Жетісу университетінің радиосы ашылды
Жетісу университеті – жер жәннаты Жетісу өлкесіндегі білім мен ғылымның қарашаңырағы. Білім ордасы өзара сабақтастығымен қоғам сұранысын қанағаттандырып, ел ертеңін кемелдендіруде өлшеусіз үлес қосып келеді. Жарты ғасырлық тарихында университеттің келбеті де ғылыми әлеуеті де артты.
Білім ордасы алғаш құрылған күннен бүгінге дейін басынан сан алуан тарихты өткізіп, биік белестерді бағындырды. Ең әуелі 1972 жылы Педагогикалық институт ретінде ашылды. Осылайша өз алдына қарқынды дамып, сатылай көтеріле түсті. 1977 жылы оқу орнына жетісудың дүлдүл ақыны І.Жансүгіровтың есімі берілді. Осы жылдан бастап мұнда филология және физика-математика факультеттерінің іргесі қаланды.
Уақыт өте білім ордасы кеңейіп, кезек-кезегімен музыкалық-педагогикалық, мектепке дейінгі, бастауыш білім беру методикасы, инженерлік техникалық факультеттері ашылды. 1999 жылдан бастап ҚР Үкіметінің қаулысы бойынша І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті болып аталды.
Бүгінде білім ордасы бакалавр деңгейі бойынша гуманитарлық ғылымдар, жаратылыстану, техникалық ғылымдар, құқық және экономика, педагогика және психология, дене шынықтыру және өнер сынды жоғары мектептерінен тұратын қоғам сұранысын арттырып отырған елуден астам мамандықтың ашылуына мұрындық болды.
2000 жылдары Корей Республикасының Сэнжуй қаласы, Британ Кеңесімен, Корей Республикасының ағарту орталығымен қарым-қатынас нығайып, Ресей және Туркияның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен ғылыми, оқу-әдістемелік байланыс аясы кеңіді.
2008 жылы іргелі ордаға университеттердің Ұлы Хартиясына мүшелікке қабылдануына мүмкіндік туды. Физика, математика және биология бойынша виртуалды зертханалар кешені ашылды, сондай-ақ, автоматтандырылған «КАБИС» кітапхана-ақпараттық жүйесі іске қосылды.
2008-2016 жылдар аралығында білім ордасы көпсалалы университет ретінде қалыптасып, білім берудің үш сатылы (бакалавриат, магистратура, докторантура) жүйесіне толық көшті.
2011 жылы Қазақстанның ЖОО Ассоциациясының, Еуразиялық университеттер Ассоциациясының мүшелігіне, 2012 жылы Еуразиялық университеттер Ассоциясының жеке ассоцациялық мүшесі, 2015 жылы университтеттің БҰҰ «Академиялық ықпал» мүшелігіне өтті.
Осылайша, о баста баржоғы 255 студент қабылданған жоғарғы оқу орнында бүгінде 5200-ден астам білімгер білім алуда. Білім ордасы өз түлектері үшін сапалы білім алудың бар жағдайын жасап, қазақстандық ұлттық және алдыңғы қатарлы жиырма бес университетпен, шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықта жұмыс жасауда. Атап айтар болсақ, бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша Польша, Ресей елдерімен қос дипломдық бағытта, академиялық ұтқырлық бойынша АҚШ, Түркия, Испания, Португалия, Оңтүстік Корея, ҚХР және тағы басқа елдердегі жиырмаға жуық жоғары санаттағы университеттермен байланыс орнатылған. Яғни, оқуда озат білімгер университет арқылы өзі таңдаған мемлекетте бір академиялық кезең бойынша білім алуға мүмкіндігі бар. Студенттер білім ошағында жүріп-ақ ғылымда өзіндік қолтаңбасы бар отандық ғалымдар мен шетелдік ЖОО-ның ұстаздарының дәріс тыңдай алады. Бұл дегеніміз университеттің білім берудегі құзыретін айқындап тұр.
Бүгінгі қоғамдық сұранысқа ие шет тілдерін оқытуда да университеттің салмағы басым. Тарихы 1996 жылдан бастау алатын мамандықтың бүгінде аясы кеңейген. Мұнда корей, қытай, неміс және түрік тілдері екінші тіл ретінде оқытылады. Яғни, бітіруші әр түлектің екі немесе одан да көп тілді меңгеруін қамтамасыз етеді. 2012 жылдан бастап кафедрада білімгерлердің академиялық ұтқырлығы жүзеге асырылды. Бағдарлама бойынша білімгерлер қысқа мерзімді білім беру және ғылыми зерттеу бағдарламаларына қатысу арқы-лы шетелде білімін жалғастырып, ғылыми тәжірибені игере алды.
Оқу орны ретінде студенттерге білім берумен ғана шектелмей, ғылыми жетістіктер негізінде жаңа білімді игеруге күш салуда. Осылайша, ғылыми ізденіске тек оқытушылар ғана емес, университеттің көптеген студенттері, магистранттары мен докторанттары тартылған. Бүгінде Жетісу университеті ғылыми және техникалық қызмет субъектілері аккредиттеуден өткен инновациялық типтегі университет болып саналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды қаржыландыруды едәуір ұлғайтуды тапсырған болатын. Осы тұста университет ректоры Қуат Баймырзаевтың айтуынша, 2020-2022 жылдары қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғайған, ал 2025 жылға ғылым саласына жалпы ішкі өнімнің 1%-на дейін бөлу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ғылым-ды дамыту мәселесіне ерекше тоқталып, Үкіметтің алдына белгілі бір міндеттер қойды. Соның бірі жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымды тағылымдамадан өткізуге жағдай жасау. Ал, білім ошағында 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру шеңберінде жалпы сомасы 194,7 млн теңге болатын 6 жоба орындалуда. Сонымен қатар университеттің оқытушылары жыл сайын халықаралық, республикалық және басқа да гранттық бағдарламаларға, ұлттық конкурстарға қатысатынын айтады.
Осы тұста жоғарғы оқу орнының материалдық-техникалық базасын да айтпай кетуге болмайды. Заманауи талапқа сай жасалынған мекеме білімгерлердің қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр. Оның иелігінде үш оқу ғимараты, үш студенттер үйі, спорттық алаңдар, бассейн және мұрағаты бай кітапхана бар. Оқу ғимараттарындағы аудиториялар оқытушылар мен білімгерлердің толыққанды жұмыс жасауына негізделе отырып жабдықталған. Яғни, соңғы үлгідегі құралдармен қамтамасыз етілген. Мұнымен қоса білімгерлердің терең білім алуының кепілі болып табылатын кітапхана қоры мен жұмыс жасау кестесі де бірізділікке түскен.
Болашақ жас мамандардың алаңсыз өмір сүріп, уақытын білім алу мен салауатты өмір салтын ұстануы үшін студенттер үйіндегі жағдай белгілі бір тәртіпке негізделіп, бассейн мен спорт кешенінде де арнайы кесте қойылған.
Беделі биік, бағдары айқын білім ордасының 50 жылдық мерейтойы университет ішінде кең көлемді аталып өтті. Түрлі іс-шара ұйымдастырылып, тұсаукесер болды. Соның бірі радиостудияның ашылуы. Оқу радиосында «Журналистика және ақпарат БББ» бағдарламаларының студенттері теориялық білімдерін тәжірибе түрінде шыңдай алады. Мұнда соңғы үлгідегі жабдықтар мен заманауи форматта жасалған құрылғылар орнатылған.
«Алдымызда тұрған ең үлкен мақсат – сапалы білім беру. Университеттің әр түрлі мамандықтарын бітірген студенттер жақсы жұмысқа орналасып, еліміздің экономикалық саласын дамытуға үлкен үлес қосса екен деп ойлаймыз. Сондықтан осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз.
Шет мемлекеттерінен 96 оқу орнымен келісім шартымыз бар. Сондағы ең негізгісі – Еуропа. Сонан кейін қазіргі бағытымызды Сингапур, Корея мемлекеттеріне өзгертіп жатырмыз. Осы тұрғыда түрлі бағдарламалар дайындап жатырмыз. Сол елдерде келешекте академиялық ұтқырлықпен ғылыми жобалармен жұмыс істегелі отырмыз.
Жалпы университетімізде ақпарат саласының мамандарына арналған телестудия бар. Міне, радиостудияның да тұсауы кесіліп жатыр. Алдағы уақытта фотостудия ашатын боламыз. Мұның барлығы студенттерінің игілігі үшін» – дейді ЖУ басқарма төрағасы Қ. Баймырзаев.Журналистика және ақпарат білім беру бағдарламаларының жетекшісі Жұмағали Есенбектің сөзінше, бұл жерде студенттер теорияда алған білімдерін практикада шыңдай алады. Мұнда авторлық бағдарламалар, телерадио жүргізушінің шеберлігі, мамандыққа баулу деген пәндер өтеді. Осы сабақтарда студенттер тек қана лекция ғана тыңдамайды, практикада да хабар дайындап, монтаж жасап үйренеді. «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет». XIX ғасырдың екінші жартысында демократ ағартушы Шоқан Уәлиханов осылай жазған екен. ХХІ ғасырда бұл сөздің мәні артпаса, кеміген жоқ. Елімізде 120 жоғары оқу орны бар. Осы жоғарғы оқу орындарының ішінде І. Жансүгіров атындағы ұжым көпсалалы ұлттық университеттер рейтингісінде 4-ші орынды жеңіп алып, көш бастап тұр.
Жарты ғасырлық тарихы бар білім ордасы мәртебелі мамандарды даярлап, ел игілігіне қызмет етіп жүрген талай тұлғаны қанаттандырды. Уақыт еншісіне жазылатын келер күндерде де талай мықтыны түлететін І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің болашағы айқын екені сөзсіз.
Арайлым НҰРЖАПАР