Таксистерге де қауіп төніп тұр

0
418

«Тас  лақтырсаң  тамада  мен  такси жүргізушілеріне  тиеді»  деген  тәмсіл  Тәуелсіздік  жарияланған  отыз жылдың ішінде қолданысқа енгізілді.  Күнкөріс  көзіне  айналған жеңіл көліктің ескісі де,  жаңасы да қазір қажетке жарап тұр. Таксопарктерден  бөлек  жеке  жүргізушілер адам тасып күндерін көріп жүр. 

Алматы мен Талдықорған сынды үлкен қалаларға, аудандарға қатынайтын жеке көліктердің көбі  мемлекетке адам тасымалдағаны үшін салық төлеп отырған жоқ. Бұл жайлы сан мәрте арнайы тексерулер де жүргізілді. Адам тасып күнелтіп жүрген такси жүргізушілерінің де ереуілдеткен кездері болған.

«Жұмыссыздықты салдарынан осы қадамға бардық, басымызда пәленбай несие бар, біздің отбасымызды кім асырайды» -деген такси жүргізушілері мемлекетке тиісті салықтарын төлеп, адам тасуға құлықсыз болып шықты.  Олар: «Тапқан табысымыз күн көрістен артылмайды. Көліктің жанар-жағар майы, күрделі жөндеуі бар. Оның барлығы өз қалтамыздан шығады»,  –  деген уәждерін айтқан-ды. Осындай  жабайы таксистер Талдықорған қаласындағы автобекеттің маңайында, Шевченко көшесінің бойында және қаладан шыға беріс айналма жолдарда құмырсқадай қаптап тұрады.

Күнкөріс қамы жұмыр басты пендені қай арнаға салмады. Бірі базар жағалап арба итеріп жүрсе, енді бірі жеке үйлерде жалданып бала бағып, үй тазалап нәпақа табуда. Қолы жеткендер көліктерін жаңалап, жетпегендері ескі-құсқы көліктерін жамап-жасқап адам тасып күн көруде. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда жалпы саны 4 млн 449 мың көлік бар екен. Олардың ішінде 20 жылдан аса уақыт өткен көліктердің саны 51 пайызға жетіпті. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының  87,9 пайызы – жеңіл автомобильдер екен. Жалпы республикада 3 млн 696 мың жеңіл автокөлік жекеменшік иелігінде.

Осы қоғамдық көліктер арасында  ерекше сұранысқа ие болып тұрған такси қызметінің сапасы артпаса кеміген жоқ. Қазақстандықтар да тез әрі ыңғайлы көлік ретінде көп жағдайда такси қызметіне жүгінеді. Ал жүргізуші мен жолаушының қауіпсіздігі әлі бір жүйеге түспегендіктен  екі күннің бірінде  «такси жүргізушісін өлтіріп кетіпті, не болмаса, такси жүргізушісі жолаушыға зорлық-зомбылық көрсетіп, мәйітті көміп тастапты», — деген қылмыс хроникаларын оқып жатамыз. «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі» демекші, екі тараптың да қауіп-қатері қоғамда үлкен  мәселе тудырып тұр. Кейінгі жылдарда такси жүргізушілеріне жасалған шабуылдар, зұлымдық әрекеттер, қылмыстық оқиғалар қоғамды алаңдатуда. Мәселен көрші Ресей мен шет мемлекеттердің көбінде такси мен жолаушылардың арасын бөліп тұратын  арнайы  құрылғылар   бары айтылып, осы құрылғылар қазақстандық таксилерге де орнатылуы тиіс деген толғақты мәселе көтерілген болатын.

Осы мәселеге орай Қазақстанда такси жүргізушілерінің қауіпсіздігі мақсатында қандай шаралар қолданылады? Жүргізушілердің қауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді? Елімізде жүргізуші мен жолаушы арасын бөліп тұратындай арнайы құрылғы енгізу жоспарда бар ма? – деген  Massaget.kz тілшісінің сауалдарына ІІМ өкілі, Қазақстан такси қауымдастығы төрағасы және inDrive компаниясының ресми өкілі жауап бергені туралы ақпарат интернет желісінде жарияланды. Онда жасөспірімдер көлікті ұрлау үшін такси жүргізушісін пышақтап кеткені айтылып, такси жүргізуші ауруханада жатқаны анықталған. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын оның қауесет екені дәлелденді. Дегенмен былтыр дәл осындай бірнеше оқиға болғаны бәрімізге аян. 12 мамырда Toyota Camry көлігімен такси қызметін атқарған алматылыққа жолаушылар шабуыл жасап, 18 пышақ жарақатын салып, көлікті ұрлап кеткен. Ал желтоқсанда Алматы облысында такси жүргізушісін 37 рет пышақтаған ер адам ұсталған. Бұл жолы күдікті қылмысты алдын ала ойластырып, абайлап жасаған. Ол бір реттік абонент нөмірін  пайдаланып, сапалы қарумен қаруланған. Қылмыс жасауға болатын бос жерді, марқұмның көлігін қалдыруға болатын жерді және қашу жолдарын  белгілеген. 2022 жылы қазанда Қарағандыда да такси жүргізушісін өлтірген күдікті бір тәулік ішінде ұсталды. Бұл оқиғаның себебі жолақысына келіспеушілік болған.

Демек, Қазақстанда такси жүргізушісі болу қауіпсіз жұмыс емес. Әлем елдерінің тәжірбесіне сүйенсек, жүргізуші мен жолаушы арасына бөлгіш енгізу бұрыннан қолданылады. Көршілес Ресейде таксишілерге төнген қауіптің көптігінен Мемлекеттік Думада такси жүргізушілерін жолаушылардан бөлгішпен қорғауды депутаттар ұсынған болатын.  Көп елде бұл өзгеріс коронавирус пандемиясынан кейін енгізілген. Мәселен, 2020 жылы Мәскеу көшелерінде вирустан қорғану әрі қауіпсіздік мақсатында осындай таксилер көбейген. Алып мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-та да такси жалдаушылары, жүргізушінің қасында отыруға тырыспайды екен. Бұл елде әдетте жолаушылар тек артқы орындықта отырады. Сонымен қатар  жүргізуші отыратын аумақ бөлініп тұрады. Ұлыбританияда да жүргізуші жолаушылардан бөлінген аумақта отырады. Және жүк салғыш алдыңғы орында жүргізушінің  жанына орналастырылған.

Ал Қазақстанда такси қызметі әлі бір жүйеге түсе қоймады. Таксопарк басшылары бұл сала мемлекет тарапынан реттелмейтінін айтуда.

«Біздің елімізде  такси   қызметін  ұйымдастыру  тікелей  әкімдіктердің  құзырында   болғанымен, такси  саласы   мемлекет  тарапынан  реттелмейді. Такси секторы 90 пайыз көлеңкелі секторда», – дейді бұл туралы Медет Құрманов. Оның сөзінше  тасымалдау саласында  мәселе  жетіп артылады. Соның бірі жүргізуші мен жолаушылардың қауіпсіздігі болып тұр.

«Бүгінгі таңда  такси қызметімен  айналысу үшін   EGov  арқылы  қызмет басталғаны  туралы  хабарлама  жіберу  және  такси  тасымалдаушысына, такси көлігіне және такси жүргізушіге қатысты заң талаптарын сақтау қажет. Сондықтан такси саласында көптеген проблема бар. Тасымалдаудың төмен қауіпсіздігі, баға қоюдағы тұрақсыздық, қызметтердің қанағаттанарлықсыз сапасы, әділ бәсекелестік болмауы», –  дейді Қазақстан такси қауымдастығы төрағасы Медет Құрманов. Ол елімізде жүргізуші мен жолаушы арасын бөліп тұратын арнайы құралдың болуы қарастырылып жатпағанын, бұл салада әркім туындаған қиындықты өзі шешуге мәжбүр екенін айтуда.

«Көлік салонындағы бөлім сияқты мәселелерді ешкім қауіпсіздік шарасы  ретінде  қарастырмайды. Бүгінгі таңда жүргізушілердің, жолаушылардың, такси компанияларының құқықтарын ешкім қамтамасыз етпейді. Әркім туындаған қиындықтарды (алдау, қорлау, нашар қызмет, алаяқтық) өзі шешеді», — дейді ол. Ал inDrive компаниясының ТМД мемлекеттері бойынша PR-менеджері Аида  Найзабекова  «Мұндай  арақабырғалар жүргізуші қала бойынша сапар кезінде танымайтын жолаушыларды алған кезде орынды болған. Бүгінгі таңда жағдай түбегейлі өзгерді. Қазір тек тіркелген  ұялы телефон нөмірлері тексеруден өткен және қосымшаға кіру IP-мекен-жайы сияқты цифрлы із қалдырған адамдар ғана таксиге тапсырыс беру кезінде мобильді қосымшалардың пайдаланушылары бола алады. Осындай факторлар қолданбаны анонимді түрде пайдалануға жол бермейді және күтпеген жағдайларда полиция құқықбұзушыны оңай анықтай алады», — дейді.

Таксопарк жүйесіндегі қауіпсіздік шарасының мәселесі шаш етектен. Қоғамдағы қарбалас тірлікте жүргендердің көбі қазір таксиге тапсырыс береді.  Жалпы такси кәсіпорындарының құзіреті жергілікті билікке қарайды. Ал алыс жолдарға Алматы, Талдықорған арасына қатынап жүрген жолаушылар және адам тасымалдап жүрген жеке жүргізушілер  еш жерге тіркелмеген. Олар өз беттерімен күнкөріс қамында жүргендер. Ішіне адам толтырып алып, көлігінің жылдамдығын арттырып су бетімен жүгіріген сүлеймендей зулаған талай такси  қызметін көрсетіп жүргендердің өздері де, жолаушылары да апатты жағдайға түскен.

Тіпті адам шығыны да болған. Күнделікті адам тасымалдап жүрген олар медициналық тексерістен де өтпейді. Тек таксопарк саласында тіркелгендер ұдайы тексеруден өтіп тұруын жергілікті билік қадағалайды. Жеке көлігімен адам тасымалдап жүріп, зорлық-зомбылық жасаған  жүргізушілерде болған. Бірақ олар арнайы таксопаркте тіркелмегендер. Қалай болғанда да жеке көлігімен адам тасымалдап жүрген жүргізушілерге қатысты ара қашықтықты айшықтап тұратын қондырғы орнатылуы тиіс деген бастаманы ғаламтор желілерінде журналистер көтергенімен, мемлекет тарапынан бұл салаға көңіл бөлініп жатпағанын жоғарыдағы мамандар айтуда.

Ал оның қашан жүзеге асатыны әзірге беймәлім. Қауіпсіздік мәселесі  көлік жүргізушіге де, көлік жалдаушыға да ауадай қажет. Бүгінгі қоғамда, адамдардың тас бүйректеніп кеткені соншалық аяушылық сезімдері жойылып кеткендей. Бұл бір ғана такси жүргізушілеріне ғана қатысты емес.  «Адамға сенсең мұрттай ұшасың, Құдайға сенсең құстай ұшасың» деген қағида қоғамның барлық саласында жадыңнан шығармайтын ұранға айналуы тиіс.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ