Көктеммен келген мереке

0
328

Көктем келді көңілді желіктіріп,

Елік қыз, ерке сылқым еліктіріп.

Жердің тоңы жібиді, ағаш бүрлеп,

Табиғатта тамаша көріктілік, – деп ақындар жырлағандай, өлмеген құлға үш ай тоқсан күн кәрі қыс та тағынан түсті. Жердің жүзін жаңартып, жасартып бала көктем ақ киізге отырып әмірін жүргізбек.

Нәуетек наурыз жылыуын сыйлап, қар көбесі сөгіліп, жылғалардан  су ағып, бұлақтар сыңғырлап,  дала бусанып, ай аунап, күн күркіреп, найзағай от шашып, түрлі-түске боянған кемпірқосақ  сәнденіп, арулар  ажарланып, күллі мұсылман қауымы тойлайтын екі емес, үш бірдей мереке осы наурызда рауанын шашпақ.

Ең басты мерекенің бірі  8 Наурыз  – Халықаралық  Әйелдер күні болса,  одан кейін күн мен түн теңеліп,  жаңа жылымыз саналатын Әз наурыз келсе,  23 наурызда   күллі  мұсылман қауымы үшін үлкен мереке саналатын «Ораза айы» табан тірейді.  Құдай тойдан айырмасын. Көрші мемлекеттерде болып жатқан қырғи-қабақ соғыстан Қазақ мемлекетінің  іргесі  аулақ  болсын.

Мерекенің  басы,  бір  қолымен   бесікті,   екінші қолымен әлемді тербеткен әйелдер қауымының төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Бұл мерекенің шығу тарихына үңілсек, 1857 жылдың 8-наурызында Нью-Йорк қаласында тігін және аяқ киім фабрикасының жұмысшы әйелдері наразылық шарасын өткізуден басталған. Олар басшылықтан 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі таза жұмыс орындарын, еңбек ақыларының ер азаматтардікімен бірдей болуын талап еткен. Себебі, олар тәулігіне 16 сағат жұмыс істеп, аз ғана айлық алған. Көптеген Америка мекемелерінде кәсіподақтар  құрылған.  Олардың қатарына 1857 жылы 8 наурызда тағы бір кәсіби одақ қосылады. Бұл одақтың мүшелерінің барлығы әйелдер еді. Олар өз құқықтарының қорғалуын көздеген. Сөйтіп 1910 жылы Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен екінші Халықаралық конференция өтеді.

Сол жерде социал-демократ партиясындағы әйелдер тобының көшбасшысы Клара Цеткин 8 Наурыз – Халықаралық Әйелдер күнін жыл сайын белгілі бір күнде тойлау керектігі жөнінде өз пікірін білдірген.  Оның ұсынысы әйел құқығын қорғауға бағытталған үлкен ұран ретінде қабылданады. Бұл  ұранға өзге елдердің әйелдері  қосылып, кедейшілік, татулық, құрмет үшін күреске қосыла бастады.Алғаш рет бұл мереке 1911 жылы 19 наурызда Австрия, Дания, Германия және Швейцария елдерінде аталып өтілді.

Мерекені  атап  өту 1912 жылдың  12  мамырында жалғасын тапқан. Кейінгі жылдары Еуропа әйелдері 8 наурызды соғысқа қарсы наразылық білдірумен өткізген болатын. Кеңес одағы құрылған жылдан бастап 8 наурыз мемлекеттік мейрам мәртебесіне ие болды. 1965 жылы бұл күн – демалыс  күні  болып  жарияланды. Жыл сайын 8 наурызда  мемлекет  әйел құқығының қорғалуына  байланысты  жүргізілген  шаралар туралы  есеп  беретін. Уақыт  өте келе  бұл  мереке саяси  келбетін  жоғалтты.

1975 жыл «Біріккен Ұлттар Ұйымы жылы»  болғаннан соң, кеңес идеологтарының ықпалымен  8 Наурыз  –  Халықаралық Әйелдер күні болып жарияланды. Бұл күні алты  құрлықтың  адамдары  нәзік  жандыларды  төл  мерекесімен құттықтап, оларға игі тілектер айтады. Тәжікстанда  2009 жылдан бастап  бұл мейрам «Ана күні»  деп аталатын болды. Түркіменстанда  Халықаралық Әйелдер күні 2008 жылға дейін тойланған жоқ. Әйелдер күні 21 наурызда  Наурыз мейрамымен атап өтілетін болған. 2008 жылды қаңтар  айында Түркіменстанның  Президенті мейрамды қайтарды.

Латвияда 8 наурыз 1991 жылы КСРО құрамынан шықаннан кейін демалыс күні болуын тоқтатты. 2007 жылы сәуірде Халықаралық Әйелдер күні ресми түрде Латвияда тойланды. Бірақ демалыс күні ретінде қарастырылған жоқ. Қазақстанда бұл мереке кең көлемде  аталып өтіледі. Сондықтан  Халықаралық Әйелдер мерекесіне орай  қазақстандық әйелдер қауымын, аруларды,  түн ұйқысын төрт бөлген  ақжаулықты аналарды шын жүректен құтықтаймыз!

Сіздер барда  ердің еңсесі биік, отбасының шырағы жарық. Жұмақ та сіздердің табандарыңыздың астында. Баланың күлкісі, дастарханның ырысы, береке мен бірліктің ұйтқысы да әйелдер қауымы. Сіздер аман болыңыздар!

 

                      Аруларға

Көктемдей көркем, көріктілерім,

Көз жауын алған өрік гүлдерім

Еліктей сұлу, ерке қыздар-ай

Арманы болған бөріктілердің.

 

Бота көзі мөлдіреген,

Қолаң шашы желбіреген,

Елдің көркі ерке сылқым.

Ет жүрегің елжіреген.

 

Шырақдан болған төзімдерің,

Тербетіп бесік көз ілмедім

Махаббаттың символы сендер

Тұмадай тұнық сезімдерің.

 

Ай арулар ақ тамағым

Айдындағы ақ шабағым

Өздеріңсіз өмір мәнсіз

Мен сендерден бақ табамын.

 

Жауқазындай үлбіреген,

Жұпар иіс мың бір өлең.

Күміс күлкі сыңғырлаған

Күйдей шалқып күмбірлеген.

 

Әр қадамын гүлмен өрген,

Бақ кетпесін іргелі елден.

Мерекелер құтты болсын

Көктемменен бірге келген.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ