілінде деп тіркеліп, жарғысында оқыту қазақ тілінде деп жазылып, мөр басылады. Білім ошағы қазақ тілінде ашылатын болады деп аудандық білім бөлімінің  басшысы  Қарлыға Сәдуақасованың өзі бейнежазбада да айтып отыр. Алайда 800-900 бала ғана қазақ сыныптарына тіркеліп отыр. Орыс сыныптарына тіркелгендер саны 100 дейді. База ашылмауына байланысты қағаз түрінде жүргізіліп жатқанын айтқан аудандық білім бөлімінің басшысы енді кері аунап түсіпті.

Алайда жаз бойы жаңа мектепке барған ата-аналарды ешкім қабылдамаған, барғандарға талон берілмеген. Жаңа оқу жылы басталуға он күн қалғанда, №8 мектеп гимназиясында оқитын орыс балаларын әкеліп тықпалауда деген Кәмнұр Тәлімұлы сыймай жатқан орыс жоқ деп ашынады. Өткен аптаның басында екі тілде болсын деп Алматы облыстық білім басқармасы бұйрық  шығарған. Ол бұйрық та негізсіз. Өйткені Әділет басқармасында таза қазақ тілінде деп тіркелген. Жеме-жемге келгенде «Сіздерге уақыт береміз, 25-31 тамызға дейін мың бала тіркелсе, мектепті таза қазақ тілінде ашамыз дейді. Бұл баланың ойыны ма, бақсының сарыны ма?», –  деп ашынады тіл жанашыры Кәмнұр Тәлімұлы.

Ауданның 70 пайызы таза тазақ бола тұра  №1 аралас мектепте 2000 бала,  600 орындық  №2  мектепте 2500, 700 орындық №7  қазақ мектебінде 1800 бала оқуда. Тіл жанашырының айтуынша аталған мектептерде бір сыныпта отыз баладан сығылысып отыр, осы балаларды жаңа мектепке ауыстырып,  таза қазақ мектебін жасауға аудан әкімдігі ниетті емес дейді. Ала жаздай таза қазақ мектебі ашылатын болды деп  атойлаған  Талғар  аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Сәдуақасова мен аудан әкімдігі берген уәделерінен тайып, жаңа мектепті аралас мектеп жасауға бар күштерін салып, балаларын таза қазақ мектебінде оқытқылары келетін ата-аналардың құқығын бұзып отыр деп ақпарат құралдарына жүгінуде.

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелге хабарласып, 1 қыркүйек күні ашылатын жаңа мектеп аралас мектеп болатынын білдік. Демек, Абай дана айтқан: «Жартасқа бардым,  күнде айғай салдым, одан да шықты жаңғырық» демекші, ала жаздай бозторғайдай шырылдаған ата-аналар мен тіл жанашыры Кәмнұр Тәлімұлының және Парламент депутаты Жанарбек Әшімжанның, облыстық мәслихат депутаттарының жаңа мектеп таза қазақ тілінде болады деген шешімдері мен қаулысы жүзеге аспайтын болды.2014 жылдан 2022 жылға дейін Алматы облысын басқарған Амандық Баталовтың да ашқан мектептерінің басым бөлігі аралас мектептер болатын.

Талдықорған қаласындағы №28 мектепке биыл екі бірдей немерем бірінші сыныпқа бармақ. Оқу жылына дайындыққа апарып жүріп, тура сол мектепте орыс сыныбына баратын екі топ таза қазақ балалары екенін көріп жүрегім ауырды. Ата-аналардың өзі мемлекеттік тілге бүйрегі бұрылмаса, кімге өкпелейміз. Қазақстанда аралас мектептен аяқ алып жүре алмайтын болдық.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ