Біліктіліктерін арттырды
«Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Тіл үйретушінің тілтанымдық құзыреттілігі» атты 16 сағаттық оқытушылардың біліктілігін арттыру курсы өтті.
Мекеме басшысы Жеңіс Жолдыбаевтың бастамасымен оқытушылардың білімін жетілдіру мақсатында екінші мәрте ұйымдастырылып отырған бүгінгі курстың тақырыбы – тіл үйретушілердің әдістемелік жұмысы, оқытушылардың педагогикалық дағдыларын қалыптастыру және іс-тәжірибе алмасуға бағытталды. Курстың мақсаты инновациялық әдіс-тәсілдерді, интернет ресурстар мен сайттарды сабақта қолдана отырып, тілдерді оқытудың әдістемесін ұсыну болды. Ұстаздар біліктілігін арттыру – жаңа теориялық мәселелер мен арнайы техникалық білім, біліктілік пен еңбек дағдысын кеңейтеді. Мұндай курстар кез-келген педагогтің кәсіби білімін тереңдетіп, сапалық, іскерлік қасиеттерін жетілдіруге және шығармашылық бағытта өзін-өзі шыңдауына ықпал етеді.
Аталған шараға Тіл білімі институтының тілші-ғалымдары да қатысты. Атап айтсақ, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан «Ересектерге тіл үйрету: тілтанушы тәжірибесінен», «Лексикалық минимум туралы», «Грамматиканы оқыту керек», «Әдеби тілдің нормалары туралы тың ақпараттар», «Тіл үйренуше неге сөйлеп кетпейді: тілтанушылық талдау» тақырыптары бойынша дәріс оқыды.
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған біліктілікті арттыру курсына облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының аудандық, қалалық филиалдары мен облыстық орталығынан 40-қа жуық оқытушы мен меңгеруші қатысты.
Шараны қорытындылаған орталық басшысы Жеңіс Хамитұлы білімдерін жетілдіру курсына қатысып, дәріс тыңдаған оқытушылар мен меңгерушілерге сертификат табыстап, Жетісу өңіріне арнайы келіп, өз білімі және тәжірибесімен бөліскен Анар Мұратқызына алғысын білдірді.
Өз кезегінде Анар Фазылжан да орталық оқытушыларының сабақта ерекше белсенділік танытқандығына ризашылығын білдіріп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруде тіл саласы мамандарының еңбегі ерен екендігін атап өтіп, алғысын білдірді.
А. НҰРЖАПАР.