«Біз шыңнан әлі- ақ көрінеміз!» немесе мерей тасыған күн

0
593

Балалар  мерейін  асырып,  өнерге  деген  қызығушылығын   арттырған  «Мейірім»  шығармашылық  орталығының құрылғанына  екі  жыл  толып  отыр.   Осыған  орай Талдықорған  қаласына  қарасты  Өтенай  ауылының мәдениет  үйінде  орталық  балаларының  қатысуымен мерекелік  кеш  өтті. 

Кеш  шымылдығы  шығармашылық  орталықтағы  «Сурет», «Графика», «Мүсіндеу», «Кестелеу» сынды үйірмелерге қатысатын балалардың туындылары қойылған көрмемен ашылды. Жас суретшілердің ой-қиялынан туған картиналар барлық тақырыпты қамтыған. Қылқалам шеберлері өздерінің туындыларын таныстыру арқылы  кеш  қонақтарына   ерекше көңіл күй сыйлады.

Одан әрі концерттік бағдарламамен ұласқан шарада үлкен және кіші топтағы балалар көреремендерге өнерлерін паш етті. Әлі буыны қатая қоймаған бүлдіршіндерден құралған «Арабеска» би тобының өнерпаздары мың құбыла би билесе, қуыршақ  театрының  кіші топтағы оқушылары ертегілерден көрініс қойды.

«Біз – шыңдардан әлі де көрінеміз,

Біз білімнің өнердің көгіненбіз.

Балаларға білім берген ерекше,

Біз – «Мейірімнің» өзіненбіз»

деп арнау арнаған «Шешендік өнер» және «Көркем сөз оқу» үйірмелерінің қатысушылары Абайдың қара сөздері мен І. Жансүгіровтың поэмаларынан үзінді оқыды. Кішкентай әншілер әуелете ән салғанда, ал күйшілері күмбірлете күй тартқанда залда тебіренбеген жан қалмады. Ал баласын сахна төрінен көрген  әр атаананың  жүрегіне қуаныш  оты ұялады.

Аталмыш кешке ҚР Мәдениет саласының үздігі Бақытгүл ӘБЕНОВА арнайы келіп, бүлдіршіндерге ыстық ықыласын білдірді. Саз өнерінің саңлағы атанған белгілі әншімен бірге ән салған  балалардың да қуанышында шек болмады.

Бүгінде қанатын кеңге жайған «Мейірім» шығармашылық орталығының қала маңындағы Өтенай, Еңбек, Мойнақ ауылдарында  филиалдары  бар.

Гүлден ОМАРОВА, тоқыма үйірмесінің жетекшісі: – Біз үйірмеге келетін әр оқушымен жеке-жеке  жұмыс жасауға тырысамыз. Олардың қызығушылығын кәсіби тұрғыдан дамыту үшін барымызды саламыз. Бүгінде бізге келетін оқушылардың саны көбеймесе, азаймады.  Әр ұстаз дың өз саласының білікті маманы   екенін білген ата-аналарда балам уақытын тиімді  пайдаланса  екен деп   үйірмелерге  алып келеді. 

Малика САДУ,  сурет үйірмесінің қатысушысы: – Осы орталыққа алғаш келген күннен бастап көптеген жаңа достар таптым. Барлығымыздың қызығушылықтарымыз бір. Бүгінде бос уақытымыз   жоқ   десем  де болады. Себебі қолымыз қалт етсе осы орталыққа келіп, сүйікті ісімізбен айналысамыз. Түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болдық. «Мейірім»  орталығы біздің «екінші  үйіміз»  деп айтуға   болады.

Бүгінгі таңда 300-ге тарта баланың өнерін шыңдап,  бойындағы қабілет-қарымды одан әрі дамытып отырған орталықта 12 үйірме жұмыс істеуде. Атап айтсақ, «Сурет»,  «Графика»,  «Батик» үйірмесі,  «Мүсіндеу»,  «Кестелеу», «Оригами»,  одан бөлек «Шешендік өнер»,  «Көркемсөз оқу», «Актерлік өнер»,  «Домбыра» үйірмесі, «Видеотүсірілім және  Монтаж»,  «Эстрадалық вокал мен Қуыршақ  театры»  үйірмелері  бар.

«Қуанса, бала қуансын» демекші, әр баланың жүрек қалауын тауып, өнерге баулудағы «Мейірім» шығармашылық орталығы  ұжымының  еңбектері өлшеусіз-ақ. Олай болса, «МЕЙІРІМНІҢ»  мерейі  қашанда  үстем  болғай!

А. МОЛДАЛІМ.


ПІКІР ЖАЗУ