Алтын  құрсақты Сейілхан  апа

0
633

«Ана деген ұлы есім ғой, ұлы есім,

Әй адамдар, айтпасам да білесің.

Ана жүрек ұрпақ үшін соғады,

Ана барда қуанасың күлесің!» – демекші, дүниеде анадан асқан жан жоқ. Ана – тіршіліктің алтын арқауы. Ол өмірге сәби әкеліп қана қоймай, оған тағылымды тәлім беріп, мейірім-махаббатын төгеді. Осындай балаларының бойына жақсы қасиеттерді дарытып, ел мүддесі үшін аянып қалмайтын ұрпақ тәрбиелеп отырған ақ жаулықты аналардың бірі – Сейілхан ҚАСЕНОВА.

15 баланы  дүниеге әкелген алтын құрсақты Батыр ана бүгінде 31 немере, 48 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр. Текті әулеттен шыққан  ананың арғы аталары  – Салпық  би, Жақыбай  болыс,  әкесі Төрехан ақын болған. Ел басына қара бұлт үйіріліп, қазақтарды қудалаған зар заманда бабалары арғы бетке өтіп, Сейілхан апа Қытай жерінде дүниеге келген екен. Жеті  жасында әкесінен айырылып, өмірдің қиындығын көп көргендіктен, өзінен кейінгі бауырларына барынша қамқорлық танытқан жүрегі кең кейіпкеріміз жастайынан бидай орып, мал бағып, келі түйіп  еңбекке ерте араласқан. Жасы 14-ке келген кезде қазақы салт-дәстүрмен ұзатылып, Тоқтам Қасенов атты азаматпен отау құрады. Барған жері де тегін емес текті ортадан болып, Қожбанбет би, Болатай қажы, Метербай болыс әулетіне келін болып түседі.

Сөйтіп  сол отбасына  туған қыздарындай сіңісіп кеткен екен.  Сейілхан апа тұрмыс құрған шағында тым жас болғандықтан 17 жасына дейін екінші анасының (енесінің) қойнында жатыпты. Ене мен келін арасындағы татулықтың символы бола білген жандар ешқашан жанжалдасып, бір-біріне ауыр сөз айтып көрмепті.  Сейілхан апа өзінің  анасындай көрген енесін  қартайған шағында ақ төсекке  отырғызып, мәпелеп бағып, о дүниеге ризалықпен  аттандырыпты.

Ал апамыздың тірегі, өмірлік серігі Тоқтам ата иман жолын ұстанған, бес уақыт намазын қаза қылмаған, қарапайым шаруа адамы болған. Асыл жары мен балаларына тұрмыстың  тауқыметін  көрсетпеу  үшін кез келген істі бірден жүргізіп ала кететін, әр жұмысқа аса жауапкершілікпен қарайтын байсалды кісі болыпты. Мал шаруашылығымен  қоса  күнбағыс  егіп,  оны баптап сатқан екен. Таңның атысы кештің батысы далада жүріп, отбасы үшін өмір сүрген Тоқтам қария 83-ке қараған шағында  өмірден  өтіпті.

Қазақта «Әйелдің  қырық  жаны бар» деген тәмсіл бар. Сейілхан апаның  өмір жолы, текке айтылмаған осы сөздің айқын дәлелі іспетті. Ешнәрсенің  оңай келмейтінін бала кезден біліп өскен кейіпкеріміз жолдасымен атамекенге оралған соң қанша қиындық көрсе де жақсылықтан үмітін үзбеген. Қыс – қыстауда, жаз – жайлауда мал бағып жүріп, ұл-қыздарын ешкімнен кем қылмай өсірді. Оларға өнегелі тәлім тәрбие бере отырып, үлкеннің алдын кес-кестемейтін,  кішіге ізет көрсете білетін, оқу білімге құштар азаматтарды тәрбиеледі.

Сейілхан апаның он саусағынан өнер тамған қолөнердің хас шебері екенін естіп, мұны  кімнен үйренгенін сұрадық. Айтуынша талғампаздық пен талантты  талап ететін дегдар өнерді әжесіне қолқабыс ете жүріп меңгеріпті. Қылышынан қан тамған кеңестік дәуірде ұлттық өнерге өріс болмаса да ине мен жіпті жанына серік еткен апа кесте тігіп, киіз, сырмақ, текемет басқан. Көздің жауын алатын сан түрлі оюланған көрпелер тіккен. Жоқшылықтың белең алып тұрған кезеңінде балаларым тоңбасын, ешкімнен кем болмасын деп барын салған ана оларға қолдан көйлек, күртеше де тігіп беріп жүріпті. Кейін келе қыздарын қуыршақтай киіндіріп қоятын Сейілхан апаның шеберлігін көрген  көрші-қолаң, дос-жарандары  оған қолқа салып, өздеріне де тігіп беруін өтініпті. Осылайша үйде отырып, сүйікті ісінен  аз-маз  қаржы тауып  отырған екен.

– Біздің заман өте ауыр кезең еді. Жоқшылықты да,  тоқышылықты да қатар көріп өстік. Таңның  атысы  мен  кештің батысы жолдасым екеуіміз  ерінбей еңбек етіп, балаларымызды қатардан қалдырмауды ойладық.  Мал соңында жүріп, талай жерді араладық. Заман ауыр болғанына қарамастан қатар-қатарынан сәби сүйдік. Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген көрегенді сөз бар емес пе?! Барлық баламды ақ бесікке бөлеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп өсірдім. Сиыр сауып, ірімшік қайнатып, айран, құрт жасап бар дәмдіні балалардың аузына тостық. Өзіміз естіп өскен тиым сөздерді үйреттік. Қыздарымды ес біле бастаған шағынан кесте тігуге машықтадым. Балаларымыз үмітімізді ақтады. Мектепте үздік оқушылардың қатарынан көрініп,  жолдастарының алды бола білді. Қазір әрқайсысы  өмірден өз орындарын тапты,- деп ағынан жарылған  Сейілхан апаның, өткенге  көз жүгірте отырып көзіне ыстық жас та  алды.

Баласы жетістікке жетсе ата-анасы бірінші болып қуанады емес пе?! Тағдырдың тауқыметін көп көрсе де инабатты, ибалы балаларының арқасында бейнетінің зейнетін көріп отырған Сейілхан апа бүгінде немере-шөберелеріне қадірлі әже болып отырған жайы бар. Жасы тоқсанға таяса да әлі тың, көңілі сергек, жүзі жарқын. Арасында сабақтан келген немерелеріне тәтті-дәмдісін дайындап, өз қолымен тамақтарын да әзірлеп береді екен. Өрісін кеңге жайып, балаларының тілеуін тілеп отырған Сейілхан апамыздың  деніне саулық, отбасына амандық тілейміз. Мерекеңізбен, алтын құрсақты апа!

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ