«Ақынмын қара сөзден қаймақты алған»

0
551

ОНЫ  жақсы  білетін  әріптесі  былай деп жазады:  арқасы  қозғанда алдында  арыстан  тұр  ма,  аю  тұр  ма  қарамайтын,  сыңар мүйізімен бірақ шайқайтын,  егер шамына тиіп,  шабына  шоқ түсірсеңіз, екі иығын жұлып жеп, қара  жерді   қос  аяқтап тепкілеп,  қолындағы  домбырасын қарағай найза сияқты ырғып-ырғап жіберіп, екі иығы алма-кезек селкілдеп, бел омыртқасы бұлғаңдап жүре береді… Жарықтық  әкесі Мұқамәди де көзінде оты  бар  ұлынан  үміт  күтіп, тек оң тізесіне отырғызып өсірді. Сөйткен перзент әке үмітін ақтады, әке-шешеден дарыған қара өлеңнің қайығына мініп, қазақ айтыс өнерінде өзіндік ізі бар тұлғаға айналды.

Жай сөзді мен айтпаймын жайдақтаған,

Ақынмын қара сөзден қаймақты алған  –  деп жырлаған Жетісу топырағынан түлеп ұшқан, есімі елге мәшһүр айтыскер ақын  Айтақын БҰЛҒАҚОВ алдағы жылы пайғамбар жасына шығады.

Елдің ерке де сүйікті перзентіне айналған Айтақын Мұқамәдиұлының от жүрегін тулата өмірге келген жері – жазиралы Жаркент топырағының бір пұшпағы саналған Үшарал ауылы. Балауса шағынан ауылдағы көп қарадомалақтай  асыр  салудың орнына сауыншы анасына қолғабыс етіп, ойынға қанбай өсті. Анасы Гүлшәрияның  жасырынып көз сығымын кірпіктен сылып тастап жүретінін сан рет байқаған  жас жүрегі мехнатты жалғаннан жақсылықты ғана үміт ететін-ді.

Қос қабірдің келіп  тұрмын басына,

Қатал тағдыр бізден ерте айырған.

Әкем ұлын алып жатыр қасына,

Тосын ажал қанатынан  қайырған, – деп сол бір шақты жыр еткен ақын 1967-1977 жылдар аралығында мектеп қабырғасында білім алды. Ал одан кейінгі жылдарда анасының шаруасына қолғабыс етті. Бұғанасы бекімей жатып  ауыр жұмысты арқалаған ақын арагідік  аудандық, облыстық ақындар айтысына  да  қатысып, қаннан берілген қасиетті ұштады. Ал айтыс өнерінде ерекше атайтын екі ұстазы болды. Оның бірі   ақын Әсет Керімбеков және Жетісу жұртына мәшһүр Әбікен Сарыбаев.

Руханияттың текті тегершігіне айналған ол қазақтың небір талантты ақындарымен сөз барымтасына түсті. Бәрінде есе жібермеді. Бағы басым түскен тұстары көп. Жарты ғасырға жуық айтыс деп келетін ақын, саналы ғұмырының бір бөлігін журналистика саласына да  арнады. Бүгінгі таңда Жетісу облыстық «Алатау» газетінің  бас редакторы қызметін атқарып келеді.

Айтыс сахнасында жүріп ақындығымен танылған  Айтақын  Бұлғақов  туралы  айтылған  пікірлер легіне назар салыңыздар.

Ардакүрең

Серік  ӘБІКЕН,  жазушы,  «Жетісу» телеарнасының бас директоры: – Небары 35 жыл ғұмыр кешкен жапон жазушысы Рюноскэ Акутагаваның «Ақын деген көп алдында жанын жалаңаш ұстайтын адам» деген керемет сөзі бар. Жүрегін алақанына салып жанындағыларға ұсыну – азапты әрекет. Жаралаушы көп. Содан барып ақыннан сөз құйылады, өткір, кейде ащы. Оған Құдайдың дарытқаны осы – қандауырдай лыпып тұрған, ой мен ұйқастан, мінез бен көркемдіктен өрілген сөз өнері.  Бары да, бағы да сол. Мүмкін, соры да.  Жетісу – ақындарын ардақтай алмаған өлке. Содан болар домбыра ұстап додаға түскен сүлейлер туралы «Е, ол бір қырсық шал еді» деген сөзді жиі естиміз. Қалқа да, Темірғали да, Әбікен де атқамінер жадында  шәлкес  мінезімен  сақталыпты. Босаға жағалап бармаған, арды саудаға салып олжа алмаған айтыскерлердің есімдері көмескіленген. Өліні былай қойғанда  жақсылардың  жұрнағы болып ортамызда қалқайып жүрген  Айтақын Бұлғақовтың өзіне осы соңғы уақытқа дейін ел үрке қарады емес пе? 2014 жылы Талдықорғанға келгенімде бір жиынға қатыстым, болашақ шараны талқылап, кімді шақыру, шақырмау керек дегендей мәселе қозғалды. Ойымда түк жоқ:  Айтақын аға қалып қойды?  –  демеймін бе, шенеуніктің ішін мысық тырнап алғандай болып, беті тыржың етті. – Ол кісі біртүрлі өзі, дау шығарып жүреді… Күлдім. Е, басқа жақта «Айтқанның аузы жаман»  болса Талдықорғанда «Айтақынның аузы жаманға» айналдырып алыпсыңдар, ә? дедім. Марқұм Бейсен Құранбек қасымда отыр еді, екі иығы селкілдеп ұзақ күлді. Мінез болмаса ақындық жетім. Сан аламанда бір төбенің шаңын бір төбеге қосып, қара үзген Айтақын ағада тау қозғар жігер, тау суындай сарқыраған болмыс бар. 

 Көңілдің көрдім көктемін.

Өмірдің кештім өткелін.

Арманым асқақ, көргеннен,

Көрмегенім көп менің.

Ботасы өліп боздаған,

Інгеннің көрдім шөккенін.

Әкесін тартқан сақалдан,

Баланың көрдім өскенін.

Халықты қойдай иіріп,

Әкімнің көрдім бөскенін, – дейді «Көп көрдім»  деген толғауында. Осы кімге ұнасын, ал ұнардай етіп толғаса ақындықтың қадірі қане? «Жай сөзді мен айтпаймын жайдақтаған, Ақынмын қара сөзден қаймақты алған» деген болмысына опасыздық жасай алмағандықтан ол қазақ деген халықтың арда ұлы болып жүр. Алпыс жасқа толарында бірнеше мәрте тілдестік. Ай, Серік, мыналар осы жолы еңбекті елер, а? – деп алаң көңіл жүрді. Ақыры: Асып-тасқан  дүнием болса кімге жәутеңдер едім, әкең… – деп қолды бір сілтеді. Құшақ-құшақ марапат таратылып, төбеден төсбелгі жауғанда алпыстан асқан Айтекеңе «Ақпарат саласының үздігі» бұйырды. Осы күні әр жас журналист оңай алып жатқан бұл атақтың ақынды қаншалықты жұбатқанын білмеймін, өзім сол кезде ақынның елене бастағанына қуандым.

Ал  биыл  Айтаға  қайраткер атанды. «Өксікбайдың баласы болмаса егер, өксуменен өтер ме еді өміріміз!» деп әкімге айтқан  алғысының соңы арқыраған төкпе жырға ұласты. Жалпы, айтыста «хәйләйлімімен» Құлагердей көсілетін Айтекең жазба поэзияда тым нәзік, сыршыл ақын. Алпыс жылдығындағы қазақтың олжасы  –  Айтекеңнің  пышақ  қырындай кітабы болды. Деседе Бұлғақовтың бағы – айтыс. Сахнаға шығып домбыра қаққанында қалың халықтың қиқу қосқан  ықыласын, сол ықыласқа қанаттанған ақынның қызыл көрген қанат қомдағанын тек көру керек. Айтекең айтыс өнерін шырқау биікке шығарған Есенқұл Жақыпбеков, Шорабек Айдаров, Қаныша Раисова, Қонысбай Әбілов секілді көптеген шоқтығы  биік  азаматтардың  арасында ерекшеленіп тұрған тұлға. Шорабекпен айтысқанда өзін Гитлерге теңеген ақынға:

… Қаққан болып отырсың тобықтан жай,

 Мен де сені біреуге ұқсатамын,

Сен соны білсең болды сөз  ұққандай,

Жаңадан сахнада жолығыппыз

Гитлер мен Бен Ладен  жолыққандай…  –

деген тапқырлығы тек сақалы қауғадай әріптесті қағыту емес, айтыстың болмысы бұзылып бара жатқанын жеткізгені еді. Сақал мәселесі кейін қалай қоздағанын көпшілік көрді. Осыны өзге емес, дәл Жетісудың ардакүреңі, ел еркесі Айтақын айтқаны қандай керім. Айтақын Бұлғақов ақын, айтыс-кер ғана емес, өз соңына ілескен Балғынбек, Жандарбек, Аягөз секілді қыз-жігіттерге қамқор бола білетін аға, өткеннің көшінде кеткен ағалардың елесін іздейтін  –  жоқшы  да.  Сол мінезімен ел алдында абыройлы. Қаңтар айының 19 күні ағамыз 63 жасқа толады. Өзің бастаған көшті бір сәтке тоқтатып, өткен жолыңа зер салатын шама. Одан ары қайта бөрібүлкек, тоқтаусыз өмір ағысы. 63-ке келдім деп алқынғалы тұрған аға жоқ, шау тартты ма деп сынай қарағандар шоқ жанарын байқаған болар, сондықтан тек «Жетісудың өнер көшін алға бастай беріңіз, «қырсық» қарттардың жолын жалғаңыз» демекпіз! Темірше Сарыбаев ағамыз «Айтақын  Бұлғақовқа» деген өлеңінде:

Ақынның қуат-күші десек халық,

Ел тойлар әр жасыңды есепке алып.

Жұлдыз боп жыр көгінде жарқырай бер,

Жұлып жеп, екі иықты көсеп қағып, –  деген екен, осыған алып-қосарымыз жоқ. Аман болыңыз, Айтеке!    

Алпысты алқымдаса да трендте

Балғынбек ИМАШЕВ,  айтыскер  ақын, филология ғылымдарының кандидаты:  – Айтақын  Бұлғақовтың ағалық ақылы, әкелік қамқорлығы, ұстаздық өнегесі мен тәрбиесі болмаса бүгінгі Балғынбек те болмас еді. Мен Айтағамды мектептегі оқушы кезімде көріп, өнеріне тәнті болғанмын. Жүрсін  Ермановтың «Айтақын  Бұлғақов, Талдықорған  облысы» деген қоңыр үні әлі құлағымда. Айтағам шығып «Хәйләйлімге» басқанда, бойымды мақтаныш сезімі кернейтін. Бұндай энергетика, бұндай қуат, бұндай мәнер Айтақынды өз замандастарынан даралап тұратын. Ол айтыссүйер көрерменге өрнекті өлең ғана емес ерекше көңіл-күй, қуатты энергетика, шынайы эмоция, айшықты әзіл, эстетикалық ләззәт сыйлайтын. Айтыс кезінде екі қарсылас ақынның арасында, ақындар мен қазылардың, ақындар мен көрерменнің арасында орнайтын көзге көрінбейтін байланыс Айтақын сияқты қуаты мол айтыскерлер сахнаға шыққанда анық байқалады.

Айтақынның қызық мақамы да, қызыл шапаны да, етігі мен бөркі де ерекше өтімді, қазіргі тілмен айтқанда «хит»  болатын. Тоқсаныншы жылдардың басындағы жүздеген айтыскердің ішінде оншақты ақын ғана «топовый» еді. Солардың бірі емес, бірегейі  –  Айтақын Бұлғақов. Өйткені  жылдар  жылжып,  заман  өзгерген сайын,  жаңа толқын ақындар легі, бұрынғыларды тықсырмаса  да, сахнадан  бірте-бірте  сиретіп,  ақыры  оларды  ардагерлер ретінде  «зейнетке» шығарып  жіберді.  Ал  90  жылдары Қонысбай Әбіловпен айтысқан  Айтақын  Бұлғақов  болса,  2000 жылы Айбек Қалиевпен, 2010 жылы Ринат Заитовпен, 2020 жылы Сырым Әуесханмен айтысып әлі сахнада жүр. Яғни, алпысты алқымдаса да трендте.

Тарихта әке мен бала болып айтысқан Манап Көкенов пен Әбдікәрім Манаповтардан кейін осы әкелі-балалы  Айтақын мен Жандарбек Бұлғақовтар. Бұл айтысты ғылыми түрде талдап көлемді мақала жазуға болады. Меніңше әзілінің әрлілігі, көтерген мәселелердің ауқымдылығы мен ақындық шеберлігі мен поэтикалық көркемдігі жағынан бұл сөз сайысын жалпы айтыс тарихындағы классикалық үлгілердің қатарына жатқызуға болады.

Айтақынның  айтқанынан  қайтпайтын  бірбеткейлігі,  достық  пен сертке адалдығы, бастық пен бай-бағланға жалпақтамайтын туралығы, өмірдегі батырлығы мен сахнадағы батылдығы бөлек әңгіме.

Алдағы жылы қаңтарда менің Айташ ағам 63-ке толады. Пайғамбардың  жасына шығып, кемеліне келген көкемнің қазақ руханиятына сіңірген еңбегі билік тарапынан әділ бағаланып жатыр. Ал халықтың тарапынан әлдеқашан мойындалған. «Хәйләйлімнің» ең  әуелгі иесін танымайтын, құрметтемейтін айтыссүйер қазақ  кемде-кем. Айтағамды Алтайдан Атырауға, Ташкенттен Орынборға дейінгі күллі қазақтан бөлек, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан мен Түркия, Еуропа мен АҚШ-қа  дейінгі дүние жүзінің қазағы мен қырғызы таниды. Сол себепті, 23 желтоқсанда Жетісудың жүрегі Талдықорған қаласында «Айтыстың Айтақыны» атты  халықаралық  ақындар айтысы өтпек. Осы шараның өтуіне қолдау білдірген  барлық ел азаматтарына алғысымды білдіремін. Расында, ол  –  бір өңірдің танымал тұлғасы емес, өзіндік мектеп қалыптастыра білген айтыс өнерінің Айтақыны!

Арындаған  аға  Айтақын  ақсақал  Айтақынға  айналды

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ, ақын,  филология ғылымдарының кандидаты:  –  Айтақын  Бұлғақов айтыс аламанына өткен ғасырдың сексенінші жылдарының  бел  ортасында  қосылған жүйрік. Атақты Көкен Шәкеев, Манап  Көкенов, Қалихан Алтынбаевтардың ізін басып, Әселхан Қалыбекова, Әсия  Беркенова, Қонысбай  Әбілев,  Баянғали  Әлімжановтар бастаған көштің арасында оның да жұлдызы жарқырап көрінді. Ол кезде Жүрсін  Ерман жүргізетін телевизиялық айтыстың қызып жатқан шағы болатын. Сол сөз майданына өзіндік мақамымен, ерекше дәстүрімен еніп, елдің есінде бірден жатталып қалған санаулы саңлақтардың бірі болды.

Оның аты-жөнінің өзі бүкіл болмысын ашып тұратын. Айтақын деген есімі айтыс ақыны, айтушы ақын екенін білдірсе, Бұлғақов деген фамилиясы сахнада екі иығын ойнатып, жер тепкілеп, бұлғақтап отыратын образына сәйкес еді. Ол домбырасының бет тақтайын тақылдата «хәйләйлімге» салып, қонышы биік құрым етігінің темір тағалы өкшесімен сахнаны тесіп жібере жаздап өлең бастағанда залдағы қалың көрермен де желпініп сала береді. Сол ерекше жаратылысы үшін  Айтақынды  халық жақсы көрді. Кей айтысқа келмей қалса іздеп отырады.

Кейін қалыптасқан үрдісін сәл ауыстырып, Сүйінбай, Құлмамбеттердің мақамымен де айтысты. Ол мақамды да түлетіп, түрлендіріп, өзінің ойнақы қимылына лайықтап алды. Қазіргі Аспанбек  Шұғатаев бастаған бірқатар ақындардың пайдаланып жүргені сол Айтекең түрлендірген мақам.

Өткен ғасырдың соңында Айтақын  Бұлғақов бастап, Серік  Қалиев екеуміз қостап, Алматыдан  Бішкекке айтысқа бардық. Шымкент жақтан қосылған Бекарыс, Ақмарал, Кәрима  алтаумыз қырғыздың қырық шақты ақынымен үш күн айтыстық. Сол кезде қырғыздардың Айтақын ағамыздың айтыс үстіндегі оқыс қимылдарын көріп «бұл не деген ғажап биші ақын?!» деп таңдай қаққанына да куә болғанбыз. Айтекең, шындықты шырқыратып айтатын шымыр шумақтарымен айырқалпақты ағайынның көңілінен шығып, сол халықаралық айтыстың бас жүлдесін иеленіп қайтқан болатын.

Оқыс қимыл дегеннен шығады, 2001 жылы Семейде Жүрсін Ерман ағамыздың елу жылдық мерейтойына арналған республикалық айтыс өтті.

Атақты Абай театрының сахнасы. Сол айтыста жергілікті бір жас ақынмен айтысқан Айтекең қатты бұлқынып қалғанда астындағы орындығы шашылып кетіп, шалқасынан құлады. Зал не болғанын түсінбей тым-тырыс, сілтідей тынып отыр. Жүрсін ағамыз көмекке жігіттерді шақырып, Айтекеңді демеп, орнынан тұрғызып жатыр. Сахнаның сыртынан басқа орындық та әкелінді. Тұғырына қайта қонған Айтақын ағамыз домбырасын қағып-қағып жіберіп:

Семейге келіп жығылды,

Жетісулық жүйрігің.

Алдыңда мені құлатқан,

Құдайдың қара бұйрығын.

Құласам енді арман жоқ,

Абай бабам жатқан жер,

Шәкәрім данам жатқан жер,

Жеріңе тиді-ау құйрығым! – деп залды ду еткізді. Енді қалай болар екен деп сахнаның сыртында елеңдеп тұрған біз де Айтекеңнің табан астындағы тапқырлығына дән риза болып қол соқтық.

Айтақын Бұлғақовтың ондай тапқыр жырларын айта берсек бір мақаланың көлемі көтермейді. Еліміздің астанасы Арқаға көшкен кезде Елбасының «Еуразия құрлығының кіндігі» деген сөзін желеу етіп, мекемелерді жаппай солай атау науқаны басталды. Ол қателікті қалт жібермейтін Айтақындай ақынның сын садағына ілінді. Сол уақытта Астана қаласында өткен бір айтыста:

Базарың да Еуразия,

Ажарың да Еуразия,

Асханаң да Еуразия,

Шаштараз да Еуразия,

Шаш ал десе, бас алған,

Бұл не деген безобразия?! – деген шумағы бір сәтте-ақ ел аузындағы мәтелге айналып кетті. Айтекеңнің осы өлеңінен кейін «Еуразия» деген атауды әркім ашқан мекемесіне бей-берекет қоюды тоқтатты. Бәлкім, ақынның ащы өлеңі биліктегілерге  әсер еткен  де  болар. Жалпы, Айтақын Бұлғақовтың айтыстағы және жазба поэзиядағы шығармашылық тұлғасы туралы келешекте толыққанды зерттеу жүргізілу керек деп ойлаймын.

Айтекеңмен айтыс майданында бірнеше рет жолықтым. Онымен айтысу өте жеңіл. Ойнақы әзілімен халықты да өзіне бірден баурап алады. Ол  қарсылас  үшін  де  қолайлы.  Айтысқа өте тиянақты дайындалады.

Аламанның  дүбірі сезілгенде арқаланып кетеді. Содан сахнаға шыққанша екі иығы селкілдеп, аузы-басы жыбырлап жүреді. Ол кезде жанына жақындап кетсең, асау ат сияқты кеуделеп қағып кетуі де мүмкін. Ал айтысып шыққан соң  одан жайсаң адам жоқ. Әсіресе, айтысы сәтті шыққан кезде оның қасында жүрудің рахаты бөлек. Айтекең осындай бір ерекше адам ғой.

Осыдан жиырма жыл бұрын Айтекеңнің қырық жылдық мерейтойы туған жері Жаркентте дүркіреп өтті. Үшарал  ауылының  стадионында  өткен айтыста шығыстан Абаш  Кәкенов, Алматыдан  Балғынбек Имашев екеуміз барып бір топ жергілікті ақынмен айтысқанбыз. Айтысты Жүрсін Ерман жүргізген еді. Содан бері жиырма жыл да зулап өте шығыпты.

Уақыт  не  деген жылдам десеңізші?! Сол кездегі ойын баласы Жандарбек бүгінде елді аузына қаратқан үлкен ақынға айналды. «Алтын домбыраны» екі рет иеленді. Бір айтыста бала Жандарбек үш көлікті қатар мініп, тойлағанымыз да есте. Ал өзінің бала кезінен баптаған балпанақтай Балғынбегі «Алтын домбыраны» да, «Құрмет» орденін де даусыз алған дарын екенін бүкіл ел біледі. Бұл тұрғыда, Айтақын ағамызды әке ретінде де, ұстаз ретінде де бақытты адам деуге болады. Шәкірті өзінен оза шапқан ұстаздың бақытын қазақ баяғыда-ақ бағамдап қойған ғой.

Айтекеңді сонау тоқсаныншы жылдардың басында айтысқа алғаш шыға бастаған кезімнен бері білемін. Кейінгі жиырма бес жылдай уақытта тонның ішкі бауындай араластық. Бір-бірімізді той-томалақ, қызық-қуаныштарымыздан қалдырған емеспіз. Үйіндегі Жәмилә жеңгем дастарқаны жиылмайтын берекелі адам. Қолынан талай дәм таттық.

Айтекең екеуінің бір-біріне деген құрметін өзімізге әрдайым өнеге тұттық.

Сол Айтақын ағамыз  алдағы жылы 63-ке толады. Бұл жасқа да  өзінің жөнімен өте әдемі келді. Кешегі арындаған аға Айтақын ақсақал Айтақынға айналды.

Десек те, әлі дер шағында. Жазары мен айтары бойынан асып-төгіліп жатыр. Айтекеңдей асыл ағама ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілеймін!

ТҮЙІН ОРНЫНА:  Ақын Серік Ақсұңқарұлы бір өлеңінде «Топырақ – ақынның төркін жұрты. Ұлты – алпыс екі тамыры, жұлын жүйесі, жан жүрегі» депті. Сол айтқандай, айтыстың Айтақынының да  ұлты – алпыс екі тамыры, жаны, жүрегі, бар болмысы. Жан дүниесімен ұлтын сүйеді. Ал жансарайына үңілсеңіз, бүлкілдеген әр тамырынан  осыны байқауға болады…  Жазары мен айтары бойынан асып-төгіліп жатқан алаштың арда азаматына  жаныңыз еш жамандық  көрмей,  желкеніңіз  мəңгілік желбірей берсін дейміз.  Тойыңыз тойға ұлассын!


ПІКІР ЖАЗУ