Жыр болған жылы аялдамалар
Соңғы жылдарда Талдықорғанға жаңа әкім келсе, алдымен, аялдамаларды жаңарту дәстүрге айналған еді. Әгәрәки мұның өзіндік себебі де бар болар. Ал жаңа әкіммен бірге жаңа аялдамалардың пайда болуын тұрғындар қалыпты жағдайға балап келген-ді.
ТОЗЫҒЫ жеткен аялдамаларды жаңарту ісін алғаш болып шаһарды 2012-2015 жылдары басқарған Е. Алпысов қолға алды. Одан кейінгі әкім орынтағына отырған М. Бигелдиев бұл бастамаға бас ауырта қоймады. Мұнан соң шаһардың басшысы болған Б.Қарасаев аялдама емес, қатты қалдықтар мен еуропалық үлгідегі жаңа контейнерлерге басымдық берді.
Бас ауруына айналған жылы аялдамалар жарысын 2018-2019 жылдары Д. Шалтабев жалғады. «Смарт» аялдамалар арқылы көпшіліктің есінде қалған да осы әкім.
Алматы облысының орталығы болғанда бой көтерген Талдықорған қаласындағы қыста жылы, жазда салқын, тегін Wi-Fi, электр жарығын күн көзінен алатын заманауи аялдамалардың әрқайсына 8,5 миллионан астам қаражат жұмсалған. Неге екені салынған жылы аялдамалардың үшеуі сол кездің өзінде-ақ қайтадан сүріліп тасталды. Ал, мұның себебін әкімдік «мердігерлер бізбен келіспей орнатты» деп айтқан-тын.
БҮГІНДЕ сол қыруар қаржы жұмсалған аялдамалардың түріне қарап құлазисың. Тұрғындар айтқандай-ақ, шынында да, күйі кеткен аялдамалар адам аялдайтындай емес. Жолаушыларға жайлы жағдай жасау үшін орнатылған смарт-аялдамалар шетінен қирап та жатыр.
«Аялдамалардағы қысы-жазы жұмыс істеп тұратын желдеткіш құралдары да істемейді. Кейбірін бұзақылар бақылау камераларымен қоса қиратты. Арнайы қойылған Wi-Fi таратқышы мен телефон қуаттағышы да жоқ. Электронды таблолары да істен шығып үлгерді. Сырты шынымен қоршалған демесеңіз, өзге аялдамалардан айырмашылығы шамалы». Осылай деген қала тұрғындары жыр болған аялдамаларды жөндеуден бұрын мұны істеген бұзақыларға айыппұл салып, тәртіпті күшейткен жөн дейді.
«СМАРТ» аялдамаларды қалпына келтіруге қатысты Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қала әкіміне тапсырма берді. Ал, шаһар басшысы болса тұрғындармен кездесулерде жөнделетінін айтып уәде етті. Бірақ?…
Қаладағы сыйқы қашқан жылы аялдамалардың бірі – «Қызылтас» саяжайында орын тепкен. Бұл аялдаманың ішкі жайын айтпағанда, сыртқы көрінісінің өзі көңіл құлазытады.
Саяжай тұрғыны Бақытгүл Алтынбекова: «Қыста жылы, жазда салқын әрі жайлы аялдамалардың болғаны жақсы ғой. Бірақ оған қомақты қаражат жұмсаудың қажеті бар ма? Ел игілігі үшін деп қойылған заманауи құрылғылардың бәрі қолды болды. Әрине, бұл жерге үйсіз-күйсіз жүргендер келіп түнейтін шығар…. олар туралы ләм демей-ақ қояйын. Айтайын дегенім: бұған учаскелік полиция да баса назар аудару керек қой. Аялдаманың ішіне камера орнатылған. Алыстан іздемей, соған қарап, кімнің не бүлдіргенін көруге болады емес пе? Әлде ілулі тұрған бейнекамера да істен шыққан ба? Меніңше, жергілікті полияция өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарса, мұндай тәртіпсіздік орын алмас еді», – деп ағынан жарылды. Сонымен қатар ол саяжайда шешілмей келетін (ред: бұл енді бөлек әңгіме) мәселе шаш етектен екенін де айтты.
БҮЛІНГЕН «смарт» аялдамалар туралы жазылған өткен жылғы мақаланың бірінде полиция өкілдері аялдамаларды қирату, вандализм әрекетіне қатысты қанша шара қолданса да, бұзақылық әлі тыйылмай тұрғанын айтқан.
Осы бойынша өткен жылда полицияда барлығы 12 дерек тіркеліпті.
Сондай-ақ «Халық үні» сайтына» (21.04.2022) шыққан «Талдықорғандағы «ақылды» аялдамалар шетінен қирап жатыр» атты мақалада қала әкімінің баспасөз хатшысы Мәди Шәкенов жуық арада мердігерлер мен жауапты бөлім қызметкерлері бүлінген дүниелер мен аялдамалардың бұзылған жерін толығымен тексеріп шығып, арнайы акт толтырып, соның аясында барлығын ретке келтіріледі деп мәлімдеген. Алайда, бір жылдың жүзі болса да «ақылды» аялдамалардың қазіргі жайына қарап ретке келтірілген дүниені байқай алмадық. Дәл осы мақалада аялдамалардың ішін күтіп ұстауға қатысты да дерек айтылған. Белгілі болғандай, аялдамалар күтімімен үш бірдей мекеме айналысады. «Талдықорған көркейту» серіктестігі 13 аялдамаға жауапты болса, «Шығыс-4» алтауын бақылауында ұстайды. Ал, қалған екеуі «АБЗ карьер ДРСУ» мекемесінің қарауына берілген.
Жалпы қазынадан жұмсалып салынған қаладағы 21» ақылды» аялдама үшін кеткен қаржы 180 млн. теңгені құрайды. Ендеше, қыруар қаржыны сарп еткен «смарт» аялдамалардың жайына бейжай қарамай, барды ұқыпты ұстай білу керек-ақ. Мұны қиратқаннан не пайда, қайта, жөндеуге жұмсаған қаражатты басқа да игі істер үшін жаратсақ болатын еді ғой.
«СМАРТ» АЯЛДАМАЛАРҒА қатысты тағы бір мақалада біздің елге іс сапармен келген ресейлік шенеунік Қазақстандағы IT аялдамалардың жаңасына емес, бағасына таң қалғанын жазыпты. Әлгі шенеунік Свердловск ауданында дәл осындай аялдамалар бар-жоғы 300 долларға немесе 4800 долларға орнатылғанын айтып, баға айырмашылығы болмаса, тұп-тура біздікіндей екен деп, 35 мың долларға мұндай аялдаманың бесеуін орнатуға болатынын айтып, күліп кетіпті.
Қалай десек те кезінде қыруар қаржы жұмсалған, қазіргі жағдайда сыйқы сын көтермейтін «смарт» аялдамаларды ретке келтіру ісіне қатысты мәселені шешуді қала әкімі Ә.Масабаев жылы жауып қоя салмас деп сенейік.
С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Д. ЕРОФЕЕВ.