Гүлдананың тәттілері жайнатады дастарханды

0
363

Бүгінгі  таңда   дәмді торттар пісіріп,  тапсырыс  қабылдау  қыз-келіншектердің  негізгі   кәсіп  көзіне    айналды.  Әсіресе  жастардың  кәсіпкерлікке    бет  бұруы соңғы  жылдары  көптеп  кездеседі. Олар  табыс  тауып  қана  қоймай,  ел  мүддесі үшін  де жұмыс жасауда. Халық  қажеттілігін  өтеп жүрген   жас   кәсіпкерлердің   табысқа   жетудегі   қажыр-қайратына   қарап   қайран  қаласың.

Текелі қаласында да өз кәсібін гүлдендіріп отырғандар саны артпаса кеміген жоқ. Мұның бәрі мемлекет қолдауының арқасы. Солардың  бірі –мемлекеттен грант жеңіп алып, өз кәсібін  дөңгелетіп отырған жас  кәсіпкер  Гүлдана  ҚАПАЛОВА.

Ол 1995 жылы  Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Ақтоғай станциясында дүниеге келген. Тоғызыншы сыныпты бітірген жылы Талдықорған қаласындағы политехникалық колледжде құрылыс өндірісі, техник-технолог мамандығы бойынша білім алды.

– 2010-2014 жылдар аралығында  колледжде оқыдым. Үшінші курста Жасұлан атты  азаматқа тұрмысқа шығып, бүгінде үш баланың анасымын.  Жолдасым  Жаркент өңірінің  азаматы,  мамандығы  қаржыгер.  Отбасын құрғаннан соң, яғни  2013 жылы Текелі  қаласына  қоныс  тептік. Содан бері он жыл болды  осы әсем қалада  тұрып жатырмыз. 

Колледжді бітірген соң декреттік демалыста отырдым. Баламен үйде бос отырмайын  деп  торт  пісіруді  қолға алдым. Кейін тапсырыс беретін  жақындарыма,  көршілеріме, таныстарыма арнайы дайындап жүрдім. Бірте-бірте тапсырыс берушілер қатары көбейе бастады. Содан жолдасым «неге осы ісіңіді кәсіпке айналдырмасқа» деген ойын айтып, ұсыныс тастады. Кәсібін ашсам дегендер үшін кәсіпкерлік палатасы бар екенін  айтты.   «Бастау Бизнес» жобасы туралы естіп, арнайы курсына қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырын терең біле бастадым. Сөйтіп, мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант алуға қатысып көрсем деп шештім. 2019 жылдың басында инновациялық жоба бойынша  Талдықорған қаласында өткізілген  байқауға қатыстым. Бірақ өтпей қалдым. Алты  айдан  соң  қайта   дайындалып,  бағымды сынамақ болдым. 

Текеліде шағын кофейня ашамын деп бизнес жоспарын жасадым. Облыстық Кәсіпкерлік басқармасында комиссия шешімі шығарылып, маған кәсіп бастау үшін 2 миллион теңге грант бұйырды.  Мемлекеттен берілген  ақшаның үстіне өзіміз жинап терген 1,5 миллионды қосып, нар тәуекел деп кәсіпті бастадым.  Ғимарат жалдадым,  екі тоңазытқыш, кофе машинасын, торт пісіруге арналған екі пеш, басқа да құрал-жабдықтар алдым. Карантин кезінде онлайн түрде кондитер курсын оқыдым. Кейін Алматыда белгілі кондитердің шеберлік сабақтарына қатысып, тәжірибе жинадым. Қазір тұрақты қонақтарымыз, тапсырыс берушілеріміз бар.

Алғашында қаладағы «Ғарышкер-9» ғимаратын жалға алсам, бір жылдай болды «Ғарышкер — 18»  ғимаратына қоныс тептік.  Бұл жер  біз үшін өте ыңғайлы орын болды. Кофейняда өзімнен басқа  жұмысшыларым бар,  сонымен қатар кондитер көмекші алдым.  Ол менен  тәжірибеден өткен болатын. Содан  сұранып маған жұмысқа келді. Осылай біртіндеп дамып келеміз, – дейді тәттілерімен танымал  жас кәсіпкер.

Ауыз толтырып айтуға оңай болғанымен кәсіп ашып, оны одан әрі дөңгелетіп әкету екінің бірінің қолынан келе бермейтінін айтады кейіпкеріміз. Оның сөзінше кондитерлік өнімдерді пісіру біреуге оңай сияқты көрінгенімен, шын мәнінде аса мұқияттылықты талап етеді. Бір тәтті өнімді пісіру үшін оған қосылатын қоспаның бәрін өз ретімен, мөлшерінде қосу қажет. Кішкене мөлшерден асып не кем қылсаң бәрі еш кетеді. «Ал мұны  табыс көзіне айналдырып отырған біз үшін бұл шығын болып табылады, – дейді  Гүлдана Өміртайқызы.

«Melissa» деп аталатын кофейняға арнайы барған біз де сүйікті ісін кәсібіне айналдырған пысық келіншектің қолынан шыққан тәттілердің   дәмін татып көрдік. Тіл үйірер тәттілердің  бағасы да қалтаға қонымды.

Қазір еңбек етемін деген адамға қолдау көп. Бір істі қолға алсаң, мемлекет тегін ақша ұсынып жатыр. Кәсібіңді кеңейтемін десең, аз пайызбен несие береді. Мұның бәрі бізді жұмыссыз қалдырмаудың қамы. Сондықтан қазір нан табуға мүмкіндік көп. Тек ерінбей-талмай ізденсең болғаны, – дейді жас кәсіпкер.

Гүлдана Өміртайқызы кәсіптің ғана емес  отбасының  жағдайын жайлы етіп бір үйдің шаруасын ширатып отырған  жан.

– Кәсіп ашуда жетістікке жетсем  жолдасымның арқасы деп ауыз толтырып айтуыма әбден болады. Әруақытта  демейтін,  шарашағанда  қолдау  танытатын  да сол кісі. Әйел үшін  бұдан асқан бақыт бар ма?!  Негізі жолдасымның сүйіп жейтін тәттісі  «қызыл барқыт торты».  Алғашқыда   бұл тортты пісіре алмаушы едім.  Мұны  әпкем жақсы дайындайтын. Жегісі келгенінде жолдасым «әпкеңнің қолынан торт жесек» қайтеді дейтін. Содан «осы тортты неге өзім пісірмеске» деген ойға келдім (күлді). Осылайша, үйрену үшін арнайы курсқа жазылып, алғашқы сатылымға шығарған тортым да осы «қызыл барқыт» еді, – деген Гүлдана анасы наубайшы болған соң ба,  отбасындағы балалардың да  аспаздыққа үйір  болып өскенін айтады. Әпкесі   мұғалім болса да тәттілер мен тағам  пісіруден  алдына жан салмайтын адам  екен, ал   ағасы  Алматыда үлкен мейрамханада жұмыс істейды. Бір сөзбен айтсақ, аспазшылар отбасы деуге болады.

Гүлдана  Өміртайқызы Текелі қаласында кондитерлік өніммен бірге байланыстырып  кофейня  ашқан  алғашқы жас  кәсіпкер.

Кофейняны «Melissa» деп атайық  деген  де  жолдасым. Өздеріңіз білетін боларсыздар, осындай атаумен шай  да бар.  Жанды тыныштандыру деген мағынада. Осы кофейняға келгендер  бұл жерден жан тыныштығына бөленіп қайтса деген ойды негіз еттік. Шыны керек, келушілердің бәрі  «бұл жер адамға жайлылық сыйлайды екен» деп жатады. Көпшіліктің  осындай  сөздерін естігенде  атауды жақсы таңдаппыз деп іштей қуанып қалып жатамын, – деп ағынан жарылды ол.

Сүйікті ісі жайында  сөз еткенде  жайнап сала беретін   Гүлдана  өзінің алдыға қойған мақсаттарының да көп екенін айтты. Әркез тұтынушыларының ойынан шығып, еңбек етіп жатқан жас кәсіпкерге кәсібіңіз  берекелі болсын дейміз. Мерекеңіз құтты болсын, ГҮЛДАНА!

Сарби ӘЙТЕНОВА

ТАЛДЫҚОРҒАН-ТЕКЕЛІ


ПІКІР ЖАЗУ