Шындықтың түбіне жетпей қоймаймын
Адамның басы, Алланың добы». Тағдыр тәлкегіне ұшырап, түрлі сынақты басынан кешкендер қай дәуірде де болған. Бола да береді. Бірі емес, жүзі жағынан жаңылып, аяғынан сүрініп жатады. Сүттей аппақ, жаңа туған періште бір Аллаға ғана тән және ол күнәдан пәк. Ал қалған жұмыр басты пенденің тарыдай мойнында таудай күнә бар.
Менде соның бірімін, жаздым, жаңылдым. Сот залында да менің кінәм бар айыптымын, мойындаймын, – дейді «Алатау» қоғамдық-саяси редакциясына келген Дина Искакова. – Жасаған қылмысыма орай жазалаңыздар деп бозторғайдай шырылдадым. Бірақ қаладағы үлестірілген пәтерлердің кілті менің қолымда тұрғандай бар пәле-жаланы екі адамға жауып, абақтыға тоғытты. Тергеу кезінде көрген қысымым өз алдына, түрмеде де көрген азабым аз болған жоқ. Баспанаға қатысты барлық қылмысты мен мойындаған жоқпын, қол қоймадым, – деген ол ақиқаттың түбіне жетпей қоймайтынын да айтты.
– Неге мен ғана қылмыскер болуым керек, «рақметін» айтқандарға баспананы жыртыс үлестіргендей үлестірген, сол кездегі жергілікті билікте отырғандар да жауапқа тартылуы керек және заңсыз берілген пәтерлер қайтарылып, тиісті иелеріне қайтарылмайынша мен күресімді тоқтатпаймын, – деп көкірегіндегі құса-наласын ақтарып айтқан Дина білімді, білікті қыз еді. Ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары, алғыр журналшы болды. «Нұр Отан» партиясына жұмысқа орналасқанда «Әп-бәрекелді, өзін көрсететін жерге енді барды. Саяси таным-білігі қалыптасады. Болашақта мықты идеолог болады», – деп топшылапты оны білетін азаматтар. Амал қанша, сол ұйымдастырушылық қабілеті басқа арнаға түсіп кетті.
«Дина алаяқ екен» деген қауесет, гу-гу әңгіме тарап, тергеу басталып, мен үміт күткен өжет қыз сот залында аһ ұрып, өзіне көп жала жабылып жатқанын айтып, сол кездегі билік тізгінін ұстағандардың аты-жөндерін атап, баспана кілтін кімнен алып тұрғандарын да жайып салды. Алайда екі қыз айыпты деп танылып, абақтыға кете барды. Тиісті жазасын алды. Кесілген төрт жыл мерзімнің 3 жыл, 10 ай, 18 күнін өтеп шықты. «Жабулы қазан жабулы күйінде қалсын, онсыз да жүрегі жаралы, алдағы күні арайлы болсын» – деп әріптесімізге тілеулес болып жүргенбіз. Бірақ «шындықтың түбіне жетпей қоймаймын» деген Дина Искакова жоғары эшелонға дейін шағымданып, өзін істі деп таныған сол кездегі құзырлы органдар мен қалалық әкімдіктің баспанаға қатысты біраз былық-шылығын әшкерелеп үлгерді.
– Мақсатым – елдің көзін ақиқатқа жеткізу. Мен тоқтамаймын, менің мойнымда 500 миллион теңге қарыз бар. Абақтыдан келген соң, сот орындаушылары мазамды алды. «Қарызды қайтаруыңыз керек» дейді. Ал осыншама ақшаны мен алған жоқпын. Мен осының түбіне жетіп, 500 миллион берешекті өтеп, сол күні Қазақстаннан шығып кетемін. Заңсыздық жайлаған елде тұра алмаймын. Бар үмітім «Жаңа Қазақстан» құрамыз деген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлында. Мен Президент әкімшілігінде, жоғарғы орган, бас прокуратураның қабылдауында да болдым. Қолымдағы нақты айғақтарды көрсеттім. Бүгінгі таңда заңсыз берілген 1000-ға тарта үй ретімен қайтарылып, кезекте тұрған иелеріне берілуде. Өзім осы баспана дауына қатысты комиссияның мүшесімін. Мені қолдайды деген кейбір журналист әріптестерім «істі болған адам неге комиссия құрамына кіреді?» деп табалайды. Табалай берсін, заңсыз баспана алғандардың ішінде олар да бар, – деп күрсінді.
Динаға «Бұл қылмысқа қалай басыңды сұғып жүрсің?» деген сауалды төтесінен қойдық.
– Мен қарапайым отбасынан шыққанмын. Сол «Нұр Отанға» дейін өз еңбегіммен жеткен адаммын. Ешкім қолымнан жетектеп билік басына лауазымға отырғызған емес. Сол жерде жұмыс жасап жүрген кезде «Нұр Отанға» мүгедек адамдар көп келетін. Қаншасына шамам келгенше көмек бердім. Бірақ пәтер мәселесіне келгенде артымнан қалмай, таныс тауып бір мәнісін жасайық дегендер болды. Алғандардың ішіндегі барлығы шын мәнінде мүгедек, көпбалалы, кәдімгі әр санатта тұрған азаматтар еді. Бірақ жылдар бойы ала алмағандықтан, оның жолын іздеді. Сонда мен бұны ашық түрде әкімге барып айтқанымда, оның маған айтқан жауабы: «Аз-маз рақметін айтсын да, елдер секілді ала берсін» деді.
Содан кейін бәрі бармақ басты, көз қысты әрекетсіз ала алмайтын болып жатса, онда солай алсын деп ойладым. Болған жайтты естіп тұрсыңдар, осылай айтты деп түсіндірдім. Олар: «Біз берейік, тек пәтерді алайық» деді. Менің үйіме, болмаса жұмыс орныма алып келген емес. Алып келсе, сол әкімдіктің алдына, әкімнің жүргізушісіне тапсырған күндерім болды. Тікелей көздерінше алып, екіншісіне беремін. Үш сағаттан кейін сол жүргізуші Нұрлан Ибраев өзі кілт алып келеді. Кілтті мен ала алмаймын, қалтама сала алмаймын. Бұл мемлекеттік пәтерлер түсінікті ғой. Содан үш күннен кейін ЖКХ-ға барса қағаздарын шығарып береді. Солай 10-20 адам алды, кетті. Ал менімен істі болған қыздың артында сондай көптеген адам тұрғаны белгілі. Назгүл Жаппарова және Әлия Чүйкенбаева деген екі кісі жүрді. Сол екі әйелдің алаяқтық фактісін маған тіркеді, өйткені ол екеуі халықтан шын мәнінде өте көп сомада ақша жинап алған екен. Мен оны сотта ғана білдім. Алайда ол ақшаны да, адамдарды да көрген емеспін. Менде жетпіс адамның мойындаған қолхаттары бар.
«Олар бұл адамды көрмедік, ақшаны бермедік деген. Бірақ Назгүлдің күйеуі, ал Әлияның бауыры полиция департаментінде отырғаннан кейін ойлап тапқан айлалары – «бәрін Динаға бердік» деп айтыңдар деген. Қасындағы қызға, ал ол Динаға берді деген әңгіме шығарған. Бұл олардың солақай жоспарлары болып шықты ,– деген Динаға «Сіз әкімге барып айттым, ол рақметін айтып, баспанасын ала берсін» деді дейсіз. Демек сіз бұл қылмыстық жол екенін біліп тұрсыз. Мұның ерте ме, кеш пе сұрауы боларын білдіңіз. Мұндай былыққа араласпаймын деп неге кері шегінбедіңіз?» деген сауалға орай ол:
– Талай кері кеттім. Бұл бір күннің шаруасы емес. Үш жылда бірте-бірте болған шаруа. Мен сол кезде елге көмектесіп тұрмын деп ойладым. Олар шын мәнінде ала алмай жүрді. Қолы жетпей жүрген адамдар осылай болсын алып жатса, ол да бір көмек шығар деп ойладым. Мен осы жалған нәрсеге сендім. Ал кейін бұның қылмыс болатынын, бұл адамдар өзіме қарсы шығып, арыз жазатынын білгенде, әлбетте, бұндай нәрсеге бармас едім. Олардың барлығы келгенде бейшара болып келді. «Ағатай, көкетай, он бес жыл болды ала алмай жатырмыз деді. Арасында пәтерді ала салып бір айдан кейін қайтыс болып кеткен адамдарды да көргенмін. Жастығым ба, әлде алаңғасарлығым ба, дұрыс түсіне алмаппын. Шынайы көмек бердім деп ойлаппын. «Бәке», «Мәке», «Сәкемен» көп нәрсе шешілетін еді. Бәріне өздері жүгірді, ақша бер деп айтқан емеспін, – деп өзегін өртеген өкініштен көкірегі қарс айырылған Дина әр пәтерден 500 доллардан үлес алып тұрғанын жасырмады.
– Шу шыққанда 500 доллардың ақысын қайтарғаным туралы қолхат бар. Өзімдікін қайтарып бердім, бұл іске қатысым жоқ деп ойладым. Әр пәтерді 5000 долларға бағалаған әкімдік 4500 долларын өздері алып, 500-ін маған бергендерінен жалтарып, 5000 доллардан сатқан пәтерлердің құнының бәрін менің мойныма іліп жіберді. Олар алмаған болса кілт қайдан шықты? Егер мен сол қаражаттың барлығын қалтама салып алып, оларға ештеңе бермеген болсам, қанша адам сол пәтерлерде қалай тұрды?
Бұл жерде менің кінәм қалай болсын көмек қыламын дегенім еді. Артынан өзім жапа шектім. Мен қателігімді мойныммен көтеріп алдым. Ол еркектерде намыс жоқ, ақыл жоқ. Халықтың ақысын жеп, тыныш жүре берсе болды ма? Олардың беттері қалың болса да, менің бетім қалың болмады. Иә, мен арқылы өтті, көмектескенім рас. Ортасынан маған бергені де шын. Мен алғаныммен, оны қайтардым. Бірақ осыған киліккенім үшін кінәлімін. Сотта менің кінәм қай жерге дейін соған ғана жауап берейінші деп айттым. Ол кезде қылмыстық іс емес еді. Пәтерлерге кіргізіп, кілтті алғызып, оның қағазын рәсімдеу менің қолымдағы дүние емес еді. Оның ешқайсысына араласқан жоқпын, – деп шырылдады.
Дина әріптесіміз қылмыстық оқиға бойынша сотқа куәгер ретінде қатысқан. Назгүл Жаппарова мен Әлия Чүйкенбаеваның жасаған әрекеттеріне ашынады.
– Олардың халықтан ақша жинағандығы жайлы том-томдап ақпарат жинап жүрмін. Сотта заңсыз үй алу үшін қырық мың доллар бергендерін естігенде таң қалдым. Не үшін мұндай сома береді, ол ақшаға өздері-ақ жаңа үй ала салмай ма деп ойлағанмын. Сөйтсем оларға сол қаражатқа екі пәтер болмаса бес-алты бөлмелі пәтер деген секілді жалған әңгіме айтқан екен. Маған бұзақылар келіп бопсалап, барлығын айтамыз дейді. Мен ол кезде «Нұр Отанда» істедім, журналист болдым. Мына қоғамнан ұят болды ғой, ертең мен қателестім деп қалай айтамын деп қорқа бастадым. Сескенгенімді олар пайдаланып, бірінші ақшамен бопсалады, ақшаны да бердім. Сол бұзақыларға үш жүз мың доллар бердім. Оны достарымнан, таныстарымнан алдым. Алтындарымды кепілге қойдым. Үйім де күні бүгінге дейін Сбербанкте кепілде тұр. Қысым келгенде осылайша бәрін жинап, барлық ақшаны бердім. Басында елге жариялаймыз деп қорқытты. Мен айтқандарын жасай алмағандықтан, бала-шағаңа қиянат жасаймыз деп шықты. Олар екеуі де таза қарақшылар еді, – дейді.
«Сіз олардан қолхат алдыңыз ба? Үлкен сомада ақша бергеніңізді қалай дәлелдейсіз» деген сауалға орай: «Жоқ, олар қолхат жазатын адамдар емес» деп күрсінді. – Ең болмағанда мойнымда кеткен осы ақшаны халықтың мүддесіне қайтарсаңыздар деп тергеуде айттым. Алайда бұл фактіні тергеу орындары назарға алмады. Тергеу тобындағы 21 адамға ХҚК орталығынан алынған заңды құжаттарды, қай жерге, нені кепілге қойғаным туралы ақпараттың бәрін бердім. Бірақ іздеген жоқ деп, – түрмеде көрген азабын айтты.
– Кінәмді соңына дейін мойындамай кеткендіктен облыстық прокуратурадан «кінәсін мойындады» деген қағазды алу үшін абақтыда да мазамды алды. Сол болмағандықтан мен әлі күнге дейін басымды көтеріп жүрмін. Егер ұрып-соққан, қансыраған кезде, бір жапырақ қағазға қолымды қойғанымда, басымды көтеріп жүре алмайтын едім. Қысқасы нақты дәлел болса да барлығын жылы жауып қойды. Себебі олардың артында үлкен адамдар тұр. Абақты – қанша айқайласаң да бірде-бір дауыс естілмейтін түнек қой. Сонда бәрінен күдерімді үзсем де, Алладан күдерімді үзбедім. Ағайын-туыс, бауырлардың барлығы қоғамда берілген ақпаратқа сеніп, менен алыстады. Сол кезде ең қатты зардап шеккен менің омырауда қалған балам еді. Күні бүгінге дейін психологиялық тұрғыдан жағдайы ауыр. Әбден күйзеліске ұшыраған. Қанша ақшаны қайтарсам да, көп дүниенің орнына келмейтініне көзім жетті. Өзімді пәкпін деп ақтап та тұрғаным жоқ. Бірақ заң шеңберінде қай жерде нақты кінәм болса соны анықтап, сол тұрғыда ғана жауап сұрасын. Ал қалған бөлігіне кім кінәлі болса, солар жауапқа тартылсын. Олар жауап береді де, жауап беріп те жатыр.
2015-2020 жылдар аралығында Сыбайлас жемқорлықтың негізін салушылар бүгінде тергеуде. Олардың осы уақытқа дейін неге жазаланбай жүргені бесенеден белгілі. Көп асқанға, бір тосқан деген бар, мен әділеттілікке сенемін. Мейлі бәрі жауапқа тартылмаса да, орталарынан біреуді таңдап кінәлі етіп көрсетеді. Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда бір жылымық пайда болғанын, саяси өзгеріс белең алғанын айтып, қайтыс болған бауырларымыз қоғамның кішкентай бөлігін түзеп кетті. Оны көбі біле бермейді. Күресіп жүрген мен білемін. Бұрын біз бас прокуратураға барғанда өтініштерімізді қоңыр қорапқа салып кете берсек, қазір алдымыздан арнайы адамдар шығып қабылдап, тіркеп, тиісті органдарға жіберіп, үнемі байланыста болатын болды. Алайда барлығы түбегейлі өзгеріп кетті деп айта алмаймын. Отыз жыл былыққа белшесінен батқан саясатты бір күнде түзеу мүмкін емес. Қазіргі Президентімізді басында шамалы қолдамадым, кей саясатына қарсы да болдым. Бірақ қаңтар оқиғасынан кейін ол кісіні азамат, дипломат, қайраткер ретінде сыйлай бастадым. Себебі ең жауапты кезде, басын қатерге тігіп тұрған уақытта халықты тастамай, елімізді сақтап қалды.
Президентіміздің қазіргі ұстанып отырған саясатын қолдаймын, маған ұнайды. Бірақ қоғамның түзелгісі келмей ескі үрдісте қала бергісі келетіні ұнамайды. Мәселен, журналистердің ішінде менің істі болғанымды алға қойып, барынша шындықты тұншықтырып, өзіме қарсы шығып жатқан азаматшалар бар. Қазақтың түбіне жететін қазақ қана. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтарды атқызғандар да қазақ. Біздің алтын асықтай азаматтарымызды өмірден жойып жіберіп, сұмырай саясатқа иіп берген де өзіміздің қазақ. Сол себепті мен оған өкпелемеймін. Менен алып тұлғалар да қазақтардың қолынан ғұмыры тоқтап жатқанда, мен кіммін? Менде саясаттың ойыншығы ретінде ұрғанға ыңғайлы адаммын. Істі болғаным жайлы тілшілер де, блогерлер де айтып, жазып жүр. Олар айтпаса да өзім отырған күннен бастап күні бүгінге дейін айтпай қалған күнім жоқ, – деп ашынған Динаға «Кезінде заңсыз пәтерлер алып, жекешелендіріп, оны сатып жібергендер, яғни пәтерді сатып алушылар ақшасын дауламай ма?» деген сауалды да қойдық.
Бұл тұрғыда ол: «Ақшасын төлетеді де, кері қайтарылады. Себебі мен өз айыбымды мойындағаннан кейін, заңсыз берілген пәтерді сатып алған олар да мойындаулары керек. Заңға қайшы екенін біле тұра берді ғой. Олардан ешкім сұрап алған жоқ, өз еріктерімен берді. Бұл істе жәбірленуші жоқ, барлығы бірдей заңды бұзған адамдар. Арасында көбі сатып та жіберіпті. Сатып жіберсе де қайтарулары керек. Маған жала ретінде мойныма ілінген барлық үйдің қағаздары жоқ. Мен алып берген 50 пәтердің ғана құжаттары заң шеңберінде тіркелген. Бұл заңды құжаттардың бәрін жасаған адамдар өз еншілерін алғандар. Егер алмаса құжат жасалынбайтын еді. Соның бәрін маған жаба салды. Мен оларға пәтер алып беріп «сұмырай» болсам, пәтерлерді қайтарайық. Ең құрығанда мемлекетке зиянымыз тимесін. Алған пәтерлерді қайтарсақ мемлекет алдындағы қатеміздің түзелгені деп есептеймін. Одан да шын мұқтаж адамдар алсын.
Мен өзім алып берген елу адамға ғана емес, басқа мың адам алған заңсыз пәтер үшін де жазаланып кеткен екенмін. Өзімді соттаған судья да пәтерін іс барысында сол жылы алыпты. 2016 жылы тергеушілер де, судья, прокурор, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте барлығы заңсыз іс жүріп жатқан уақытта пәтер алғандар болды. Сонда менің бостандыққа шығатын мүмкіндігім болмаған. Осы құзырлы органдар қолымдағы дәлелді құжаттарға зер салмай, мені тыңдамай бәріне айыпты қылды. Ол аз болғандай, мойнымда 500 миллион қарыз тұр. Бостандыққа шыққан күннен бастап, жеке сот орындаушылар жалғыз үйімді тартып алмақшы болып қаншама әрекеттер жасады.
Мен алмаған ақшам үшін неге жауап беруім керек. Алған адамдар жауап берсін. Қазіргі таңда іс жүріп жатыр. Істің нәтижесі мені ақтап шығарса, сол күні мен Қазақстан елінен шығып, басқа мемлекетке барып өмір сүруге дайынмын. Біздің мемлекет неге дамымайды? Себебі жоғары жаққа, төменгі жақтан нақты ақпарат жетпейді. Мен бас прокуратураға заңсыз пәтер алған прокурорлардың тізімін апарған кезде шошып кетті. Шын осылар алған ба деп, менің көзімше хабарласып «не деген надансыңдар? Миллионға жуық жалақыларың бар, қарапайым халықпен жарысып алғандарың не? 50 пәтер деген сұмдық қой деді. Прокуратура – 50, полиция департаменті – 50, сот – 30, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – 30, ұлттық қауіпсіздік комитеті – 5. Ең көп алған облыстық әкімдік – 150. Бұл дәлелденген факті», – деген ол ақиқат үшін аянбайтынын тағы бір мәрте қайталап айтып, азапталған кезіндегі фото суреттерін көрсетті.
Заңды қадағалайды, тамыр-таныстықты, сыбайластықтың жолын кеседі. Қоғамдағы тәртіпті қалыптастырады деген құзырлы органдардың өкілдері заңсыздыққа жол берген. Қазір тергеу жүріп жатыр «Иә, менің де кінәм бар, өзіме тиесілі жазамды алуым керек еді, барлық қылмысты мойныма іліп, алаяқ атандырған сол кездегі прокуратура, тергеу, сот органдары және облыстық, қалалық әкімдіктегі шенділер құтылып, мен неге тұтылуым керек» деген Динаға: «Әділдік жеңеді деп ойлайсың ба?» деген сұрақты қойдық. – Мен жаңа Қазақстан құрып жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бас прокуратураға сенемін. Олар маған заңды жолдарын, қай бағытта жүру керектігін көрсетіп отыр, – деді. Отыз елдің қатарына кіреміз деп жүріп, отыз жыл артқа кетіп қалғанымыздың бір айғағы осы. Қоғамда әділдік жойылып, әділетсіздік белең алған отыз жылдың көрінісі қаңтар оқиғасына алып келді. Одан мемлекет те, мемлекеттің басты байлығы – адамдар да жапа шекті. Енді әділетті қоғам орнап, айыпталып, сотты болған Динаның да табан тіреп, ақиқатқа жетуіне бізде тілектеспіз.
Айтақын МҰХАМАДИ