18,5 тонна өнім жиналды
Панфилов ауданында жүгері өсірумен қатар картопқа да ден қойылып отыр. Мәселен, «Ернар» шаруа қожалығы өткен жылдан бері картоп өсіруді қолға алып, Басқұншы ауылдық округінде 73 гектарға, Қоғалы өңірінде 42 гектардан астам жерге картоп еккен, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
– Кербұлақ ауданы Қоғалы өңірінің топырағы шұрайлы. Даңқы шыққан Қоғалы картобын білмейтіндер кемде-кем. Бірақ жақсылап күтіп-баптаса, Жаркент өңірінің жерінен де жақсы өнім шығады. Картопты жемісті мол беретін тау етегіне егуге болады. Біз солай жоспарлап отырмыз, – «Ернар» ШҚ төрағасы Тасқын Жапарқұл.
Оның айтуынша, Панфилов ауданында биылғы жылы өсірілген картоптың орташа шығымдылығы 18,5 т/га, ал Кербұлақ ауданында – 14 т/га. «Ернар» шаруа қожалығы жалпы 1840 тонна өнім жинаған, соның 600 тоннасын келесі жылға тұқымдыққа қойып отыр.
Тор қаптарға салынған картоптың бір бөлігі Жаркент қаласындағы базарда саудаланды, енді бір бөлігі Алматы қаласындағы қоймаға жіберіліп, одан әрі қыс мезгілінде мегаполистің сауда нүктелеріне шығарылмақ.
«Ернар» ШҚ жергілікті тұрғындарға картоптың әр келісін 115 теңгеден өткізді. Бұл өз кезегінде Жаркент өңіріндегі сауда нүктелеріндегі картоп бағасының тұрақтануына елеулі ықпал етті. Жалпы Жетісу облысында биыл 12 мың гектар жерден картоп жиналды. Өнімнің жалпы жиыны 253 мың тонна, орташа шығымдылығы 214,7 ц/га болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,2 ц/га артық.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»